«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Елбасы Қазақстан халқына үндеу жариялады

749 0
Елбасы Қазақстан халқына үндеу жариялады
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына ҮНДЕУІ

Қымбатты отандастар!

 Бүгінде бәріміз коро­на­ви­рустың жаһандық пандемияға ұласқанына куә болып отырмыз.

Қазір вирус жер шарындағы 155-тен астам мемлекеттің, соның ішінде Қазақстанның да аумағына таралуда.

Індеттің географиялық өрісі үздіксіз кеңейіп, құрбандарының саны да өсіп келеді.

Бұл жағдайды халықаралық экономикалық дағдарыс – ши­кі­зат, валюта және қаржы нарық­та­рының құлдырауы ушықтыра түсуде.

Мұның бәрі біздің елді де айналып өтпейтіні анық.

Басқаша айтқанда, біз қазір «дүлей дауыл» деп сипаттауға болатын үлкен қауіп-қатер алдында тұрмыз.

Шешу жолдарын табу тұрғы­сынан күрделі болып отырған қазіргі ахуал бір жағынан 1990-шы жыл­дар­дың басындағы жағ­дайға ұқ­сайды.

Ол кезде біз шын мәнінде өте қиын жағдайда болған едік.

Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұ­ғыл шараларды қолдауға шақы­ра­мын.

Ел билігі коронавирустан қор­ғану үшін оның алдын алуға ба­ғытталған кешенді шаралар қа­былдады.

Бұл ретте төтенше жағ­дай­дың жариялануы – маңызды және қажетті қадам.

Ондағы мақсат – біздің азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесін қорғау.

Қазір коронавирус инфек­ция­сының залалын азайту және экономиканы тұрақ­тан­дыру жөніндегі арнаулы штаб жұмыс істеп жатыр.

Азық-түлік пен ең қажетті тауар­лардың, медициналық мақ­сатқа арналған заттардың тап­шы­лығына жол бермеу үшін барлық жағдай жасалуда.

Мемлекеттің әлеуметтік мін­дет­темелерінің бәрі де орындалуда.

Ел­дегі құқықтық тәртіп қамта­масыз етіліп отыр.

Отандық кәсіпкерлерге, ша­ғын және орта бизнеске жан-жақ­ты қолдау көрсетіліп жатыр.

Жұмыс орындарын сақтауға барынша күш салынуда.

Мемлекеттік деңгейде қа­был­данып жатқан шаралар  қа­зір­гі қиын ахуалға сай дер кезінде қолға алынды.

Мен мұны толық қол­дай­мын!

Сонымен қатар қазіргі дағ­да­рыс ұзағырақ уақытқа созылар болса, Үкімет оған қарсы шаралар әзірлеуге тиіс.

Ондай жағдайда елімізді
жә­не азаматтарымызды қатаң үнем­шілдікке, кешенді орнықты даму бағ­дарына шығуға дайындау ке­рек.

 

Құрметті қазақстандықтар!

 

Дана халқымызда «Кеме­де­гінің жаны бір» деген ұлағатты сөз барын білесіздер.

Осынау сын сағатта ортақ іс­тен ешкім де сырт қалмауға тиіс.

Біріншіден, Үкімет бюджет саласы қызметкерлерінің, сту­денттердің, шағын және орта бизнестің ауыртпалығын жеңіл­дету бағытындағы нақты қадам­дарын жария етті.

Бірақ тек қана мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз болады.

Зауалды еңсеру үшін басқа да қосымша ресурстарды жұмыл­дырған жөн.

Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс.

Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адам­дар­дың қаражаты жинақта­латын Республикалық қор құ­руды ұсынамын.

Осындай жағдайда бұрын­ғыша отандық ірі кәсіпорындар да қолдауын көрсетеді деп се­немін.

Ондай қорларды әрбір облыс орталығында және рес­публикалық маңызы бар қала­ларда құру қажет.

Ол жұмысты тиісінше сол жер­лердің әкімдері жүзеге асырғаны дұрыс.

Бүкіл халық, қалың ел, жал­пақ жұрт болып жұмылудың жар­қын үлгісі мен тиімділігін біз Арыс қаласын апаттан кейін жедел қалпына келтірген кезде көрсеткен едік.

Екіншіден, мен қазірдің өзінде ұлттық бизнес өкіл­дері­нің ел-жұртқа көрсетіп жатқан кө­мегі үшін ризашылығымды біл­діремін.

Мұндай мәрттік жалғасын тауып, оған қосылатын бизнес өкіл­де­рінің саны көбейе түседі деген үміттемін.

Компания иелері өзде­рінің қол астында еңбек етіп жүр­ген жан­дарға қаржылай да, мо­ральдық тұр­ғыдан да жәрдем­деседі деп се­немін.

Мәселен, уақытша демалысқа жіберуге мәжбүр болған жағдайда еңбеккерлерді ақылы түрде  босат­қан немесе қысқартылған жұмыс кестесіне көшкен абзал.

