«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

#Қазақ диссиденттері: Әркен Уақ

1935 0
#Қазақ диссиденттері: Әркен Уақ
Коммунистік режимге қарсы, өзінің жеке пікірі қалыптасқан ұлтшыл азамат болатын. Партия қатарында болмаған, «Ленин құрған саяси жүйе!» деп оған кіруден саналы түрде бас тартқан

Желтоқсан оқиғасына қатысушы, Колыма тұтқыны, оқытушы-ғалым,  диссидент Әркен Уақ 1930 жылы қазіргі Павлодар облысындағы Тайтүйген ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң ол 1949 жылы Мәскеудегі Орджоникидзе атындағы геологиялық-барлау институтына оқуға түседі. Ғылыммен айналысып кандидаттық диссертация қорғаған. Бірнеше монографиялық еңбектің авторы. Яғни білім шыңының талай биігін бағындырарлық қабілетке ие, жан-жақты азамат болған. Алайда, саяси көзқарасына байланысты Алматыдағы сәулет-құрылыс институтында кафедра меңгерушісінен басқа көп қызмет істеуге мүмкіндігі болмаған. Анығын айтқанда, мәжбрлі түрде шектеп, мүмкіндік бермеген.

Әркен Уақтың жұбайы Тоқтар Рахметованың айтуынша, ол сол кездің өзінде коммунистік режимге қарсы, өзінің жеке пікірі қалыптасқан ұлтшыл азамат болатын. Партия қатарында болмаған, «Ленин құрған саяси жүйе!» деп оған кіруден саналы түрде бас тартқан. Ұлтшылдың ұлтшылы. Қазақ ұлты мен  тілінің бәсін бәрінен жоғары қойған. Алматы Сәулет-құрылыс институтында ұстаздық ете жүріп советтік жүйені ашық сынаған. Жұлымыр жүйенің озбырлығы мен оның астарында жымысқы пиғыл жатқанын айтумен болған.

Оның айтуынша, қазақ халқы орысқа бодан болғаннан кейін геноцидтен көз ашпаған. Негізгі саясатының астарында қазақтарды өз территориясынан қуып шығып, орыстандыру саясаты жатыр. «Геноцидтің сорақысы коммунистер билікке келген басталған. Мысалы, 1925 жылы Сталиннің бұйрығымен Қазақстанға Орталық Комитеттің бірінші хатшысы болып келген Голощекин халықты түрлі тапқа бөліп, бас көтерер зиялыларынан бастап, құрту жоспарын жүзеге асырды. Яғни Алашорда қазақтарын екі топқа бөліп, алдымен өз-өздерін төбелестіріп, бас көтеретіндерін түгелімен соттап, болмаса атып тастау керек деген саясат ұстанады. Соның ішінде барлық ірі байлардың малын тартып алып, өздерін жер аударып, аластау мақсаты жатқан еді. 1929 жылы олардың атқанын атып, қалғанын соттап, жер аударады.

Одан кейін 30 жылы байлардың малын тәркілейміз деген саясат басталды.  Осылайша 1930-шы жылдары оларды тып-типыл қылып, байларын түгел құртқан. Қысқасын айтқанда, 1931 жылы шекараға жақын қазақтардың қашқаны қашып үлгерген, қалғаны ашаршылыққа ұшыраған. Сөйтіп, 1931 жылы басталған коллективизациядан кейін 1932 жылы халық қырылған. 1931 жылдың басында басталған ашаршылық 1932-33 жылдарда жұтқа айналып, миллиондаған халықты жұтып кетті. Әсіресе орталық Қазақстандағы малдарынан айырылған қазақ ешқайда шыға алмай, қырылып қалған. Жалпы саны 3 млн халық ашаршылықтан қырылған. Оны енді геноцид демей не дейміз?» дегенді жиі айтып отырған.   

