«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Найман хандығының күйреуі

3954 0
Найман хандығының күйреуі
Шыңғысхан Таян хан қоластындағы Найман хандығы мен оның одақтастарын күйреткеннен кейін, Күшілік пен меркіт Тоқта бектер Бұйрық ханға келеді, әскері молайған Шыңғысхан 1205 жылы Бұйрық ханды жояды

Нақу қоң шайқасы

1204 жылы Шыңғысхан құрылтай ашып, соғысқа дайындалады, жиыны 45 мың әскер жасақтайды, өзі болып қолы жеткен ең көп әскері сол еді, оның көбін керейлер құрады. Себебі керейдің көбі оған бағынды, керісінше моғолдардың жарымы Таян ханды жақтады. Оған күшіліктің: «Моңғолдар көп деген не сөз, моңғолдың қақ жарымы Жамұқа, Алтан, Құчар, Даритайлармен бірге бізде емес пе?» деген сөзі дәлел болады, демек отыз мыңы керейлерден деуге болады.

Жалғасы. Басы: Құдіретті Найман хандығы

Ал Таян хан жағындағы жағдай былай өрбіпті: «Таян хан көп әскер жинады және оған өзге рулардан көптеген әмірлер қосылды: Тоқтай – меркіттер патшасы, татар руынан. Алин (Әлін) тайшы – керейттердің ұлы әмірлері қатарынан, катаған руына Құтықа бек – ойрат патшасы, дүрмен руынан.

Шыңғыс хан Таян ханның оған деген дұшпандық көзқарасы жайлы білгенімен, (енді) жоғарыда айтылған елші Турбидаттың сөздерінен соң, одан да артық көз жеткізіп, сол аталған тышқан жылының көктемінде ол Тамаға (жеріндегі) Йии Тулкинчаутта (Иін Түлкіншауытта) құрылтай өткізді.

(Онда) әмірлер бірауыздан: «Біздін жылқыларымыз арық, біз (оларды) азықтандырып, күзде (жорыққа) шығамыз», – десті. (Сонда) Шыңғыз ханның немере ағасы (Дәрітай) отшыген ноян: «Уа, нөкерлер, жылқылардың арықтыгын сылтауратудың не қажеті бар?! Біз мұндай сөздерді есіткен соң, біз жорыққа шығамыз. Қалайша Таян ханға бізді алуға жол беруге болады, керісінше, біз оны аламыз! Сөйтіп, содан соң «осы мекенде Таяң ханды ұстаған» деп айтатын болады. Біз атаққа ие боламыз. Ал біз оны аламыз ба, әлде ол бізді алады ма, бұл жайлы ұлы Құдай ғана біледі! Әлбетте, біз жорыққа шығамыз!» – деді.

Содан соң Шыңғыз ханның інісі Білгетай Шыңғыз ханға: «Егер найман сенің оқ қабынды (билігіңді) алар болса, біздің сүйектеріміз бірге жатпайтын болады. Олардың иелігінде үлкен ұлысы мен саны көп табындары мен отарлары болғандықтан, олардың біздің үстімізден басқаруға таласы бар. Ал оның үлкен ұлысын, саны көп табындары және отарларын не істеуге болады? Егер біз олардан жылдамырақ болсақ, олардың оқ қабын алу қиын ба?!» – деді.

Шыңғыз хан оның сөздерін кұптап, айдың он бесінші жұлдызында Таян ханмен Қалқа атты өзеннің аңғарындағы Килтигай (Кілтигей) жерінде шайқасу ниетімен жорыққа шықты. Ол бұл жорықта біраз уақыт болды, дегенмен шайқасуға мүмкіндік тумады.

Сосын олар келесі жолы, қайтадан сол тышқан жылының күзінде жиналып, Құбылай мен Жебені алдыңғы әскер етіп жіберді. Ал Таян хан Қаңқай өңірінің шекарасында, Алтай өзені аңғарында тұрған еді. Алға жіберілген (жансыздар) кері қайтып келді.

