«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен қазақтар

15466 0
Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен қазақтар

Немістердің күтпеген жерден шабуыл жасауы, қарсыласу ұйымдарының жаппай жарамсыз болып қалулары, қару-жарақтың нашарлығы және басқа да себептер салдарынан жүз мыңдаған совет жауынгерлері мен офицерлері неміс тұтқынына түсті. Неміс тұтқынына түскен совет сарбаздарының ішінде қазақтар да болды. Олардың тағдырын білу, аты-жөндерін жаңғырту – бұл да болсын біздің Жеңіске қосқан үлесіміз. Qazaqstan Tarihy порталы фашист басқыншыларымен күресіп, тұтқынға түскен қазақтар және олардың кейінгі тағдыры туралы әңгіме қозғамақшы 

Жалпы Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында Совет Одағынан майданға 35 миллионға жуық сарбаз шақырылып, олардың 7 миллионға жуығы неміс тұтқынына түскен. Оған түрлі жағдай себеп болды. Басты себептер ретінде тарихшылар Қызыл Армия бөлімдерінің ірі топтарына іріткі салыну, Азамат соғысы жылдарында офицерлер корпусының эмиграцияға кетулері, 1937-1938 жж Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясындағы сталиндік репрессиялар деп атайды. Бұдан басқа, қызыл террор саясаты, ұжымдастыру мен советтік басшылық басшылық репрессиялары үшін жауға қарулы қарсылық көрсетуден бас тартқандар да болды. Соғыстың алғашқы күндерінде саналы басшылықтың болмауынан, қару-жарақтың жетіспеушілігінен, неміс әскерлерінің көптігінен қарсыласуға деген мүмкіндіктерін жылдам-ақ жоғалтты. Бұл Үшінші Рейхқа жекелеген полк, дивизия мен корпус тұрмақ, тұтастай армияларды қоршауға алуға тамаша мүмкіндік жасады. Оның үстіне гитлершілердің жылдам шабуылы Қызыл Армияны ұйымдасқан түрде шегіну мүмкіндігінен айырды. Бұндай жағдайда жау қорғанысты ұстап тұрған бөлімдерді айналып өтіп, ту сыртынан келіп қоршап алып жатты. Бұндай тактика «Котел» (Қоршау) деген атқа ие болды. Мысалы, 1941 жылғы шілдеден қыркүйекке дейінгі кезеңде Киев қоршауында 65 мыңға жуық адам қаза тауып, 160 мың сарбаз жараланып, 350 мыңға жуық адам тұтқынға түскен. Сол кезде Киев үшін шайқаста неміс жағы 120 мыңнан сәл асатын әскерін жоғалтқан. Осындай жағдай Умань үшін шайқаста (103 адам тұтқынға түскен), Вязьма операциясында (335 мың сарбаз), Демьян шабуыл операциясында (245 мың сарбаз) орын алған. Осы кезде, 1941 жылғы 16 тамызда, Совет басшылығы «Қорқақтық пен тұтқынға берілу жағдайлары мен осындай әрекеттердің алдын алу туралы» деген бұйрық шығарды. Ол үш тармақтан тұрды:  

«1. Ұрыс кезінде өзінің айырым белгілерін сыпырып тастап тылға қашқан немесе жауға тұтқынға берілген командирлер мен саяси қызметкерлер қаскөй дезертир деп саналып, олардың отбасылары антын бұзып, Отанын сатқан дезертирлердің отбасы ретінде тұтқындауға жатқызылсын. Барлық жоғары тұрған командирлер мен комиссарлар басшылық құрамнан шыққан осындай дезертирлерді сол жерде атып тастауға міндеттелсін. 2. Жау қоршауына түскен бөлімдер мен бөлімшелер соңғы мүмкіндікке дейін аянбай соғыссын, материалдық бөлікті сақтасын... өз әскерлеріне қосылу үшін соңғы мүмкіндік қалғанға дейін шайқассын, бастық немесе қызыләскерлердің бір бөлігі жауға қарсылық ұйымдастырудың орнына тұтқынға берілуді таңдаса, олар барлық құралдармен - жерүсті қарулары сияқты әуе қарулары арқылы да жойылсын, тұтқынға берілген қызыләскерлердің отбасылары мемлекеттік жәрдемақы мен көмектен айырылсын.

3. Дивизия командирлері мен комиссарлары шайқас кезінде бұқпантайлап, тығылып қалған батальон мен полк командирлерін лауазымдарынан сол жерде түсіріп, лауазымдарын төмендетуге,... қатардағы жауынгерге дейін төмендетуге, қажет болған жағдайда сол жерде атып тастауға, олардың орнына төменгі басшылық құрам немесе ерекше көзге түскен қызыләскерлер қатарынан батыл да ержүрек адамдарды ұсынуға міндеттелсін».

