«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Шыңғыс ханның Орталық Азияға жасаған жорықтары ІІ - бөлім

1815 0
Шыңғыс ханның Орталық Азияға жасаған жорықтары ІІ - бөлім
Хорезмшах мемлекеті мен Моңғол империясы арасындағы қарым-қатынас шиеленісе түсті

Өзінің кезекті елшілері өлтірілгеннен кейін Шыңғысхан көрші елге соғыс ашуды шешті, ал бұл кезде Хорезмшах ел шекарасының қорғанысын күшейте бастайды. Бұл қақтығыстың немен біткені белгілі, бірақ Qazaqstan Tarihy порталы қақтығыстың басты қатысушыларының жолын сараптап, Мұхаммед Ала ад-Диннің әскері жеңілгеннен кейінгі оқиғалар туралы айтпақ

Жорыққа дайындық

«Моңғолдардың құпия шежіресіндегі» деректерге сәйкес, 1206 жылға қарай моңғол әскерінің саны 95 мыңға жеткен. Солтүстік Қытаймен ұзаққа созылған соғыс Шыңғысхан әскерінің өсуіне мүмкіндік бермеді, алайда, «орман тайпалары» (буряттар мен бұрғыттар) мен ойраттарды қосып алуға мүмкіндік берді. Қытайда қалдырылған Мұқалай өз жорықтарына бағынышты тайпалардан басқа 23 моңғол әскерін қатыстырды. Осы кезде Моңғол империясының солтүстік бөлігінде Хорчи ноянның 30 қыз-келіншекті Шыңғысханға сыйлау шешіміне қарсы болған хори-тумат және құрықан тайпаларының көтерілісі бұрқ етті. Хори-тумат тайпасының басшысы Ботохай-Тарғын бастаған бүлікшілерді басу үшін Шыңғысхан 20 мың әскер бөледі. Қалған әскерОрта Азияға жорық үшін жеткіліксіз еді, сол себепті Шыңғысхан ұйғыр, қарлұқ және басқа да жергілікті тайпаларды өзіне шақырды. Айта кетерлігі, Шыңғысхан жорыққа тарғұттарды да шақырған, бірақ тарғұт бурханының елшісі: «Егер жорыққа әскерің жетпесе, онда қаған болмай-ақ қой»,-деп, өрескел жауап береді. Шыңғысхан бұны жадына түйіп алады. Жиналған әскерді Шыңғысхан шөл дала арқылы Хорезмшахтар державасының шекарасына жеткізуі керек болды. Шыңғысхан әскері Керулен өзенінің жағасына қозғалып, Ертіске дейін жетеді, одан әрі қазақ даласы арқылы Хорезмшахтар державасының шекарасына қарай ілгерілей түседі. Бұған түгелдей 1219 жыл кетті. Моңғолдардың негізгі күші келе жатқанша, Мұхаммед Ала ад-Динді моңғолдардың жоспарынан жаңылдыру үшін Шыңғысхан Хорезмшахтардың шекарасына қарай әртүрлі бағыттан бірнеше отряд жібереді.

Оқи отырыңыз: Шыңғыс ханның Орталық Азияға жасаған жорықтары 1 - бөлім


 

Алғашқы қақтығыс

Моңғол әскерімен болғалы тұрған шайқас Хорезмшах үшін бірінші шайқас емес еді. Ол 1216 жылы қазіргі Қазақстан территориясына қашқан меркіттердің тайпасын ізінен қалмай қуып келе жатқан Сүбідейдің әскерімен қырда кездескен еді. 1216 жылға қарай меркіттер этноәлеуметтік топ ретінде ыдырап, көпшілігі моңғол әскерінің құрамына кірді немесе қыпшақ тайпаларымен араласып кетті. 1216 жылы Тоқта бектің ұлдары бастаған меркіттердің тобын моңғолдар ойсырата жеңеді. Меркіттер жеңілгеннен кейін Жошы мен Сүбедей өздеріне жақындап қалған Хорезмшах мұхаммед Ала ад-Диннің әскерін көреді. Хорезмшахты моңғол әскеріне тиісуге не итермелегені белгісіз, бірақ, хорезм билеушісі меркіттерге өзі соғыс ашқпақшы болып, олардың тұрағына жақындағанда моңғол әскерін көрді деген болжам бар. Ол өзіне тиесілі олжаны моңғолдар иемденіп алды деп, әскерін моңғолдарға қарай бұрады. Өздеріне әжептәуір көп Хорезмшахтың әскеріне моңғол қарсы моңғол әскері түн батқанға дейін ашына шайқасып, екі жақ та бір-біріне беріспеді. Түнде, моңғолдар алдын ала көптеп от жағып, шайқас алаңынан жайлап кетіп қалады. Таңертең тұрып, моңғолдардың қашып кеткенін көрген Мұхаммед Ала ад-Дин өзін жеңімпазбын деп жариялайды.

