«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Рингельман эффектісі 12+

871 0
                Рингельман эффектісі
«Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін», «Біз біріксек алынбайтын қамал, асалмайтын асу жоқ» секілді желбуаз ұрандар әр бағаналар басында самсай ілінген-тұғын.

Егер  ересек  адам  бір  өзі  ғана 70 келіге  жуық  жүк  көтереді  десек,  бұл  нәтиже  екі  адам  біріксе  140,  ал  үш  адам  біріксе  210  келі  болып  еселене  береді  деп  түсінген  кеңес  идеологтары  мәселенің  бәрі  ұжымдасып  тірлік кешуде деген  тұжырымға келген ғой.  Содан «жұмыла көтерген жүк жеңіл»  науқаны басталып,  қызыл  матаға  ақ  жазумен  айғыздалған  «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін», «Біз біріксек алынбайтын қамал, асалмайтын асу жоқ» секілді  желбуаз  ұрандар әр бағаналар басында  самсай ілінген-тұғын. Бұл шаруа 1927 жылы халықты жаппай коллективтендіру (ұжымдастыру) мәселесіне алып  келді. Арғы жағы айтпасақ та  белгілі.  Ұлттық  буржуазияның  басына  бұлт  үйіріліп,  олардың    дүние мүлкі талан-таражға түсті.  Бұған  басты  себеп,  болашақ  бір астаудан  ас ішпек  кеңес  халқы  қай  жағынан болсын  өзара  тең,  әлеуметтік  я  болмаса рухани  тұрғыдан  адамнан  адамның  асып  кетуі деген  атымен  болмауы  тиіс.  Осындай  ұлт  руханиятына  жасалған  жойдасыз жоспарды қабылдай алмаған қазақ  болмысынан  «Бес саусақ  бірдей емес»  деген  қанатты   сөз  қалған-тұғын.   «Мына  өкімет  адамды  бай  етпектің  орнына,  байды  кедей  қалғаны  несі»  деп  айтып  салғаны  үшін   қазақтың  бір  қариясы  абақты  босағасын  көрген  екен.  Сонымен бұл жағдайды бір сөзбен ғана  безбендесек,  алаштың  рухани  ақуалы   мынадай   сапа мен сипатқа  қарай  ауысты.   «Асандар»  жойылып  «Үсендер»  үйелмені  толығымен  тарих  сахнасына  көтерілді.   Иә,  ендігі  жердегі  қоғам  да,   үкімет  те   тек  солардікі   ғана   болатын.  

Негізін  француз  ғалымы  Максимилиан  Рингельман (1861-1931) салған  бұл  теория  тарихта  «Рингельман  эффектісі»  деген   атпен  мәлім.  1927 жылы  тұңғыш  рет  сынақтан  өткізілген  теория   нәтижесі  адамдардың  «ұжымдасқан»  іс-әрекетінің   түбегейлі  қате  екендігін   дәлелдеді.   Экспримент  есебі  жоғарыдағы  кеңес  басшыларының  қисыны   қиялдан  ғана  тұратындығын,  оның  негізгі  мәні  мынада  екендігін  анықтады.  Мәселен,  бір  адамның  еңбек  күшін  100  пайыз  деп  есептейтін  болсақ,   екі  адам  біріккенде  бұл  көрсеткіш  93,  ал  үш  адам  біріккенде  85  болса,     сегіз адамға көбейгенде  жұмыс өнімділігі 49 пайызға дейін  төмендеп  кеткен екен.  Ғалымдар  түптеп  келгенде   бұл   адамдарды    енжарлық пен  жалқаулыққа  ғана  үйрететінін,  топтық  мүдде  болған  жерде  жеке  адамның  жауапкершілігі  дегеннің  атымен  болмайтынын  алға  тартады.  Қалай  десек те осы бір   ұжымдастыру  саясаты  ұлт  ағазасына  көптеген  кесапаттардың   ұрығын  сеуіп  кетті. 

Сөзіміздің тұздығы үшін осы орайда Ғалым Боқаштың мына бір пікірін арнайы  келтіріп отырмыз.  «Стамбулдың 17 миллиондай халқы бар. Бір мэр, бір бас хатшы мен жеті орынбасары 26 департамент директорын жұмсап еркін басқарып отыр. Мэр қаланың аузы дуалы ақсақалдарынан бастап, еті тірі кәсіпкерлеріне дейінгі көзі қарақты жәмиғатын жақсы таниды. Жөнделіп жатқан жолдың, салынып жатқан үйдің есебін біледі. Қай мешітте қандай уағыз айтылатынынан, қай театрда қандай спектакль қойылатынынан қал-қадарынша хабардар. ...Енді 17 миллиондай халқы бар кейбір мемлекетті президент пен оның тұтас бір әкімшілігі, әкімшілік жетекшісі мен әлгінің сүрініп-қабынып жүрген орынбасарлары, премьер мен оның алып үкіметі һәм канцеляриясы, вице-премьерлер мен министрлер һәм олардың шұбырған орынбасарлары, ондаған облыс әкімі мен олардың жүздеген орынбасары һәм аппарат жетекшісі, жүздеген қала мен аудан әкімі және олардың өздерінен бірнеше есе көп орынбасарлары, мыңдаған көмекшісі, қисабына қиял жетпейтін департамент директорлары, олардың шопырсыз жүре алмайтын орынбасарлары, осыншама адам бір-біріне сілтей қол қойып төменге сырғытатын халықтың арыз-өтінішіне калька тілінде түсініксіз жауап хат жазумен айналысатын қарасы қалың бас мамандар, және осынау алып маховикті айналдыруға өзінше үлес қосып әкімнің баяндамасын жазып жүрген кеңесшілер мен шай тасып жүрген сансыз секретарьшалар армиясы «басқарып» отыр».

Рас, «чиновник» атаулының  мөлшерден  тыс көп екендігі, бүгінгі  өнер  мен  руханияттың  қып-қызыл  «сауда» мен  «мафияға»  айналуы,  биографиясы  мен  жағрапиясы келмегендердің   бұл  сыбағадан   саналы  түрде  қағылуы,   қолдан   «қайраткер»  жасалуы    бәрі-бәрі   осының  салдары  ғой.   Ең  басты  өкінішті  жағдай   ұлттың   бір   өлшемдегі  стандартты  санада  қалып  қоюы.   Әбден  әлсіреп,  дербес ойлауға  дағдыланбаған  санамыздың  өзгеріс  атаулыға  өре  түрегелуінің  астарында,  мінеки,  осындай  құпиялар  жатыр.   «Егер де біз  бірдей ойлайтын болсақ, онда бұл ешкімнің ештеңе ойламайтындығының  көрсеткіші» деген  тәмсіл осы  сөзіміздің   айғағы   ғой.    Өзгеріс  керек   дегенді  өте  көп  айтамыз.  Ендеше, ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ  өзі  тәуелсіз  ойлауымызға  берілген  ғажайып   мүмкіндік  емес  пе  еді?! 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English