«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Био қаруды тұңғыш қолданған Тоқтамыс хан

5185 0
Био қаруды тұңғыш қолданған Тоқтамыс хан
Алтын Орданың даңқы асқақтаған кезеңі Тоқтамыс ханның еңбегімен тікелей байланысты. Тоқтамыс шамамен 1350 жылы туып, 1406 жылдардың төңірегінде дүние салған

                                            I

Әуелі төбедегі тақырыпқа оралмас бұрын Тоқтамыс ханның өмір дерегіне сәл  үңіле кетейік. Алтын Орданың даңқы асқақтаған кезеңі Тоқтамыс ханның еңбегімен тікелей байланысты. Тоқтамыс  шамамен 1350 жылы туып, 1406 жылдардың төңірегінде дүние салған. Шыққан тегі төре тұқымынан. Бала кезі Маңғышылақ топырағында өткен. Тоқтамыс әкесі Тұй Қожа өлімінен кейін  енді ғана даңқы шыға бастаған Әмір Темірді келіп паналайды. Қанаты қатайып, бұғанасы бекігенше Әмір Темірдің қармағында болады. Осы кезеңде көп кескілескен шайқастың кесірінен Ақ Орда ұлысы әлсірей бастаған еді. Бұл  жайды жіті бағамдаған Әмір Темір Тоқтамысқа қол беріп,  Ақ Ордаға шабуыл жасауды бұйырады. Осы  жорықта Тоқтамыс жеңіске жетіп, Сығанақ шәрінде Ақ Орданың ханы болып сайланады. Осылайша Ақ Орданы тұрақтандырған Тоқтамыс енді Алтын Орданы біріктіру мәселесін қолға ала бастайды. Сөйтіп  1380 жылы Алтын Ордаға тұтқиылдан басып кіреді. Сол кездегі Алтын Орда ханы Мамай мен Тоқтамыс арасында ұзақ текетірес орын алады. Осы шайқаста Тоқтамыс үстем түсіп, Алтын Орданың ханына болады. Күн санап алапаты артқан Тоқтамыс енді орыс жеріне көз аларта бастайды. Мұның бір себебі Куликово шайқасынан кейін күшейген орыс билігі Тоқтамысты еш мойындағысы келмеген еді. Сөйтіп 1382 жылы орыс жеріне жорыққа аттанған ол орыс шаһарларын  шетінен қиратып, ең соңында Мәскеуді басып алды. Осыдан кейін орыс княздіктері Тоқтамыс ханның билігін мойындауға мәжбүр болады. Алтын Ордаға өздерінің бодан екендіктерін  білдіреді. Тоқтамыстың күн санап артқан алапаты Әмір Темірмен қақтығысуына себеп болды. Тоқтамыстың Әмір Темірмен соғысы түптеп келгенде Алтын Орда мемлекетінің күйреуіне алып келді.

Есіл ер 1406 жылы ұрыс алаңында  қаза тапты.

                                                               II

Тарих дұрыс болмайынша,  таным дұрыс болмайды ғой. Тарихты мифтендіруге немесе саяси рең  беріп бұрмалауға әсте болмайды. Өйткені өткен өмір дәлдікпен тек шындықты ғана талап етеді.

Неге дейсіз ғой. Тарихтың қайырылып соғып, қайталанбай қоймайтын тағы бір кезегі бар. Міне, тарихи тәжірибе сонда ғана сіз бен бізге зерделі таңдау, дұрыс пайым жасатады. 

Олай болса тарих дегеніміз өткен өмірімізді терең зерделеп, содан сабақ алу үшін ғана қажет екен. «Отар елдің тарихын отарлаушы ел жазады» деген ұғымның астарына үңілсек, қаншама ақиқаттардың қағаберісте жатқандығын көреміз. Жасыратын ештеңесі жоқ бұған дейінгі хандар тарихы тек кремльдің көзқарасымен жазылды. Осындай ақ пен қарасы, анық пен танығы анықталмай жүрген дүниенің бірі осы орта ғасыр тарихы. Орта ғасырлық жазба деректерде  Алтын Орда ханы Тоқтамыстың ең алғаш болып биологиялық қаруды  қолданғаны жайында жазылған. Бұл бұған дейін еш айтылмай келген дерек-тұғын. Шамамен 1384 жылдары Алтын Орда жасағының Қырымдағы генуэздiктердiң Каффа қамалына шабылу жасау кезінде, Тоқтамыстың бұйырығымен бекiнiс iшiне бубон обасын жұқтырған жануарлардың өліктері лақтырылған. Осының кесірінен Каффа қамалының тұрғындары қынадай қырылып ғана қоймай, оба iндетi бүкiл Еуропаға жайылған. Ескі дерек сол обадан 25 миллионға жуық адамның қаза тапқандығын алға тартады. Тоқтамыстың да көп сарбазы шығын болғандығы осы көне дерек беттерінде қатталып қалған екен.