Меркіттердің патшасы Тоқта, керейттердің сол жаққа қашқан әмірлерінен Әлін тайшы мен көсемі Құтықа бек болған ойрат руы, жажырат руынан шыққан Жамұқа, дүрбен руы, татар-қатаған және салжуыт қауымдары – барлығы Таян ханның алдына жиналды.

Сонда Шыңғыс ханның әскері ішінен ер-тоқымы бауырына қарай ауып қалған ақ түсті ат қашып шығып, найман әскерінің ішіне шауып кірді. Олар аттың әбден әлсіреп қалғанын көрген сәтте Таян хан әмірлерімен мәжіліс жасап: «мұғулдардың аттары арык, олар бізді қуалау үшін біз (алдымен) жай-жай ғана кері қаша бастаймыз. Олардың аттары одан әрмен қарай әлсірейді. Ал біздікілер жылдамырақ болады, сонда біз тоқтап шайқас береміз», – десті. Таян ханның ұлы әмірлерінің бірі, қоры Субашы әмір бұл сөздерге жауап ретінде: «Сенің әкең Иланыш қаған бір адамға да өзінің арты мен атының құйрығын көрсеткен еді, ал сен болсаң бірден қорқып қалдың! Осылай болған соң, Гүрбасу қатына алып келу керек», – деді. Яғни (Гүрбасу қатын) оның жақсы көретін әйелі еді. Бұл әмір осы сөздерді айтып, ашуланған және наразы болған күйде кетіп қалды. Осы себептен Таян хан амалсыздан (яғни, өзі қаламаса да) соғысқа кіруі керек болды.

Шыңғыз хан Жошы қасарға: «Сен әскердің ортасын басқар», – деп бұйырды да, өзі әскердің орналасуын ретке келтірді.

Жамұқа шешен алыстан тұрып Шыңғыз ханның әскери тәртібін көргенде, нөкерлерге бұрылып: «Біліп қойыңдар, андамның, яғни Шыңғыз ханның әскери тәртібі өзгеше болып қалыпты. Найман руы басқа біреулерге, тіпті, бұқалардың аяқтарының терісін де қалдырмайды (яғни, ешкімге ешнәрсе бермейді) және олардан ешкімге пайда да келмейді», – деді.

Ол бұл сөздерді аяқтап, олардан бұрылып, алыстап кетті. (Сөйтіп әскер ішінен) сыртқа шығып, соғыс алаңынан қаша жөнелді.

Содан сол күні ұлы шайқас болды. Түнге қарай Таян ханның әскері жеңіліс тауып, рухтары түсті, сөйтіп шайқастан бас тартты. Таян ханға көптеген ауыр соққылар тиді, оның денесі бірнеше жерінен өте ауыр жарақаттанды. Ол жету қиын болған бір жартаста тығылып қалды. Онымен бірге қоры Субашы мен бірнеше өзге әмірлер болды. Ол қаншама тырысып, орнынан тұрып соғысқа кайта кіруге каншама ұмтылса да, жарақаттарының ауырлығынан оның бұған күші жетпеді. Сонда коры Субашы өзге әмірлер мен нөкерлерге: «Мен оған кимылға келіп, (орнынан тұратындай (яғни, оған әсер ететіндей) сөзді айтқанымша күте тұрыңдар, – деді де, ол: – Таян хан, біз жартасқа шығу үшін тау алдында (дайын) тұрмыз. Біздің соғысуымыз үшін тұра ғой!» – деді.

Ол әлгі сөздерді есітті, алайда тұруға әрекет те жасамады.

Әлі (қоры Субашы) кайтадан: «Уа, Таяң хан, сенің әйелдерің, әсіресе Гурбасу сүйіктің барлығы сәнденіп, өздерінің ордаларын тәртіпке келтіріп, сені күтіп жатыр. Біз (оларға) баруымыз үшін орныңнан тұр!» – деді.

Ол бұл сөздерді де есітті, (бірақ) бұрынғыдай, тіпті қимылдамады да, ол қимылдай алмайтын да еді. (Сонда) қоры Субашы нөкерлерге: «Егер оның аз да болса күші болғанда ол қимылдайтын, әлде жауап беретін еді. Енді біз онын өлімін көрмей тұрып келіндер, ол біздің өлімімізді көруі үшін оның алдында соғысайық!» – деді.

