«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Міржақыптың музыкалық мұрасы 12+

1214 0
Міржақыптың музыкалық мұрасы
Елісхан бастаған көштің Үндістан мен Пәкістан топырағын көктей өтіп, соңғы табан тіктеген тұрағы Түркия мемлекеті екендігі баршамызға мәлім.

Сондағы ауған елдің  аңырап салған  әні мен күйіне  бек  ынтызар болған жанның бірі  Түркия елінің белгілі музыка маманы Мұзаффер Сарысөзен еді дейді жылнама. Елуінші жылдардың орта шенінде нотаға түсірген осы қайраткердің қолжазбасын  қайыра қарап, ғылыми айналымға түсірген маман оның рухани ізбасары  Сүлеймен Шенел болатұғын. Түркия қазақтарының музыкалық  мұрасы  іспетті  жеке бір  кітапқа жүк боларлық осы қазынаның дені  Сарымолла  мен оның  шәкірті Жармұхаммед күйшінің ауызынан жазылған екен. Осы  қос  қазақ  күйшісінің саусағынан  ғана  қырыққа жуық  күй  қағазға (нотаға) түсірілген  көрінеді.   Әрине, біз бұл деректерді  белгілі мұстафатанушы ғалым Әбдіуақап Қара мен  музыкатанушы  маман Нұрлан Бекеновтың бірлесіп жасаған  еңбектерінің  негізінен алып отырмыз.  Сол  қырық  күйдің  бірі  ретінде Міржақып Дулатовтың  «Әуез»  күйі  еді деген  тың туындының есімі  аталады.  Бұл күйді біздерге жеткізген  Жармолла  (Жармұхаммед)  күйші. Қысқа ғана  бір қайырмалы  күйден  «елп  етіп  соққан  ебі желдей»  арқаның  аңыраған   сарыны естіледі.

Жәмиғатқа жаңалық  ретінде қабылданған  бұл  деректерден  біз  Дулатов дүниесінің   тым тереңде  жатқандығын  аңғарамыз.  Құдайшылығын  айтайық,  «Әуездің»  табылуы  біздердің   әріден  ойлауымызға  кәдімгідей  кеңістік  ашып отыр. ОЛ МІРЖАҚЫПТЫҢ  МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАСЫ  деген жаңа әлемнің  ашылуы.  

 

«Қанатталды» кімнің әні?

 

Асыра айтып  отырған  ештеңеміз  жоқ.  Қазақтың  ән  білемін деген «менмін» деген  әншісі «Қанатталды»  әнінің алдына  келгенде   ҚАҒБАҒА  тәу еткендей тағзым қылары анық. Өйткені «Қанатталды» анау-мынау әншінің жалынан сипатпас күрделі шығарманың бірі.  Мұндай композициясы  бай  классикалық   ӘН,   керек  десеңіз,  ӘЛЕМ МУЗЫКАСЫНДА ДА  СИРЕК  ҰШЫРАСАДЫ.  Ал осындай  әнді  дүйім  алаштың,  оның ішінде  Дулат  баласы  Міржақыптың  шығарғаны рас па?!  Рас  болса  қолымыздағы  бар  деректермен  дәлелдей түсейік.

Бұдан  бұрын,  артық айтсақ  аруағы кешсін,  Қаратай  Биғожин деген  ақсақалымыз  осы бір  әнді  өзі ойлап тапқан  көп «салдарының»  бірі   Сейітжан Көрпешұлы деген  адамға теліп  келген-тұғын.  Қаратай  Биғожиннен  өзге,  бірде-бір  жан баласына  беймәлім  бұл  неғылған бітпейтін   сал-серілер  еді-ау дедік те қойдық.  Содан  көрнекті жазушы Сапарғали Бегалин мен  академик Ахмет Жұбановтың: «Қанатталды»  арқаның   Сәтмағанбет  деген  серісінің  әні еді»  деген  пікіріне  бізде  тоқайласқандай   болып  жүріп  едік.   Бірақ  қолымызға түскен  «Политические репрессии  в Казахстане в 1937-1938 гг» деген құжаттар жинағынан   соң,   әнге қатысты көзқарасымыз  тағы  да  өзгеріп  сала берді. 

