«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ел билеген Билеушін

2082 0
Ел билеген Билеушін
ХІХ ғасырдың екінші жартысы Қазақ даласын басқарудағы Ресей билігінің шығарған қаулы-қарары мен ережелерінің іске асырылуымен сипатталады

Қазақтар «Жаңа Мизам» деп атаған Ресей патшасының жаңа ережесі «Батыс Сібір қазақтарын басқарудың уақытша Ережесі» деген атпен өмірге келді. Бұған дейін облыстар мен уездерді басқару жүйесіндегі сұлтан және аға сұлтан лауазымдары жойылып, орнына болыстар таңғайындала бастады. 1868 жылдан бастап халық арасында ежелден-ақ атағы бар, айбыны мен абыройы күшті тұлғалар болыстық қызметке келді. Сондай тағдырлы тұлғаның бірі, Ресейдің ішкі өлкесінен білім алып, қазақ халқын билеуде ерекше көзге түсіп дараланған болыс – Билеушін Босқынбайұлы.

Совет үкіметі орнағанға дейін Тарбағатай жерінде мынадай болыстықтар қызмет атқарған:  

1.Терісайрық болысына негізінен Жұмықтың Болат, Сайболат, Қараша руларының және  Тоғас елінің ата қонысы жатады.

2. Шілікті болысына Қожан елі мен Бұрымбет рулары кіреді.

3. Маңырақ  болысына Сатының өскен елі Есенкелді, Дәулетбай және Қайқы, Төлебай елі жатады.

4. Шорға болысына негізінен Тәуке руының ата жұрты, Көнші елінің Тарбағатайды мекендеген адамдары кірген.

Осыдан соң Хабарасу болысы құрылып, алғашқы басшысы болып Билеушін Босқынбаев сайланады.

Ел билеген болыс Билеушін Босқынбайұлы жайлы деректер тым тапшы. Әр жерде тек есімі ғана айтылып жазылғанымен, толыққанды зерттеу жұмысы жүргізілмеген. Оның өмірбаяны, кімдермен араласып-құраласқаны, өскен ортасы мен билеген өлкесі, елді басқару өнеріндегі өнегесі туралы тұщымды еңбектер жоқтың қасы. Тек белгілі өлкетанушы, тарихы Зейнолла Қайсеновтің «Шығыс Қазақстан облысының тарихи очерктері» атты зерттеу жұмысында біршама жақсы, тың деректер кездеседі.

Сондай-ақ әзірге табылған жалғыз фотосуреті 1873 жылғы «Всемирная иллюстрация» журналына басылып шыққанынан хабарымыз бар. Бұл мақаламызда Билеушін болыс жайлы жоғарыда есімі аталған З. Қайсенов ағамыздың еңбектеріне сүйене отырып, басқа да деректерді пайдаланып, зерттеу жүргізіп көрмекпіз.

Болыстың балалық шағы

Ел ағасы, болыс Билеушін Босқынбайұлы 1860 жылы Найман елі байжігіт руының тоғас атасы мекендеген қазіргі Ойшілік, Құмкөл, Жартас, Жаман және Жақсы Арғанаты, Хабарасу өңірінде өмірге келген. Ата тегі Тоғастың Қайып деп аталатын тармағынан шыққан, бұл әулеттен елге белгілі болып би Босқынбай, оның туған бауыры Бақырбай деген ағайынды кісілер өсіп өнген. Билеушін Босқынбай баласы деп жазылып кеткенімен, ол туасында Бақырбайдың баласы еді, ата жолы ма, әлде басқа себебі бар ма, ел ауызында және тарихи құжаттарда ол «Бақырбайұлы» деп жазылмайды.

Билеушінің жастық шағы қазақ ордасының патшалық Ресейдің отарлық езгісіне түсіп, әбден көнуіне тура келген кезеңіне тұспа-тұс келеді. Оқуда алғыр, сана-сезімі зерек бала алдымен Көкпектідегі қазақ-орыс мектебіне қабылданып, оны оқып тауысады. Ал ат жалын тартып мініп, азамат болып қалыптасып, ержете бастаған кезеңде патша өкіметінің жергілікті қазақ балаларын орысша оқытуға рұқсат етіп, мәселе күн тәртібіне қойылып, тізімі жасалады. Сол тізімге жас өрім бозбала Билеушін ілініпті.

Зерттеуші З. Қайсеновтің дерегіне сүйенсек, Билеушін біраз жылда Петербор қаласынан заң факультетін тәмамдап, туып-өскен еліне оралады. Ең алғашында Зайсан уезіне қараған 17 болыстың тілмәші ретінде іске кірісіп, жақсы ісімен көптің көзіне түсіп, ықыласына айналады. Бұдан көп ұзамай жоғарылап, осы болыстардың істерін қарайтын заңгер ретінде қызмет жасап, бүкіл Семей губерниясына танымал адамдардың бірі болып шығады.