Отандық бизнес өкілдерін жалдамалы қызметкерлерді жұ­мыстан шығармауға ша­қы­рамын.

Сіздер жұмыс орындарын сақ­тау арқылы қоғамға қамқор­лық­тарыңызды көрсетесіздер.

Еліміздің кен өндірісі мен шикі­зат ресурстарын өңдеу және өнер­кәсіп саласындағы ірі инвес­торлар да Үкіметпен, әкімдік­термен бірлесе отырып, өздері жұмыс істеп жатқан өңірлердің тұр­ғындарына қолдау көрсетуі тиіс.

Қиындықта қол ұшын беру – игі дәстүр, халқымыздың қанында бар, бойымызға сіңген асыл қа­сиет.

Үшіншіден, қазіргі уақытта ең әуелі аса мұқтаж жандарға кө­мек көрсету керек.

Менің тапсырмаммен
Nur Otan партиясының жобалары аясында 150 миллион теңге бө­лінді.

Бұл қаражат карантин жа­рияланған Нұр-Сұлтан және Ал­маты қалаларындағы әлеу­мет­тік жағдайы төмен азаматтарға атау­лы көмек көрсетуге жұм­салады.

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін ме­нің шешіміммен Тұңғыш Пре­зи­дент Қоры есебінен тағы 200 мил­лион теңге бөлінді.

Жалпы, коронавирусқа қарсы күреске арналған қаражаттың дұ­рыс жұмсалуын Nur Otan партиясы бақылауында ұстайды деп ойлаймын.

Төртіншіден, үлкен кісі­лерді, балалар үйі  тәрбие­ле­ну­шілері мен арнаулы ауру­ха­­на­лар­дағы науқастарды қа­жет­ті зат­тар­мен үзбей қамта­ма­сыз етуге баса көңіл бөлген жөн.

Еліміздің көмекке мұқтаж әр­бір азаматына қамқорлық көр­се­тілуге тиіс.

Қазақстандықтар қиын ке­зең­­дерде әрдайым бір-біріне жәр­демдескен.

Бұл іске еріктілер қозға­лы­сының өкілдері де атсалысады  деп сенемін.

Бесіншіден, біз пандемия­мен күрестің «алдыңғы ше­бінде» жүрген дәрігерлер мен мед­бикелерді, құқық қорғау ор­гандары мен әскери қызмет­кер­лерді қолдауымыз керек.

Олардың иығына ауыр жүк түсіп, зор жауапкершілік артылып отыр.

Жұртшылықтың оларға кө­мек­тесіп, түсіністік танытуға және барлық нұсқауын жауап­кер­ші­лік­пен орындауға тырысқаны жөн.

 

Қадірлі отандастар!

 

Біздің бірлігіміз – қазіргі қиындықты еңсерудің кепілі.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұдан да күрделі кезеңдерді бастан өткердік.

Барлық ауыртпалықты жеңіп, әрдайым ортақ Отанымыздың гүл­денуі жолында еңбек етіп келе­міз.

Осы жолғы сынақты да ел болып еңсереміз деп сенемін.

Қазақстанның жолы қиын­дық­сыз болмайтынын мен тәуел­сіздіктің бастапқы кезінде-ақ білгенмін.

Бұл ретте тарих пен уақыт біздің жоспарымызға өзгерістерін енгізетінін ескерген едім.

Жайма шуақ кездердің өзінде де біз алдымыздан шығуы мүмкін сын-қатерлерге дайындалып, алмағайып уақыттарда қажет болатын резерв қалыптастырдық.

Жинақталған алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор қаражаты әрдайым біздің қабылдаған шараларымыз бен жалпыұлттық экономиканы қолдауға септігін тигізді.

Қазір осы күрделі ахуалдан шығу үшін Қазақстанда барлық қажетті ресурс бар, қор да жеткілікті.

Бұл – біздің «Алдымен эко­но­мика, сосын саясат» қағи­да­тына негізделген бағыт-бағ­да­ры­мыздың нақты нәтижесінің бірі.

Жаңадан мемлекет құру оңай емес, ал оны сын-қатерден қорғау және тәуелсіздікті сақтап қалу одан да қиын.

Бізде тәжірибе де, нақты іс-әрекет алгоритмі де бар. 

Мен ұлтты ұйыстырудың, бір­лік пен қоғамдағы келісімнің ма­ңыз­дылығын үнемі айтып келе­мін.

Тұтастығымызды тағы бір рет дәлелдейтін күн туды.

Еліміздің барлық азаматтарын төзімділік танытуға, мемлекет қабылдап жатқан шараларды қолдауға шақырамын.

Бірлік барда алынбайтын асу жоқ.

Келе жатқан Наурыз мейрамы – біздің бірлігіміздің нышаны.

Шуақты мереке қарсаңында әрбір шаңыраққа шаттық пен игілік тілеймін!

Барлық ауыртпалық бізді айналып өткей.

Қазақстан бұл қиындықты да еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басады деп нық сенемін.

Біз біргеміз!

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English