«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев
Бұл күн тарих бетінде

Келімсекпен келіспеген, керіскен

3571 0
Келімсекпен келіспеген, керіскен
Бұл текетірестің соңы «патша жарлығына қарсы шықты» деп губерния орталығы Семейге алдыртып, абақтыға жабады

Екі үлкен алпауыт мемлекеттің арасындағы Қазақ елінің тағдыры алабөтен қалыптасады. Әсіресе патшалық Ресей мен Қытайдың сан алуан билік жүйесінің қақпақылына айналған қазақтардың өмірі аласапыранға толы. Ұдайы үркін-көшкін, қай жағы бейбіт болса, соған көңілі ауған елдің бұл амалын жазғыра да алмайсыз. Мұндай алмағайып кезең ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен ел жақсысы, би-болыс Ботабай Сегізбайұлының да мазасын қашырғаны анық.

Қошқарбайдың қормалы

Өз ортасынан мойны озып туған дара тұлға, ел ағасы Ботабай болыс жайлы жазбалар мен деректер тарихи зерттеу тақырыбына енді айналып келеді, бұған дейін еңбегі түгілі есімі аталмайтын ел арысының өмірін тиянақты зерттеу – бүгінгі тұлғатану тақырыбының өзекті мәселесі. Біз мақаламызда болыс Ботабайдың тікелей ұрпағы Ниязбек Ақайұлының деректеріне сүйенеміз.

Ботабай Сегізбайұлы 1833 жылы тауы мен тасы әр тарихтың куәгері Тарбағатайдың теріскей бетіндегі Терісайрық өзенінің бойында іңгәлап дүние есігін ашқан. Сүйегі алты жұмық ішіндегі сайболаттың қошқарбайынан шығады. Қошқарбайұлы Құти – өзі батыр, өзі елші, Абылай хан жіберген елшілері қатарында Қытай патшасы Чиянлүңға барып оқалы жібек шапан киіп қайтқан адам. Ниязбек ақсақал жазба деректерінде Ботабайдың әкесі жайлы қызықты мәліметтерді келтіреді: «Әкесі Сегізбай (суретте) «Найманның кәрі биі» аталған, талай келелі істе әділ төрелiкпен шешімін тапқан, алыс-жуыққа аты әйгілі беделді адам болған, 1850 жылы Алтайдағы абақ керей елінен сапарлай қайтқан Құнанбай арнайы ат басын бұрып, Сегізбайға сәлем беріп, қонақ болып, дәм татып, ақыл-кеңес әңгімесін тыңдап аттанған».

«Әкеден жақсы ұл туса, тартпай қоймас негізге» дегендей, адал ісімен елдің көңіліне жаққан Сегізбай өнегесі – ұл Ботабайға өшпес шамшырақ. Ол әкеден ерте айырылғанымен, ел жақсылары бас қосқан түрлі көшелі кеңестерде құлақ салып тыңдап, қазақ халқының сан ғасырлық ақылдариясынан қанып ішіп, ел арасындағы түрлі кеселдерді шешумен би-шешендікке төселе бастайды. Осылайша жасы жиырмаға да жетпеген жас Ботакең аймаққа белгілі биге айналады.

Жас кезінде Ботабайдың ауыл жылқысын ұрлаған барымташыларды қуа жүріп, болашақ жары Дөкей қызбен танысатыны, қыз бен жігіт арасындағы сәтті сөз қағысулардың соңы жігіттің қызды жақсы көріп, қалыңдық айттыруымен аяқталатын тамаша хикая сақталған, мұның бәрі Ниязбек Ақайұлының мақаласында айтылғандықтан қайталауды жөн санамадық.

Бұтабай орнына Ботабай

Ел арасында, тіпті тасқа басылған тарихи кітаптарда Бұтабай мен Ботабайдың шатастыру жиі кездесіп жатады. Бұтабайды аға сұлтан деп танығанда, Ботабайды болыс деп білеміз. Екеуі екі бөлек адам. Аға сұлтан 1825 жылы туса, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ботабай 1833 жылы дүниеге келгенін жоғарыда жаздық. Бұл екеуінің шыққан ататегі бір: байжігіттің жұмығынан болғанымен, жұмықтан саты, сайболат деп тармақталады. Ең қызығы сол, есімдері ұқсас екі тұлға бір дәуірде өмір сүріп, жақсы араласып-құраласып тұрған. Мұның дәлелі – Ресей патшасы Александр ІІ қабылдауына бару хикаясынан көрінеді.