Содан олар ол жартастан түсіп, (барлығы) өлiп тынғанша аянбай шайқасты. Шыңғыз хан оларды тірідей алып кетпек болды, алайда олар түгелдей өлгендеріне дейін оған еш берілмеді. Шыңғыс хан бұған таңданып, бұл табандылық пен адалдықты құптады, сөйтіп: «Осындай нөкерлері бар адамға қалай қамығуға болады?!» – деді.

Түн кезі болғандықтан, сондай-ақ Таян ханның әскерлері жеңілгендіктен, ал Шыңғыз ханның әскерлері оларды қуып бара жатқандықтан, қашқындар қатты қорыкққандықтарынан өтуі қиын тауларға кіріп кетті. Түнде найман әскерінің көпшілігі тайып кетіп, сырғанап, тік құламалар мен шығуы қиын Наку Кун деп аталатын жартастан құлап, қаза тауып жатты. Бұл оқиға мұғул руларының арасында белгілі әрі өте танымал. Бұл соғыста дүрбен, татар-қатаған және салжуыт руларының барлығы мойынсұнып, Шыңғыс ханның қызметіне келді.

Ал меркіт руы мойынсұнбай қашып кетті. Таян ханның ұлы Күшілік те қашып кетіп, жеңіліс тапқан күйі өзінің немере ағасы Бұйрық ханға кетті.

Жамұқа шешен – салжуыттың жажырат руынан. Жамұқа шешен осы оқиғадан кейін (олардан) бөлініп, кетіп қалды.

(Соғыс басталарда) Қасар Шыңғыс хан әскерінің канатын тәртіпке келтіре теоиш олар шайқасып, наймандарды қиратты. Таян хан өлтірілді. Сол наймандардың әскері Наку Кун тауларынан түсіп келген болатын.

Таян ханның (ерекше) жақсы көрген Гурбасу атты әйелін күйеуі (анық) өлтірілген соң, Шыңгыз ханға алып келді, ол оны (өзіне) алды» (10).

Құпия шежіреде Таян хан моңғол әскерлерімен тіке ұрыспай, оларды Алтай тауларын айнала көшіп титықтатып барып соғу стратегиясын алға қояды, бірақ оны ұлы Күшілік тық деп сынайды, ақыры бетпе-бет соғысқа шығады. Таян хан армиясында Найман жасақтарымен қоса өзге одақтас тайпалардың жасақтары да көп болатын, бұл соғыс шын мәнінде сахарадағы халықтың екіге бөлініп билік үшін қырқысуы еді, бейне АҚШ-тағы оңтүстік пен солтүстіктің азаматтық соғысына ұқсатуға болар еді. Соғысқа мөлшермен 60 мың әскер қатысқан, жарымы одақтас тайпалардың әскерлері болатын. Шыңғысхан өз әскерінің көптігін әйгілеу үшін әскерлеріне әрқайсысы бірнешеден от жақтырып жұлдыздай жамыратады, бірақ қарсы жақта оны бес саусағындай білетін Жамұқа сияқты көне көздер болғандықтан онысымен қорқыта алмайды, Нақу шоқысы түбінде екі жақ қиян-кескі сайысады, сайыста Қасар бастаған Шыңғысхан жасақтарының тебіні күштірек болып, Таян хан және оның жақтастары шоқыға қарай шегінеді, Жамұқа екі жақты қырқыстырып, соңынан пайда таппақ болып бөлініп кетеді.

Бұл соғыста найман жасақтары барын салып соғысады, соғыс стратегиясының қателігінен тиімсіз шоқыға қарай ығысқандықтан, шығын өте көп болады. Өзінен көп жаумен айқасқан Шыңғысхан жасақтарынан да шығын аз болмаса керек.

