«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Дүниені дүбірлеткен Деңлеңдер

3899 0
Дүниені дүбірлеткен Деңлеңдер
Деңлеңдер – қазақ халқының негізгі ата-бабаларының бірі. Олар кейінгі тарихта қаңғар, теле (телек), оғыз атанды

Арғы замандағы территориясы Байқал көлінің айналасында болса кейін келе Саян, Алтай таулары аумағына, онан келе Каспий маңына дейін қоныстанды. Олар бастабында ғұндарға бағынышты тайпалар болатын, кейін ғұндар әлсіреп құлдыраған кезде ғұндармен соғысып, олардың бір бөлімін өздеріне қосып алды. Олар күллі түрік халықтарының ең үлкен бөлігін құраған көшпенділерге айналды, сір-енда, оғыз, ұйғыр, қырғыз, қыпшақ, қарлық, қимақ бәрі осы деңлеңдерге қатысты. Қазақтың кіші жүзінің көпсанды рулары , айталық, телеу, таз, шеркеш, төлес, кердері, жағалбайлы, кете қатарлы рулары, тағы төлеңгіт тайпасы, орта жүздің қыпшақ, арғын, найман тайпаларының да тегі осы деңлеңдерге тікелей қатысы бар. Деңлеңдер ғана емес, олармен тоғысқан сақтар, ғұндар кейінгі сәнбейлерде араласып кетті.

Шань хай цзин – Тау өзендер сипаттамасы. Бұл Қытайдың ең байырғы мифтік аңыздарының топтамасы, онда көптеген мифтік ертегілер бар. Арасында көшпенді халықтардың төтеміне қатысты аңыздарда кездеседі, осы кітапта деңлеңдер туралы да дерек келтірілген. Деңлеңдер туралы дерек: «Солтүстік теңізде бір тау бар, оны Иуду тауы дейді, Қараөзен сонан бастап ағады.  Онда самұрық, абжылан, барыс, жолбарыс, түлкілер болады.  Онда асқар таулар бар, ондағы ел Диңлиң мемлекеті деп аталады, адамдарының тізелерінен төмен жүндес болады да жүгіргенге мықты» (1).

Бұл деректе айтылып отырған солтүстік теңіз Байқал көлі, оның шығысы мен солтүстігі асқар таулардан құралатыны белгілі, ол таулардан қара өзен басталады да шығыста Жапон теңізіне құяды. Самұрық, әбжылан бұлар мифтік аңыздарда айтылатын хайуанаттар, деңлеңдер осы ормандарда жасаған болса, олар және олардан кейінгі орманнан шығып сахараға келген тайпаларда ормандағы аңшылық өмір туралы мифтер мен ертегілер сақталатыны табиғи, қазақта әлі күнге ормандағы аңшылықты тақырып еткен аңыз-ертегілер молынан ұшырасады, бұлар сол дәуірдің туындысы екені хақ.

Ғұн заманындағы деңлеңдер

Көшпенді әскерилер тарихындағы алып империяны құрушы  ғұндар заманында деңлеңдер ғұн қағанатына бағынышты тайпалар болатын. Ол туралы мына дерекке қараңыз:

«Кейіннен Модон терістіктегі Ғұнру (浑窳), Құтша (屈射), Деңлең (丁零 ), Сенле (薪犁 ), Кегүн (鬲昆 ) ұлыстарын бағындырды. Сол үшін Ғұн ақсүйектері мен ұлықтары Модон тәңірқұтқа ерерк сүйініп оны білге деп атады». Тарихи жазбалар 110-бума, Ғұн баяны. Сыма Цэян.

Модон тәңірқұттың тұсында ондай ірі ел саналмайтын деңлеңдер ғұндарға бағынады, оларға қалай бағынды? Соғыспен бе, әлде бейбіт түрде бағынды ма, ол жағы мәлім емес.

Эрамыздан бұрынғы 72 жылы Хань империясы мен усүндер одақтасып Ғұндарға қарсы соғыс ашып, оларды орасан зор шығынға ұшыратады. Ғұндар осылай соққы жеген уақытта ғұндарға бағынышты ахуандар мен деңлеңдерде олардың ту сыртынан тап беріп олардың сан түмен адамын қырады. Ол туралы :

«Б.з.б. 72 жылы қыста Қағиянтек тәңірқұт 10 мың жасақпен Усүнді шауып, бірталай кәрі-құртаңды қолға түсіреді. Қайтарында бір күннің ішінде  үш кездей жауған қардандан адамдары мен малдары қырылады, содан жасағының оннан бірі ғана аман оралады. Ғұндардың қансыраған шағын қалт жібермей күткен Деңлеңдер ту сыртынан, Ахуандар шығыстан, Усүндер батыстан шабуылдайды. Үш ел ғұндардың сан түмен адамын қырып, сан түмен жылқысы мен есепсіз қой, сиырын олжаға алады. Аштан өлгендерімен қоса есептегенде халқының оннан үш бөлегі, малының оннан бесі қырылады, ғұндар жұбына жеткен тұста бағынышты елдер жалт беріп бет-бетіне кетеді. ...Одан кейінге жылдан бастап (б.з.б. 68 жыл) деңлнңдер ғұндарды ұдайы үш жыл шауып, бірнеше мың адамды тұтқындайды және өлтіреді, ірі қара малын тартып алады. Ғұндар 10000-нан аса жасағымен қуып салғанымен ешнәрсе өндіре алмайды» (2).

