«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Әбілхайыр ханның ұрпақтары

2889 0
Әбілхайыр ханның ұрпақтары
Ресми деректерге сәйкес, Әбілқайыр ханның жеті ұлы мен үш қызы болған

Ол өлгеннен кейін (ұлдарынан басқа) тоғыз немересі мен бес шөбересі хан тағында отырған, тағы екеуі аз уақыт Хиуа хандары болған.

Әбілқайыр өлгеннен кейін екі жарым ғасыр бойы оның ұрпақтары мемлекеттік және қоғамдық өмірінде маңызды рөл атқарған, алайда, есімдері әлі күнге дейін белгісіз болып қалып отырғандары да бар. Qazaqstan Tarihy порталы Кіші жүздің тұңғыш ханының аты беймәлім ұрпақтары туралы айтпақшы

Ресми деректерге сәйкес, Әбілқайыр ханның жеті ұлы мен үш қызы болған. Бес баласы бәйбішесі Бопай ханымнан, басқа екі баласы башқұрт және қалмақ әйелдерінен туған. Біреулері хан болса, екіншілері сұлтан дәрежесін місе тұтқан. Әбілқайыр ханнан кейін оның тоғыз немересі (Бөлекей, Бөкей, Есім, Жантөре, Қаратай, Пірәлі, Темір, Серғазы және Шығай)  мен бес шөбересі (Жәңгір, Қайыпқали, Қасым, Маты және Сауқым) хан атанған. Екі немересі – Бөлекей мен Ағын сұлтандар Хиуа хандары болған. Әбілқайырдың шөбересі Жәңгір-Керей хан (1801-1845) еуропалық білім алғаны, араб, парсы, орыс және біршама неміс тілдерін білгені, еуропалық үлгідегі білім алғаны белгілі.

Жәңгір-Керей ханның саясаттағы салмағын сөз қылғанда, оның І Николайдың ұлықтау салтанатына шақырылғанын айта кету керек. Жәңгір-Керей ханға Бөкей ордасының хан тағы әкесінен мұраға қалады. Оның әкімшілік басқару тәсілі алдымен қызметі үшін жергілікті бастықтарға бөліп берумен шектелсе, кейіннен мүлдем сатылымға түскен. Исатай Тайманұлының көтерілісі деген атпен тарихта қалған халық көтерілісінің алғашқы жарқыншақтары басталардан біраз бұрын орда халқының үштен бірінің мүлде жерсіз қалғаны белгілі болады. Халық көтерілісін басуға қатысқан Әбілқайырдың тағы бр ұрпағы – Баймұхамед Айшуақұлы (1790-1847). Баймұхамедтің әкесі Айшуақ өмір бойына сұлтан атанып, Әбілқайыр ханның төртінші ұлы болғаннан кейін хандық таққа дәме етпеген, алайда, жағдай басқаша өрбіп, ол хан дәрежесіне көтеріледі. Баласы Баймұхамедке бұл дәреже мұраға қалмады. Ол Әбілқайырдың немересі Қаратай ханмен бірге Жоламан Тіленшіұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілісті басуға қатысады. XIX ғасырдың орта шенінде Кенесары Қасымұлына қарсы соғысып, 1847 жылы генерал-майор шенінде демалысқа шығады.

Оның ұлы Мұхамеджан Баймұхамедұлы (1811-1896) да отаршылық саясатының жақтаушысы болды. Ол Махамбет пен Исатай көтерілісін басуға қатысып, сол үшін 1839 жылы хорунжий шенін алады. Кейін Б.Айшуақұлы патша әскерінің қазақ жерін отарлауына қатысады, Маңғыстауда Ново-Петров бекінісін салуға, Ақмешіт қаласын қоршауға қатысады, Есет Көтібарұлы бастаған көтерілісті басуға, Ташкент пен Хиуаны басып алуға қатысады. Бұдан өзге, Баймұхамед Айшуақұлы III Александр мен II Николайдың патша тағына отыруына орай ұйымдастырылған іс-шараларға қатысқан.