Соңында наймандар мен оның одақтастарй күйрей жеңіліп, Таян хан соғыста өледі. Шыңғысханға қарсы моңғолдар Шыңғысханға тізе бүгеді. Күшілік қолға түспей кетеді, Жамұқаның көп елі Шыңғысханға беріліп, соңында бес нөкері қалып, олар оны Шыңғысханға ұстап әкеп береді, Шыңғысхан оны нөкерлерімен қоса көзін құртады. Наймандардың да көбі бағынады. Алдағы жерде сол себепті Шыңғысханның қосыны жүз мыңнан асатын болады.

Бұйрық ханды жою

Шыңғысхан Таян хан қоластындағы Найман хандығы мен оның одақтастарын күйреткеннен кейін, Күшілік пен меркіт Тоқта бектер Бұйрық ханға келеді, әскері молайған Шыңғысхан 1205 жылы Бұйрық ханды жояды.

«Шыңғыз хан найман әскерін жеңiп, Таян ханды өлтіргеннен кейін, Унан өзенінің шекарасында (жағалауына жақын жерде) тоғыз аяқты (қанатты) ақ киіз үй тұрғызды. Үлкен Құрылтай мен ұлан-асыр той жасады. Оған «Шыңғыз хан» атауы берілді. Содан соң (Шыңғыз хан) Таян ханның бауыры Бұйрық ханды ұстау мақсатында (жорыққа) аттанды. Ол (бұл кезде) құс аулаумен әлек еді. Ол аңшылық жасап жүрген кезінде күтпеген жерден қолға түсіріп, өлтірді. Күшілік пен оның інісі екеуі де (Бұйрық ханмен бірге еді, (олар) қашып, Ертіс өзеніне қарай кетті.

Күшілік соңғы шайқасында, онымен бірге болған Тоқта бек өлтірілген кезде (Күшілік) қарақытайлардың гурханына қашып кетті.

Төле ханның Линкум хатун (Линкум қатын) атты әйелі бар болатын. Ол – Күшілік ханның қызы. Күшілікті жеңген кезде, ол күң болып (қолға) түсті. Одан Құтықты атты ұл бала туылып, жас кезінде дүниеден озды. (Төле ханның) Биксарик (Бексарық) атты найман руынан күңі бар еді, ол Мұғаның анасы болатын. Бексарық өз ұлы Мұғаны басқаға (әйелге) беріп, (өзі) Құбылайды емізіп, оның сүт анасы болды. Осы үшін ол сый-құрметке ие болды. Бұл әңгіме Төле ханның әулеттік тармағына арналған бөлімде егжей-тегжейлі баяндалатын болады» (11).

Екінші Найман хандығы. Күшіліктің кейінгі тағдыры

1205 жылы Найман хандығы құлаған соң найман ханзадасы Күшілік ханзада көршісі Қарақытай хандығына барады. Бұл дәуірде қарақытай ханы Жұрұқтың тұсы болып, мемлекет құлдырауға беталған кезге тура келеді.  Мемлекетке басты қауіп батыстағы Хорезмнен төнді. Кезінде Қарақытайға вассалдық тәуелдікте болып, алман-салық төлеген шағын ел солтүстігіндегі қаңлы тайпаларына ислам дінін тарату арқылы олардың тайпа ақсүйектерін қолға қондырды, қаңлылардың әскери күшіне сүйене отырып, айналасы аз жылда селжүктермен Гүр мемлекетін жойып, қарақытайларға қауіп төндірді. Қарақытай хандығы гүрханды ең жоғары билеуші деп мойындайтын. Шын мәнінде ежелгі Қарахан билеушілері, қарлық, қаңлы тайпалары жеке иеліктер саналатын. Дәл осы кезде келген Күшілікті пайдаланып өз вассалдарын бағындырмақ болды, өйткені қарақытайлар әлсіреп, тілін ұмытып, түріктеніп кеткен болатын. Сонымен қатар Қарақытай хандығына қарасты көшпенділер де Күшілікті қолдады, Найман хандығымен іргелес, бауырлас тайпалар да болғаны анық. Күшіліктің Қарақытай жеріндегі тарихы туралы ең толық баяндау Жуайнидің еңбегінде, онда былай айтылады:

