«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев
Бұл күн тарих бетінде

Әуе амазонкалары: Хиуаз Доспанова

1718 0
Әуе амазонкалары: Хиуаз Доспанова
Ұлы Отан соғысындағы жеңіске Қазақстан зор үлес қосты. Қаһарман күрес тарихының жарқын беттерінің бірін қазақтың қызы Хиуаз Доспанова жазды

Хиуаз 1922 жылғы 15 мамырда Атырау облысының Ганюшкино ауылында өмірге келген. Хиуаздың жастық шағы 30-шы жылдардың аяғына тұспа-тұс келді. Жас буын үшін бұл бір романтикалық кез еді: совет адамдарының жанкештілігі, әскерилердің батылдығы, ал бәрінен бұрын советтік авиацияның батыл әрекеттері жас жүректерді сүйсіндіруші еді. Ержүрек Валерий Чкалов өз экипажымен бірге Солтүстік полюс арқылы Еуропадан Америкаға сапар шегіп теңдесі жоқ оқиға жасады. Марина Раскова Валентина Гризодубова мен Полина Осипенкомен бірге «Родина» ұшағымен алысқа ұшу бойынша әйелдер арасында әлемдік рекорд жасады. Осы ерлігі үшін ол КСРО әйелдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып Совет Одағының Батыры атағын алды. Барлық советтік жастар соларға ұқсағысы келді.

Жоғарғы сыныптарда Хиуаз да осы бір «әуе дүрлікпесіне» шалдығады. Ата-анасы да оның бастамасын қолдап, Хиуаз әуе клубында оқи бастайды. Мектеп пен аэроклубты қатар бітірген Хиуаз 1940 жылдың жазында Жуковский атындағы Әскери-әуе академиясына түспекші болады, бірақ қатаң сыннан өте алмайды. Ол көп ойланбастан Мәскеу медицина институтына өтініш береді. Мектепті «қызыл» аттестатқа бітіргендіктен, оны емтихансыз қабылдайды. Бір оқу жылы бітеді, соғыс басталады! 1941 жылдың күзінде майдандағы жағдай қиын еді, әсіресе Мәскеудің түбіндегі жағдай.

Осы кезде Хиуаз қуанышты жаңалық естиді: «түнгі мыстандар» патшайымы Марина Раскова әйелдерден тұратын әуе полкін құруға кірісіпті. 1941 жылдың 8 қазанында «Қызыл Әскердің Әскери-Әуе Күштерінің әйелдер әуе полкын құру туралы» Қорғаныс халық комиссарының №0099 бұйрығы шығады. Хиуаздың бұл мүмкіндікті жіберіп алуы мүмкін емес еді. Ол БЛКЖО ОК барып, қабылдау комиссиясында тура М.Раскованың өзінен бір-ақ шығады. Комиссияның оң шешіміне ие болған қазақ қызы осылайша өз арманына қол жеткізеді.

Хиуаз Саратов әскери-ұшу училищесінің штурмандар сыныбына қабылданады. Жау ентелеп келе жатқандықтан, оқу жылдам жүргізіледі. Болашақ ұшқыштар теорияны, Морзе әліппесін, түнгі ұшуды, бомба тастауды, парашютпен секіруді үйренеді. 1942 жылдың көктемінде емтихан тапсырып, дайындықтан өткен қыз-келіншектер экипаждар мен эскадрильяларға бөлінеді.

1942 жылдың мамырында әлемдік авиация тарихында алғаш рет түнгі уақытта әрекет етуге арналған бомбалаушы жеңіл ұшақтардың әйелдер полкі құрылады. Полк Солтүстік Кавказ, Кубань, Кырым, Украина мен Белоруссияда, Польша және Германия аспанында шайқасады. ПО-2 бомбалаушы жеңіл ұшақтарының міндеті – қарсыластың алдын ала барланған техникасы мен адам күші шоғырланған жерлерді түнгі уақытта орташа биіктіктен бомбалау болды. Хиуаздың есебінде 300-ден астам жауынгерлік ұшу бар. Алғашқы жауынгерлік ұшу алдында бәрі де қобалжиды. Ұшқыш қыздарды полктың барлық басшылығы шығарып салады. Кабинада Хиуаздың осының алдында ғана партияға қабылдау туралы өтініш жазғаны есіне түседі. Ұшқыш Хиуаз Доспанованың жеке ісінде өтініші сақталған:

«Алғашқы жауынгерлік тапсырмаға ұшып бара жатып, мені БКП (б) қатарына қабылдауды сұраймын. Егер оралмасам, коммунист деп санауды сұраймын. Х.Доспанова».

Ол оралды, барлау тапсырманың орындалғанын растап береді. Оларды құттықтап, біраз уақыт өткен соң Хиуазға партбилет табыстайды. Әр ұшқан сайын құнды тәжірибе жинақталып, жауынгерлік шеберлік өсе түседі. Эскадрилья командирі Совет Одағының Батыры Мария Чечнева өзінің «Боевые подруги мои» атты кітабында Хиуаздың жоғары кәсіби сапасын атап өтеді: «Доспанова всегда безошибочно выводила свой самолет на цель и также точно выходила на свой аэродром».  