Жәңгір-Керей ханның баласы Сақып-Керей хан (1830-1847) бар болғаны бірнеше жыл ғана Бөкей ордасын басқарған. Жәңгір-Керей хана билігінің ақырғы жылдарында үлкен ұлын тақ мұрагері ретінде көріп, 1840 жылы Сақып-Керейді Бөкей ордасының ханы етіп тағайындау туралы патшаға өтініш жазады. Император рұқсатын бергенімен, бір шарт қояды: Сақып-Керей Санкт-Петербургтегі Паж корпусындағы оқуын бітіруі керек. 1845 жылдың тамызындағы әкесінің өлімі Сақып-Керейді оқуын тоқтатып, елге оралуға мәжбүр етеді. 15 жасар бозбалаға басқару ісінде хан кеңесі көмектеседі, бірақ араға аз уақыт салып оған оқуын бітіруге  Санкт-Петербургке қайта оралу керек болады. 1847 жылдың жазында Сақып-Керей корнет шенін алып, оқуын тәмамдап, елге оралып келе жатқан бетінде жолда қайтыс болады.

Ол қайтыс болғаннан кейін Бөкей ордасында хан билігінің жойылғанын айта кету керек. Сақып-Керейдің інісі Ғұбайдолла Шыңғыс хан да (1840-1909) (суретте сол жақта) ағасының ізін ала бере, осы Паж корпусын бітіреді. Әскер түрі генералы атағын алған тұңғыш қазақ болып саналады. Әскери қызметін Ғұбайдолла корнет шенінде Лейб гвардиялық Казак полкында бастайды. Кейін Орынборға ауысып, ол жақтан полковник шенінде Ресей империясының солтүстік-батыс бөлігіне аттанады. Ғұбайдолла Шыңғыс хан 1877-1878 жж орыс-түрік соғысына қатысқан, 1878 жылы генерал-майор шенін алған. Түп-тұқиянынан бері ақсүйек, Н.Римский-Корсаковтың «Снегурочка» операсындағы осы аттас рөлді орындаушы Феодосия Велинская Ғұбайдолла Шыңғыс ханның жары болды деген мәлімет бар, Ғұбайдолла өлгеннен кейін ғана күйеуінің тегін алған. Бұнымен қоса, тарихшылар Ғұбайдолланың татар мүфтиінің қызынан туған Хәкім Керей деген ұлы болғанын айтады, қызына ашуланған мүфти оны Түркістанға қуып жіберген. Ал Ғұбайдолла болса 1905 жылы бала үстінде қайтыс болған әйелін өмірінің ақырына дейін іздеп өткен.

Әбілқайырдың әйел жағынан тараған ұрпақтары жайында айтар болсақ, онда Абылай ханның жары Қарашаш ханымды айтып өткен жөн.  Қыздары мен апа-қарындастарының арқасында Әбілқайыр ханның ұрпақтары Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз сұлтанмен туыстық қарым-қатынастар орната алды. Әбілмәмбет өлгеннен кейін Орта жүздің хан тағына баласы сұлтан Әбілпейіз отыруы керек еді, алайда, ол хан тағын өз еркімен Абылай ханға береді. Жәңгір-Керей ханның татар әйелі Фатимадан туған Зылиқа (суретте оң жақта) деген үлкен қызы еуропалық білім алған алғашқы қазақ қыздарының бірі болды. 1851 жылы ол ежелден келе жатқан татар әулеті Тевкелевтерге жататын Сәлімгерей Тевкелевке тұрмысқа шығады. Өз кезегінде Жәңгір ханның ұлы Ахметкерей генерал-майор Батыр-Керей Тевкелевтің шөбересінің қызы Зухраға үйленеді.

Әбілқайыр ханның басқа да ұрпақтары – ақын Шәңгерей Бөкеев, Мемлекеттік Думаның ІІ шақырылымдағы Орал облысынан барған депутат Бақытжан Қаратаев, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабдолхәкім Бөкейханов, оның ұлы техника ғылымдарының докторы, кенші-ғалым Диас Бөкейханов, күйші-композитор, қазақ халық аспаптары оркестрінің негізін қалаушылар Махамбет пен Науша Бөкейхановтар, Н.Бөкейхановтың ұлы, Қазақ мемлекеттік медицина институтының алғашқы профессорларының бірі Қазихан Бөкейханов, биология ғылымдарының докторы, профессор Майя Шигаева және басқалары. Осылайша, өз ұрпағының даңқты болашағы мен тарихи маңыздылығы туралы армандаған ханның арманы орындалды десе де болады.

Мақалада «Әбілқайыр хан және оның ұрпақтарының тағдыры» мақаласынан материалдар қолданылды («Навигатор», 26 наурыз 2001 жыл)  

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English