«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қалің қалай, қазақ мультфильмі? 12+

724 0
Қалің қалай, қазақ мультфильмі?
«Ел болам десең бесігіңді түзе» дейді халық даналығы. Ұлттың кескіні мен келбетін, һәм болашағын оның жауһазын жас өспірімдерінен көруге болады.

Бүгінгі бала кімге еліктеп өсіп келеді. Бізге Вандам мен Шварценеггер сынды батыстың білегіне сенген баһадүрлері емес, жанын арының садағасына қиған  әрісі  Күлтегін, берісі Қайраттардың рухын бойына дарытқан кісілігі мол ұрпақ керек. Сосын бұл идеологияны жас өспірімдер санасына үнемі насихаттай беретін балалар әдебиеті мен киносы, һәм мультфильмі қажет. Қазір  біз атап отырған осы үш қасиетті қайнардың жемісін қазақ балалары көріп отыр  ма?  Мүлде көріп отырған жоқ деп кесіп-пішіп айтудан аулақпыз.  Бірақ, бардың аз екендігін айтпасқа тағы да амалымыз жоқ. Бүгінгі балаларды көгілдір экран қалай тәрбиелеп жатыр? Олардың оқитын кітабы, көретін киносы мен мультфильмдері бар ма?  Қал-қадірімізше осы сұрақтар төңірегінде жауап іздестіріп көрелік...

Әдебиет мамандары «XIX ғасырда қазақ балалар әдебиетінің негізін салған Ы. Алтынсарин сабақтастығы Б. Соқпақбаевпен тұйықталды» дейді. Осы пікірмен келіспеске болмайды. Расында, белгілі деген аға буын жазушылырымыздың біразы балалар әдебиетіне ара кідік ат шалдырғаны болмаса, бұл жолға басын біржолата тіккені некен саяқ. Біріншіден, қазақ балалар әдебиетінің рухани ақуалының әлсіз екендігінің бір себебі осында жатса керек. Екіншіден, балалар әдебиетінің жазылмауына ақыл-есі атыс пен шабысқа жадыланған ұрпақ санасын танымдық дүниеге назар аудартатын рухани қордың болмауынан да орын алуы мүмкін.  Сөз жоқ, күллі телдидарды жаулап алған  сан түрлі экшн жанрындағы боевик кинолар тегеуіріні кітап атаулыны  күнен-күнге ығыстырып барады. Кей мамандар бұл ғасырды киноның уақыты деп те айтып отыр.

 XXI ғасырдың трагедиясы, дәлірек айтсақ кесапаты кітаптардың оқылмауында жатса керек.  Рас, қазақ баласы «Алпамыс» пен «Ертарғынды», «Қобыландыны» мен «Ертөстікті» танымаудың азар алдында тұр. Мемлекет бала болашағына бей-жай қарамаймын десе балалар әдебиетін қайтадан қолға алуы тиіс. Қазір балаларға арналған фильмдер де жоқтың қасы. Егерде, атай қалсақ «Менің атым Қожа», «Көксерек», «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Алты жасар Алпамыс», «Жүйрік болсаң озып көр», «Сүйрік» деп барып тоқтап қалуымызға тура келеді. Осы аталған фильмдер жарық көргелі қашан. Дәлірек айтар болсақ 40-50 жылға аяқ басып қалды. Бұл фильмдер алдыңғы аға буынды  қартайтты. Содан бері қарай қазақ кино өнерінде балаларға арналған фильмдердің түсірілмеуін немен түсіндіруге болады. Осының салдарынан  әкесін есейткен киноны олардың балалары мен немерелері де  еріксіз қайталап көруге мәжбүр болып отыр. Тағы бір кенжелеп қалған өнеріміздің бірі мультипликация саласы. Дәл фильмдеріміз сияқты алғашқы қазақ мультфильмі «Қарлығаштың құйырығы неге айыр» осыдан 45 жыл бұрын жарық көрген екен. Мультфильмнің авторы, әрі режиссеры қазақ мультипликациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаровтың бұл еңбегі әлемнің 48 тіліне аударылып сан-тарапқа таралған болатын. 

Бұдан кейін де автордың «Ақсақ құлан», «Қожанасыр құрылысшы», «Қырық өтірік», «Айнакүн» сынды еңбектері ұлттың рухы мен салт-дәстүрін бейнелей білген тамаша мультфильмдер ретінде балалар жүрегінде орын алды. Осыдан бірер жыл бұрын жарыққа шыққан «Теке мен Қошқар», «Тастүлек», «Күлтегін» мультфильмдерін де балдырғандар жақсы пейілмен қабылдады. Басқасын айтпағанда  осы «Қошқар мен теке» мультфильмін ары қарай да түсіріп жалғастырғанда жөн болар ма еді тегі.