«Шыңғысхан Оң ханды жеңгенде оның ұлдары мен басқа да бірталай көп сандағы қол астындағы адамдар қашты. Олар Бесбалыққа келді, тіпті Күчарға дейін тірелді. Сол таулар айналасында ары-бері сабылды, азықтан тарықты, олар бір адамның соңына ерген адамдарда бытырап кетті. Гүрхан (қарақытай ханы) қосын жіберіп, оны ұстады да, оны иелеріне жолықтырды, кей айтылымдарда ол өзі барып жолыққан дейді. Хорезм сұлтаны гүрханға опасыздық жасаған кезде шығыстағылар да бүлік шығарды. Осы кезде Күшілік Гүрханға келіп айтты: «Менің адамдарым көп, олар Еміл, Қойлық, Бесбалықта босып жүр, маған рұқсат етсеңіз, мен оларды жинап келейін, сол арқылы гүрханды қолдап көмек беремін. Мен гүрхан сілтеген жолмен жүремін. Гүрханның берген бұйрықтарында жанымды салып орындаймын, сол жолда басымды бәй тігемін» деп. Оның осындай уәделеріне орай гүрхан оның тұзағына түсті. Гүрхан оған көп сыйлықтар беріп, оған «хан» атағын атаған кезде ол құстай ұшып, аттанып кетті. Оның қайта көтерілген хабары төрт төңірекке таралғанда қарақытайлардың да жақтастары оған келіп қосылды. Сүйтіп ол Еміл мен Қойлыққа шабуыл жасады. Сонымен бірге меркіттің ақсақалы Тоқта бек те Шыңғысханның сұрапыл шабуылына төтеп бере алмай қашып, Күшілікпен одақ құрды. Күшіліктің елінен бытырап кеткендер жан-жақтан келіп оның маңына топталды. Сонан ол осы жерлерге шабуыл жасап тонап кетті, басқада жерлерге солай істеді, осылайша ол саны көбірек қосынға ие болды.

Сұлтанның батыстан гүрхан иелігіне шабуыл жасағанын естігенде, ол шығыстан шабуыл жасады. Осылайша екі жақтан оны қыспаққа алды. Егер сұлтан жеңгенде ол Алмалық пен Қашқарды алмақшы болды. Егер Күшілік алдымен жеңіске жетсе, онда тұтас гүрханның иелігі оған қалатын болды. Осылай ымыраласқаннан кейін шарт бойынша олардың жасақтары екі жақтан қарақытайға соқтықты. Олардың соң шаң көкке көтеріліп, келісімге сай екі жақтан жүріп жетті. Күшілік алға шығып, гүрхан әскері қашып қырғынға ұшыратты және оның Өзкенттегі қазыналарын тонады. Ол жерден шығып, Баласағұнға бет алды. Гүрхан сонда болатын,  Джинуджеде соғыс болды. Күшілік жеңілді һәм көбі тұтқынға түсті. Күшілік кері оралып, өз әскерін қайта жасақтауға кірісті. Сұлтан Мұхаммед хорезмшаһпен шайқастан соң гүрхан өзіне оралғанын, бағынышты уәлаяттарға жөнсіздік жасап, оның әскері де өз жеріне қайтқанын естіген соң Күшілік жасақталған әскермен жарқылдаған найзағайдай ойнап үстінен төнді. Ұрыс басталып, гүрханның әскері мен қазынасын, иелігін бағындырып алды әрі қыздарының бірін әйел етіп алуға талап етті. Найман тайпасының көбі христиан болатын. Ол қыз Күшілікті христиандықтан бас тартып, пұтқа табынуға мәжбүр етті» (12).

Найман хандығынан бұрын керей Хандығы жойылған кезде ханзада Сенгүм таңғыттардан өтіп, Қарақытай жеріне келіп қолдау таппай, ақыры Хотанда Қылыш әмірінің қолынан өледі. Оғанда ерген біраз халқы Бесбалықта шашылып қалса керек. Арада бір-екі жылда найман ордасы ойрандалған кезде бірталай ел соғыс аласапыранынан бой тасалап, оңтүстікке Тарбағатай мен Бесбалыққа келеді. Екі жылдан соң Бұқтырма бойында Күшілікпен меркіт Тоқта бекті қуғындап тағы да үлкен соғыс болады да, Тоқта бек соғыста өліп, меркіттер Солтүстік Қазақстанға қашады, керейлердің бір тобы, біраз татарлар Солтүстік қазақстан мен Сібірияға барады. Күшілік аман қалған адамдарымен Қарақытай гүрханына келеді.

