«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қамшыгерлік – көне спорт түрі 12+

1031 0
Қамшыгерлік – көне спорт түрі
Қамшы — ат-көлік, мал айдауға ар­нал­­ған жабдық. Қамшы — қорғануға, қар­сы­ласын алып жығуға арналған суық қа­ру. Қамшыгерлік — қорғана білетін жә­н­е жауын жайратып салатын машық (мамандық)

Жағда Бабалықұлы – ғалым, этнограф, өзінің ұзақ ғұмыр­лық өмір жолында халықтық салт-дәстүрлерді молайтуда, ұлттық рухани байлықтың қайнар көзін ашуда зор еңбек сіңіріп жүрген абзал ағамыз. Әсіресе ұлттық спорт түрлерінің жұрт біле бермейтін қойнауларын ашып, көпшілік игілігіне айналдырудағы еңбегі өз алдына бір төбе. Бүгін біз сол атамыздың «Қам­шы­гер­лік – көне спорт түрі» деген әңгімесін газет оқырмандарының наза­рына ұсынып отырмыз.

Қамшы — ат-көлік, мал айдауға ар­нал­­ған жабдық. Қамшы — қорғануға, қар­сы­ласын алып жығуға арналған суық қа­ру. Қамшыгерлік — қорғана білетін жә­н­е жауын жайратып салатын машық (мамандық). Қазақ халқының көшпелі мал ша­руа­шылық, тірлік салтына байланысты теп­кі­шекке аяғын салған бөбектен бастап, еңкейген кәріге дейін ат-көлік мінетін ер-әйел түгелімен қамшы ұстайды. Әр­кімнің өзіне лайық, өзіне тән қамшылары бо­лады. Ат көлікке мінгенде қамшысы қолында, қонышында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алды-артында, үстінде ілулі тұрады. Кейде тіпті қарбаластықтан ауызға да көлденең тістеледі. Ал үйде отырған кезде керегенің басында, көгін­де, уық қарында, сыртқы дәдеге мен бел­деу­ге немесе ашада қыстырулы тұрады. Қарбалас кезде жабық киіз-сырмақ ас­тында, тіпті, тізесі астында жатады. Өмір талабына орай, әркімнің қамшысы өзі қойған жерінде тұруға тиісті.

Қамшы — әркімнің қолында жүретін жабдық және елеусіз суық қару. Бірақ қолында қамшы жүргенімен, оны қару ретінде пайдалану көрінгеннің қолынан келе бермейді.

Қамшылы адам — сырттай қарағанда қарулы адам. Ал қамшыгерлер өздерін «елеусіз қаруға иемін» деп са­най­ды. Халықтың салт-заңында қам­шы­­гер­лер­дің қарапайым адамды қам­шы­мен ұруына тиым салынған. Қамшыгерлер де мұндай қылықтан өзін-өзі тыяды. Ертерек дәуірде қазақ халқының салты бойынша қамшыны қолға ұстап, үйге кіру бір пәленің басы саналатын болған­дық­тан, сырт адамдар қашанда қамшыны үй сыр­тын­да, ат үстінде қалдырып кіретін бол­ған. Осы салт моңғол халқында әлі күнге дейін сақталған. Оларда үйге кіре­тін адам қамшыларын сыртқа қалдырады. Мақ­сат­сыз болса да қамшымен үйге кірген адам ауыр сөгіс естиді не айыпқа тартылады. Қамшы арқылы жауынан қорғана ала­тын не жайратып салатын адамдар қам­шы­гер атанады.

Қамшыгерлік тума қа­білет емес десек те, адам табиғатындағы тездік, ептілік, оралымдылық, дәлшілдік, мер­гендік, қарақтылық, сезімталдық, өт­кір­лік, батылдық, қарулылық, қатты қол­дылық, сескенбейтін серттілік сияқты іш­кі қасиеттермен ұштасып жататын ма­мандық. Жастайынан қамшыгерлікке құмарту не жастайынан қамшыгерлікке баулу, тәрбие алу, қамшыгер мамандардан үйре­ну, қамшыны ұстай білу, қамшымен ұра бі­лу, қарсыласын қай жерінен қалай ұр­ғанда естен танады, аттан түседі, жара­ла­нады, мұның бәрін қолмен қойғандай қапы жібермейтіндей білу шарт.