Оқи отырыңыз: Меккеде қалған сүйегі

1872 жылдың соңғы айы желтоқсанда Ресей патшасы қазақ даласын билеуші тап өкілдерін – сұлтандар мен аға сұлтандарды, болыстарды съез жұмысына шақырады. Бұл сапарға құлқы соқпай әрі денсаулығына байланысты аға сұлтан Бұтабай Жондыұлы бармай, өз орнына Ботабайды жіберген. «Атымызда айырмашылық жоқ. Жұмықта бір адам үмітімді ақтаса, Ботабай ақтар, Сегізбай бидің қарашаңырағындағы қара тентегі барсын», – деп ұйғарыпты. Осылайша Тарбағатай, Көкпекті, Зайсан уездері билеушілерінен жасақталған депутация 1873 жылдың қаңтарында Петербор қаласына жетеді.

Кілең ығай мен сығайлар ақ патшаның алдын көруге баратын сапарды бұған дейін «Ақ патшаның алдында» атты мақаламызда олардың патшалық астанасы Петерборда қайда тоқтағанын, кім бастап, қайда апарғандарын, патша сарайындағы салтанатта кім сөз сөйлеп, мақтау естігендерін жазғанбыз. Құрамында он тоғыз адам бар бұл топ астанада Лоренц деген фотографтың кадрына түседі де, кейін бұл жайлы қысқаша ақпарат «Всемирная иллюстрация» журналына басылып жарық көреді.

Журналда жарық көрген шағын мәліметте қазақтардың жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, әр түрлі қылықтары сөз болады, әсіресе қазақ билеушілердің семіз болғаны сонша, екі қабатты үйдің баспалдағына шыға алмай, құлап жатты делінеді: «Қазақтарға арнап дайындалған үй екі қабатты еңселі үй, баспалдақпен жоғарыға көтерілуі тиіс еді, келген делегаттардың арасында денесін май басқан, семіздері әлгі баспалдақтан көтеріле алмады. Күтіп жайғастырушы тарап та бұл жайттарды алғаш көріп, таңдай қағып жатты».

Алайда ертеңінде шеруге қатысқан дала шонжарларының сыртқы салтанаты мен жүріс-тұрысы көрген адамдарды таңғажайып сәтке бөлеген. Қазақ әйелдерінің бар өнерін салып жасаған киімін киіп шыққан қазақ сұлтандары мен жақсылар дүйім жұртты шынымен сүйсіндіргендей еді. Жұмсақ та барқыт матадан тігілген шекпен-шапанның не түрі, пүліш, батсайы дей ме, алуан түрлі матадан тысталған сырт киімдер, оюлы, өкшелі саптама етіктер, шошақ тымақтар, түкті бөріктер, айыр қалпақтар мен алтыннан жасалған сөмкелер, кеуде толы күміс медалдардың сылдыры, оған жалғасқан хас шеберлердің қолтаңбасындай шынжырлы тізбектер сыңғыры, кавалериялық қылыштардың жарқылы қараған жанның есін алғандай айбатты да салтанатты еді.

Суреттен көргеніміздей, Ботабай бабамыз – ірі тұлғалы, етжеңді кісі. Қара да қою сақалы, бағалы аң терісінен тігілген бөркі, болыстық мансабын білдіретін төсбелгісі, қолындағы үлкендеу сақинасы, салтанатты кештерде киетін киімі оның дәуірде бір туатын жампоз екенін аңғартқандай.

