«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақстан лагерьлерінде жазаларын өтеген 750 адамның есімі белгілі болды

1321 0
Қазақстан лагерьлерінде жазаларын  өтеген 750 адамның есімі белгілі болды

ХХ ғасыр адамзат үшін ең бір қайырымсыз ғасырдың бірі болды. Бейбітшілікке талпынған адамзат тарихтағы екі бірдей алпауыт соғысты бастан өткізді, саясатшылардың қолында атом қорқынышты қаруға айналды. Идеология майданында да соғыстар жүріп жатты. Большевиктік тап күресі партия ішіндегі террорға әкеліп, лагерьге тек тап жаулары ғана емес, сонымен қоса бар жан-тәнімен коммунизм идеалдары үшін күрескендер де жер аударылды. Поляктар, корейлер, немістер, Солтүстік Кавказ халықтары туған жерлерінен Қазақстан мен Орта Азия республикаларына қоныс аударды. Репрессияға ұшыраған халықтар қатарында литва халқы да болды. Молотов-Риббентроп құжатына қол қойылғаннан кейін Прибалтика елдері ССРО-ның ықпал ету аймағына кірді. Ұлы Отан соғысы басталар алдында Литва, Латвия, Эстония «өз еркімен» Советтер Одағына қосылды.  Көптеген адал азаматтар әділетсіздікке шыдай алмай, қолдарына қару алып, өз бостандықтары үшін күресті. Тұтқындалғаннан кейін олар антисоветтік іс-әрекетке тартылып, Қазақстан лагерьлерінде жазаларын өтеді. Олардың тағдырлары белгісіз болды. ССРО-да қайта құрудың басталуымен ғана демократиялық өзгерістер республикалардағы ұлттық жаңғырудың өсуіне әкелді. Литвада сталиндік режимнің қылмыстарын зерделеу бойынша түрлі қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер құрылып, зерттеушілер қудалаулар құрбандары туралы деректер жинай бастайды.

МҚК-нің литва бөлімшесі өз жұмысын тоқтатқаннан кейін, арнайы қызметтердің, репрессия құрылымдары мен Литва Коммунистік партиясының архивтерін сақтау мақсатында Литва парламентінің 1992 жылғы 29 қазандағы қаулысымен Литва тұрғындарының геноцидін зерттеудің Мемлекеттік орталығы құрылды. Зерттеу орталығына аса маңызды архивтерді сақтау, өңдеу және зерделеу жүктелді. Жиырма бес жылдың ішінде орталықта көптеген монографиялар мен кітаптар шығарылып, Еуропа мен Америка елдерінде көрсетілген деректі көрме жасалды. Сонымен қатар, орталық репрессия құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін монументалды құрылыстар мен ескерткіштер қоюмен айналысады.  Мұны айтып отырғанымыздың себебі  Литва тұрғындарының геноциді мен қарсыласуын зерттеу орталығының бас директоры Тереза  Бируте Бураускайте  ханым «Qazaqstan Tarihy» порталына  келіп   сұхбат берген еді.  Нацистік және советтік басқыншылық  репрессияларын ғылыми зерттеуді  негізгі  меже қылған маманның әңгімесін оқырман қауымға арнайы жариялап отырмыз.

- Қазақстандағы еңбекпен түзету лагерьлерінде жазасын өтеген литвалық саяси тұтқындар саны туралы ресми деректер бар ма?

- Сонау совет жылдарында, жетпісінші жылдардың өзінде литвалық саяси тұтқындардың барлық қылмыстық істерін Литваға қайтара бастады. Әр істің ішінде тұтқынның айдалу маршруты болды. Тұтқындардан команда құрылмас үшін оларды бір лагерьден екінші лагерьге жиі ауыстырып тұрған. Өйткені саяси тұтқындардың көпшілігі бұрынғы партизандар болған. Олар өз бостандықтары үшін күресуден еш тайынбас еді, бұны Кенгир көтерілісі де көрсетті. Ресми деректер бойынша  Қазақстан лагерьлерінде жазаларын өтеген 750 адамның есімі бізге белгілі. Біздің деректеріміз бойынша 10 мыңнан кем адам болмауы керек. 2011 жылғы қазанда Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайте ресми сапармен Қазақстанға келген, сол кезде «АЛЖИР» лагерінің литвалық тұтқындарының рухына арналып мемориалдық тақта ашылды. Нұрсұлтан Назарбаев Даля Грибаускайтеге архивтік материалдарды, Қазақстан аумағындағы лагерьлерде жазасын өтеген литвалық тұтқындардың қырыққа жуық қылмыстық ісін табыстады. Өз кезегінде Даля Грибаускайте Нұрсұлтан Назарбаевқа қызықты сыйлық тарту етті. 2010 жылы Каунаста үй бұзу кезінде бір құжаттар табылып, оны ешкім оқи алмай қойған еді. Сөйтсе, құжаттар, төлқұжат, әскери билет және хаттар қазақша жазылған екен. Бұл қазақ – Совет армиясының солдаты. 1941 жылы ол Литваға жіберілген, одан әскерден қашқан, ал құжаттарын ұқыптап жинап, қабырғаға тығып қойған. Осылайша, қазақстандық солдат Қабиболла Сәленовтың құжаттарының, күнделігінің, отбасылық суреттерінің көшірмесі туған еліне қайта оралды.

