«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Байырқулар мен барқылар

2116 0
Байырқулар мен барқылар
Байырқулардың жері Бүркіт ұлысының шығысындағы Мүркетпен шекаралас жатады. 60 мың адамы, соғысқа жарамды 10 мың әскері бар

Барқы тайпасы – көне байырқулардың тіке жалғасы. Ата тегі жағынан кезінде ғұндардан кейінгі сахара империясын құрған сәнбейлерге тіреледі. Байырқулар  эрамыздың IV-V ғасырларында атақты теле тайпаларының бірі ретінде тарих бетіне түсті. Ежелгі мекені – Байқал көлінің шығысы. Түрік, ұйғыр қағанаты кезінде байырқулар күшті тайпалар бірлестігінің бірі болды. Кейінгі керейлер, меркіттер осы байырқу тайпалар одағы негізінде қалыптасты.

Түрік қағанатындағы байырқулар

«Телектердің арғы аталары – Ғұндардың ұрпағы. Олардың түрі орасан көп, батыс теңіздің шығыс жағалауынан бергі тау мен сай-саланың бәрінен оларды кезіктіруге болады.

Тоғыла өзенінің солтүстігінде бүкіт, тоңыра, құйғыр, байырқы, бұғыра рулары; бұлар тула өзенінің солтүстігінде тұрған; Мөнден, танағыр, сегет, ғұн, қоқсыр, деген арыстарының соғысқа жарамды адамы 20 мыңдай.

Үбірдің батысы мен Әнгенің терістігіндегі ақ тауды қапталдай қыбыт, бұлақшық, едер, сұба, нағар, оғыз, қырғұт, ядыр, иүрегірлер отырады. Бұлардың да соғысқа жарайтын адамы 20 мыңдай.

Алтайдың батыс күнгейінде сыр-енда, тайнақ, зыбан, дарқыттар мекендейді. Бұлар да жорыққа 10 мыңдай адам аттандыра алады.

Қаңлының теріскейіндегі Еділ өзенінің бойын едіз, ғажар, барғұт, биған, қоқы, қабыш, ажасу, баяуыт, кердерілер мекендейді, бұларда жорыққа 30 мың адам аттандыра алады.

Теңіз көлінің шығыс және батыс жағалауларында салар, қият, үш сақсын, марсұқ, сақыралар отырады. Бұларда 8 мыңдай жасақ бар.

Пұрұмның батысында ұңғұт, алан, печенек, құлас, барғұндар мекендейді, бұларда 20 мыңдай жан бар.

Солтүстік теңіздің күнгейінде тыбалар отырады. Ұлыс аты әр түрлі болғанымен бұлардың бәрі жалпы телек аталады. Бәрінің үстінен қарап отырған билеушісі жоқ. Шығыс Түрік пен батыс Түрікке бөлініп қарайды» (Жүңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том).

Бұл деректе айтылған тайпаларды жинақтасақ: бүкіт, тоңыра, құйғыр, байырқы, бұғыра, мөнден, танағыр, сегет, ғұн, қоқсыр, қыбыт, бұлақшық, едер, сұба, нағар, оғыз, қырғұт, ядыр, иүрегір, сыр-енда, тайнақ, зыбан, дарқыт, едіз, ғажар, барғұт, биған, қоқы, қабыш, ажасу, баяуыт, кердері, салар, қият, үш сақсын, марсұқ, сақыра, ұңғұт, алан, печенек, құлас, барғұн болып жиыны 42 тайпа, әскер саны 108 мыңнан асады, географиялық жақтан Қазақстанның батыс аумақтарынан шығыста орталық Моңғолия, Байқал көлі атырабы, Саян, Алтай, Тәңіртау аралығы, оңтүстік Сібірияны алып жатқан алып аймақтағы  ежелгі елдер шоғырын құрап отыр. Бұл тайпалардың телектер атанғаны кейінгі кезеңдерде, тайпалар одағында Теле тайпасы, яғни телеу, телес (төлес) тайпасының жетекші орынға шығуымен байланысты екені даусыз. Олардың құрамында деңлеңдер, ғұндар, аландар қамтылған. Байырқулар осы тайпалардың бірі болып Байқалдың шығыс қапталын мекендеді.