Оқи отырыңыз: Ақ патшаның алдында

Ниязбек Ақайұлы өз жазбасында Петербордағы күндердің бірінде Ботабайдың зоопаркта дәу пілді көріп, құйрығынан тартып қызық көрсеткенін жазады: «Түскі астан кейін Ботабайды патша шақыртады, алдына барған Ботабайдан қайдан келгенін, атының кім екенін ұғысқан патша: «Пілдің құйрығын неге ұстадың?» дегенде, тілмаш арқылы тіл қатқан Ботабай: «Тақсыр, патша ағзам! Біздің қазақта арман еткен мынадай үш сөз бар», үш саусағын шығарып: «патшаның жүзін көрдің бе, ұлы тауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?» дейді және қолы жетіп паңдана қалған кісіні «Пілдің құйрығын ұстағандай болып» деп жатады. «Мен бүгін сол ата-бабаларымыз көңіліне түйген үш істі орындадым, өйткені ұлы тауға шықтым, ұлар етін жедім, өзіңізді көрдім, ал піліңізді көріп тұрып, құйрығынан бір ұстамасам бұл маған мәңгі арман болады ғой» деп осылай оғаш іс кылдым, айыбыңызға дайынмын» деген екен. Мұны естіген патша ағзам үнсіз басын изеп, Ботабайды көзімен ұзатып салады».

Александр ІІ қабылдауында болған қазақтар. Екінші қатарда сол жақтан екінші Ботабай Сегізбайұлы

Ақ патшаның қабылдауы аяқталғаннан кейін Зайсан уезінің аға сұлтаны Бұтабайға берілген алтын зерлі тон, алтын тегене мен алтын ожауды алады және өзі де сондай тартумен сыйланады.

Келімсекпен керісу

Орыс патшасымен басы тәтті басталған достықтың соңы кермек тати бастайды. 1868 жылдан 1875 жылға дейін сайболат еліне болыс Ботабай ақ патшаның алдын көріп, құзырында болғанымен, ел арасын бұзып, жерге баса-көктеп кірген келімсектердің шектен тыс өктемдігін кешіре алмайды. Қара басының, отбасының келешегін ғана ойлап, лауазымын сақтап, қарашекпенділермен астыртын келісіп отыра берсе де болар еді, ол үшін бұл жол оған тиімді сияқты көрінер де еді, алайда өзінің жеке бақытын емес, ел-жұртының тағдырын ойлаған кемел ер ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан халық қақысын өзгелерге жегізіп қоюды жөн көрмейді, ар санайды.

Шығыс өңірге күн санап қаптап кеп жатқан қарашекпенділердің суы тұнық, шөбі шүйгін, түгін тартса май шығатын нулы өлкеге ауыз салғанына, патша атын арқалап алып тоқтаусыз ағылған келімсектердің ойсыз әрекетіне қарсы күрес ашады. Бұл текетірестің соңында «патша жарлығына қарсы шықты» деп губерния орталығы Семейге алдыртып, абақтыға жабады. «Ботабайдың абақтыға алынғанын естіген аға сұлтан Бұтабай Семейге іздеп барады» дейді Ниязбек Ақайұлы.

Үстінен жазылған домалақ арыздың кесірінен бұдан біраз уақыт бұрын атақты Құнанбай да түрме табалдырығын тоздырған. Ботабайдың Құнанбай тағдырынан айырмашылығы, руаралық тартыстардың, барымта, жер дауы секілді қазақы жанжалдардың құнсыз құрбаны емес, қазақтың елі мен жерінің тағдырын шешетін салмағы ауыр, сұрауы көп құрбандық. Заңсыздыққа бас көтеру арқылы халық ертеңін, келешек ұрпақ қамын күйттеу және асқақ рухтың аласармауын қадағалау. 372 күн абақтыда жатқан Құнанбайды ұлттың ұлы қайраткері Шоқан Уәлиханов құтқарып алады. Сол сияқты Бұтабай Жондыұлы өзінің орыс тамырымен жең ұшынан жалғасып  патша ұлығын паралау арқылы Ботабайды құтқару жалғыз амал екенін ұғады. Ол елдегі басты адамдарға хабар жіберіп, әкелетін тарту-таралғының жайын түсіндіреді. Ниязбек ақсақалдың жазуына қарағанда, елге жеткен хабарлаушы Күшікбай арқылы дайындалған қара жамбы, қара түлкі, қара нар, қалы кілем қосылған бір тоғызды Бұтабайға жеткізеді. Осылайша Бұтакеңнің жәрдемдесуімен Ботабай түрмеден босап еліне оралыпты.

Күнгейге көш

Ботабайдың бұдан кейінгі әрекеті басқа арнада өрбиді және оның теріскейдегі беделі арғы бетте одан сайын арта түседі. Оның себебі оның халқын аздырмай-тоздырмай, бір жұдырықтай жұмыла ұйымдастырып басқара алуымен түсіндіріледі. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатты асқындырған билік жүйесімен түбі отаса алмайтынын біліп, ол 1877 жылдан жұмықтың бір бөлігін Тарбағатайдың күнгей бетіне қоныстандыра бастайды.