Билеушіннің бала кездегі, оқушы кезеңіндегі өмірімен сыр шертетін жалғыз дерек – қолымызда сақталған жалқы фотосуреті. 1872 жылдың аяғында Зайсан уезінің игі жақсылары мен би-бектері патшалық ордасына арнайы шақыртылып, қонақ болады. Анау-мынау аттың өзі көтере алмайтын ел жуандарының арасында Көкпекті қазақ-орыс мектебінің оқушысы бала Билеушінде бар еді.

Құрамында он тоғыз адам бар бұл топ петерборда Лоренц деген фотографтың кадрына түскенін, кейін бұл жайлы қысқаша ақпарат пен фотосурет «Всемирная иллюстрация» журналына басылып шыққанын да «Ақ патшаның алдында» атты мақаламызда жазған болатынбыз. Фотосуретте жас баланың балғын жүзі, жас болса да болашағына зор үміт күттіргендей өр мінезі – бәрі де аңғарылып тұр.

Қарамоладағы қол 

Қазақ тарихында Қарамола съезінің орны айрықша. Ұлы Абай қатысып, қатысып қана қоймай, төбе би ретінде ел дауларын шешіп, арнайы ереже жазып шығатын тарихи оқиға орны ғой бұл Қарамола.

М. Әуезов түзген Абай өмірбаянының бірінде бұл айтулы оқиға жайында былай дейді: «1885 жылы Қарамола деген жәрмеңкеде бірнеше дуан елдің, ол күндегі әдет бойынша, бас қосатын шербешнай сиезі болады. Бұл уақытта Тобықты ішінде Абайға жау болып шыққан кісілер, өздерін іштей ниетте, тілектес болатын кісілерді басқа елдерден де тауып алған болады. ...Шербешнайға жиылған топтың ішінде осы сияқты Абайға қастық ниет ойлайтын кісілердің барлығы Қарамолаға келетін жандаралдан Абайды жазалайтын қаттылықты күтеді. Абай айдалар деп те үміт қылатындар болады».

Бес дуанның (Зайсан, Өскемен, Кереку, Қарқаралы және Семей) болыс, билері мен қазақтар «жандарал» деген генерал-губернатор Цеклинский бастаған патша шенеуніктері бас қосқан төтенше съезге Тарбағатай өңірінен заңгер ретінде Билеуші Босқынбаев та қатысады.

Бұйығы жатқан қыр төсінің дүбірлі оқиғасы болған Қарамола съезіне Абайдан бастап жер-жердің ұлықтары қатысқанына қарағанда Билеушін болыстың ел арасындағы беделі арта түскенін байқауға болады. Жиырма бес жас нағыз қуатты кезеңнің басталуы, ел ағасының саналы ғұмырының алғашқы кезеңдерінде-ақ оның ел билігі мен ісіне араласып, жөн айтып, жораға жүруі заманының ойы озық азаматы бола алғанын дәлелдесе керек.

Қыр қазағы «төбе би», «әділ би» деп төбесіне көтерген Абай данышпан жаңа ережені шабыты шалқып айналасы 3-4 күнде жазып шығады. Би-болыстарға арналған, 73 баптан тұратын сол заңды жиылғанның барлығы бас шайқап, таңдай қағып, мақұлдап, қол қояды. Бұл төтенше съезге қатысқан Билеушіннің қолы да тайға таңба басқандай болып түскені анық.

Жаңа болыстық

«Кейін келе уақыттың өтіп саясаттың өзгеруіне байланысты болыстар таратылып, ірілендіру жұмыстары жүргізіле бастайды. Сол тұста бұрынғы Тоғас болысы таратылып, басқа үш болыс құрамына беріледі деп жазады З. Қайсенов. Осы тұста Билеушін Зайсан қаласында 17 болыстың тілмашы және заңгері қызметіне орналасып, жауапты жұмысты атқарады.

Бірде ол жұмыстармен ел аралап жүріп, өз ауылындағы әліпті таяқ деп үйреткен қадірлі ұстаз, ауқатты ауыл ақсақалы Бекбосынның үйіне тоқтап, екеуі ел, халық, келешек жайлы көп әңгімелеседі. Ақсақал таратылған Тоғас болысыгның әкімшілік жүйесі ел адамдарына қиындық туғызып жатқанын,  болымсыз мәселелерді шешу үшін 180 шақырым қашықтықта орналасқан уез орталығы Зайсанға барып қайтудың қиындығын тілге тиек етіп, күйзеле отырып баяндайды. «Егер сен бұрынғы Тоғас болысын қайта ашып, өзің кіндік қаның тамған жеріңе болыс болып келсең, қолдағы малымды аямаймын, жоғары ұлықтармен келісіп, ретін тапсаң, жерінің  түгі шыққан қонысым Ақжалды саған берейін», – деген ел ақсақалы Бекбосынның сөзі Билеушінді ойландырып тастайды.