Басып кіру

Зерттеушілер моңғолдар Хорезмшах мемлекетінің шекарасына тек 1219 жылдың күзіне қарай ғана келді дейді. Алдымен Жебенің әскері Тянь-Шаньнан өтіп, Ферғана даласына енеді, бұл жерде оларды Хорезмшахтың әскері қарсы алады. Шайқас күні бойы созылады,  Мұхаммед Ала ад-Диннің өздерінен әлдеқайда көп әскерін көрген моңғолдар түнде кетіп қалады. Бұл шайқас Жебеге Хорезмшахтың басым күшін осы өңірге тартуына мүмкіндік береді. 1219 жылдың қазанында Шағатай мен Үгедейдің әскері Отырарға жақындайды. Олар 50 мың әскерімен Иналшық Қайыр хан қорғап тұрған қаланы қоршап алады. Қытай ойшылы, «Соғыс өнері» трактатының авторы Сунь-цзы былай деп жазады: «Соғыс – мемлекет үшін ұлы іс, бұл өмір мен өлімнің негізі, бұл тіршілік пен қазаның жолы».  Соғысқа әрқашан да аса салмақтылықпен қараған, сондықтан да әскерін Сырдарияның бойындағы бекіністеріне орналастырып Мұхаммед Ала ад-Дин дұрыс жасамады деу дұрыс болмас. Оның үстіне Хорезмшах тәжірибелі қолбасшы болған және көшпенділерге қарсы кез-келген отырықшы мемлекеттің билеушісі қалай әрекет етер болса, ол да дәл сондай әрекеттер жасаған. Қытай мен Рим императорлары, орыс патшалары осылай қимылдаған, хорезмдіктер де дәл осылай әрекет етті. Ол не істеді? Ол гарнизонын Сырдария бойындағы мықты  шекаралық бекіністерге орналастырды, ал негізгі күшін, шамамен 110 мың әскерін, Хорезмшах мемлекетінің тылдық базасы мен стратегиялық резерві болған Самарқандқа орналастырды. 20 мыңға жуық әскерін Бұқарада қалдырды. Хорезмшахтың жоспары бойынша мықты гарнизон орналасқан бекіністерді моңғолдар жылдам ала алмайды, ал бекініс шебінен өтіп кеткен моңғолдардың бірен-саран отрядтарын Самарқандағы негізгі күш күтіп алады. Бекініс шебінен өтіп кеткен моңғолдардың отрядтарын жойғаннан соң негізгі күштер шекарадағы әскерге көмекке келуі керек болған. Хорезмшах Мұхаммед Ала ад-Диннің жоспары осындай болған. Бұл жоспар көшпенділерге қарсы соғыстар кезіндежиі қолданылатын жоспар еді.

Отырар

1219 жылдың қазанында Шыңғысхан Отырарға соққы берді. Шағатай мен Үгедейдің әскері қаланы қоршап алып, суға апарар жолдарды жабады. Көп ұзамай қалада азық-түлік қоры таусылады. Оның үстіне моңғол әскерінің қатарында қодарында түрлі лақтыратын және қоршауға алатын қарулары бар қытай зеңбірекшілері болғанын да айта кету керек. Бұған қарамастан Иналшық Қайыр хан бекіністі жан аямай қорғап, соңына дейін қарсыласып бақты. Бес айға созылған шайқастан соң, бекініс құлайды, Қайыр хан қолға түседі. Тұтқынға түскен Қайыр ханды Шыңғыс ханның алдына алып келеді, қаза болған моңғол елшілерінің кегін қайтару үшін Қайыр ханның құлағы мен аузына күміс балқытып құюға бұйрық береді. Қаланы жермен жексен етіп, күйдіріп жібереді, содан қайтып қала бұрынғы қалпына келген жоқ. Отырар қорғанысы жүріп жатқан шақта Шыңғыс хан қандай да бір белсенді қимылдар жасаған жоқ. Ол Самарқанда отырып, жағдайдың немен бітерін күтіп отырған Мұхаммед Ала ад-Дин тарапынан жасалар қимылдарды күтті. Алайда, Отырарды қоршаған соңғы айларда ол керемет маневр жасады: ол негізгі әскерімен Сырдарияның төменгі ағысымен жүріп отырып, Қызылқұм шөлінен өтіп, қарсыласы үшін күтпеген жерден Жорезмшахтың тылы, Бұқарадан бір-ақ шығады. Дәл осы маневрді ол чжурчжэндермен болған соғысы кезінде де қолданған еді.