Бұл кезге дейін миллионға жуық совет сарбазы мен офицері тұтқынға түскен еді. Бұйрық шыққаннан кейін де жағдай өзгере қойған жоқ. 1941 жылдың қарашасына қарай тұтқынға түскендер саны 4 миллионға адамға дейін жетті. Солардың ішінде 400 мыңы ортаазиядан шыққандар, атап айтқанда – қазақтар, өзбектер, қырғыздар, тәжіктер мен түркмендер болды деп санайды зерттеушілер. 1942 жылдың қаңтарына дейін Үшінші Рейхтың әскері ССРО аумағына ентелей енумен болды. Алайда, 1942 жылдың көктемінде немістердің «Барбаросса» жоспарының күл-талқаны шығады.

12 мамырда Харьков түбінде Қызыл Армия шабуылға шығады, ал екі аптадан кейін немістер контршабуылға шығып, бірнеше совет армиясы қоршауда қалады. Бұл Харьков шайқасы тарихта Қызыл Армияның ең ірі жеңілісі ретінде қалды. Бұл қырғынның нәтижесінде Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс майдандары әлсіреп, немістер Кавказға шығу мүмкіндігін алып, Сталинградқа барар жол ашылды. Харьков түбінде тұтқынға түскен 240 мың солдат пен офицерлердің ішінде қазақстандықтар да болды, соның бірі 106 атты әскер дивизиясының ерекше бөлім бастығының орынбасары Уәли Өтебаев еді.

Уәли Өтебаев отандық мұнай өнеркәсібінің атасы Сафи Өтебаевтың інісі. У.Өтебаев 1913 жылы Гурьев облысының Қарабау ауылында дүниеге келген, Гурьев тау-мұнай техникумын алғаш бітірген 22 бітірушінің қатарында болған. 1939 жылы ол БКП (б) қатарына мүшелікке қабылданып, Әзірбайжан ССР-іне НКВД-ның жедел уәкілі болып тағайындалады. 1939 жылдың тамызынан 1940 жылдың ақпанына дейін Мәскеуде НКВД жоғары мектебінің тыңдаушысы болады. 1941 жылдың сәуірінде Уәли Түркмен ССР-де НКВД-ның 2-ші бөлімінің бастығы болып қызмет етеді, ал қыркүйекте ол Мешхедке (Иран) жолданады. Өйткені, фашистік Германияның одақтасы болған Түркияның ықтимал шабуылынан ССРО-ның оңтүстік шекарасын қорғау мақсатында Иранда совет әскерлері тұрған еді. Отбасы мұрағатында Уәлидің 1941 жылдың қыркүйегінде Ираннан жазған хаты сақталған, онда былай делінген: «Елімізге мұнай керек, сондықтан да фашист басқыншыларын талқандауға көмектесетін, біздің жауынгерлеріміз жүргізетін ұрыс машиналарына қанша қажет болса, сонша мұнай өндіріңіздер»

Ираннан оны шақыртып алып, 106 дивизияның 288-ші атты әскер полкі құрылып жатқан Семейге жіберіледі. Ол жерде ол ерекше бөлім бастығының орынбасары болады. Уәли Өтебаевтың лауазымы әскер жаргонында «Особист» деп аталатын. Егер соғыс жылдарында комиссарлар мен саяси басшылар қызыләскерлердің ерлік жасауына қозғау салып отырса, особистер дезертирлер мен сатқындарды жазалаған. Сондықтан да олардың өздерінің қорқақтық танытуға құқығы болған жоқ. Шетелдік зерттеушілердің деректері бойынша соғыстың бірінші айларында тұтқынға түскендердің 25% осы айлар ішінде жарақаттан, аурудан, суықтан, аштықтан, немістер тарапынан болған қорлықтардан қайтыс болды.

Уәли Өтебаев басқа да қазақстандық кавалеристермен бірге 1942 жылдың ортасында Харьков түбінде тұтқынға түседі. Кейін, осы оқиғалардың куәгері, өзі де тұтқында болған, бірақ аман қалған Жолдас Наурызбеков мынадай әңгіме айтқан:

«Лагерьде 1000-ға жуық адам болдық. Өтебаев Уәлимен таныстым, ол бірде маған былай деді: «Біз совет әскерлері жағына өтуге топ ұйымдастырып жатырмыз, біз екеуміз жерлеспіз, сен құпия құжаттарды сақтайсың. Сені ешкім танымайтын басқа казармаға өт, ешкіммен сөйлеспе, ешкіммен таныспа, сақтық керек, басты міндет – құжаттарды сақтап қалу».