«Қазіргі қаладағы  қазақ балалары неге орысша сөйлейді» деген сұрақты жиі құлағымыз шалады.  Ең әуелі орыстың  «Маша мен аю» секілді  ұзақ сериялды  мультфильмі болмай көрер күніміз осы. Қазақша көретін мультфильм қоры болмаса, бала орысша көрмегенде қайтеді енді. Аударма саласы да ақсап тұр.  Бірде Елордамыздағы болатын жыл сайынғы кітап көрмесін аралап жүріп орыс балаларына арналған кітап қорының көптігіне қарап қайран қалдым. Төрт достың ертегісі деп аталатын құмырсқа мен бақа, түлкі мен қоянның  ең әуелі велосипет құрастырудан басталатын ертегі сюжеті  самолет құраумен аяқталатын 17 кітапты көріп қатты таңырқадым. Егер біз осыны қазақ тіліне тәржімалағанда  баланы техникалық ойлау жүйесіне бейімдеп, ондағы әр заттың  бөлшектерін ана тілімізде сөйлеткенде ғана қазақ тілі олармен бәсекелесе алады ғой.  Әр заманның өз ертегісі болу керек қой.  Аграрлы өмірдің аты мен алты басты айдаһарымен біз қайда барамыз.

 Рас, Қазіргі көрсетіліп жүрген  мультфильмдердің дені аударма мультфильмдер екендігі  сіз бен бізге бес саусағымыздай мәлім. Бірақ ешқандай сүзгі жоқ кілең басбұзар фильмдердің көгілдір экран төріне жайғасып алғаны қашан. Қабылдауға ауыр, баланың мінез құлқын, керек десеңіз өмірін түбегейлі өзгертіп жіберетін мұндай мультфильмдер біздің комерциялық телеарнамыздың көбін құрайды. Мұның бәрі бала біткенді ар  атаулыдан бездіріп, қанпезер, тасжүрек, темір (робот) етудің алғашқы бастамалары деуімізге саяды. Бұл тенденция күн өткен сайын еселеніп қарқынын үсті-үстіне үдетіп барады. Кез-келген компьютер орталықтарында ойналатын атыс-шабыс ойындарына анология болатын ептілік пен тектілікке, ізгілік пен сабырлыққа тәрбиелейтін ұлттық ойындарымызды көзімізден бұл-бұл ұшырды.

Таңнан –кешке дейін компьютер орталықтарының табанын тоздырып, сапырлысқан жасөспірімдердің көптігі біз келтіріп отырған деректердің айғағы. Мұндай келеңсіздіктер қақында тұңғыш қазақ мултипликация өнерінің ірге тасын қалаушы Әмен Қайдаровтың ізбасар шәкірті Қайырғали Қасымов «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында: «Қазақ мультфильмдерінің басты идеясы балаларды отансүйгіштікке, адамгершілікке, мейірімділікке баулу. Олардың танымдық қасиеттерін арттырады. Анимациялық фильм арқылы да өзекті мәселелерді көтеруге болады. Мәселен, «Құйыршық» балаларға тіл үйретеді. Қазір төртінші сериясын түсіру үстіндеміз. Үкімет қаражат бөлсе, он, тіпті одан да көп серия етіп түсіреміз. Қаражат мәселесі шешіліп жатса, балаларды ержүректікке тәрбиелейтін «Қобыланды», «Алпамыс» батыр туралы мультфильмдерді неге түсірмеске. Ренішім: мәдениет басшылары мультипликацияға дұрыс көңіл бөлмейді. Бұл балаларымыздың тағдырына салғырт қарау емес пе. Қазір телеарналар жапонның, американың балаларымызды қатыгездікке, мейірімсіздікке, баулитын мультфильмдерін көрсетіп жатыр. Бұл ел болашағы мен туған тілдеріне жаны ашымайтындардың жасап жатқаны. Жанымның ауыратыны біздің ұрпақтарымыз мәңгүрттеніп бара жатыр»- дейді. Расында жаһандану процесіне  айына немесе аптасына бір рет ғана шығатын балаларға арналған телебағдарламалар мен газет-журналдарымыз тосқауыл бола ала ма? Өз ұлтының қасиетті үш қайнары әдебиет, кино, мультфильммен мәйектенбеген бала тамырсыз қаңбақ тәрізді. Жел қай жақтан тұрса соған ілесіп кете береді. Рас, бала іштен бүлініп тумайды ғой...

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English