1211 жылы Шыңғысхан жүз мың әскермен Алтан патшалығына қарай аттанады, дәл осы кезде хорезмшаһ Мәуераннахр қалаларын қарақытайлардан тартып алған соғыс болады. Жоғарыдағы деректе көрсетілген хорезм сұлтанымен шарттасу осы жылы болған оқиға. Шыңғысханның шығыстағы жорығы кезінде оған бұрын бас иген наймандардың біразы бет бұрып Күшіліктің қарақытай гүрханымен соғысқанын естіп жан-жақтан келіп оған қосылады. Осы күштің арқасында Күшілік Қарақытай хандығын өзіне қаратып, Найман мемлекетін қайта құрады.

Қашқариядағы  қитұрқы діни саясат

«Кучлук қарақытай өлкелерінде мықтап орныққан соң, бірнеше рет онымен (гурханмен) соғысты. Бірнеше рет ол Ханбалыққа дейін барды. Ең соңында оны аңдаусызда аң аулап жүрген жерінен ұстап, өлтіреді.

Қашқар мен Хотан басшылары да қарсылық жасап, бүлік шығарды. Гүрхан Қашқар ханының ұлын тұтқында ұстап отырған еді. Ал Кучлук оны түрмеден босатып, қайтадан Қашқарға жіберді. Ал әмірлер қулық жасап, ол қалаға кірмей тұрып, қапысын тауып, оны қақпаның алдында өлтірді. Астық пісіп, егін орыла бастағанда Кучлук ол жаққа әскер (тұруға) жіберетін. Олар жейтінін жеп, (астықтың) қалғанын өртеп жіберетін. Осындай үш-төрт рет әскер келіп кеткен соң астық та түгесілді. Жұт басталды. Содан олар шарасыздан оның үкіміне мойынсұнды. (Кучлук) әскері сол жерге келді. Қожайындары (кедхуда) бар әрбір үйлерге әскерлер түнейтiн. Ымырт үйіріле қорлық, зорлық-зомбылық, бұзақылық етек алатын. Дінсіз, пұтқа табынушылар ойларына келгендерін істейтін. Ешкімнің оған қарсы тұруға шамасы жоқ еді.

Ол жерден (Кучлук] Хотанға кетті де, Хотанды басып алды. Одан кейін бұл аймақтың тұрғындарын Мұхаммед дінінен шығуды бұйырды. Не христиан, не пұтқа табынушылықты – екеуінің бірін қабылдасын немесе олар носари (христиан) қытай киімін кисін деді. Адамдар қытай киімін (яғни буддизмді) таңдады. (Құран аятында айтылғандай): «Еріктен тыс, лажсыз, тіршіліктеріңді сақтап алу үшін жесеңдер, оған кінә жоқ. Бұған да Алланың кешірімі мен мейірімі мол». Азаншының азанын тоқтатып, мұсылман-муминнің бір Аллаға сенушілігіне бөгет жасап, мешітті жауып, реселерді құлдыратып (жойып) тынды.

Бірде Кучлук Хотанда, далада белгілі имамдарды шақырып, олармен айтыса бастады. Имамдардан имам Аладдин Мұхаммед әл-Хотани сұрақ беріп, берілген сұраққа жауап қайырды. Ол өз парызын атқарып болғаннан кейін оны медресенің есігіне дарға асты. Ол жайында кейінірек баяндаймыз. Осыдан соң мұсылмандық (істер) күрт тоқтап, бірден жойылды. Әрі патшаның атына Алланың пенделеріне зұлымдық пен бұзақылық жасалып дардың бәрі көкке қол жайып, дұға етті. Дұғалары қабыл алынып, ниеті орындалды. Шыңғыс хан жаулап алуға бет алған кезде Кучлуктың жөнсіз бұзақылына тойтарыс беру үшін бір топ нояндарды жіберді. Сол уакыт Қашқарда болатын. Қашқар адамдарының айтуынша, нояндар жеткен кезде ол соғысуға сап түзеп үлгерген жоқ-тын. Сондықтан артына қарамай қашты. Бірінен соң бірі топ-топ болып моғолдар жұрттан Кучлуктен басқа ештеңе талап етпеді, әрі жерінің барлығында азан шақырып, намаз оқуға, әркім өз ғұрпына орай өмір сүріп, өз дінін ұстануға рұқсат беріп жар салды.