Шекара бөлініп, Еженхан иелігіндегі жер анықталған соң Шәуешек билеушісі Ши амбы қыр қазақтарының арасында ресми сайлау өткізеді. Шекара бөлінісі кезінде Шығыс Түркістанды мекендеген қазақтардың мың жарым түтіні Ресей қарауына көшсе, екі жарым мың түтіні Қытай жағына қоныс аударады. Ботабай ел-жұртымен қазіргі Дөрбілжін ауданына қарасты Белшір деген жерді жайлаған. Жер мәселесі күйіп тұрған шақта қазақ рулары басшылыққа деген ұмтылысы, аймақ басшысы Ши амбының алдын босатпағаны жайлы тарихи оқиғаның тігісін жатқызып халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр» романында былайша суреттейді: «Үшінші болып енген Жұмық жуандарының да әңгімесі біразға созылды. Сый-сияпат жағы бұларда да жеткілікті екен. Мансаптан, мөрден үміткер бай-шонжарлар бірінен-бірі асып түсіп, әкелген тартуларын атап, хатшыға тізімдетіп жатты. Үкірдайлық орын сарапқа түскенде кейінгі кезде бытырап жүрген Жұмықтың басын құрап, ерекше көзге түскен Еңсенің алдына ешкім шыға қоймады. Ал зәңгілік орынды бөлісуге келгенде нағыз қырық пышақ, қырғын талас осы елде болатын түрі бар. Жұмыққа кіретін мәметек, қошқарбай, шотай, саты, қараша рулары әрқайсысы екіден-үштен адам ұсынып, әркім өз лағын теке қойғысы келетіні байқалып қалды».

Еңсе үкірдай – Ботабайдың ағасы Күшікбайдың ұлы. Еңсенің даңқы байлығымен, билігімен елге жайылған. Оның жаз жайлауы теріскей Тарбағатай өлкесі болса, қыс қыстауы арғы бетте – Қытай жерінде екен. Екі империяның шекаралық аймағы жөнді шешілмей, қағидалар нақты қалыптаспай тұрған кезеңдерде ортадағы нейтрал аймақты екі жақтың қазағы да бірдей көретін. Қытай мен Ресейдің шекаралық белгілері тау төсіне тартылмай тұрған шақта Еңсе Күшікбай баласы өз қонысын түбегейлі белгілеп шешіп алған.  Халық арасында сақталған ауызекі әңгімелерге сүйенсек, ХІХ ғасырда Қытай мемлекетінің іші алатайдай бүлініп, тұрақтылық сақталмай, тарих пен уақыттың жүгі кезек-кезек ауып тұрған өліара кезеңде Қытай елінің мұқтаждығына Еңсе Күшікбайұлы 300 ат, 200 өгіз беріп, есесіне ішкері көшкен қалмақтар жерін сұрап алыпты. Бір жұттық малды мәңгілік мұраға айырбастай алған ақылды адамның асылы демей көріңіз. Осынау «өмір мен өлім мәселесінің ең зоры» жерге иелік еткен ел ағасы Еңсе орайын тауып, жұмық елінен 980 түтінді Қытай жеріне көшіріп апарып қоныстандырған.

Оқи отырыңыз: Таңғыттың тағдыры

Тарихи деректердің сорабына қарағанда, Ботабай Ши амбымен дос-жар адам болғанға ұқсайды. Ши амбы ескіше оқып, сауатты кісі болғанынан бөлек, қазақтармен жақсы қарым-қатынаста, жылы көзқараста болған. Бірнеше тілге жүйрік, жасынан ел билігіне араласқан ол қазақтың марғасқа азаматтары Демежан, Мамырбек, Көксеген, Еңсе секілді ұлдарымен жақсы сыйласқан. Еміл бойында отырған Ақнайман ауылының бірінен өрт шығып, ол өрт Үшқарасудағы мәнжу әскерінің базарын шарпиды, мұны естіп жазалау жорығын жасамаққа атқа қонған Ши амбы Қайқаң деген жерде отырған Ботабай ауылына түседі. Атасы Құти батырдан қалған оқалы жібек әрі ханзуша жазуы бар шапанды көрген Ши амбы арбадан түсіп, Ботабайға қол беріп амандасқан екен дейді. Бұл хикаяның соңы Ботабайдың шаңырағында ұл дүниеге келіп, оның атын Шиямбы (азан шақырып қойған есімі – Құсайын) деп атаумен жалғасады.