Эрамыздың 25 жылы Хань империясының билігін әтек уаң Маң тартып алып, 32 жыл патшалық құрады. Ол империя төңірегіндегі көшпенді ұлттарға қарата жаулық жолын ұстанғандықтан, кейбір көшпенділер айталық оңтүстік ғұндар олардан бет бұрады.

«...Таққа жаңа отырған Уаң Маң (эрамыздың 25-57 жылдары) бұған қарсы мығым қазынаға сүйеніп өз беделін орнатпақшы болды да, 12 бағыт бойынша шеру басы тағайындады, әр аймақтағы батырларды жаппай аттанысқа келтірді. Жалпы 300 мың адамдық қосын құралып, 300 күндік астық дайындалды. 10 бағыт бойынша ұрыс салған Хань қосыны ғұндарды Деңлеңдерге қарай ығыстырып , олардың жерін бөлшектеп, әрбіріне Хағанзаның 15 ұлын жеке-жеке тәңірқұт етіп тағайындауға әрекет жасады» (3).

Эрамыздың 52 жылы ғұндар ішкі жақтан бөлшектеніп бес тәңірқұт таққа таласып, соңы екіге жарылып тынады, солтүстік ғұн тәңірқұты Тезек батыс солтүстікке ығысып, бұрын ғұндарға бағынған кенгүндер мен деңлеңдерге келеді. Ол осы тайпаларды бағындырып Хань елімен жалғасты қарсыласады.

«Жиянжау 3-інші жылы (заманымыздан бұрынғы 36 жыл) Чін Таң мен Ган Яншу батыс өңірге жорыққа шықты. Тезек тәңірқұт батысқа жорық жасап Хагат, Кенгүн, Деңлеңдерді талқандап, сол үш елдің басын қосып сол Кенгүндер жерінен астана құрды. ...Қағанза тәңірқұттың онан ары күшейіп алғанын сезген Тезек тәңірқұт батыстағы Қаңлы еліне қарай тартты. Қаңлы ханы Тезек тәңірқұтқа қызын берді, Қаңлы ханына Тезек тәңірқұтта қыз берді. Оның айбарымен маңындағы елдерге доңыз айбат көрсеткісі келген Қаңлы ханы Тезекті төбесіне көтере құрметтеді. Тезек тәңірқұт Қаңлы қолынан пайдаланып Усүнге талай рет шабуыл жасады, Чекүк қаласына дейін ат ізін салды. Тұрғын елді қырып-жойып, малын талан-таражға салды. Усүндер өкшелей қууға батына алмады. Өйткені батыс жақ иен, шет-шегі мың шақырымға созылған иен далада мекен тұтқан жан баласы жоқ еді. Тезек тәңірқұт өзін шар тарапты шарпыған үлкен ұлыс деп есептеді, басқа елдердің құрметіне бөленгенін, жеңістерге жеткенін көтере алмай асқақтап кетті. Қаңлы ханына жол-жосын бойынша мәміле жасағанды қойып, ашу үстінде оның қызы мен текті дегдарларын өлтірді, бірнеше жүз бейуаз бұқараны қырып салды. Кейбіреуінің денесін бұтарлап шауып, Талас өзеніне тастатты. Бұқараны қала қорғанын салу  жұмысына айдап салды. Күніне 500 адам қатысатын бұл машақатты жұмыс екі жылда бітті. Алан, Ферғана сияқты елдерге жыл сайын салық тапсырып тұрасыңдар деп қысым жасады...

Жиянжау 3-інші жылы (заманымыздан бұрынғы 36 жыл) Чін Таң мен Ган Яншу батыс өңірге жорыққа шықты. Тезек тәңірқұт батысқа жорық жасап Хагат, Кенгүн, Деңлеңдерді талқандап, сол үш елдің басын қосып сол Кенгүндер жерінен астана құрды»... (4).

Деңлеңдердің жағрапиялық орны

«Ғұндар Су у дың кереметі бар жан екен деп есептейді, сонымен оны Байқал бойындағы жан баспас жапан түзге апарып тастайды да «қошқар қозылағанда қайтасың деп қошқар бақтырып қояды... Оған пейілі түскен Хуа хан (ғұнның бір ханы)  оған киім-кешек, азық-түлік беріп тұрады. Ғуа хан өлген соң оның руы өзге жерге көшіп кетеді. Сол жылы қыста Деңлеңдер Су У дың малын барымталап кетеді де, ол қайтадан тақсірет тартады» (5).