1937  жылы  Орталық  Комитеттің  «Список  граммофонных  пластинок  с  записями песен на казахском языке,  подлежащих  немедленному  изъятию»  деген    № 28 хаттамасында  қарастырылған   тізімінің ұшар  басында   «Қанатталды»  әні  қасқайып  тұр екен.   Тізімнің  төбесіне  «әнді орындаған  артист  Жүсіпбек  Елебеков  десе,  мәтіні халық  жауы  Орынбек  Бековтікі»  деген  суық сілтеме көрсетілген.  Осы орайда оқырман көкірегінде  «Орынбек  Беков  дегеніміз  кім?»  деген заңды сұрақтың  туары  анық. 

 Аз ғана ақпар.  1898 жылы Қарағанды облысы,  Шет ауданында дүниеге келген  ол ақындығымен қатар, қазақтың алғашқы драматургтарының бірі болған. 1930-1934 жылдар аралығында  Қызылорда мен Семей шәрінде  алғашқы  қазақ драма театрын ұйымдастырушы  әрі  директоры  қызметін атқарған. «Что такое советизация аула?»,  «Капля корови для великого дела»,  «Почему мы победили в гражданской войне?»   іспетті атышулы  еңбектердің  авторы.

  1938  жылы  наурыздың  он  үші  күні  есіл ердің  ақырғы жарығы  түгесіліп,  ату жазасына кесілген.  1958 жылдың наурызында толығымен ақталған.  Біздің  Беков жайлы  бар білетін  мәліметіміз  қысқаша осы ғана.  Орынбектей оғыланның қағаберісте қалған   мұраларын  жинастырып,  өз қалпына  келтірер  жанашыр  жан  табылып  жатса,  әрине,  нұр үстіне нұр болар  еді. 

 Енді есті әннің ескі мәтіні жайында  аз ғана мәлімет бере  кетейік.  Жоғарыда аты аталған Жүсіпбек Елебековтей  дарабоз  әншінің  жары, көненің  көзі  Хабиба әжеміздің айтуына сенер болсақ, ол кісі  Орынбек  Бековты «Қанатталдының» бұрынғы  төл сөзінің  мұртын  басып,  жаңаша  мәтінін жазған  адам  ретінде  қарастырады.  Яғни,   авторы  ол  емес  еді  деген  байламды  алға  тартады.  Демек  Орынбектің  «Қанатталдыны»  қайыра жазуына   қарағанда  бастапқы ән мәтінінің ішінде  Орталық Комитеттің  ұғымына томпақ  түсініктердің  табылғандығы рас  болып  отыр ғой.  Ендеше осы жерде  «Бұрнағы  ән  мәтінінің шумақтары  қандай болған  еді?»  деген  сауалдың  тұтасымен  түрегелетіні  тағы да  анық.  «Қанатталдыға» қатысты  ел ішіндегі ескі сөздерді сараптағанымызда көп  әңгіменің жүлгесі   әйгілі  әнші  Қосымжан  Бабақовтың  төңірегіне  келіп  тіреле  бергендігін несін  жасырайық.  Сөзіміз жалаң болмас үшін қазіргі қазақ  музыкасының    халін  ұдайы  сөз етіп  жүретін  белгілі сазгер,  өнертанушы Ерлан Төлеутай ағамыздың  Қосымжан Бабақовтың  ұлы  Мұхамедия ақсақалмен дидарласқан дерегінен аз ғана ақпар бере кетейік:  «...Мұны әкем ақ қашып, қызыл қуған заманның  әні деуші еді.  Сөзі де тым өзгеріп кеткен. Әкем мұны былай деп айтушы еді деп, «Қанатталдының» мүлде тосын сөздерін жазғызды.

                     Ғашықтық – бір ыстық күн желі тымық,

                     Басына түскен жанның көңілі сынық.

