«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Белгілі де белгісіз Бутово

587 0
Белгілі де белгісіз Бутово
Бутово полигоны – Үлкен террор кезіндегі өлім жазасына кесілгендердің үкімі жүзеге асырылған әйгілі жерлердің бірі

Бұл арнайы объект ату полигоны ретінде бірнеше жыл ғана қолданылды және осы уақыт ішінде ССРО-ның 20 мыңнан астам адамының қорымына айналды

Болашақ Бутово полигонының орналасқан жері туралы алғашқы мәліметтерді тарихи анықтамалардан білуге болады. 1568 жылы Дрожжино селосында жергілікті земство бояры Федор Дрожжиннің иелігіндегі қожалық салынады.

Кейінірек Иван Грозныйдың бұйрығымен Дрожжин өлтіріледі, ал қожалық қолдан-қолға өтіп, қожайындары ауысып отырады, ХІХ ғасырдың аяғында қожалықты Николай Соловьев деген помещик сатып алады.

1889 жылы Соловьев қожалықтың аумағында жылқы зауытын, ипподром және бірнеше көрермендер трибунасын салдырады, алайда Бірінші Дүниежүзілік соғыс қарсаңында ол қожалықты тоқыма өнеркәсібінің иесі Иван Иванович Зиминге сатады. Зимин жылқы зауытының жұмысына ұдайы қатыса алмайтындықтан, зауыт директоры етіп өзінің туысы Иван Леонтьевич Зиминді тағайындайды.

Жаңа директордың басшылығындағы жылқы зауыты сол кездегі ірі зауыттардың бірі саналған. 1915 жылы И.Л. Зимин әскер қатарына шақырылып, Бірінші Дүниежүзілік соғыстың майдан даласына аттанады. И.Л.Зиминнің ерліктері ескерусіз қалмайды – Георгиев крестімен марапатталады. Ауыр жарақаттан кейін ол қожалыққа оралып, морфийге үйір болып алады.

Дегенмен де, ол жылқы зауытын 1930 жылға дейін басқарады. 1930 жылы ысырап қылғандығы үшін айыпталады. Оның үстіне дворяндық тегі, Георгиев кресті туралы фактілер анықталады, ал сот үшін бұлар жеткілікті болатын. Ол барлық дүние-мүлкінің арқасында өзін ақтап алады. Қайыршылық күн кешіп жүріп 1930 жылдардың басында қайтыс болады, ал қожалыққа жаңа қожайындар келеді.

1934 жылға таман қожалық аумағы мен жылқы зауыты НКВД-ның шаруашылық басқармасының басқаруына өтеді. Азық-түлік қауіпсіздігі нашарлаған сол заманда болашақ бутово полигонының аумағында ведомство қызметкерлерін азық-түлікпен қамтамасыз етуге арналған база құрылады. «Коммунарка» совхозыныңда ет пен сүт шығарылса, Бутовода көкөніс өндірілген. 100 гектарлық аумақ қоршалып, атыс полигоны тәулік бойы күзетіледі.

1937 жылдың 31 шілдесінде ішкі істер халық комиссары  Николай Ежов «Бұрынғы кулактарды, қылмыскерлерді және басқа да советтерге қарсы элементтерді репрессиялау жөніндегі операция туралы» бұйрық шығарады. Егер биліктің бұрынғы кулактардан, олардың туыстарынан және колхоз құрылысына көңілі толмайтындардан елді тазалау ниетін түсінуге болатын болса, ал «советтерге қарсы элемент» санатына кез-келген адамды жатқызуға болатын еді. Ол үшін абайсыз айтылған сөз, көршінің шағымы немесе өмірбаяндағы «күдікті» тармақ жеткілікті еді.

Бұл жоспар сипатындағы бұйрық болатын: ССРО-ның әр өңіріне халық жауы ретінде сотталып, атылуға қажетті адамдардың нақты сандары жіберілген. Осыншама атылғандарды бірде-бір мәскеулік зират қабылдай алмайтын болғандықтан, 1937 жылдың ортасында НКВД Коммунарка мен Бутово аумағында ату полигондарын құру туралы шешім қабылдайды.