- Он мыңға жуық литвалық жазасын өтеген, тек 750 адамның ғана есімі белгілі. Ол есімдерді қалай іздеуді жоспарлап отырсыздар?

- Ақтаңдақтар барлық жерде бар. Архивтер ашылғаннан кейін ресейлік әлеуметтанушылар кітаптар шығарды, өз жұмысымызда соларды қолданамыз. Олар статистиканы өздерінше істеген. Мысалы, былай деп жазады: «...1954 жылы осынша адам тұтқында болған, оның ішінде ұлттық сипат бойынша түгенше адам болған...» деген секілді. Бірақ бұл адамдардың бәрі  лагерьде болмаған. Оларды бір түрмеден екінші түрмеге ауыстырып отырған. Біздің есептеу бағдарламамыз тек деректер базасымен ғана ерекшеленеді. Біз бір адам үш рет есептелді ме деп де қорқамыз. Өйткені тұтқын Воркута лагерінде, Қарағанды лагерінде болып, кейін Магаданда болуы да бек мүмкін. Қазақстанда 20 мың адам болды деп айтылса – бұл  еш мүмкін емес нәрсе. Бұл иррационалды есеп, біз одан құтылғымыз келеді. Біз  көбіне нацистік басқыншылық кезеңіне көп көңіл бөлеміз. Бізде Литваның Еврейлер қоғамы бар. Қарулы көтерілістер кезінде бейбіт тұрғындардың да оққа ұшқаны белгілі. Тұтастай отбасылар да  қаза тауып жатты. Олардың өліміне кім кінәлі – партизандар ма әлде милицияның жазалаушы отрядтары ма? Бұны тексерумен арнайы зерттеулер бөлімі айналысады. Бұл біздің зерттеулеріміздің басым бағыттарының бірі десек те болады.

- Сіздің орталықтарыңыздың тарихы бай. Қазір қандай жобалармен айналысып жатырсыздар?

- Қазір біз эдукация мәселелеріне көп көңіл бөліп отырмыз. Литвадан тыс Тәжікстан мен Италияда бірнеше жоба жүргізіп жатырмыз. Бұндай жобаларды басқа елдерде де жүргізуіміз мүмкін.  Тек Ресейден басқа. Ресейден біз виза ала алмаймыз. 2018 жылы біз Литва тәуелсіздігінің 100 жылдығын және ұлттық қозғалыстың көшбасшысы «Ванагас - Ястреб» лақап атымен белгілі Адольфас Раманаускастың 100 жылдығын атап өттік. Бала кезінде ол әке-шешесімен АҚШ-та тұрған. Соғыстан кейін ол партизан отрядын басқарып, Литва тәуелсіздігін қалпына келтіру үшін күрескен. 1953 жылы литвалық астыртын ұйым толығымен жойылады. Бірақ, «Ястреб» жасырынып үлгереді. Қанша жасырынғанымен ол 1956 жылы тұтқындалған болатын. 1957 жылы оны ату жазасына кесті. Ұзақ уақыт бойы оның жерленген жері белгісіз болып келген еді. Зерттеушілер Раманаускастың төрт қылмыскермен бірге атылғанын анықтады. Кейін, іздеу аймағы кеңейтіліп, оның сүйегі табылып, антропологтармен сәйкестендірілді.

- ССРО-ның Литваны басып алуына жауап ретінде партизан қозғалысы құрылды. Бұл белгілі Молотов-Риббентроп пактісіне қол қою нәтижесінде мүмкін болды ма?

- Егер қазіргі халықаралық құқық түсініктерімен айтар болсақ, онда бұл шарт – нағыз қылмыс болып саналар еді. Литва, Латвия, Эстонияны әлемдік қауымдастық мойындаған ел. Олар Ұлттар Лигасының мүшесі болатын. Совет Одағымен жасалынған халықаралық шарттар бірыңғай құқықтық аяда ашық ынтымақтастық мүмкіндігін растайтын. Ал, шын мәнінде, әлемдік саясаттың сыртында ірі держава елдер мен өңірлерді бөліске салыпты. 1939 жылғы 23 тамызда қол қойылған алғашқы құпия хаттамаларда Неман өзеніне дейінгі аймаққа бақылау жүргізу Германияға бөлініпті. Ықпал ету аумағын анықтауға соңғы нүкте 1939 жылғы 28 қыркүйектегі хаттамада қойылып, нәтижесінде Литва советтік ықпал аясына өткен. Яғни, құпия хаттамалар шарттың өзінен де күшті құқыққа ие болған. Сталин бұдан құпия жасаған жоқ. Литваның сол кездегі сыртқы істер министрі мәскеуге шақырылып, Молотовтан: «Сіздердің және басқа екі мемлекеттің тарихы бітуге жақын. Сендер енді жоқсыңдар!»,-деген сөзді де естіген. Одан кейін білесіз, 1940 жылғы ультиматум болды.

