«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Кемеңгерліктің 30 жылы» – Елбасының ерен еңбегі

983 0
«Кемеңгерліктің 30 жылы» – Елбасының ерен еңбегі
Кемеңгерліктің отыз жылы. Алматыда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет мүддесі үшін атқарған қызметіне орай халықаралық конференция өтті

Халықаралық шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырған, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының сайтына сілтеме жасап. 

Конференция тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды атаулы күнге, яғни Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметте болуының 30 жылдығына орайластырып өткізілді. 1989 жылғы 22 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, тиімді мемлекеттік саясат арқылы Қазақстанды 30 жыл басқарды.

Конференцияға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, белгілі шетелдік, отандық мемлекет және қоғам қайраткерлері, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты.

Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев егеменді елдің жылнамасын жазған адам. Бұл - жай ғана дата емес, Қазақстанның даму жолын анықтаған кезең болды. Қазіргі заман дамуының қарқыны мүлде өзгеше. Бәсекеге толы заманда өмір сүріп келеміз. Бәрімізге Елбасының айқындап берген адал болу, ел игілігіне еңбек етуді басты мақсат деп түсіну қажет, – деп атап өтті конференцияны ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Елбасына Қазақстанның көпұлтты халқын жаңа тарихи дәуірге бастау бұйырғанын да атап өтті.

«Елбасы жолы - ел дамуының жылнамасы. ТМД шеңберінде Қазақстан ең жоғарғы әлеуметтік-саяси көрсеткіштер бойынша алға шықты. Тарихта тұңғыш рет шекараны біржола бекіттік. Тәуелсіздікті жаңа алған мемлекеттің алдында сын қатер көп болды. Экономиканың тұралауы, халықтың әл-ауқатының төмендеуі, саяси дағдарыс алғашқы сынақ еді. Көптеген шетелдік талдаушылар, Бжезинскийді қоса есептегенде Қазақстанға күйреуді болжады. Бірақ, Тұңғыш Президент осы болжамдарды теріске шығарды, Қазақстан тұрақты дамудың сара жолына түсті», - деп атап өтті Мемлекет басшысы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметіне баға бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан қандай қиындықтарды басынан кешіргенін еске алды.

Сол кездегі беделді басшылар Горбачев пен Ельцин 1990 жылдардың басында маған КСРО премьер-министрі болуды ұсынған болатын. Егер мен Кеңестер Одағы Үкіметінің басшылығына келген жағдайда қалай болар еді?- деген сұрақтар осы күнге дейін талқыланып жүр, бірақ бұл маңызды емес. Сол кезде мен өмірімдегі ең маңызды шешімді қабылдадым. Сол уақыттан бастап менің басты міндетім - туған Қазақстанымның тағдыры болды», - деп есіне алды Елбасы. «Сол жылдары саясаткер ретінде стратегиялық ойлаудың маңызын алғаш рет түсіндім. Осы алмағайып заманда кемемді қай жағалауға жеткізсем деген үлкен таңдау алдында тұрдым. Қазір сол қиындықтарды қалай шешкенімді айтсам деп отырмын. 1990 жылдары мен және Қазақстан қандай сынақтармен бетпе-бет келді? Біріншіден, экономиканың тоқырауы. Экономикалық байланыстардың үзілуі, гиперинфляция, бюджеттік тапшылық болды. Халықтың табысы төмендеді, жаппай жұмыссыздық орын алды. Қазақстандағы 130 кәсіпорын өз жұмысын тоқтатты», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оның айтуынша, 90-жылдары ЖІӨ 60 пайызға төмендеп, өнеркәсіп 28 пайызға қысқарды. «Бізге қысқа уақыт ішінде іс-әрекет жоспарын құруға тура келді. Нарықтық экономиканы құра бастадық. Қазақстан тез әрі тиімді реформа жүргізді деген пайымды жиі естідік. Біз өте үлкен жұмыс атқардық», - деп атап өтті Елбасы.

Конференция барысында қатысушылар саяси көшбасшылық феноменіне байланысты саяси, тарихи, экономикалық, құқықтық және басқа да аспектілерді келесі бағыттар бойынша қарады: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан қалыптасуына қосқан үлесі», «Елбасының тарихи миссиясы», «Елбасының жаһандық және аймақтық бастамалары», «Саяси көшбасшылық феномені: тарих, ерекшеліктері, өзгешелігі».

Ресей ғылым академиясы Жалпы тарих институтының директоры, РҒА профессоры, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы тарихшыларының бірлескен жұмыс тобының тең төрағасы Михаил Липкин сөзінде былай деп атап өтті:

«Оның партия басшысынан жалпыұлттық лидер болып қалыптасуы 1990 жылдардың басындағы «дауыл мен қысым» уақытында өтті. Ол Қазақстанды ішкі саяси дамуымен қатар сыртқы саясат дамуында да алға шығара алды. Кеңестік өмір тәжірибесі мен заманауи дамудың болашағы бар басымдықтарын жете сезіне алу үйлесімділігі Н.Ә.Назарбаевтың бірегей саяси стилін айшықтайды».

Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей және Орталық Азияны зерттеу орталығының директоры Давэй Пан «Елбасының Қазақстанды 30 жыл басқаруы: Қытайдан көзқарас» атты баяндамасында Н.Ә.Назарбаевтың аймақтық ынтымақтастық пен қауіпсіздік ісіне қосқан үлесіне баса назар аударды:

«1992 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 47-сессиясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті құру туралы идеяны ұсынды. Бұл ұйым ынтымақтастықты таныту мен үнқатысу мен серіктестіктің негізінде Азия мен әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бірлесе күш-жігерін жұмсаудың маңызды алаңына айналды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қалаушылардың бірі. 1998 жылы Алматы қаласында өткен «Шанхай бестігі» форумы елдері лидерлерінің үшінші кездесуі  ШЫҰ-ының құрылу тарихында маңызды орын алды.  Аталған форумда ұйымға қатысушы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық шеңбері кеңейіп, шекаралық қауіпсіздікпен қатар біртұтас саяси, экономикалық және мәдени қарым-қатынас бастау алды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылуы, дамуы мен нығаюын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігерінен, халықаралық стратегиялық ұстанымы мен саяси ақыл-ойынан бөліп қарауға болмайды».

Конференцияда сөйлеген Қырғыз Республикасының белгілі саяси және қоғам қайраткері, жазушы, филология ғылымдарының докторы Осмонакун Ибраимов былай атап өтті:

«Соңғы 30 жыл Қазақстан үшін өз жолын табудың сындарлы жылдары болды. Бұл жылдар көптеген қиындықтарды еңсеру, жаһандық әлем құрылымындағы лайықты орны үшін күресу жылдары болды. Ол үшін кейбір жағдайларда алға ұмтылып, өзін таныту үшін пәрменді де қатал шешімдер қабылдауға тура келді. Қазақстан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен осы мәселені шешті, оның басты себебі – Қазақстанның айқын мақсаты, қуатты да қоғамды ұйыстыратын ұлттық идеясының болуы. Осының бәрін жүзеге асыру үшін заманауи геосаясаттың тілін меңгеру, қағаз жүзінде емес нақты дипломатия қажет еді. Ең бастысы, Нұрсұлтан Назарбаев дәуіріндегі Қазақстан сырттағы біреулер дайындап берген сценарийді жүзеге асырамын деп уақытын зая етпей, нақты іспен айналысу керектігін уақытында түсіне алды». 

Америкалық саясаттанушы және журналист, Ресей – Еуразия, Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс өңірлерінің қауіпсіздік пен энергетика саласындағы халықаралық қатынастар жөніндегі маманы Ариэль Коэннің «Жақсы серіктікте: Нұрсұлтан Назарбаев ұлт негізін салушылардың арасында» атты баяндамасына үлкен қызығушылық танытылды. Ол «Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы басқаруының арқасында қазіргі жетістіктерге жетіп отыр. Қазақстан ортадан жоғары кіріс деңгейіне жиырма жылға жетпей жетті. Нұрсұлтан Назарбаев елді басқарған жылдары жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 10 есеге өсті, 1990 жылғы 1600 доллардан 2018 жылдың соңында 10 мың долларға жетті. 2006 жылдың өзінде Қазақстан кіріс көлемі ортадан жоғары елдер тобына енген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев мұнымен тоқтаған жоқ. Ол осы жылдардан бастап келешекті құрылымдық және институционалдық реформаларды жүргізе бастады. Олар мемлекеттің экономикаға ықпалын төмендету және серпінді, заманауи, шикізатты емес инновациялық саланың дамуына қолдау көрсетуге бағытталған болатын. Сондай-ақ, ол әлемдік аренадағы Қазақстан беделін көтеруге және экономиканың әлемдік қауымдастықпен бірігуіне күш-жігерін жұмсады» , - деп атап өтті А.Коэн.

Әзірбайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты, Әзірбайжан Мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Саяси зерттеулер институтының директоры, профессор Эльман Насировтың сөзінше Қазақстан Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен әлемде жоғары беделі бар қуатты мемлекетке айналды. 

«Оның жарқын көрсеткіші – осы елдің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше ретінде төрағалық етуі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы көптеген табысты жобаларға бастамашы болу арқылы өңірлік мәселелерде ерекше рөл атқаруда, сондай-ақ, ол тек біздің өңірде ғана емес әлемдік деңгейде де бейбітшілікті нығайтуға ауқымды үлесін қосуда. Оның Сирияда бейбітшілік орнату мен қатерлерді азайтуға арналған бітімгершілік ұстанымы әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағасын алды. Ең бастысы, ол ұзақ жылдарға созылған шиеленістің түйінін шешті», - деді ол.

Тамырлас Түркия елінен келген белгілі мемлекеттік басқару және болжау жөніндегі сарапшы, саясаттанушы Күршад Зорлу Нұрсұлтан Назарбаев Түркі әлемінің бірігуі үшін төмендегі үш маңызды қағиданы қарастырғанын атап өтті: «өзара түсіністік пен бір-біріне уақыт беру; теңестірілген қарым-қатынастар үлгісі; экономикаға негізделген қадамдар арқылы саяси бірліктің негізін қалыптастыру».

Сондай-ақ, конференция жұмысына қазақстандық мемлекет қайраткер,  «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының жетекшісі Оралбай Әбдікәрімов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов, Өзбекстан Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының директоры Элдор Арипов, Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Чердабаев, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған, «Валдай» халықаралық пікірсайыс клубының бағдарламалық директоры, Ресей Федерациясы СІМ ММХҚИ Халықаралық зерттеулер институтының директоры Андрей Сушенцов қатысты.

Қатысушылар назарына Елбасы кітапханасы қорларынан «Кемеңгерліктің 30 жылы» көрмесі ұсынылды.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English