Кучлук хан жеңіліп қашқан соң, қалада тұрып жатқан жан мұсылмандар үйіне орналасқан оның адамдары бір сәтте-ақ топыраққа сіңіп кеткен сынаптай жоқ болды. Моғол әскері онын (Кучлуктың) ізіне түсті. Әр жерге ол тоқтап, әскер жақындап қалғанда құтырған иттей болып, тағы да жүріп отырып, сөйтіп Бадахшан маңайына да жетті. Ол жерді Даразухан деп атайтын. Сөйтіп ол Сариг-Чупанға (Сары-Шопан) жеткенде сорына орай жолдан адасты. Одан әрі бір тауда шатқалға тірелді. Бір топ бадахшандық аңшылар сол маңайда тауда аң аулап жүрген. Олар қашқындарды көріп, солар жаққа бет алды. Екінші жақтан моғолдар келіп жетті. Шатқал тар болғандықтан өту қиын еді. Моғолдар аңшыларға былай деді: «Анау топ бізден қашқан Кучлук пен оның нөкерлері. Егер Кучлукты біздің қолымызға ұстап берсеңдер, онда сіздермен жұмысымыз болмайды», – деді.

Әлгі аңшылар Кучлуктың тобын қоршап, тұтқындады, оларды моғолдарға тапсырды. Олар оның басын кесіп, өздерімен алып кетті. Бадахшандықтар көп олжамен – гауһар тас, маржанмен үйлеріне оралды» (13).

Күшілік қарақытай билігін қолға алғаннан кейін Тәңіртаудың терістігіне жорық жасайды, Іледегі қаңлыларға шабуылдап басшысы Озарды өлтіреді, кейін осы қаңлылар, оның батысындағы қарлықтар Күшілікке бағынбай Шыңғысханға бағынады. Қашқар, Хотан аймақтарының  халықтар сонау қарахандар заманында исламға бет бұрған еді, жоғарыдағы деректе Күшілік оларды христианға не бұддаға сенуге зорлайды. Шамасы 1217-1218 жылдарда болған оқиға сияқты, Күшіліктің бұл қитұрқы саясаты Қытайда соғыстан енді қайтқан Шыңғысханға жетеді, ол жиырма мың әскермен Жебені жібереді, ақыры Күшілік Жебенің қолынан өліп, Найман мемлекеті өмір сүруін түбегейлі тоқтатады.

Наймандардың діні туралы

«Бұл жерде үстіртте нисториандар бар, олар кезінде ынтымақты да құдыретті найман деген көшпенділер бар, олар нисториан болатын, олардың ханы өлген соң жаңа хан сайлаған, ол Жон патша еді» (14).

Осы дерекпен қатар Жуайнида наймандарды христиандар деп көрсеткен. Ал «Құпия шежіреде» найман Бұйрық хан шаман бақсылық істейді. Мұндағы Жон Таян ханды меңзесе керек, дегенмен көшпенділерде тәңірлік дүние таным басым болғаны анық.

Найман қалалары мен мәдениеті

Тарихи деректерде наймандардың Ақбалық, Чамбалық, Тарсакент, Найман-сүме атты қалаларының болғаны айтылады. Бұл қалалар қарақытайлар мен таңғыттар арқылы келетін сауда керуендері тоқтайтын, сауда айырбас жүргізетін жерлер болса керек.