Байырқұлар туралы Таңнамада былай жазылған: «Байырқы 拔野古, 拔野固, 拔曳固 деп үш түрлі берілген.

Шөлдің терістігіндегі аумағы мың шақырымға созылған кең алапқа қоныстанған. Жері Бүркіт ұлысының шығысындағы Мүркетпен шекаралас жатады. 60 мың адамы, соғысқа жарамды 10 мың әскері бар. Жерінің шөбі шүйгін келеді, асыл тұқымды жылқы өседі, темір рудасы шығады.

Қаңған деген өзен бар. Суға қарағайды салып қойса, үш жылдан кейін тасқа айналып кетеді, оның өңі қара көкшілденгенімен ағаш бедері сол күйінде көрініп тұрады. Жұрт бұны Қаңған балбалы деп атайды.

Халқы саятшылықты ұнатады, егін егетіндер өте аз кезігеді. Қыста мұз үстінде бұғыны шанаға шегіп жүреді. Мүз үстінде шаңғымен бұғы аулайды. Әдеп-ғұрыптары тыйектерге ұқсас, тілдерінде азды-көпті айырмашылық болады.  Таң тайзұң заманы жынгуанның 3 жылы (629 жыл) бұлар бүркіт, тоңыра, ғи, септермен бірге сарайға қол тапсырды. 647 жылы тай елтебері Құтлы шад бүкіл ұлысымен қол тапсырды» (Жүңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том).

Байырқулар саятшылықты кәсіп еткен, бұл түрік тайпаларыны қатысты деректерде саятшылықтың тұңғыш рет тарихқа енуі, сондай-ақ олар Сібір орманында бұғы өсірген, Сібірдің климаты қатал болатындықтан, олардың саны 50-60 мың адамнан аспаған, десе де өте жауынгер болған.

«Анта кесірі иер Байырқу ұлұғ еркін яғ болты, аны яңы түргі ярағұн көлте бұздұмыз. Ұлұқ еркін азқыңы ерін тізіп барды, күлтегін... Яшыңа қырқыз тара сүледіміз, сүңүкі батамі, қарақ сүкүн көгмен ишық тоға иоріп қырғыз бодұны ұда басдіміз, қаған бірле сүңа иішта сүледіміз, Күлтегін Байырқун ақ адығырығ бініп олаю тегді... ілгері байырқу  иеріңе тегі сүледім» (Күлтегін бітіктасы).

Түрік қағанатының айрықша күш алуы жоғарыда айтылған 108 мың жасақ шығара алатын байырқу бастаған тайпалардың қылышының арқасында болған. Десе де түріктер осы тайпалардың жеке дербестігін сақтауына жол берді. Таң империясы мен ішкі былықпалық кезінде Түрік қағанаты құлады. 679 жылы Түрік қағанаты қайта бас көтеріп, бұрынғы теле тайпаларын бағындыру жорықтарына аттанғанда байырқулар оларға қатты қарсылық көрсетеді.

«Құтылығ Еліктің туысы, Ашына әулетінен. Оның ұлы әкесі тәңірқұт басқақтығының батысындағы Иүнжұң тұтығы Шал батырдың қол астындағы ұлысбасы еді. Ол мұрагерлік жолмен тұдын чор болды. Бүгінем талқандалған соң, Құтылық бытырап кеткен елінен бес мыңнан астам адам топтап, Шұғай тауына шығып қарақшылық істеді. Тоғыз арыс телектің (тоғыз оғыз) қой-сиырларын тонап біртіндеп күшейген соң, өзін қаған, інілері Бүг чорды чад, Түсебекті ябғұ көтерді.

