«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақтан шыққан тұңғыш чемпион

5844 0
Қазақтан шыққан тұңғыш чемпион

Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы әрине, Жақсылық Үшкемпіров. Оған ешкімнің дауы жоқ. «Шынашақтай чемпион» атанған Жақсылық ағамыз 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында грек-рим күресінен әлем чемпионы атанды. Артынша күрестің осы түрінен тағы бір қазақ спортшысы - Шәміл Серіков екінші болып алтыннан алқа тағынған еді. Бұл екеуі де әлемнің кіл мықтылары бақ сынасқан олимпиадаға Қазақстан халхының атынан барып қатысып, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып қайтты.

Алайда, олимпиада тарихында бұл екі батырымыздан сәл бұрынырақ нақты айтар болсақ 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасының чемпионы атанған тағы бір қазақ болғанын көп айта бермейміз. Ол - Қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов. Баскетболдан Мюнхен Олимпиадасының жеңімпазы (1972 жыл), Монреаль Олимпиадасының қола жүлдегері (1976), яғни қатарынан мәрте Олимпиада ойындарының жеңіс тұғырына көтерілген спортшы. 1970 жылғы Әлем чемпионатының қола, 1978 жылғысының күміс жүлдегері атанған. Дүниежүзілік универсиаданың жеңімпазы (1970), Еуропаның 3 дүркін чемпионы (1967, 1971, 1979 жылдары), 1971 өткен Еуропа Суперкубогінің иесі әрі Кеңес Одағының 10 мәрте чемпионы (1970-1980) атанған дарын иесі. Кеңес Одағының «Құрмет белгісі», Ресейдің «Почет» орденімен марапатталған. Яғни Әлжан Жармұхамедов қатардағы көп спортшының бірі емес. ХХ ғасырдағы ең атақты қазақ спортшысы атанған тұлға. Ол КСРО құрама командасының капитаны деңгейіне жеткен.

 

Әлжан ағамыздың жұлдызды сәті 1967 жылдан басталған еді. Дәл сол жылы Тәшкенттегі КСРО құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Гомельский болашақ спортшының қарымын байқап одақ құрамасына шақырады. КСРО құрамасы сапына өткен бойда Еуропа чемпионы атанады. Осыдан кейін жаттытырушысы оны ұлттық құраманың базалық командасы ЦСКА-ға ауыстыруға тырысады. Алайда, командаластарын қимай қалып қояды. Осыған қырсыққан Гомельский оны 1968 жылғы Мехико Олимпиадасына апармай қояды. Есесіне Әлжан ағамыз қолын бір-ақ сілтеп Алматыға тартып кетеді. Бас жаттықтырушы қайткен күнде де Әлжанды Мәскеуге әкетпек ниетпен артынан шақырту хатын ұстатып милиция жіберуге дейін барыпты. Осылайша, 1969 жылы қарашада КСРО қорғаныс министрлігінің бұйрығымен Әлжан Мүсірбекұлы Мәскеудің ЦСКА-сына алынады. Содан табаны күректей 11 жыл осы команданың, Кеңес Одағындағы ең үздік клубтың намысын қорғады.

Оқи отырыңыз... Ауыр атлетиканың алыбы 

БАҚ беттерінде ара-тұра жазылып тұратыны болмаса, расы керек  Әлжан Жармұхамедовтың есімі жалпы қазақ жұртшылығы арасында онша таныс емес. Тіптен кейінгі жылдары ұмытылып бара жатыр деуге де болады. Өйткені, батырымыз ел аумағында емес Мәскеуде тұрып келеді. Әрі жарыстарға Өзбекстанның атынан шығып жүрді  Зейнет жасындағы ағамыз бүгінде жаттықтырушы болып қызмет етеді.

Әлжан Жармұхамедов 1944 жылы 2 қазанда қазіргі Түркістан облысы Бостандық ауданы Табақсай ауылында дүниеге келген. Тағдырдың жазуына не шара, спортшымыз дүниеге келген Бостандық ауданы 1957 жылы «Қазақ КСР-ның біраз әкімшілік жер аумағын Өзбек КСР-ына жалға беру туралы» туралы қаулысы негізінде Өзбекстан республиканың әкімшілік аумағына қосылады. Осылайша, ауданның байырғы тұрғындары секілді Әлжан ағамыз да күллі туыс-туғандарымен бірге жалғыз күнде құжат бойынша «өзбек» болып шыға келген. Алайда, Әлжан Жармұхамедов өзбекке еш қатысы жоқ. Әкесі Мүсірбек – қазақ, анасы Просковья – украин қызы. Тағы бір айта кетерлігі, «Физкультура и спорт» журналының 1972 жылғы 10-санында жарияланған Мюнхен Олипиадасы чемпиондарының тізімінде Әлжан Жармұхамедов ұлты қазақ деп анық жазылған екен. туу туралы куәлігінде де «Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді» деп жазылған. Ресейлік паспортындағы «ұлты» деген жерінде де «қазақ» екені көрсетілген.

Табақсайда орта мектепті аяқтаған соң Шыршық қаласындағы зауыттардың бірінде бірнеше жылдай әртүрлі жұмыстар істейді. 1963 жылы Ташкенттегі дене тәрбиесі институтына құжат тапсырады. Оны 1967 жылы аяқтап Ташкенттің СКА баскетбол командасына қабылданады.

Сол жерде басында айтып өткеніміздей, мәскеулік мамандардың көзіне түсіп, дереу КСРО құрамасына шақырту алады.

Өкініштісі сол,  орыстар артынан милиция жіберіп алдырған азаматымыз өз елінің атынан үлкен жарыстарға қатыса алмады. Елге келуді талай мәрте ойлаған. Алайда сәті түспепті. Алматының атақты «Буревестник» командасында ойнауды армандаған. Нақтысын айтқанда, спорт шенеуніктері сәтін келтіруге тырыспаған. Қанына тартып бір емес, бірнеше рет Қазақстанға келіп отанының атынан жарысқа шығуға талпыныс жасап көріпті. Бірақ, ешнәрсенің парқын түсіне қоймайтын жоғарыдағылар оның бұл талабына көңіл бөлмеген. Біреулер  «өзбек» деп өзекке тепкен. Соған қарамастан, қалуға тырысады. Ақыры амалдары қалмаған соң  1987 жылы сол кездегі спорттың басы-қасында жүрген басшылар Әлжан Мүсірбекұлына баскетбол маманы емес нысана көздеуші қылып жұмыс «тауып» береді. Мұндай қорлыққа шыдамаған Жармұхамедов амалсыз Мәскеуге қайтуға мәжбүр болады. Бұдан кейін тағы бір рет келудің амалын жасапты. Оның реті келмеген. Содан бері Ресейде тұрып жатыр. «Мәскеу маған спорттық атақтың бәрін берді. Бірақ туған Отаным - Қазақ еліне деген махаббатымды жеңе алған жоқ», – депті чемпионымыз бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұқбаттарының бірінде.

Спорттық мансабын аяқтаған соң ол жаттықтырушылыққа ауысады. Есімі одақ қана алыс-жақын шетелдерге мәшһүр болған даңқты баскетболшының жаттықтырушылыққа келуі Ресей спортына үлкен серпіліс әкелді деуге болады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында үзеңгілес досы Сергей Беловпен бірге Ресей ұлттық құрамасын жаттықтырды. Белов пен Жармұхамедов баптаған Ресей баскетболшылары 1994 жылы әлем чемпионатында күміс медальға, 1997 жылы Еуропа біріншілігінде қола жүлдеге ие болды. Кейін де талай бәсекенің шаңын шығарып жүлдемен оралып жүрді.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English