«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев
Бұл күн тарих бетінде

Көненің көзі 12+

2432 0
          Көненің көзі
Жалпы дәстүр дегеніміз күңіреніп күн түбіне кету емес, кез-келген жәдігерімізге замана әтірін сеуіп басқа формада ұдайы жаңғыртып отыру ғой.

                                  

Ғалымдардың пікірінше қазақ  киіз үйінің жылнамасы қола дәуіріне тиесілі дейді. Ал, Солтүстік Қазақстан территориясында табылған ілкідегі Ботай қонысы аталған пікірге үлкен түзету жасайтын секілді. Көне қоныс жерінен табылып қабырғалары бір-біріне  матаса салынған бұл үйлердің  пошымы шынымен-ақ киіз үйге ұқсайды. Бұл сірә, Ботайлықтар қонысының қыстауы болса керек-ті. Ал жадыраған жазда бұлар қайда отырды деген заңды сауалдың да тумай қоймасы анық. Осыдан  6 мың жыл бұрын тарихта тұңғыш рет  жылқыны құрықтаған  Ботай мәдениетінің әрине, адамзат өркениетінен алар орыны зор.  Мұны айтып отырған себебіміз қазақ топырағында табылған алғашқы баспана есебіндегі жер асты үңгiрлерiнiң  дені киiз үй формасына сәйкес келеді. Сондай-ақ,  Гоби, Алтай, Сібір, Қырым жеріндегі  тасқа бәдізделген киіз үй  суреттері  қазақ киіз үй жылнамасының тым тереңде жатқандығынан мол хабар береді. Қалай десекте киіз үй тарихының шежіресі темір дәуірінен әріде жатыр. Қандай байлам келтіресіз деп отырсыз ғой.

 АЙТАЛЫҚ,  БҮГІНГІ  БІЗГЕ  ЖЕТКЕН  КИІЗ  ҮЙ  ЖАБДЫҒЫНЫҢ  БІРДЕ-БІР БӨЛШЕГІНЕН  ТЕМІР  ЭЛЕМЕНТІНІҢ  ТАБЫЛМАУЫ  ОСЫ ОЙЫМЫЗДЫ   БЕКЕМДЕЙ  ТҮСЕДІ.  

Киіз үй дегенде  мына бір хикаяның есіме түсетіні бар.  Ілгеріде  қазақ ауылдарын аралап христиан дін таратып жүрген бір миссонердің «Иса  пайғамбарды дінсіздер айқышқа шегелеп өлтірді  ғой. Оның төгілген қаны бүкіл адамзат баласының күнәсін шайып кететін болғандықтан,  ол таңылған  ағаш (кресті) киелі болып саналады. Сіздер ілгеріде  Иса пайғамбар дінінде болғансыздар. Қазақтың  киіз үй шаңырағындағы күлдіреуіш  сол кресті  білдіреді. Сондықтан  Иса Мәсіхты мойындаған  қазақтар оның есімін мәңгілікке ұмытпау  үшін киелі шаңыраққа  кресті белгісін бейнелеген» деп,  айылын жинамай сөйлегені бар. Сонда  ол жазғанға  Иса Пайғамбар өмірінен  киіз үй тарихының  әлде қайда әріде  екендігін  зорға дегенде түсіндіріп  райынан  қайтарғандай  болып  едік.

Әрине, киіз үйге қатысты хатқа түскен  жазбалар  басында  Шумердің «қыш кітабы» көш басында тұр.  920 жылы  Бағдат шаһарынан  аттанған Ахмет ибн Фадлен өз жазбасында  Арал теңізінің маңынан  өткенде  сол  жердегі  тұрғындардың дені  дөңгелек киіз үйде тұратынын жазады.  

Ал, әйгілі араб саяхатшысы Ибн  Батут  «Дөңгелек құрылғыны  олар  «арба» деп атайды. Көп дөңгелекті  арбаның үстіне тұрғызылып бір-біріне қайыспен маталған  осы үйлер алыстан күмбез сияқты көрінеді. Ағаш кеспектерінен құрастырылып, төбесінде дөңгелек түтігі бар үйлер үнемі аппақ болып жарқырап тұруы үшін  арнайы ақ киізбен қапталады» деп жазады.  (Майдар Д., Пюреев Д. От кочевой до мобильной архитектуры.  1980. 21 бет).

Төбедегі бұл  дерегіміз киіз үйдің тарихы мен шежіресі жайында болды. Ендігі сөзімізді  оның танымдық мағынасына қарай бұрсақ дейміз.