Осы дерекке негізделсек, деңлеңдер Байқал көлінің шығысын мекендегені байқалады, жоғарыдағы мифтік аңыздағы деңлеңдердің жағрапияфиялық орнымен бірдей. Бірақ тарих доңғалағы алға жылжуына байланысты алды олар батысқа жылжиды.

II-III ғасырдағы деңлеңдерің Қазақстан аумағына кіруі

«Деңлең елі Қаңлының терістігінде. Соғысқа жарамды 60 мыңдай адамы бар. Көшпенді мал шаруашылығымен шұғылданады. Тиін, ақ құндыз, сары құндыз терілерімен атағы шыққан. Кенгүн жоғарыдағы үш елдің нақ ортасында, яғни Ғұн тәңірқұты ордасы тігілген Әнзеп өзенінен жеті мың шақырым шалғайда. Түстік шегарасынан алты арыс Кәсиге дейін бес мың шақырым, батыс түстік шетінен Қаңлы шегарасына дейін үш мың шақырым, батыс шегарасы Қаңлы хан ордасына дейін сегіз мың шақырым келеді. Бұл арадағы деңлеңдерді ғұндардың терістігіндегі Деңлеңдер деушілерде бар. Бірақ терістік деңлеңдердің қонысы Усүннің батысына тура келеді, соған қарағанда бұлар басқа нәсіл көрінеді. Бұлардан тыс Ғұндардың терістігінде Ғұнру, Құтша, Деңлең, Кекгүн, Сенле деген елдер бар. Бұдан солтүстік теңіздің түстігіндегі Деңлеңнің Усүннің батысындағы Деңлеңдер емес екенін білуге болады. Усүн қарттарының айтуынша терістік Деңлеңдер жақта жылқы аяқтылар елі бар, олардың дауысы қаз бен үйректің дауысындай барылдап шығады екен. Тізесінен жоғары ұлы денесі адам бейнелі, ал тізесінен төмен жүндес кәдімгі жылқы сирақ, жылқы тұяқ болады екен. Сондықтан атқа мінбеседе жаяулап аттай жылдам жүреді екен. Халқы шетінен ержүрек , батыр келеді екен. Ергежейлілер елі Қаңлының батыс терістігінде. Олардың еркегінің де, әйелінің де бойлары үш шыдан аспайды, халқы төтенше көп екен. Олар Аорстарданда көп дейді. Қаңлы қарттарының айтуынша, бұл елге саудамен барып тұратындар бар екен. Қаңлыдан ол елге бару үшін түмен шақырымнан аса жол жүруге тура келетін көрінеді» (6).

Бұл деректе көрсетілген деңлең елі Қазақстанның солтүстік аймақтарында орналасқан. Олар сірә Байқалдың шығысынан қалай, қашан келді деген сұрақтар туындайтыны табиғи. Бұған былай деп болжам жасауға болады: эрамыздың 91 жылы Сәнбейлер Ғұнның Бөңғо тәңірқұтын өлтіріп бас терісін сылып алады. Ғұндар ауа көшіп Орхонның батысына кетеді. Сонымен қатар Ханьның арбалы-атты жасақтары Ғұндарды Алтайдан асыра қуалайды. Сахарадан Ғұнның көбі кетіп, 100 мыңдайы Сәнбейлерге қосылады. Осыдан сахарада хаос пайда болады да, Сәнбейлер мен Деңлеңдер сахараға көшеді. Тәрізі басым түскен сәнбейлерге тең келе алмаған деңлеңдер ғұндардың соңын баса сәнбейлерден ығысып, Қазақ жеріне келген деуге болады. Оларда 60 мың әскер болған екен, сол заман тұрғысынан алып қарағанда күшті ел саналады.

Қытай тарихшыларында мынадай ағаттық бар: Олар бір өңірді мекендеген көшпендінің аты бойынша бірнеше ғасырдан кейінде сол өңірдің тұрғындарын солардың жалғасы деп санайды, әмәлиятында көшпенділерде тұрақты қоныс болмайды әрі саны көбейгенде не басқа тайпалардан жеңілген кезде басқа жаққа ауа көшетін жағдайлар өте көп. Ғұндардың көші соның бір мысалы. Әрине Қазақ жеріндегі деңлеңдермен шығыста қалған деңлеңдерде айырмашылық пайда болатыны табиғи, батыстағы деңлеңдер өздері барған жердегі ғұн, қаңлыларды ығыстырумен қатар олардың бір бөлімін өздеріне қосып та алады. Ал шығыстағыларына да сондай дәрежеде басқа тайпалармен араласу туындауы мүмкін.

Әдебиеттер:

  1. Шань хай цзин. Жыжияң көне кітаптар баспасы. 2002 жыл
  2. Ханнама . 94-бума. Ғұн баяны
  3. Ханнама. Уаң Маңның өмір баяны
  4. Ханнама 70-бума. Ган Яншу, Чін Таңның өмірбаяны
  5. «Ханнама 54-бума. Ли гуаң мен Су Жияннің өмірбаяны»:
  6. Уейнама(Сау уй). Батыс нұмдар баяны. Деңлең

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English