«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Дипломатиялық қарым-қатынасқа 27 жыл

338 0
Дипломатиялық қарым-қатынасқа 27 жыл
Ұлттық музейде «Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 27 жыл» көрмесі ашылды

Көрмені Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасының (ИИР) дипломатиялық қатынасы 1992 жылғы 29 қаңтарда орнады. Қазақстанның Ирандағы елшілігі 1993 жылы, Горган қаласындағы Бас консулдығы 2007 жылғы қазан айында ашылды.

Қазақстан мен Иран бірнеше рет достық және тату көршілік қатынастарын дамытуға деген саяси еріктері мен әзірліктерін жариялады. Тараптар халықаралық және өңірлік ұйымдар (БҰҰ, АӨСШК, ИЫҰ, ШЫҰ ЭЫҰ) аясында тығыз ынтымақтастыққа ие. Иран Қазақстанның 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру, АӨСШК пен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съездерін өткізу, штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі исламдық ұйымын құру және т.б. бастамаларын қолдады.

Екі ел қатынастарының шарттық-құқықтық базасы 60 астам келісім мен құжатты қамтиды.

«ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің қолдауымен «IRNA» Иран ақпараттық агенттігі ұйымдастырып отырған көрмеде екі елдің өзара тығыз қарым қатынасын бейнелейтін 90-нан астам тарихи фотосурет қойылған.  

Көрменің ашылу салтанатты алғашқы сөзін Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Алмаз Нұразхан айтты.

«Көрме – Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы қарым-қатынасының көрінісі. Біздің тәуелсіздігімізді ең алғашқылардың бірі болып мойындаған Иран Ислам Республикасы. ХVIII-XIX ғасырда қазақ халқы бірнеше тілді білген. Араб, парсы, түрік тілдері осы мемлекетте қолданылды. Көрме екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайта түседі», – деді музей басшысы.  

«Бүгінгі көрме екі ел арасындағы қарым-қатынасты қайта жаңғырту десек те болады. Өткен ғасырдың 90 жылдарында Совет үкіметіндегі елдер өзгерістерден кейін Иран мен Қазақстан арасындағы байланысты қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туды. 1990 жылдың қараша айында Қазақстан тәуелсіздігін жарияламай тұрғанда, Иранның сол кездегі Сыртқы істер министрі Алматыға сапар жасап, Қазақстан билік өкілдерімен кездесіп, Қазақстанның тәуелсіздігін қолдайтынын жеткізді. Содан соң 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде Иран Ислам Республикасы бірінші болып мойындап, 1992 жылдың 29 қаңтарында Алматы қаласында елшілігін ашты. Бұл көрме – екі ел қарым-қатынасының 27 жылдағы дерекнамасы», – деді Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабер.

Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабер мырза «Қазақстан тарихы» порталына берген эксклюзивті сұхбатында Иран мен Қазақстан арасындағы экономика, мәдени, сауда қарым-қатынастары туралы және көрме туралы айтып берді.

 «Мысалы, өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы  510 млн долларды құрады. Екі елдің өнерпаздары арасында да тығыз қарым-қатынас орнатылған, елдерде көрмелер жиі ұйымдастырылады. Иранда Қазақстанның екі Бас консулдығы жұмыс істейді. Сол сияқты Астана мен Ақтау қаласында Иранның екі Бас консулдығы орналасқан. Мәдени, тау-кен, көлік саласындағы қарым-қатынасымыз да көңіл көншітерлік. Ал, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы саласындағы  байланысты жақсартып келеміз. Екі мемлекеттің министрліктері арасында кездесулер мен консультациялар күтілуде. Үкіметаралық комиссиялардың отырысы көзделіп отыр.

Әртүрлі көрмелер өткізу жоспарланған. Екі елдің халқы  бір-біріне оңай сапарлауы үшін  мемлекеттер  арасындағы визалық қарым-қатынасты жеңілдетуге тырысамыз. Біздің ел мен Мемлекет басшыларының арасында жақсы қарым-қатынас  орнатылған. 

Екі елдің  ынтымақтастығы  ғасырларға  ұласады.  Біздің көптеген салт-дәстүрлеріміз қазақ халқына ұқсас. Мәселен, «Наурыз» сөзі парсы сөзінен аударылғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді», – деді елші.

ҚР Ұлттық музейінде ашылған көрме 2019 жылдың 13-15 наурыз аралығында өтетін болады.

Қарай отырыңыз: «Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 27 жыл» фотокөрмесі

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English