Сондай-ақ, ол өз жазбаларында «Геноцид болғанына екінші дәлелі: ЦК КПСС-тің пленумында жасаған Голощекиннің баяндамасында мынадай деректер келтірілген. 1932 жылы Сталинге келіп, «Қазақстанда өте күрделі жағдай – ашаршылықтан халық қырылып бітуге жақын қалды» деп мәлімдегенде Сталин «от этой желтой заразы только так можно избавиться» деп жауап қатқан. Сонымен бұл жоспарлы болған. Көшіп жүрген халықты еш ұстай алмаймыз, оларды қырып тастап, қалғандарын тырп еткізбей ұстап отыру керек деген. Бұл – геноцидке тағы бір дәлел.

Тағы бір деректерді алға тартсам, «Знамя» деген журнал №89 нөміріндегі 176-бетінде 1928 жылдан бері қарай сол жылдары Совет үкіметі қай елге, қанша астық сатқанын келтіреді. Онда 1928 жылы 1 млн пұт астық сатылған, 1929 жылы 13 млн пұт сатқан, 30 жылы 48,3 млн. пұт, 1931 жылы қазақтар қырылып жатқанда 51,8 млн пұт астық шетке сатылған. Онымен қоймай 1932 жылы 18 млн пұт астық сатылған. Сонда автор ең болмағанда бір жылғы сатқан астықтың жартысын берсе, сол ашаршылық кезіндегі халықты аштан сақтап қалуға болатын еді деп атап көрсетеді. Мұның бәрі халықты қыру үшін әдейі қолдан жасалған геноциді жоспары деп ашық айтады.

Әрине, мұндай қауіпті адам жүйеге қайдан сыйсын, Әркеннің артына тыңшы салып ізін аңдау басталады. Іздегенге сұраған демекші, үш әріп тыңшыларына атақты Желтоқсан оқиғасы жақсы сылтау болады. 1987 жылдың жаз айында «Жастарды алаңға шығуға үгіттеді» деген айыппен қамауға алады.

Бір қызығы, оған  тағылған саяси айып бірден қылмыстық сипатқа өзгереді. Үгіттеуші емес Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушы жетекшілердің бірі ретінде сұрауға алынады. Сөйтсе, Алматы сәулет-құрылыс институтының доценті Әркен Уақты қайткен күнде де соттау керек деген тапсырма түскен екен.

Сөйтіп қаралайтын адамдар табылып Әркенге қарсы жала жапқыштар көбейіп кетеді. Алайда олар желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушы жетекші болғанын нақты дәлелдей алмайды. Бәрі сотта «ұлтшыл» деп айғақ бергенімен Әркен Уақтың мықты оқытушы, дарынды ғалым екенін айтумен шектеледі. Валерий Каро-Мадэ, доцент Шәміл Омаров және аға оқытушы Нинель Фокина секілді ары таза ұстаздар ақтап күн демей, түн демей Әркенді қорғаумен болады.

Ақыры жақын бір әріптесі «Әркеннің айтуымен алаңға шықтым» деп  жалған түсініктеме береді. Яғни «ол желтоқсанның 17-не қараған түні жатақханада кезекшілікте болды. Өзімен бірге істейтін мұғалімдер «осы кісі кезекшілікте болғанда студенттерге алаңда болған жағдайларды баяндап берді, таңертең бір кісінің баласындай алаңға барыңдар деп айтты» деп ұстатып қоя береді. Осы бойынша сот Әркен Уаққа «Ұлтшыл және бүлік ұйымдастырушы» айып тағып деген қатаң режимге 8 жылға сотталсын деген шешім шығарады. Онымен қоса бес жылға дейін оқытушылық қызметпен айналысуына тыйым салынады.

Әркеннің ісі бойынша, жетпістен астам ұстаз жұмыстан шығарылады. Олардың арасында Валерий Каро-Мадэ, Шәміл Омаров және аға оқытушы Нинель Фокина секілді оқытушылар да бар еді.

Әркен Уақтың сотталуы ел ішінде үлкен резонанс тудырады. Әділетсіздік көріп жұмыстан шығарылған Валерий Каро-Мадэ мен Нинель Фокина Әркеннің жазықсыз екенін айтып хат жаза бастайды.

