«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қостанайда Алтын Орданың 750 жылдығына арналған конференция өтті

2389 0
Қостанайда Алтын Орданың 750 жылдығына арналған конференция өтті
2019 жылдың 24 тамызында өткен «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы атап өткен еді.

Содан бері интернет беттерінде, газет-журналдарда, телеарналарда Алтын Орда тарихына қатысты тың деректер, қызықты мақалалар жарық көріп жатыр. Жер-жерде Алтын Орда тарихына қатысты археологиялық қазба жұмыстыры жүргізіліп, құнды жәдігерлер табылып, сүйіншіленуде. ЖОО-да Алтын Орда тарихына қатысты ғылыми-зерттеу конференциялар, дөңгелектер үстелдер өтуде. Сондай рухани шараның бірі Қостанай қаласындағы Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай Мемлекеттік педагогикалық университетінде өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Түркі генесизі және Алтын Орда» тақырыбындағы республикалық конференцияға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Түркітану және Алтайтану» институтының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы, Қазконтент АҚ, «Қазақстан тарихы» интернет-жобасының жетекшісі Алтынбек Құмырзақұлы, шежіреші, этнограф Шалқарбек Кәрібаев, «Tugurulhan» ҚБ аппарат жетекшісі, тарихшы Бақыт Солтанбай және тобыл-торғай өңіріне белгілі тарихшылар мен өлкетанушылар, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.  

Конференция модераторы Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ ректоры Еркін Аманжолұлы болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлау ісімен айналысып отырған университеттің қабырғасында ұлт тарихы үшін маңызды дата болып табылатын Алтын Орданың 750-жылдығына арналған конференцияның өтуі  маңыздылығы жоғары іс-шара екенін айтты. Сондай-ақ келер жылы университет қабырғасында Алтын Орда ұлысының бір жалғасы, тамырлас тарихы ортақ Сібір хандығының тарихына қатысты халықаралық жиын өтетінін де тілге тиек етті.

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай қазақтар кешегі Алтын Орданың тікелей мұрагері. Сондықтанда жарты әлемді иелігіне қаратқан Алтын Орданың тарихы біздің еліміз үшін 1269 жылғы Талас құрылтайынан басталады. Жошының ұлдары Бату хан негізін қалап, Берке хан іргесін бекіткен Алтын Орда Мөңке Темірдің билігі тұсында 1269 жылы Талас өзенінің бойында шақырылған Шыңғыс ұрпақтарының құрылтайында бір-бірімен татулықты сақтай отырып, өз ұлыстарында тәуелсіз саясат жүргізуге өзара мәміле жасасып, өз алдына дербес империя екенін толық мойындатуға қол жеткізді.

Конференцияда алғашқы болып сөз алған түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы Алтын Орда тарихын көне түрік қағанатынан бастау алғанын айтты. Сондай-ақ Алтын Орда деген атаудың бірде бір тарихи деректерде жоқ екендігі, оның ресми түрдегі атауы «Жошы-Қыпшақ» ұлысы екендігін айтты. 

«Еліміздің жаңадан сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы ұлысы тарихына қатысты мәселені қозғауды көтерді. Осы жайында бізде де қоғам мінберіне шығып, Жошы хан деген кім? Ол қандай хандық құрды? Оның тарихы қай ұлттарға тиесілі? Дегендей сауалдарға жауап беруді мақсат етті. Бүгінгі іс-шарада соның бір айғағы»,-деді.

Баяндамасының соңында Қаржаубай Сартқожұлы: «Жошы-қыпшақ ұлысы» жайлы тың пікірімізге қайталап тоқталар болсақ, бұл атау жайлы араб саяхатшылары мен тарихшылары жазып қалдырған 26 түпнұсқада, парсы саяхатшылары мен тарихшыларының 13 тарихи түпнұсқаларында, түріктердің 3 түпнұсқасында барлығы 19-мәрте «Жошы-қыпшақ ұлысы» деп белгілеген болса, 69 мәрте «Қыпшақ мамлакаты (мемлекеті)», «Қыпшақ елі» деп жазып қалдырыпты. Орысша әдебиеттерде «Қыпшақ хандығы» атаса, Плано Карпин «Қыпшақ елі» (Страна Команов), моңғолдың көне шежіресі «Алтын товчида (Алтын шежіре)» «Қыпшақ елі», қытай тарихшысы Б.Сайшаал «Қыпшақ хандығы» деп ресми түрде жазып, дәлелдеп келген. Ал «Алтын Орда» деген мемлекет атауы бір де бір тарихи түпнұсқада жоқ. Бұл атауды ХVІ ғасырда орыстың түпдеректерін редакциядан өткізген авторлар жасынды түрде енгізген. 1564 жылы жазылған «Истории и Казанском царстве» деген қолжазбадан бастап, орыс түпнұсқаларында алғаш рет Алтын Орда деп белгіленді де, содан кейін Россияның бүкіл тарихи жазбаларында бұл жалған атау қалыптасты. Тарихшы З.Қинаятұлы «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» еңбегінде «Жошы ұлысы» немесе «Жошы-Қыпшақ ұлысы» деп атау дұрыс болар еді деген пікір ұсынған. Бізде осы пікірдеміз» деп сөзін түйіндеді.  

Аманжол Күзембайұлы, тарих ғылымдарының докторы:

Бұл конференцияның мақсаты халықтың санасын, тарихи санасын көтеру. Студенттер ғана емес, бүгінгі іс-шараға зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, өлкетанушылар жиналып отыр. Біздің тарихымыздың тереңде жатқандығын насихаттау. Алтын Ордадан бастау алған қазақ хандығының тарихын жас ұрпаққа үйрету. Бүгін осы шараға елімізге белгілі түрколог, бітік тастың білгірі Қаржаубай Сартқожаұлы келіп отыр. Ол кісі баяндамасын көне түркі тарихынан бастады. Білге қаған, Күлтегін жайында тағылымды зерттеулер ұсынды. Алтын Орда мен көне түркілері арасындағы сабақтастық жайында кең мағлұмат айтып өтті.

Алтын Орда тарихына қатысты зерттеулерді жүргізуде қазақ танымына, салт-дәстүріне, шежіресіне қатысты дүниелерді де назардан тыс қалдырмау керектігін елімізге белгілі шежіреші, этнограф Шалқарбек Кәрібаев «Шежіре қазақ халқының тарихтану дәстүрі» баяндамасында айтып өтті.

Конференция соныңда жиынның бас қонағы филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының төл кітабының тұсауы кесілді. Ұлттық тарихымызды жаңғыртып отырған «Қазақстан тарихы» интернет-жобасының атқарып отырған жұмыстары және келесі жылы тарихи оқиғаларға байланысты атқарылатын жұмыстары да баяндалды.

Түстен кейін Нұр-Сұлтан қаласынан келген тарихшы ғалымдар Қостанай облыстық тарихи өлкетану музейінде болып, өңір тарихына қатысты құнды жәдігерлермен танысты.  

Фотосуреттер: Бағдад Ахметбек

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English