716 жылы Бүг чор теріскейдегі тоғыз арыстың бірі саналатын байырқыларға жаза жорығын жасады. Соғыс Тула өзенінің бойында болды, байырқылар ойсырай жеңілді. Жеңісіне масаттанған Бүг чор қаннен қаннен-қаперсіз қайтып келе жатқанда тал арасына жасырынған байырқының қалдық күшімен Қышылақтың түбінде ұшырасты. Олар тұтқиыл шабуыл жасап Бүг чорды өлтірді де, басын кесіп алып сарайдың елшісі Лиңшы Юаннан астанаға беріп жіберді» (Жүңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том).
Байырқуларға қатысты деректен олардың Байқал көлінің шығысындағы күшті тайпалық одақтың бірі екенін көруге болады. Байырқулар кейінгі теле тайпалары күшейгенде олардың тайпалық одағына қатынасады. Сахарадағы 9 арыстың, яғни «тоғыз оғыздың» бірі болады. Әскері 10 мың, көп болмағанымен аса жауынгер болған, 716 жылы түріктің Бүг чор қағаны осы байырқулар жағынан өлтіріледі. Ұйғыр қағанатынан кейін бұрын қырғыз тайпалар одағы құрамында болған қарағастар күшейіп, Байқал көлінің батысы мен шығысындағы барлық сібірлік түрік тайпаларын біріктіріп күшті хандық құрады.

Ұйғыр қағанаты кезіндегі байырқулар

«Кезінде Түріктер күшейгенде теле ұлыстары тарыдай шашылып кеткен еді. Олар сыр-енда, ұйғұр, тыба, құрықан, төлеңгіт, тоңыра, бұқыт, байырқы, сегет, ғұн, қоқсыр, гет, едіз, қыбыт, ақ сеп деген он бес ұлысқа бөлініп, шөлдің терістігін мекендеді, олардың салты негізінен түрікпен ұқсас еді, осы ұлыстардың ішінде сыр-енда ең қуатты болды...

Ұйғыр сияқты алты ұлыс Өтікен тауын мекен етіп, шығыста Шібара қағанға қарады. Тоң Ябғұ қағанның күші әлсіз болғандықтан, Шібараның немересі Анан өз ұлысынан жетпіс мың түтінді бастап, Елік қағанның қоластына өтіп кетті. Елік қағанның билігі шайқалған кезде сыр-енда, ұйғыр, байырқы ұлыстары бірінен соң бірі көтерілді. Елік қаған оларды жазалауға өзінің ағасының ұлы Үкек шадты аттандырды. Ұйғырдың ұлыс басы Будсат бес мың жасақпен Атжал тауында олармен шайқасып, оларды ойсырата жеңді. Үкек чад қашты, оны Тәңіртауға дейін қуалаған Будсат халқының көбін тұтқынға алды. Былайғы жерде ұйғырлар дәуірлей бастады. Сыр-ендаларда олардың (түріктердің) төрт чадын талқандады. Елік қаған оларды бағындыра алмады» (Жүңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том).

«Құлылығ білге сеңүн ұршұ Құтылұғ тарқан, ол екі иорды...Ярылқады, байырқу, тардұш білге тарқан... Құтұлұғ яғмаш табғаш, соғдағ башы, білге сеңуін озұл сеңіркен» (Ел Етміш білге қаған бітіктасы).

Түрік қағанаты, кейін ұйғыр қағанаты кезінде байырқулар күшті ел болды, 800 жылдардан кейін олардың күші әлсірей бастадыда. Қарақас тайпалары күшейіп, Байқалдың шығысы мен батысындағы тайпаларды бірлікке келтіріп ұйғырлармен үзеңгі қағысты. 840 жылы ұйғыр қағанатын құлатты, қағанатқа қарасты 145 тайпа Гансу, Бесбалық, Жетісу, Сыр бойына көшті, байырқулар мен қарақас тайпалары олардан босаған жерлерге, яғни орталық Моңғолияға көшті. Иншан тауына дейін байырқылар барды, сондықтан ол тау Барқын тау атанды. Кейін татарлар күшейіп, оларға бағынғандар барқы татар атанды.

Моңғол заманындағы барқылар

Шыңғысханның алтыншы атасы Қайду мен оның немере ағасы Начын Байқалдың шығысы «Барғұжын тоғұмға» барып мекендегені айтылады.

1209 жылы Жошы орман елдеріне жорық жасағандағы байт, тоқас, тас, төлеңгіт елдерімен ұқсас бір тайпа. «Моңғолдың құпия шежіресінде» де айтылады: 

«Шыбыр, кесдім, байыт, тұқас, теңлек, төлес, барғұт, тас, бажықыттан бергі орман ел-жұртын Жошы бағындырып, қырғыздардың түмендік, мыңдық  нояндары мен орман елінің нояндарын ертіп алып, Шыңғыс қағанға ақсұңқар, ақбозат, қара бұлғындарымен кездестірді» делінетін дерек бар (Моңғолдың құпия шежіресі).  