                                      Тарақаннан саясат жасау

Биологиялық қару дегеннен шығады ғой. Түпкі тағаны био қарудан бастау алған  дүниенің бірі бактериологиялық қару.

XX ғасырдың басында саяси мінберде күн тәртібіне қойылған басты мәселенің бірі де осы бактериологиялық қарудың сан түрін жасап шығару болатын. Ғалымдардың дерегіне үңілсек мұны әскери мақсатта пайдаланудың 250 ден астам сынағы өтіпті. Енді осы жөнiндегі ғылыми жазбаларға зер сала  кетсек.

«Өткен ғасырдың басында  бұрынғы социализм лагерi елдерiнiң көпшiлiгiн  тарақандар мен қандалалар жайлаған еді. Насекомдар, әсiресе бұрынғы Кеңестер Одағы жұртшылығының отбасы тұрмысының берекетiн кетiрген болатын. Тарақандар азық-түлiктi ластаса, қандалалар түн баласында ұйықтатпай көбiмiздiң қанымызды сорушы едi. Осы сансыз да санасыз насекомдар тұрғын  үйлер мен мемлекеттiк  ғимараттарды ғана емес, жолаушылар поездарын да түгелімен жаулап, сол кезде адамдардың көбiне гигиеналық және моральдық дискомфорт жасайтын. Бұл жағдай, шындығында, бұрынғы социалистiк қоғамның құрылысын iшiнен iрiту үшiн батыстың қуатты капиталистiк мемлекеттерi тарапынан жүргiзiлген сан алуан диверсиялардың бiрi – биодиверсия едi» деп жазады ресейлік ғалым Алтай Байкал. Кей ғалымдар крысалардың да батыстың түрлі селекциялық тәжірибеден өткізіліп кеңес топырағына әдейі жіберілген биодиверсиясы болуы бек мүмкін деген пікір де айтады. Рас, бұл жерде Алтай Байкалдың айтқанымен келіспеске еш амалымыз жоқ.

XX ғасыр басында шынымен-ақ бүкіл жолаушы поездарын қандалардың буып қалғандығы туралы мәлімет Қанабек Байсейітовтың кейіннен жарық көрген естеліктерінде де бар (Онда автор  1936 жылы Мәскеуде өткен «Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне» аттанған әртістердің түні бойы қандалаға таланғаны жайында жазған болатын). Әрине «бізде бәрі ғажайып» иллюзиясындағы кеңес қоғамы үшін оны сол кезеңде сөз етудің өзі өліммен пара-пар жағдай еді.  XX ғасырдың басында абақтылар іші де қандалаларға толы болғандығына әйгілі әнші Қанапия Басығараұлының мына бір шумақ өлеңі куә (Ақын 1917 жылы дүние салған болатын).

                               Жасымнан қарсы болдым ханзадаға

                               Жүйрік ат жараспай ма бозбалаға.

                               Баласы Басығара Қанапия,

                               Жем болдым ала қыстай қандалаға.

Естеріңізде болса екі мыңшы жылдардың басында Қытай халқын  дүрліктірген «құс тұмауы» ауруы «АҚШ-тың тауық етін экспорттауда басты қарсыласына айналып үлгерген қытайға арнайы жасаған биодиверсиялық әрекеті»  дейді зерттеушілер. Осыны ойлағанда бүгінгі ғасыр індеті саналатын  СПИД секілді аурулардың астарында да саяси ойындар жатқан тәрізді. Сайып келгенде мұның бәрі «Саясатта достық жоқ, тек мүдде ғана» бар деген тезисті толыққанды растап тұрғандай.  Әйтпесе титтей тарақан да саясат құрбаны дегенге кімнің нанғысы келеді.

                                                                                            Ықылас Ожайұлы

Тоқтамыс хан туралы кітап - Тоқтамыс хан

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English