Егер «Коммунарка» арнайы объектісінің аумағына негізінен одақтың көлемдегі партия қызметкерлері, ЖШҚА (РККА) офицерлері, НКВД қызметкерлері және ғылым мен өнер қайраткерлері әкелінетін болса, Бутово полигонына жаппай операциялар аясында тұтқындалғанды ататын орынға айналған. Бұл жерде «советтерге қарсы элементтер», бұрынғы кулактар, қылмыскерлер, бұрынғы ақ гвардияшылар, дін қызметкерлері және тіпті қарапайым жұмысшылар да атылған.

Бутовода атылған бала

Қараусыз қалған Михаил Шамонин (13 жас) – Бутово полигонында атылған ең жас адам. Ату жазасы тек 15 жастан бастап қана қолданылатын болғандықтан, оның құжаттағы жасы түзетілген екен. Атылатындарды Бутово полигонына «НАН» деген жазуы бар көліктермен әкелген, бұл көліктерге шамамен 30 шақты адам сыйған.

Үздік-создық мәліметтерге қарар болсақ, Бутово полигонына адамдарды түнде әкелген. Чекисттер сотталғандарды сегіз метрлік ұзын баракқа кіргізіп, түні бойы салыстыру, түгендеу жүргізіп, содан кейін барып қана өлім жазасына кесу туралы үкімді оқыған.

Таң ата өлімге кесілгендерді алдын ала қазылып қойылған орға әкелген. Бұл Бутово полигонының ең басты ерекшелігі еді: егер басқа арнайы объектілерде тұтқындар орды өздеріне өздері қазса, Бутовода ұзындығы 100 метр, тереңдігі 3-4 метр болатын орды экскаваторлармен қазған. Өлімге кесілгендерді полигонның түп жағына жалғыздан апаратын да, табельдік қарудан желкесінен атып, орға жинай беретін, кешке қарай бульдозер мәйіттерді топырақпен, құрылыс қалдығымен, әкпен көметін.

Бутово полигонында бір ауысымда 300-ге тарта адам атылатын, бірақ НКВД мұрағаттарында барлық атылғандардың есімі сақталмаған. Тек 1937 жылдың тамызы мен 1938 жылдың қазаны аралығында ғана Бутово полигонында атылғандардың аз-маз мәліметтері сақталған. Осы аралықта Бутово полигонында 20761 адам атылған.

Бутово полигонында атылғандардың ішінде Колчактың баспасөз хатшысы әрі өмірбаянының авторы Сергей Ауслендер (суретте жоғары жақта), «әдеби Аль Капоне» Соломон Бройде және венгр жазушысы Фридеш Карикаш бар. Айта кету керек, Фридеш Карикаш Венгрия Коммунистік партиясы ОК-нің астыртын хатшылығын құрды деп айыпталып, өлім жазасынан қашып ССРО-ға көшкенімен, өлім оны осы жерден табады.

Бутово арнайы объектісінде Ақтар қозғалысының бірқатар бұрынғы офицерлері атылады: подполковник Владимир Головкин (тұтқындалғанға дейін ССРО Мемжоспарының Жоспарлау институтының әскери кафедрасын басқарған), генерал-майор Александр Лигнау («Выстрел» командирлік құрам курстарының тактика кафедрасының меңгерушісі), майор Вильгельм Лобковиц («Выстрел» командирлік құрам курстарында тактика пәнінің оқытушысы), генерал-лейтенант Евгений Мартынов (1-Мәскеу университетінде әскери іс пәнінің оқытушысы), генерал-майор әрі Бірінші Дүниежілік соғыс қаһарманы Борис Столбин (ҚХК Воениздат артиллериялық журналының жауапты хатшысы).