Расымен де киіз үйдің ішкі құрылымына қарай ден қойсақ, қайран қаласың. Архитекторлардың  пікіріне жүгінсек  киіз үй сәулет өнерінің әлемдік ең озық үлгілерінің біріне жатады екен. Тез тігілетін қасиетін айтпағанда  дөңгелек кескінді бөлменің  ауа алмасуы кәдімгі төрт бұрышты үйлермен  салыстырғанда 5-6 есеге тезірек болатын көрінеді.  

Көненің  көзі  іспетті осыбір  жәдігеріміз  аспан  әлемінің  бейне бір жердегі көшірмесі мен күнтізбесі секілді. Мәселен атам қазақ 12 қанат  киіз үйдегі керегенің бір қанатын  жылдың  әр айына сәйкестендіре отырып,  қисап  жүргізген.  Аталған 12 айды 30 күнге яғни керегенің тор көздеріне көбейтіп 360 күннің есебін шығарған.  Қалған 5 пен 6 күнді «қонақ» деп  есептеп, киіз үйдің оң босағасынан орын берген.   

Белгілі  архитектор  Әзірбай  Бекиев  «Алты қанат үйдің сағанақтары мен балашықтарының саны – 108.  Бұл сан ежелден аспан саны болып танылған. Алты қанат керегегенің  әрқайсысы он-оннан болғандықтан  оған  алпыс  уық байланады. Әрбір  уықтың арасы  алты  күн немесе алты  градус деп алғанда 360 күн немесе 360 градусты береді.  Бұдан  бір сағаттың ішіндегі 60 минутты да көруге болады.  Шаңырақтан түскен күн сәулесінің уық арасымен жүрген жолы арқылы бабаларымыз уақытты 1-5 минутқа дейінгі дәлдікпен өлшеу есебін жүргізген.  Сондай-ақ,  әр нәрсенің орнын 12 шоқ жұлдыздың орналасуына сәйкестендіріп, оның өзіндік адамға тигізетін тербеліс әсерін де білген.  Ал, үй сыртынан айналдыра тартылған  белдеу арқан  – зодиактық шеңбер»  дейді. Ағамыздың айтып отырғаны айдай ақиқат қой. Осылайша  математика мен  астрономия  іліміндегі дәлдікті  төл өнермен үйлестіре білген  бабалар  хикметіне  еріксіз басыңды  иесің.

 

                       Армандаймын... армандау  ақылы  емес қой

 

Дүние де бір нәрсе тегін болса ол адамның арманы шығар. Ешкімнің арманы үшін  біреуге  ақы-пұл төлемесі анық.  Бәлкім кезегі келіп сәті түскенде адам арманы да жүзеге асатын шығар. Хош...

 Біз бұл мақаламызда киіз үйді аңсап  көнені көңсеп отырған жоқпыз (Енді ешкімнің де киіз үйге көшпесі айдан анық қой). Біздің бар айтқымыз келгені мынау ғана. Қарт құрлықтың сәулет өнерін сөз қылғанды қоя тұрып, ең әуелі «өзіміздің» мынау  Өзбекстанға  ғана  бара  қалдық дейікші.  Бізді онда  ең  алдымен  өзбектің  өз сәулет өнері  «менұндалап»  қарсы алады. Әдемі әдіптелген осынау елдің  кез-келген  ғимаратынан өзбектің «мені» атой салып  алға шығып  тұрады. Ал, құдайшылығын айтайықшы,  қазақтың кез-келген қаласынан қазақтың исі бұрқыраған бірде-бір ғимаратты атай аламыз ба? Әлемнің әр жерінен көшіріп алған пирамида  немесе сол секілді биік үйлермен  біз кімдерді таң қалдыра аламыз.  Әлде әйнекпен қапталған   үйлердің бетіне ою жапсыру ғана еншіміздегі дүние ме? Ескі жәдігерін ұлықтап,  басына көтерген  елдің бірі ағылшын мемлекеті ғой.

Салттың аты – салт.  Ал, еркегі юбка киді деп Шотландия елін  кім кемсітіп отыр. Егерде біз  Президент резиденциясын (бүгінгі Ақорданы) алып  киіз формасында сомдап, оның қасындағы  Үкімет  үйі  мен Парламентті    отауы секілді біртұтас кешенде салғанда қандай  ғажайып болар еді.  Оның айналасын ат мініп, ақ сауыт киген жасақ  қорғап  тұрса  (әрине, мұның бәрі символикалық тұрғыда ғой) көнеден келе жатқан  дәстүрімізді қайыра бір жаңғыртқан болар едік. Жалпы дәстүр дегеніміз күңіреніп күн түбіне кету емес, кез-келген жәдігерімізге  замана  әтірін сеуіп басқа формада ұдайы жаңғыртып отыру ғой.

 

                                                                              

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English