  - Ұзақ уақыт бойы совет тарихнамасында осы қадаммен Совет Одағы Литваны жаулап алудан құтқарып қалды делініп келді.

- Құтқарған жоқ! Бәрібір жаулап алынды. Мен жиі ұмыт қала беретін фактіні еске сала кетейін. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, Ресей фашистік Германияның жағында болған. 1939 жылғы 17 қыркүйекте Қызыл армия әскері Польшаның батыс бөлігін басып алды. Сол кезде Молотов Польшаны «Версаль шартының өмір сүруге еш құқығы жоқ ұсқынсыз баласы» деген. Вермахт пен Қызыл армия достық сипатта болған, генералдары бірге арақ ішкен. Әрқайсысының өз жоспары болса да, бұл коалиция болған. Бұл туралы қазіргі ресейлік саясатшылар айтқылары келмейді, бірақ, қанша жағымсыз болса да бұл шындық, оны болашақ ұрпақтың есіне салып отыру керек. Бізде де үлкен мәселелер болды. Ұзақ уақыт бойы бізде бұл туралы айту ыңғайсыз болып келді. Литвалықтар өздерін құрбан позициясынан көрсеткенді жақсы көретінін мойындаймын. Бұл үрдіс өтті-кетті, өз қателіктерімізді де мойындай алуымыз керек.

- Сіздер Польша мен Украинадағы әріптестеріңізбен серіктестік қарым-қатынас ұстайсыздар ма?

- Иә, әрине. Қазір менің үстелімде архивтік құжаттармен алмасу туралы жаңа шарттың жобасы жатыр. Бізде бұрынғы МҚК-нің үлкен архиві сақталған, бірақ онда мәскеуден келген директивалық құжаттар емес, көбіне жергілікті бұйрықтар сақталған. Органдардың құпия қызметкерлері, агенттер туралы материалдар өте көп. ССРО-ның барлық республикаларына таралған жалпы, директивалық құжаттар, бұйрықтар Украинада өте көп. Осындай құжаттармен алмасу біздің қызметкерлер үшін өте пайдалы. Біздің зерттеулеріміз ССРО МҚК-нің құжаттар архиві арнайы сайтында жарияланады. Сол жерде агентуралық хабарламалар бар. Қоғам осы уақыт бойы оларды кім қоршап келгенін, не істелініп, қандай мәліметтер жиналғанын білуі тиіс.

- Сіздер ресейлік ғылыми-зерттеу орталықтарымен өзара жұмысты жалғастырып отырсыздар ма?

 – Бұл жұмыс сәл әлсіреп қалды. Тарихшылар қауымдастығына ресейлік ғалымдар да кірген. Олардың ішінде ресейлік тарихшылар Зубкова, Лебедева, «Мемориал» тарихи-мәдени қоғамы төрағасының орынбасары Никита Петров біздің әріптестеріміз. Олар түрлі тарихи аспектілерді терең зерттейді.

- Өкінішке орай, Қазақстанда Литвадағыдай зерттеу орталығы жоқ. Қандай қазақстандық ұйымдармен қарым-қатынас орнатуды жоспарлап отырсыздар?

- Бізге қазақстандық архивтермен қарым-қажет керек. Бұйыртса, АЛЖИР, Карлаг музей-кешендеріне және басқаларына баруды жоспарлап отырмыз. Біздің қызметкерлеріміздің бірі АЛЖИР лагерінен екі литвалық әйелдің аты-жөнін тапты. Олардың бірі қайтыс болғанын, ал, екіншісінің Литваға қайта оралғанын анықтады. 

- Бұл Қазақстанға жасалған ақырғы сапарыңыз емес деп үміттенемін. Сіздердің тарихи жадыны қалпына келтіру бойынша жұмыстарыңыз - Литваның қаза болған азаматтарына көрсеткен құрметтеріңіз деп білемін. Ең бастысы – бұндай қасірет енді ешқашан қайталанбасын дейміз.

- Иә, әрине. Біздің қызметіміздің мақсаты да осы. Сонымен қоса, тарихи жадының сақталып, оның болашақ ұрпаққа берілуі де басты мақсатымыз болып саналады.

-Әңгімеңізге көп-рахмет.                                               

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English