Оның үстіне бұл кез елдегі жағдай күрт өзгерген, қайта құру қарқын алған тұс. Желтоқсанға қатысты істер де қайта қарала бастаған. Осыған байланысты жаза мерзімінің үшінші жылында Әркен Уаққа рақымшылық беріледі. Алайда, Әркен Уақ рақымшылық құжаттарына қол қоюдан бас тартып, рақымшылық емес өзін толықтай ақтауды талап етеді.

Қорғаушылардың да, зона басшылығының да үгіттеуіне көнбеді. Араға уақыт салып Әркен Уаққа екінші рет рақымшылық берілді, бірақ ол тағы да қарсылық білдіреді.

Онымен тынбай сол жерде жатып өзі секілді сотталушылардың бостандыққа шығуына атсалысады. Жазасын өтеушілердің көбісі сауатсыздықтан істің қайта қаралуына, жазаның жеңілдетілуіне қол жеткізе алмайтын. Олардың ішінде шын мәнінде жазаны жеңілдететін жайттары барлары, тергеу қатесінің кесірінен сотталғандары жетіп артылатын. Міне соларға Әркен Уақ шағым жазуға жәрдемдесе бастады. Ол әрбір істі мұқият зерттеп, негізді де дәлелді хат жазып оны Жоғарғы сот, Бас прокуратураға жібере бастайды.  Азаматтық ұйымдарға да жөнелтеді. Шағымдар барлық партия мен құқық органдарына қардай борайды.

Осыдан кейін зона басшылығы Әркеннің көзін құртуды ойлайды. Алайда тілеулес адамдар табылып, қастық жасалуы мүмкін екенін ескертеді. Арада біраз күндер өткенде сондай тілеулес жандардың бірі Әркеннің қылмыстық ісін әкеп берді. Сөйтсе Әркен Уақтың ілеспе қағазында «Подлежить уничтожению» деген мөр басылған болып шығады. Тағы екі күннен соң Әркен Уақтың жеке хабаршысы тосын жаңалық жеткізеді. Оның айтуынша, енді екі күннен кейін Әркеннің орнын өзге бір жаза өтеушіге беріп, Әркенді өнеркәсіптік зонаға көшіреді де, сол жерде оның басына бөрене құлап немесе өзі биіктен құлап өлуі тиіс деген жоспар құрылып құрылған болып шығады.

Құдайдан емес, қолдан жасалған құқайдан да аман қалады. Сол күні Әркен Уақ бұл жайында біраздан бері досына айналған абақтыдағы дәрігерге хабарлайды. Дәрігер қолдан қан қысымын көтеріп, шұғыл түрде Әркенді лазаретке жатқызады. Сол түні-ақ Әркен Уақ өзіне қастандық ойластырып жатқаны жайында Алматыдағы досы Валерий Каро-Мадэге хат жазады. Досы  Нинель Фокинамен байланысқа шығып, екеуі бірлесіп ССРО Жоғары Кеңес депутаттарына хат жөнелтеді. Олар Мәскеу мен Қазақстандағы түрлі мекеме-орындарға Михаил Горбачев бастап Андрей Сахаровқа сынды тұлғаларға 49 телеграмма жетеді. Осыдан кейін жағдай сәл тынышталғандай болады.

Алайда ондағылар қарауыл-қадағалаушы арқылы жазалауға тырысады. Бірақ оның да сәт келмеген.

Ол сегіз жылдың төрт жылын Магадандағы Колыма түрмесінде, қалған төрт жылын үй қамағында өткізді. Колымадан оралған соң оның аңдудағы өмірі Алматыда жалғасты. Іс жүзінде үй тұтқынына айналды. Жергілікті ішкі істер бөлімінде есепте тұрды, барып көрініп, белгі соқтырып жүрді. Бірақ ол сотты болғандықтан өзінің бұрынғы ұстаздық қызметіне орала алмады. Кейін оның ісінде қылмыстық іс болмағаны дәлелденіп, ақталады. Әркен Уақ өмірінің соңына дейін диссиденттік көзқарасынан танбады.

Ғалым әрі қоғам қайраткері, қайсар тұлға Әркен Уақ 2003 жылы 73 жасында дүниеден озды.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English