Ж.Наурызбековтың сөзі бойынша бұл топқа жеті адам кірген (майор Мусин, қарағандылық Сәдуақас, қостанайлық Бағытжан және екі алматылық), солардың бірі сатқындық жасаған. Ж.Наурызбековтың қатысы туралы Уәли ғана білгендіктен, ол жазадан тыс қалған, ал қалғаны бәрі өлтірілген. Әрине, Уәли Өтебаевтың өлімі туралы хабар тек соғыс біткен соң ғана белгілі болды, оған дейін ол із-түзсіз кеткендер қатарында есептеліп келген. Немістердің әскери басшылығы ортаазиялық әскери тұтқындардан «Түркістан легионын» құрып, оларды әскери күш ретінде пайдалануды жоспарлаған. Бұл легионды басқару жөніндегі жұмысты сол замандағы белгілі қайраткер, қазақ Мұстафа Шоқайға жүктеу жоспарланды. Соңғы шешім қабылдау алдында Шоқай тұтқынға түскен жерлестерінің неміс тұтқынындағы жай-күйімен таныстыруды талап етеді. Тұтқындардың жағдайын көрген ол қатты күйзеледі. Кейін жазбаларында ол былай деп жазады: «Сталин мен Гитлер – екеуі де жауыздар». Жерлестерінің жай-күйін қалай да болсын жеңілдету мақсатында ол неміс басшылығына ымыра ұсынады. Біріншіден ол болашақ Түркістан мемлекеті үшін Германияның оқу орындарында кадрларды даярлауды, екіншіден – тұтқын түркістандықтардан құралған әскери құрамалар тек Түркістанда ғана қолданылатын болсын деген талаптар қояды. Неміс басшылығы Мұстафа Шоқайдың қандай саяси салмаққа ие екенін түсінетін. Олар үшін ол большевизммен келіспес күрескер және совет үкіметінің жауы болатын. Алайда, М.Шоқай қойған талаптарды орындау туралы неміс басшылығы тіпті ойланған да жоқ. Қалай болғанда да, Түркістан легионы жұмыс істей бастады. легионды М.Шоқайдың үзеңгілесі Вали Каюм хан басқарды. Оның бастауымен Түркістан легионы Қызыл Армияға қарсы Шығыс майданға аттанады, алайда, позицияға жетісімен түркістандықтар кез-келген оңтайлы сәтте майдан шебінен өтіп кетуге тырысқан. Дай бірнеше жағдайдан кейін Түркістан легионын белсенді ұрыстық әрекеттерге қолдану тоқтатылады да, олар тыл жұмыстарына, объектілерді, теміржолды, көпірлерді, қоймаларды күзетуге пайдаланылады. 1942 жылдың жазында осындай тұтқындар қатарына Нұрқан Сейітов те түседі. 

Нұрқан Сейітов 1904 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. 9 жасында тұл жетім болып қалған ол, батырақ болуға мәжбүр болады. 1924 жылы Н.Сейітов БЛКЖО қатарына қабылданып, сол жылы Түркістандағы басмашылар құрамаларын талқандауға қатысады. 1930 жылға қарай Нұрқан кадрлық офицер, взвод командирі, кейін 81-ші атты әскер полкінің эскадрон командирі болады. 1940 жылы жас офицер Нұрқан Сейітов Қазақ ССР жеңіл өнеркәсібінің халық комиссары лауазымына тағайындалады. Бір жылдан кейін тәжірибелі кавалерист ретінде нарком 106-шы ақмолалық атты әскер дивизиясын құруға қатысады. Тылда қалуға мүмкіндігі бола тұра нарком 1942 жылы алғы шепке аттануға ниет білдіріп, У.Өтебаев сияқты Харьков қоршауына түседі. Дивизия комиссары ретінде Нұрқан Сейітов соңына дейін жерлестерімен бірге болып, тұтқынға түседі. Тұтқында офицердің алдында екі таңдау тұрды: Түркістан легионы қатарында немістер жағында соғысу немесе өлім. Алайда, оны атып үлгермеді. Германия жеңілгеннен кейін Нұрқан Сейітов одақтастар басып алған аумақта қалады. Совет Одағымен жасалған келісім бойынша тұтқындар Қызыл Армияға беріледі, ал екі жылдан кейін Алматыда Нұрқан Сейтовты сатқын ретінде соттайды да, өлім жазасына кеседі. Алайда, кейін өлім жазасы 25 жыл еңбек лагеріне ауыстырылады. Аплты жылдан кейін 106-шы дивизияның комиссары Магаданда қайтыс болады. Нұрқанмен бірге соғысқа әйелінің ағасы Зейнолла Шәріпов те аттанады. Красноградтық жергілікті тұрғындардың айтуынша, тұтқынға түскен совет жауынгерлерінің ішінен біреуін жергілікті бір әйел немістерден сатып алады. Бұл тұтқын – Зейнолла Шәріпов болатын. Кейін Харьков босатылғаннан кейін З.Шәріпов шайқасуын жалғастыра береді. Жауынгерлік наградалар марапатталады, бірақ, өкінішке орай, Одесса түбінде қаза табады. Егер тірі қалғанда, оның әрі қарайғы өмірінің қалай болары белгісіз, өйткені Жеңістен кейін тұтқыннан қашқан немесе одақтастармен босатылған 600 мыңға жуық қызыләскер Сібірге каторгалық жұмысқа айдалған еді.  Сөзімізді қазақтың «Өлі риза болмай, тірі байымас» деген мақалымен бітіргіміз келеді. Сол бір соғыста тірі қалып, Жеңіске қол жеткізгендерді ғана емес, сол Жеңіс үшін жанын пида еткендердің де есімін есте ұстау біздің парызымыз.

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English