Шыңғысхан Таян ханды жеңген соң Таян ханның хатшысы Тататұңғаны тұтқынға алып, одан соғды жазуын ұлдарына үйреттіреді. Наймандарда отырықшы халықтар сияқты хат қағаз, мемлекеттік мөр қолданылған. Бұл жазу кейін моңғол империясының мемлекеттік жазуына айналған. Демек Шыңғысхан керей, найман хандықтарының ел билеу жоралғыларын жалғасты қолданып, оны онан ары дамытты.

Найман хандығына қарасты рулар туралы

Найман хандығында кемі 300-350 мың халық, 70-80 шамасында рулар болған деп шамалауға болады. Өйткені саны олардың жарымына жетпейтін моңғолдарда қырықтан аса рудың аты белгілі. Дегенмен Найман хандығында қандай рулардың болғаны белгісіз, аттары деректерде аталмаған. Жоғарыда тек тегін деген рудың аты бар. Кейінгі қазақ, өзбек, қырғыздар құрамындағы наймандар мен алтайлар арасындағы руларға қарасақ, бірталай ортақтықтырды байқар едік. Алтай жерінде шегендік, чүй, тоң, бөгіс , таз рулары бар, олар қазақта да бар, негізі сол заманда екіге жарылса керек. Хакастарда қызай руы да соған ұқсас. Тоң тайпасы ежелгі тоңыралармен қатысты болуы мүмкін, ал бөгістер тоғыз оғыздың бірі богу деп шамалауға болады, ал садырларды ежелгі шадо мен қатыстырған қисындырақ, өйткені шадо қытайша дыбысталу болып, р дыбысы айтылмаған.

Шәкерім Құдайбердіұлы арғындардың Шыңғысхан заманында аты аталмауын олардың найман ханына қарағандығынан деп қарайды. Оның да келісетін жерлері бар, кезінде Саян, Алтай тауларында арғу тайпасы болған, Алтайда арғыт өзені бар, арғыт – арғынның көпше атауы. Онан да қызығы,  найман құрамында қарауыл, дөртуіл, шегендік, таз рулары арғындарда да бар. Бұл да тегін емес екені айқын.

Наймандардың батысқа көшуі

Шыңғысханнан жеңілгеннен кейінгі кездерде наймандар Моңғол империясының төрт бұрышына таралды. Юань империясында екінші сорттағы түсті көзділердің бірі наймандар еді, олардан басқа түсті көзділерге қыпшақ, қаңлы, арғын, қарлқ, оңғыт тайпалары кірген. Алтын ордада 92 баулы рудың бірі болған. Шайбан ханға қарасты төрт тайпаның бірі болған. Құлағуға ерген наймандар Елхандар мемлекетіндегі маңызды күштердің біріне саналған, найман Кетбұқа ноян Айн-Жалутта Бейбарыспен соғысады. Осылайша наймандар қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, ноғай, қырым татар, хазара, моңғол, сары ұйғұр, салар қатарлы көп халықтың құрамына кірді. Қазақ наймандары қазақтағы ең саны көп тайпалардың бірі ретінде Орта жүздегі алты арыстың бірі саналады.

Әдебиеттер:

  1. Қазақстан тарихы түркі деректемелерінде . 2-том. Мойончор бітіктасы
  2. Жин тарихы. Жангыжау баяны
  3. Рашид ад-Дин. Жамиғ ат-Тауарих. 1-том
  4. Моңғұлдың құпия шежіресі
  5. Рашид ад-Дин. Жамиғ ат-Тауарих. 1-том
  6. Рашид ад-Дин. Жамиғ ат-Тауарих. 1-том
  7. Рашид ад-Дин. Жамиғ ат-Тауарих. 1-том
  8. Моңғұлдың құпия шежіресі
  9. Рашид ад-Дин. Жамиғ ат-Тауарих. 1-том
  10. Рашид ад-Дин. Жамиғ ат-Тауарих. 2-том
  11. Рашид ад-Дин. Жамиғ ат-Тауарих. 1-том
  12. Жаһанды жаулап алушының тарихы. 1-том
  13. Жаһанды жаулап алушының тарихы. 1-том
  14. Рубрук пен Карпинидің шығысқа сапар естелігі

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English