Александр Лигнау мен Борис Столбин

Өмірінің соңғы сағаттарын Бутово полигонында өткізгендердің қатарында кванттық химияның пионері, неміс физик-теоретигі Ганс Гельман да болған, билікке нацистер келгеннен кейін ол жұмыстан шығарылған. Жұмыстан шығарылғаннан кейін Гельманға екі ұсыныс түскен – АҚШ пен ССРО-дан, алайда, ол социалистік идеалдарға әуес болған соң, әрі әйелінің түп-төркіні украиндық болғаннан кейін совет азаматтығын таңдайды.

Бутово полигонының оры феминизмді жақтаушы, суфражист ағылшындық Роза Коэннің және сақау кино жұлдызы латыш Мария Лейконың мәңгілік мекеніне айналған. Әдетте ССРО НКВД басшылығы жоғары саяси шенеуніктерді «Коммунарка» арнайы объектісінде атқан, алайда кейде бұл ереже бұзылып отырған.

Бутово полигонында дипломат әрі ССРО-ның Ұлыбританиядағы сауда өкілі Саул Брон, солшыл эсерлер партиясын құрушылардың бірі Борис Камков, Белоруссия ОК бірінші хатшысы Вильгельм Кнорин, Әзірбайжан ОК бірінші хатшысы Рубен Рубенов, Сауд Аравиясы Корольдігіндегі өкілетті өкіл Кәрім Хакімов, «Алаш» партиясының батыс қанатының көшбасшыларының бірі Жаһанша Досмұхамедов (сол жақта) атылған.

Азамат соғысы жылдарында Жаханша Досмұхамедов қазақ автономиясын – Ойыл уәлаятын жариялап, оралдық казактардан, Ақтар қозғалысының басшысы Александр Колчактан, Ленин мен Троцкийден көмек сұрайды. Совет үкіметі орнағаннан кейін жарияланған автономия таратылады. Коммунизмнің алғашқы жылдары Ж. Досмұхамедов Ташкентте тұрады, адвокат болып қызмет етеді, азаматтық және қылмыстық кодекстерді қазақшаға аударады. 1930 жылдың қазанында Ж. Досмұхамедов Мәскеуде тұтқындалып, 1932 жылы бес жылға сотталып, Воронежге жіберіледі. Босағаннан кейін ол «Буржуаздық ұлтшылар туралы» ісі бойынша тағы да тұтқындалып, 1938 жылы 3 тамызда атылады.

1938 жылы Бутово полигоны жабылғанымен, мәскеулік түрмелерде атылғандарды көму үшін оған мәйіттерді әкелу жалғаса береді. Комендатура ғимараты НКВД-ның жоғары офицерлері үшін демалыс үйі ретінде пайдаланылады.

Соғыс аяқталғаннан кейін полигон аумағында Варшава келісімі елдерінің арнайы қызмет қызметкерлерін дайындау орталығының бірнеше ғимараты салынады. 1950 жылдары Бутово арнайы объектісінің бір бөлігі саяжай салу үшін ССРО МҚМ мен ІІМ қызметкерлеріне беріледі. Саяжайлар салына бастаған кезде сол аумақтан адам сүйектері табылады.

1960 жылдардың соңында бұрынғы Бутово полигонының жеті гектар жері сымтемірмен қоршалады, ал комендатура ғимараты 1980-ші жылдардың аяғына дейін чекисттердің балалары үшін пионерлер лагері, ал кейінірек балалардың спорттық лагері болып қызмет етеді. «Бутово полигоны» термині ресми түрде еш жерде аталмағаны қызық.

Тек 1991 жылы ғана Мәскеу қаласының мұрағатында 2  мың адамды ату туралы ұйғарым мен актілер бар «ату кітаптары» табылады, бірақ ату қай жерде жүргізілгені туралы бірде-бір сөз жоқ. 1937-1938 жылдары арнайы зонада жұмыс істеген НКВД әкімшілік-шаруашылық бөлімінің комендантының арқасында тарихшылар алғаш рет «Бутово» сөзін естиді, бұны жергілікті тұрғындар да растайды.

1993 жылы Бутово полигоны келушілер – қайтыс болғандардың туыстары үшін алғаш рет ашылады. 1995 жылы Бутово полигонының аумағы Орыс Православие шіркеуінің иелегіне берілді.

 

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English