Моғолстан мемлекетінде керейлердің ( керейттердің) белді тайпа болғаны белгілі, сонымен қатар сол дәуірде меркіттермен барқылар туралы да деректер бар.

«Тұғылық  Темір хан Ташкент даласындағы  Ходжент өзені маңында «Чана бұлақ» деген жерде біраз аялдап, төрелері мен бектерін жиып кеңес ашады. Кеңесе келе әмірлер мынадай шешімге келеді: Керейт тайпасынан ұлы Тоқтемірді, Арқанұт (Арғын) тайпасынан Қажыбекті, қаңлы тайпасынан Қажыбекті алдыңғы сапқа жіберуді жөн деп тапты. Бұл үш әмір жарлықты екі етпей өз міндеттеріне кірісіп кетті» (29).

Бұл – Тұғылық Темір хан заманындағы оның Мәуераннахр жорығына қатысқан тайпалар жөніндегі мәліметтер. 1507-1508 жылдары Моғолстан мемлекеті ауыр апатқа ұшырады, шығыстан басып кірген ойраттар Моғолстанның шығыс жайылымдарын басып алды. Сонымен бірге Мұхаммед Шәйбани хан Ташкент маңында моғолдарды жеңіп, хандарын өлтірді, моғолдар бассыз қалып бытырай бастады. 1514 жылы Сұлтан Ахмед ханның ұлы Сайт хан 14-15 мың моғолды жинап, дулаттар билігіндегі Қашқарияға жорыққа аттанады, сол кезде оның маңына топталған рулардың ішінде барқылар мен меркіттер бар болатын.

«Ендігі бірі барқы тайпасы, олардың басы да, ақсақалы да Әміркака болатын. Жасының ұлғаюына байланысты ол шайқастарға, тартыстарға қатыса алмайтындықтан, істерді әмір Қамбарға тапсырды. Барлық кеңес істерін, шешім қабылдау жұмыстарын соған жүктеді. Осы барқы тайпасының бірнеше беделді игі жақсылары Құндыздан ханмен бірге Әнжанға барып, Әнжанда ұрыс-шайқастарда қаза тапты. Осылайша олардан ешкім қалмаған соң, әмір Қамбар әмірлікті қолына алды. Олардың бауырлары Махсұт хафиз бен Тулақ хан қызметінде, оның жанында болды, әмір Қамбардың адамдары қажы мырзадан көбірек еді... Онан соң меркіт тайпасының басшысы Күлік болды» (Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарихи Рашиди).

Көріп отырғанымыздай ежелгі байырқулар Шыңғысхан заманында барғұт, барғұ атанды. Моңғол империясы ыдырап, Арық бөке мен Құбылайдың соғысынан кейін бір ел екіге жарылды. Юань мемлекетіндегі барғылар барга деген атпен қазіргі Ішкі Моңғолияның бір хошұнына айналды. Ал Арық бөке мен Хайдуды жақтағандардың қатарындағы барғылар барқы атымен Моғолстандағы бір тайпа ретінде тарихта қалды, кейін олар туыстық һәм тектілік жағынан Орта жүздегі керейдің жәнтекей рулар одағына қосылды. Тағы бір топ барқылар қырғыздарға қосылған.

Шежіре бойынша барқылар былай тарайды: Керейден абақ, абақтан жәнтекей, жәнтекейден сүйінбай, сүйінбайдан сәменбет. Сәменбеттен: барқы, базарқұл, шақабай, түкібай, байжігіт, тәттібай. Барқыдан: сатай, бектас, жантас, күжір, құрман, мырзаш, бөгенбай...

Барқылар қазір ҚХР Тарбағатай аймағының Толы ауданына, Сауан ауданына; Санжы облысының Манас ауданына, Санжы қаласына; Үрімжі қаласына; Алтайдың Жеменей ауданына; Баркөл қазақ автономиялы ауданына қоныстанған. Тағы да Моңғолия, Қазақстан, Түркия қатарлы елдерде жасайды, ұзын саны 35 мыңнан асады.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English