Осылайша туған өлкесін, халқының қиын тағдыры ойландырған Билеушін әр түрлі жолдармен уездегі басшылықтың алдына мәселе қоя отырып, қызмет жайымен жоғарыда отырған ұлықтармен келісім жүргізіп, Тоғас болысын ашып, өзін болыс болып келуге көнеді. Халық атынан Семейдегі ұлықтарға арыз жолдап, бұрынғы Хабарасу болысын қайта құруға рұқсат алады. Зайсан уезіндегі  қызмет орнын тастап, Билеушін Хабарасу болысын басқарады. Зайсан уезіне қарайтын 17 болыстардың бірі болып құрылған жаңа болыстық жайлы жоғарыда аз-кем айтып өткеніміздің мәні осында жатыр.

Ғұмыр соңы

Билеушін әбден қартайып, тұғырдан тайғанша Тоғас елінің болысы болып билеп, ел-жұртының жадында әділ билік жүргізген адам ретінде тарихта есімі сақталған. Өзі басшылық жасаған Тоғас болысының ауыл балалары үшін алғашқы мектеп (медреселер) ашуға зор еңбек жасаған екен.

Қартайып жүріс-тұрысы ауырлай бастағанда, сол жердің тумасы 18 жасқа ілінбеген Нұғыманды жанына үш жыл ертіп жүріп, ел билеу ісіне үйретіп, уез басшыларымен ақылдасып, талапты жас жігітті орнына тағайындапты. Ғұмырының аяқ жағында «болыстыққа кім ие болады?» дегенде Нұғыманды атаған. 1880 жылы туған Нұғыман 21 жасында болыс болып сайланса, екі –үш жыл өтпей Билеушін қайтыс болады. Бұл шамамен 1902-1903 жылдар болса керек.

Билеушіннің өз кіндігінен ұл қалмаған, қыздарынан жиендер өрбіген. Ал інісі Сыдықтың Оспанбек, Ниязбек деген ұлдары болыпты. Оспанбегі – мұқым тарбағаитай өңіріне «Шиқара» деген атпен белгілі балуан. Жауырыны жерге тимеген балуан 1937 жылдары совет үкіметінің «байдың тұқымы», «елді ыдыратушы» деген қолдан жасалған құқайын бір кісідей көрген, азабын тартқан адам.

Шығыс өлкеде совет үкіметі орнап, күшіне мінген қаһарлы 1930-1937 жылдарда Билеушіннің артында қалған барлық туыстары қуғынға ұшырап, туған жерінен басқа облыстарға жер аударылады. Кейінде берілген жазаларын өтеп, туған жеріне келгеннің өзінде Оспанбек пен Ниязбектің отбасын «сенімсіз бай тұқымдары шекараға жақын отыруға болмайды» деген нұсқаумен Тарбағатай жерінен көшіріп жіберіп отырған.

Ақын жырларындағы сипат

Билеушін болыстың көркем сипаты, мінез-құлқы мен әдеттері жайлы аз-кем деректер Кәрібай ақын Таңатарұлының жырларында ара-кідік кездесіп қалады.

Шығыс өлкеде бір уақытта өмір сүрген он екі бидің ақсақалы мұрын Бөкенші қария Шерубайдың Омары, Билеушін, Семіз Найман Бексұлтан би, Қоңыр төре, Мамырбек төре қатарлы білікті адамдардың ішін де Бексұлтан би Кəрібайға бата беріп, «Қабанбай батыр» жырын əрі қарай айтуын қолқалапты.

Сонда Кәрібай ақын:

«Мəмбеттен туған екен Қожақұл ер,

Ерлікпен болған екен халқына бел.

Өскелең өнерімен көзге түсіп,

Тең біткен бір басына қайрат-жігер.

Туыпты ер Қабанбай Қожақұлдан,

Шын аты Қабекеңнің Ерасыл еді.

Үлкендер аңыз қылып кеңескенде,

Сипатын Қабекеңнің мынадай еді», – деп төге жөнеледі екен.

Ел аузында сақталған тағы бір әңгіме желісі 1896 жылдарда өткен оқиғаға апарып тірейді. Көктұма сиезінен қайтып келе жатқан Бөкенші би, Шерубайдың Омары, Құрманқажының Қыдырмоласы, Әбділдабек болыс қатарлы би-болыстар Тарбағатайдың Ойжайлау жайлауында отырған тоғас Ағажан бидің ауылына түседі.

Ағажан сол көлемдегі алдына ешкім шықпаған білікті болып, қол астындағыларды қораш санап, тырнағын батырып, езіп ұстаған. Билеуші, Қыдырмолла, Әбділдабектер өзінің бақталасы Ағажанға Кәрібайдың өлеңді тигізе айту емеурінін білдіргендігіне Кәрібай оларды арқа тұтып, өлеңді еркін айтқан деседі. Өлеңінде жарлыға жаны ашып, зорагерлікті тілге тиек еткен.

Сөзімді жиылған көп тыңдап отыр,

Аз емес, халық молаң шулап отыр.

Сөз төркіні жақпайды Ағажанға,

Үш мырза айта түс деп ымдап отыр.

Үшеуі кезекпенен айта түс деп,

Жарайды, жарайды деп дулап отыр.

Мұндағы үш мырзаның біреуі біздің кейіпкеріміз Билеушін екені айтпасақ та түсінікті.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English