Отырар қорғанысы

Бұқара

Бұқараның аяқ астынан соққыға алынуы қала гарнизонының қолбасшысы үшін күтпеген жағдай болды. Қаланы жан-жағынан қоршап алып, Шыңғыс хан үш күн бойы қаланы шабуылдаумен болды. Үшінші күні гарнизон қолбасшысы өзімен бірге бекініс қорғаушыларын алып, моңғол заставалары арқылы сытылып шығып, қашады. Алайда, олар алысқа кете алмайды. Моңғол әскері оларды қуып жетіп, қырып салады. Бұқара мүлдем қорғаныссыз қалады, бірақ қалған 400 қорғаушы қарсыласуларын жалғастыра береді, сөйтіп 12 күн бойы беріспейді. Қорғаныссыз қалған имамдар мен көпестер қаладан шығып, жауға беріледі. Шыңғысхан өзінің қазынасының басты бөлігін бұқарлық көпестер алып алғанын білетін, сол себепті ол Хорезм шах державасына үрейдің үлгісін көрсету үшін көпестерді дүремен жазалауды бұйырады. Шыңғыс хан ат үстінде мешітке кіріп, имамның уағызын тыңдап болып, былай дейді: «Түсінбеймін, Құдай барлық жерде болса, неге сендер бір жерде ғана құлшылық ету керексіңдер? Мен сендерді жазалау үшін жіберілген құдайдың кәрімін». Осыдан соң ол санақ жүргізіледі деген сылтаумен барлық еркек кіндіктіні дүние-мүліксіз қаланың сыртына жинауды бұйырады. Қала жұрты жиналған соң, топтағы барлық бай көпестер анықталып, шыңғыс хан керуенінен тартып алынған барлық мүлік тәркіленеді. Қарыз қайтарылған соң, қырып-жою басталады: бай, мәшһүр еркектер өлтіріледі, қолына қару ұстай алатын қалғандары «хашарларға» жөнелтіледі. Ақыр соңында қала Отырардың тағдырын қайталайды, түгі қалмай тоналып, ақырында күйдіріледі. Алайда, Отырарға қарағанда, Бұқара XIV ғасырда қалпына келтіріледі.

Самарқанд

Шыңғыс хан әскері айдап әкеле жатқан тұтқындар легі Самарқан жаққа Хорезм шах Мұхаммед Ала ад-Дин күткендей шығыстан емес, батыс жағынан келді. Шайқас моңғол әскерінің басымдығымен жүрді, ал Шыңғыс ханға бағынышты тайпалардың одақтас әскерлері Сырдария бойындағы шекарадағы бекіністерді шабуылдап, қоршаумен болды. Ақырында бекіністер алынғаннан кейін бұлар самарқанға келеді. Хорезм шах Мұхаммед Ала ад-Дин 30 мың жауынгерден тұратын таңдаулы отрядымен Самарқаннан шығып, Қорасанға кетпекші болып, Әмударияға қарай қашады. Қорғаныссыз қалған Самарқан жауға беріледі. Самарқан гарнизонының командирі Тоғай би Шыңғыс ханға қызметке сұранып, өзіне өмір сұрап алады. Мойынсұнған қыпшақ жауынгерлеріне алдымен кешірім беруге уәде беріп, оларға моңғол киімін кигізеді де, түнде бәрін қоршап алып, қырып салады. Самарқанды да Отырар мен Бұқараның тағдыры күтіп тұрды: күйдіру, тонау, жоқ қылу. Самарқанның жүз мыңнан астам тұрғынының тек төрттен бірі ғана тірі қалды. Қала тек XIV ғасырда ғана, әмір Темір өз астанасы қылғаннан кейін ғана қалпына келтірілді.

Темір Мәліктің тактикасы

Астанасының құлауы бүкіл Хорезм үшін катастрофа болды. Әлі де беріспей күресіп жатқан Сырдария бойындағы шекаралық бекіністер ақырын-ақырын беріле бастады. Хорезм шах мемлекетінің ер жүрек генералдарының бірі Темір Мәлік моңғол әскеріне аянбай қарсыласты. Ходженттің қорғанысы құлағаннан кейін 1220 жылы жанында мың жауынгері бар ол Сырдариядағы бір шағын аралға барып бекінеді. Моңғолдар біршама уақыт тұтқындардың көмегімен аралға өткел жасауға тырысып көреді, алайда Темір Мәліктің әскері әр кез  шабуыл жасап, төсемелердің тас-талқанын шығарып кетіп отырады. Тарихшы Ала ад-дин Ата Малик ибн Мухаммед Джувейни жазғандай, Темір Мәліктің бұйрығы бойынша оның әскері 12 сал жасайды, оларды күйдіру немесе жебемен тесіп өту мүмкін болмас үшін салдар сірке су қосылған су балшықпен сыланған, өңделмеген киізбен қорғалады. Темір Мәлік моңғолдармен шайқас кезінде әскерінен айырылып, Көне Үргенішке шегінеді. Кейін шайқастардың бірінде Шыңғыс ханның ұлы Жошыны жеңіп, Жаңа кент қаласын босатады.  Хорезмшах мемлекеті құлады.

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English