                     Қаратпас бай-жарлының шамасына,

                     Адамды желіктірсе жігітшілік.

 

                      Бұрынғы қолдағы істің бәрі қалды,

                      Біртіндеп төл мінезді заман азды.

                      Асылзат шахыбаздар шабыт таппай

                      Шөлге ұшып сайын далада қанат талды», - дейді.  (Е.Төлеутай Жүсіпбек  Елебеков кітабы, 129-130 беттер)

Өлеңнің  кей  жолдарын қарамен  бояуымыздың  мәні  «Қанатталдының» қаралы әндер тізімінің басына  енуіне аталған сөздері себеп болғанға ұқсайды.   Кешегі  кеңестік  кезең  үшін  «құдай»,  «дін»,  «иман»,  «молла»,  «бай»  секілді  сөздер  кертартпалықтың  көзі  саналып,   кім айтса да басын қидалап түсер қорқынышты ұғымға  айналғаны мәлім.  Ал «Асылзат шахыбаздар шабыт таппай,  біртіндеп төл мінезді заман азды»  деп  отырған   бұл шумақтың  қай тұрғыдан болсын «жарқын өмірмен»  жаңаша  үйлесім құрып,  мәреден  мертікпей  өтуі  дегені   тіптен мүмкін емес еді.

Бірде  Міржақып Дулатов  шығармалар  жинағын  оқып  отырып,  осы  өлең жолдарын ұшыратқанда  өз көзіме өзім сенбей  аңтарылып қалғаным  бар. 

( Қараңыз:  М. Дулатов шығармалары, 116-бет.  – Алматы: Жазушы, 1991.)  

«Қанатталды»  деген  тақырыппен  басылған  бұл  өлеңде  Мұхамедия қария  айтатын  қос  шумақ  өлең   еш  өзгертілместен  айна-қатесіз берілген  екен. Содан  шарқ  ұрып  шығарманың  түсініктеріне жүгінгенімізде: «Қанатталды» –  1919-1920 жылдары,  аласапыран кезінде  шығарылған өлең. Қосымжан Бабақовтың жеке  архивінен алынды. Әні бар. Оны айтып беуші Сейілбек Смайылбеков»  деген  деректерді кездестірдік.  Міржақыптың өз әнін өзі орындай беретін тамаша әнші болғандығын перзенті Гүлнар апамыз да тіліне тиек еткен еді. «...Ет желініп, шай ішіліп болысымен, жұрт кеткілері келмей сауықкеш ұйымдастырып жіберді. ...Ендігі қонақкәде ырымын  жасауды әкемнен күтіп, өтінген соң, ықыласын білдіріп өзінің бірнеше әндерін айтып берген  еді». ( Г. Дулатова Алаштың сөнбес жұлдыздары)

«ҚАНАТТАЛДЫ» ӨЗІНІҢ  АҚЫ  ИЕСІН  ТАБА АЛМАЙ   ШЫНЫМЕН-АҚ  ҚАНАТЫ  ТАЛҒАН ӘНДЕРІМІЗДІҢ  САНАТЫНДА ЖҮРГЕН  ЕДІ.  Ендеше, бәрі де  өз қалпына  келгенге  ұқсайды.  Бабатанымының  «Өшкен жанып,  өлген тіріледі»  дегені,  сірә да,  осы  болса керек.  Тарам-тарам тартысқа түскен «ҚАНАТТАЛДЫНЫҢ»  ДЕНЕСІН  ДАМЫЛДАТЫП,  ТАБАНЫН  ТІКТЕЙТІН  ТИЯНАҒЫ,   біздіңше,   осы  дерек  секілді.

Айтпақшы, дәстүрлі  әншілерімізге бұл әнді  бұдан кейін өзінің төл нұсқасымен,  яғни  Міржақып  мәтінімен орындаса  деген  өтінішіміз бар.  

Әзірше,  «Әуез» бен  «Қанатталдыға»  қатысты  сөзімізді  осымен  тәмам  ете тұрамыз.                                                 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English