Кавказдағы шайқас кезінде Хиуаз алғаш рет жараланады. Бір ай госпитальда жатып, бөлімге қайтып оралады. Эскадрилья ақырындап ыдырап кетеді: біреулері қаза табады, бір қыз тұтқынға түсіп, сонда қаза болады, жараланғандары тылға жіберіледі. 1943 жылдың көктемі Хиуаз Юля Пашковамен кезекті жауынгерлік тапсырмадан қайтып келе жатады. Төмендеп бара жатқан кезде басқа ұшақпен қақтығысып қалады. Хиуаз қираған ұшақ арасында есін жияды. Оны орындыққа белдікті тақпайтын жаман әдеті сақтап қалады, өйткені соқтығысқан кезде оны кабинадан лақтырып тастаған еді. Юля мен басқа экипаждың мүшелері қаза болады. Совет Одағының Батыры Раиса Аронова «Ночные ведьмы» кітабында былай деп жазады «Юля Пашкова операция үстелінде қайтыс болды, Катя Доспановада да (Хиуазды полкте осылай атайтын) тіршілік белгісі байқалмаған соң, оны да құрбысының жанына мүрдеханаға жатқызды. Кейін оның өліктерше бозармай жатқанын кездейсоқ байқап қалып, оны құтқару үшін жедел шаралар қабылданды!». Оның өмірі үшін дәрігерлер бірнеше күн мен түн күресті. Зақымдану қаупі туған кезде, дәрігерлер Хиуаздың аяғын кесу туралы мәселені көтереді. Бірақ госпитальдің бас хирургі:

«жоқ, мен бұл қызды аяғынан айыра алмаймын. Егер ол тірі қалса, олар оған сондай керек болады»,-дейді. 

Хиуаз тірі қалды. Бірнеше айдан кейін Хиуаз сапқа оралып, Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады. 1942 жылғы 26 желтоқсандағы № 03/Н бұйрыққа наградтау парағында былай жазылған: «Доспанова Хыйуаз, сержант, стрелок-бомбардир 588 ночного легкобомбардировочного авиационного полка, представляется к ордену «Красная Звезда». Доспанова летает на самолете У-2. За период боевой работы тов. Доспанова сделала 102 боевых ночных вылета, сбросив 15902 кг бомб различного калибра. Штурманское дело знает отлично, ориентируется в сложных метеоусловиях и горной местности отлично, награждена медалью «За освобождение Кавказа».  

Хиуаз Қырымды азат ету кезіндегі шайқаста ерекше көзге түседі. Сол үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады.  Әуе Армиясының 1944 жылғы 22 ақпандағы № 08/ Н бұйрығына наградтау парағында былай жазылған:

«Доспанова Хыйуаз, младший лейтенант, штурман звена 46 гвардейского ночных бомбардировщиков авиационного полка, представляется к «Красное Знамя», 1922 года рождения, казашка, в Отечественной войне с 27 мая 1942 года, ранений не имеет, в Красной армии с 10.1941 года, ранее награждена орденом «Красная Звезда» в 1942 г.».

Хиуаз соғысты екінші топтағы мүгедек болып аяқтайды. Өз естеліктерінде ол майдандас құрбыларымен әңгімелескен кездерінде соғыстан кейінгі болашақ өмірлерін талқылайтындарын, мединститутқа қайта оралулары туралы айтатындарын жазады. Бірақ ол медицинаға қайта оралмады. Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мінайдар Салин коммунист Хиуаз Доспановаға идеология жағында жұмыс істеуді ұсынады. Көп уақыт өтпей ол облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып тағайындалады. Бір жылдан кейін оны Алматыдағы Жоғары партия мектебіне жолдайды.

Алдымен оны хатшы, кейін Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындайды. Кейін оны Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты қылып сайлайды, республика Жоғарғы Кеңесінің Президиумы хатшысы ретінде ұсынылады. Хиуаз Қазақстан Компартиясы ОК аппаратында, Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет істеді. Қоғамдық-саяси қызметте Хиуаз Доспанова ұйымдастырушылық дарыны ашылып, жұмыста тік, ашық, принципшілдігімен көзге түседі. 50-шы жылдардың аяғында денсаулығы сыр бере бастағандықтан Хиуаз зейнетке шығуға мәжбүр болады.

1963 жылы Хиуаз Доспанова «Казгослитиздат»  баспасынан «Халқым үшін» атты кітабын шығарып, онда соғыстағы естеліктерімен бөліседі. Біршама уақытқа оның есімі аталмай, ұмытылып қалды. Бірақ тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін батыр әйелдер туралы еске ала басталды. Ресейде әйелдер полкінің тірі қалған ардагерлеріне Батыр атағы берілді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа бір топ депутат пен журналистер өтініш білдіреді, сөйтіп Қазақстан Республикасының Президентінің 2004 жылдың 7 желтоқсанындағы Жарлығымен Ұлы Отан соғысының майданында батыл шайқасқан Қазақстаннан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш әйел Хиуаз Доспановаға «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Жоғары атақ беру туралы Президент Жарлығынан кейін Хиуаз қоғамның, ҚР Парламенті депутаттарының, әкімдіктің назарына ілінеді. 2006 жылы Оралда соғыс қаһарманы – ұшқыш әйел туралы «Успеть сказать спасибо» деген деректі фильм түсіріледі.

Ол әрқашан өз отанының патриоты болатын. «Халық Қаһарманы» белгісін тапсырудың салтанатты жиынында, жоғары награда үшін алғысын білдіріп, «Қазақстан Республикасы жасасын!» деп толқыныспен саңқ етеді. Ұлы Отан соғысының ержүрек ұшқыш қызы 2008 жылдың 20 мамырында өмірден озды. Аты аңызға айналған ұшқыш қыздың есімі атыраудағы Спорт сарайына, Алматыдағы көшелердің біріне берілген, үйлердің бірінде ескерткіш тақта орнатылған. 2010 жылы Атырауда Хиуаз Доспанованың құрметіне ескерткіш ашылды. 2012 жылы «Эйр Астана» әуе компаниясының  Embraer 190 лайнеріне Х.Доспанованың аты берілді. 2017 жылғы мамырда Ақтөбе облыстық мәслихатының шешімімен Ақтөбе қаласындағы көшелердің біріне Хиуаз Доспанованың есімі берілді.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English