«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Алаштың туы ақ болған

2171 0
Алаштың туы ақ болған
Алаш қозғалысының саяси айқындамасы ХХ ғасырдың бірінші онжылдығында қалыптасып, екінші онжылдығында нақты саяси айқындама негізінде дамыды

Әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлы атап көрсеткендей, 1917 жылы 12 желтоқсанда жарияланған Алаш автономиясының рәміздері ертеден ойластырылған [1]. Оның ең басты дәлелі – 1911 жылы Санкт-Петербург қаласында Әлихан Бөкейхан нұсқаулығымен Алаш арысы Барлыбек Сырттанұлының «Қазақ елінің уставы» құжаты айқындайды. Алайда, Алаш қозғалысының саяси айқындамасына жағдайға байланысты үнемі өзгерістер енгізіліп отырған. Оған Алаш автономиясының мемлекеттік рәміздері, оның ішінде туы қабылдану тарихы да дәлелдейді.

Оқи отырыңыз: Алаш туы қандай болды?

Алаш автономиясының ресми туы «Алаш» партиясының Семей облыстық комитетінің ашылуына байланысты ұйымдастырылған салтанатты жиында қабылданды. Оны әдеби шығарма болса да, тарихи негізі бар, 1935 жылы жазылған «Мұрат үшін майдан» пьесасындағы мәліметтерден білуге әбден болады. Осы пьесаның бірінші көрінісінде Алаш партиясы құрылуының бір жылдығын атап өту салтанатында жиынның жүргізушісі Халел Ғаббасовтың мына сөздері растайды: «Құрметті әскер басы төрелер, ақсүйек офицерлер, ардақты халқым, елім, қаны бірге қазағым! Қазақ елі өз алдына Алаш атты партиясын құрып, Абылайдың ақ туын қолға алғалы, міне, бір жыл толды» [2].

Алаш қозғалысы тарихын қарастырсақ, Алаш автономиясының ақ түсті туының қолдануы туралы үш тарихи дәйек кездеседі. Біріншісі, осы айтып отырған «Алаш» партиясы Семей облыстық комитетінің ашылуы салтанатында. Екіншісі, Семейде Алаш атты полкінің, яғни Алаш әскерінің құрылуы шеруінде. Үшіншісі,  Алаш Орда әскерінің совет үкіметі жағына шығуының ресми салтанатты іс-шарасының жоспарында айтылады.  Бірінші оқиғаның 1917 жылы қазан айында болғаны белгілі. 1917 жылы 21 қазан күні Әлихан Бөкейхан бұрынғы Семей губернаторының мекемесі – «Бостандық үйіне» келеді [3]. 22 қазан күні Әлихан Семейдің екінші жағалауына өтіп, «Алаш» қаласына келеді. Осы күнгі ресми салтанатты шараның барысын С. Торайғыров «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 13 қарашада шыққан санында толыққанды жазып береді. С. Торайғыров мақаласында ту туралы мынадай бірқатар маңызды ақпараттар береді:

Біріншіден, «Алдыңғы ретте көңілі өсіңкі аттылар қолында «Күнім туды. Күн астында мен де... мен де...» деп көкке қарап көкірегін керген Алаш туы көзге бұрын түсуші еді» дей келе, басқа да әр түрлі тулардың қолдарына ұстағанын хабарлаған. Алайда, мына ақпаратқа ерекше назар аударудың ең басты мәні – бұл кейінгі аталған қатардағы салтанаттық тулар емес, аттылардың қолында Алаш туы деп жазылуы.

Екіншіден, «Міне, қайықтағы автомобил Алаш туының астында Әлиханын тосқан халық ішіне кірді» деп жазады. Бұл Әлиханның автомобилінде ту болғандығын көрсетеді [4]. Салтанатты жиынның ресми сипатын «Алаш» гимні деп жарияланған жырмен аяқтауы айқындайды [4]. Осы ақпараттарды негізге ала отырып, 1917 жылдың 22 қазан күнін Алаш автономиясының мемлекеттік рәміздері қабылданған күн деп белгілеуге болады.

Екінші оқиға 1918 жылы 19 маусым күні болды. К. Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» атты еңбегінде 1918 жылы 26 мамырда Алаш қайраткерлері большевиктердің автономия туралы сиезіне қатысқанын айта келе, большевиктер автономияны феодалдық мешеулік пен сарқыншақтықтың белгісі ретінде қарастыратынын мәлімдегендіктен, қазақ сиезін ұйымдастырушы облыстық кеңес мүшелері Х. Ғаббасов, Ә. Ермеков, Оразалиндердің ешбір ескертпестен жасырын түрде сиезден кетіп қалғандығын» жазады [5]. Осы жағдайға байланысты Семейде орналасқан Алаш Орда үкіметі мүшелері қырға көшіп кетеді. Семейде большевиктік билік құлағаннан кейін, яғни 1918 жылдың маусым айының 11-де Ә. Бөкейхан қырдан қарулы жасақпен қалаға келу туралы шешім қабылдайды [5, 199-б.]. Алайда, шешім 1918 жылдың 5/18 маусым күні жүзеге асырылды. Осы күні Әлихан Бөкейхан басшылығындағы 300 сарбаз бен 35 орыс офицер-инструктор және Алашорда үкіметі Семейге қайтып оралады [6].

