«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Елбасы мақаласы төзімділік пен игілікті іске шақырады

3405 0
Елбасы мақаласы төзімділік пен игілікті іске шақырады

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіргенін және қазіргі таңда дүние жүзі бойынша 1,4 миллионнан астам адам осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылғандығын, сондықтан әлем мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе дауа іздеп, бүгінгі заманның бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым-білімінің жетістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұмылдыруы керек екендігін айтты.

Елбасының пікірінше,  қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ. «Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезді ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал», - дейді Н.Ә.Назарбаев.

Мақалада айтылғандай, қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді. Егер Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді. Кезінде соның бәрін таратып берейік дегендер де болған, бірақ өмір біз қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көрсетті дейді Елбасы.

Осыған орай, Мемлекет басшысы Қ.-Ж.Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мағлұмат берген болатын. Мемлекет тарапынан осы міндеттерді орындау барысында осы күндері нақты істер тындырылуда. Қазіргі қиын уақытта, әсіресе, медицина қызметкерлері мен құқық қорғау органдары кәсіби біліктілігін көрсетіп жатыр. Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, пандемия қалай өрбіп, өршігені бақыланды. Соның нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол берілмей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте Қазақстан халқын сабырға, байсалдылыққа шақырды. Пандемияға қарсы мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілгендігі туралы мәлімдеді. Мақалада «әбігерге салған пандемия бүкіл әлемде экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұнайдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тыйылды. Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр» деп сипаттайды. Осыған байланысты аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдерін және кәсіпкерлерді, бүкіл халықты ынтымаққа, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен тығыз байланысты. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды деген сенімін білдіріп, Елбасы Қазақстан халқын береке-бірлікке, бір-біріне қолдау көрсетуге шақырды.  

Жоғарыда баяндалған маңызды міндеттердің барлығы қазіргі қиын-қыстау кезеңінде мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтауға, республика халқының,  бірлігін нығайтуға,  әлеуметтік-тұрмыс жағдайын, денсаулығын, тіршілік сапасы мен деңгейін, білім мен ғылымға деген құштарлығын арттыра түсуге бағытталғанын жан-жақты ашып көрсетеді.

Елбасының бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен сәтте Қазақстан халқына арнаған ерекше маңызды үндеуін бірауыздан қолдай отырып, біз аға ұрпақ - зиялы қауым өкілдері, оның мән-мағынасын барша жұртшылыққа, алдымен өскелең ұрпаққа жеткізіп, оларды ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға шақыруға міндеттіміз деп айтқым келеді. Осы жолда Алла Тағала бізді бірлігіміз бен тірлігімізден  айырмасын!

ТАЛҒАТБЕК ӘМИНОВ

 Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English