Осы оқиғадан кейін Ботабай мен Ши амбы дос болады, Ботакең ақ патшадан біржола бет бұрып, Чиң патшалығына қарайтынын ұлық Ши амбыға жеткізеді. Ел-жұртының қамы үшін емін-еркін жүретін көктеу, күзеу, жайлау, қыстауы бар жер алады. Бұл шаруаға Ши амбы да құмбыл болып, ақырында Іле жаңжұңының рұқсат етуіне орай көшіп келіп біржола орнығады.

Ботабайдың бейнесі

Ботабай отбасында неше ағайынды, аға-бауыр, қарындастары бар ма, ол жағы бізге белгісіз, десе де оның Күшікбаймен бірге туған ағайын екенін жоғарыда жаздық.

«Ассалаумағалайкум, Сайболатым.

Ішінде алты Жұмық кең қолатым.

Жібектің үш баласы – үш зеңгір тау,

Оларға кім бар дейсің тең болатын» деп жырлаған Жанұзақ ақын өлеңінде Ботабай жайлы жылы лебіздер бар. «Жұмыққа аға cұлтан тон əкелген, Ботабай елі сүйген ер болатын. Қайрақбай Ботабаймен жүр ме аман, Ауылына айтқан сөзі ем болатын».

«Еңсе қажыны жоқтауда» арқалы ақын Әсет Найманбайұлы үкірдай әрі қажының еңбектерін ұлықтай отырып, ол өмір сүрген дәуірдегі тарихи тұлғалардың есімдерін атауды ұмытпайды. Ақынның:

«Олар да өткен дүниеден,

Тәукенің биі Шаянбай.

Сөз сөйлейді аянбай

Сатының биі Бұтабай.

Ел көшеді жоталай,

Сөз жағына келгенде

Есе бермес Ботабай» деуі біздің кейіпкеріміздің тілді жақты болып, ауыздыға сөз бермес шешендік қырын сипаттайды. Сондай-ақ осы жоқтауда «Ботабай ұлы Шиямбы наркескен болат қылышты» деп Құсайын Ботабай баласын да айтады.

Ал 1917 жылғы «Шиямбының жоқтауы» деген жырда «Сайболатта Ботаекем» деп бастап, Қайрақбай, Бұтабай, Мырзахан, Шаянбай, Кенже сияқты ерен ерлерді атай келе,

«Байжігіт сүті қаймақтай,

Шідері асқан байлыққа.

Бір ыңғайлы аймақтай» деп жырлайды.

Оқи отырыңыз: Шиямбының жоқтауы

Тарбағатай тауының теріскейіне қандай белгілі болса, күнгейіне де танымал ел ағасы, болыс, би-шешен Ботабай Сегізбайұлы 1882 жылы қазан айында өзінің Белшірінде қайтыс болады. Бұл кезде ол 49 жаста ғана еді. Сүйегі сонда жерленген.

Марқұмды жерлегенде топырағын биіктетпей тегістеп, сәл ғана дөңестеу етіп топырақ үйген. Артық қалған топырақты түйемен тасып Белшірдің суына ағызып жіберіпті. Бейіттің үстіне бір қора қой түнетіп, құмалақтатыпты. Қабір үстіне бір кішкене қызғылтым тасты белгі деп қалдырып, келер жылы көктемде қарсуымен кірпіш құйғызып зират тұрғызған. Мұның барлығы да пенделердің арам пиғылды әрекетінен сақтану үшін жасалған қадамдар болғаны анық.

Шекара бойындағы ел-жұрттың екі жаққа бірдей алаң болатыны секілді тағдыры Ресей патшалығынан басталып, Қытай империясында тәмамдалған ел билеуші Ботабай Сегізбайұлы ғұмырнамасының бір парасы осындай. Бұл тарихи тұлға жайлы зерттеу мұнымен бітті деген сөз емес, алдағы уақытта да іздену жұмыстарын тоқтатпайтынымызды айтамыз.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English