Келесі күні, яғни 1918 жылдың 6/19 маусымы күні кешкі сағат 6-да Николь шіркеуі алаңында қазақ әскерін қарсы алу салтанатты шарасы ұйымдастырылады. Полк штабы басқарушысының көмекшісі Папин, капитан-адъютант Виноградов, Уақытша Сібір Үкіметінің өкілі Давыдов құттықтап сөз сөйлейді. Қарсы алу салтанатына танымал ұлт қайраткері Ә. Бөкейхан келеді. Оның құрметіне орай полковник Тоқтамысовтың бұйрығымен салтаттылар «Алла» деп ұран салады. Осы салтанатты ресми шарада «Ақ түсті туларда қырғыз (қазақ) тілінде «Жалпыресейлік және Сібірлік Құрылтай жиналыстары жасасын», «Отанның адал ұлдары жасасын» деген ұрандар кестеленген» деп жазды Н. Коншин «Сібір сөзі» газетінде [7]. Жоғарыдағы екі оқиғаның Алаш Орданың кіндік қаласында, негізгі орталығында орын алғанын ескерсек, бұл Алаштың барлық аймақтарына сай ортақ ту болғанын көрсетеді.

Үшінші оқиғаны қарастыратын болсақ, ол 1919 жылдың желтоқсан айындағы оқиғалар барысында жазылған іс-құжаттарда тіркелген. 1919 жылы 16 желтоқсанда Ойыл гарнизонына Сейсенғали Шектібаев 3 зеңбірек, 10 оқшашармен қаруланған 300-ден астам Алаш әскерін бастап келіп, қызыл әскер жағына шығу туралы ниеттерін айтады [8]. Әскери төңкеріс комитеті Алаш Ордамен келіссөз жүргізу үшін Нысанғали Бегімбетовты тағайындайды [8, 201-б.]. Екі тараптың арасында келіссөздер жүргізіледі. Келіссөздер барысында жазылған хаттардың бірінде, Алаш Орданың батыс басшылығы Қызыл әскер басқармасына ақтарға қарсы қозғалысы мен кеңес әскерлерімен кездесуі туралы хат жолдайды. Хатта: Біздің пікірімізше, екі әскердің қосылу рәсімін былайша жүргізген дұрыс: Зиялылар ақ тумен өз әскерінің алдында сіздердің әскерлеріңізге қарай жүреді, ол (әскер автор) біздің артымызда өзінің ағаштың жоғары жағында [...] жарты ай бейнеленген туымен жүріп отырады. Біздің әскеріміз қарама-қарсы келіп белгілі бір қашықтықта тоқтайды. Біздің және Сіздің басшыларымыз әскерден алдыға шығып, бір-бірін қарсы алады [8, 205-б.].

Осы ақпараттарды назарға ала келе, Алаш Автономиясының туы ақ болды деген қорытындыға келеміз.

 

Ержан ӨМІРХАНҰЛЫ, тарих магистрі, алаштанушы

 

Әдебиеттер:

1. Аққұлы Сұлтан Хан Алаш туы қандай болды? // Қазақстан тарихы порталы. (13.06.2019)

2. Әдебиеттегі Әлихан Бөкейхан бейнесі. Әдеби шығармалар. 1-кітап. Құрастырған, алғысөзін және түсініктерін жазған С.Б. Жұмағұл. – Қарағанды: Тенгри баспасы, 2017. – 95 б.

3. Әлиханның Семейге келуі / «Сарыарқа» газеті, 1917, 30 қазан, №18 // «Сарыарқа» газеті. 1917 жыл / Құраст. Проф. Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2017. – 240 б.

4. Әлиханның Семейге келуі / «Сарыарқа» газеті, 1917, 13 қараша, №28 // «Сарыарқа» газеті. 1917 жыл / Құраст. Проф. Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2017. – 273 б.

5. Нұрпейісұлы К. Алаш ақиқаты. – Алматы: «Ан арыс» баспасы, 2010. – 179-180 бб.

6. ШҚО ҚЗТҚО, Сибирская речь, 1918, 19 (6) июня, №162

7. ШҚО ҚЗТҚО, Сибирская речь, 1918, 22 (9) июня, №165

8. Россия и Центральная Азия. 1905-1925 гг. Сборник документов. / Авт. Д.А. Аманжолова (Предисл. В.Ю. Зорина, Д. А. Аманжоловой). – Караганды: Изд-во КарГУ, 2005. – 191 б.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English