Қамшы — көп сәтте ат үсті шайқастың қаруы. Қам­шыны бір-ақ рет ұрған, бір ұрғанда дәл тигізген және айтылған шарттарды бұлжытпай орындаған адам қамшыгер бола алады. Жабдық және қару ретінде ұсталған қамшының ұрылуы мен тиюіне қарай — қамшы үйіру, қамшылай білу, қамшымен жасқау, сипай қамшылау, батыра қам­шы­лау, орай тарту, шықпыртып жіберу, көсіп жіберу, баса тарту, серпе тарту, салып жіберу, тартып жіберу, тіле тарту, көстите салу, шекесін шеруен аттандыру сияқты сөздер арқылы қамшының қалай ұрылып, қалай тиген зардабын білдіреді. Қай жерден қалай ұруға байланысты қамшы — теседі, тіледі, сызады, осады, көгертеді, езеді, жаралайды, сындырады, өлтіреді. Жан-жануарлардың, адамның талмау және осал жерлері болады. Адамда шеке, самай, құлақ шеке, маңдай көз, қастық, тоғыз тарау шынтақ, қызыл асық, аяқтың үсті (басы). Ит пен қасқырда — қара тұм­сық, бура, айғыр, бұқаларда — қасқа­маң­дай, орай тұсы талмау және осал жерлері саналады. Қай жерінен ұруды қамшы­гер­лер өзі таңдап алады немесе қарбалас сәтте қай жері орайлы келсе, сол жерден ұрады. Қазақ еліне отты қару тарамай тұрған кезде адамдар қылыш, найза, сүңгі, сойыл, шоқпар, босмойын, қайтыпкел, садақ сияқ­ты соғыс қаруларын пайдаланған. Солардың қатарында әрі жабдық, әрі қару ретінде қамшы да бар.

Той-тома­лақ­та, ас-жиында, ел-жұрт жиналған ұлыс­тың ұлы күндерінде бәйге атты жарысқа, жорғаны салысқа, балуанды күреске, мер­генді қараға, қамшыгерді бәсекеге ша­қы­рып, жиылған жұрт алдында топтан оз­ған­дарына жүлде берілген, мадақталған. Солардың ішінде қамшыгерлік те ертедегі спорт түрінде сайысқа, бәс-бәсекеге, егес-намысқа түсетін мамандықтың бірі болған. Арнайы жасалған қамшыны қамшы­гер­лер өздерін қарулы адам ретінде сезі­неді. Оңай оспақ, тапберме шабуылға ал­ғыза қоймайды. Аяқ астынан ұмтылған ит пен қасқырды, бура, айғыр, бұқаларды қамшымен ұрып, бетін қайтарған немесе мертіктіріп, жаралап, өлтіріп кеткендері де кезігеді. Қазақстанда қамшыгерлік спорт ұмыт қалған. Ал Қытайдағы және Моңғо­лия­да­ғы қазақтарда әлі бар.

Жоңғар қал­мақ­та­рының Оймауыт руынан шыққан Жон­дын атты адамды қазақтар Қаймолла атап кеткен. 1954 жылдары 60 жас шамасында еді. Біздің ауылымызға тұрақтап, мұсыл­ман дінін қабылдап, біздің ағамыз Құ­сайын Бабалықұлымен достасып кеткен адам еді. Сол себепті, Жондын ағамыз туралы жақсы білеміз. Жондын ағамыз өзі қамшыгер, өзі кәсіби шебер өрімші болатын. Қамшыгерлікпен өрімшілік бір қолда болуынан, ол кісінің қолынан шық­қан қамшылар талай-талай қамшы­гер­лердің қол қышуын қандырғаны ел ішінде айтылып жүретін. Өйткені, сол кездегі қамшыгерлер Жондын қолынан шыққан қамшыны ат-түйедей қалап, сұрағанын беріп, алып жататын еді. Одан басқа Еренқабырғаның Манас өзені өңірін мекендеген керей елінен шыққан атақты батыр Хамза Шәмшібайұлы (бала Хамза, 1981 жылы Түркияда қайтыс бол­ды) сияқты қамшыгерлерді өзіміз көрдік.

Тар­бағатайдың оң тұсында Жайыр тауын мекендеген керей ішінде атақты қам­шыгер Лақ деген адам әрі найзагер болған екен. Жаугершілік заманда Лақ пен Сар­жан деген адамдардың батырлық даңқы бірге шыққан. Әрі найзагер, әрі қамшыгер Лақтың туған баласы Бәлел де атақты қам­шыгер еді (1945 жылдары 50 жас мөл­шері). Қыс күндері бүркіт салып жүргенде, өріс­тес жатқан қалмақтың жараған бура­сы тұра ұмтылады. Оң қолында қон­дыр­ған бүркіті болады да, ауыз сала берген бураны қасқа маңдайдан қамшыны сол қолына ұстаған күйі тартып жібереді. Түйе етпетінен түседі. Бураның иесі дау кө­теріп:

«Сен басқа қарумен ұрдың, түйемнің құнын төле», — дегенде, Бәлел сондайға барып, қайта оралады да, шауып өте беріп, оң қолымен өлген түйенің басын қамшымен ұрып, сүйегін тесіп жібереді. Қамшыгерлігі арқылы даудан құ­тылады. Жайыр тауын мекендеген ел ішіндегі атақты батыр Қалидің үлкен әкесі Жұмағұл атқа қарғыған итті қам­шы­мен тартып жібергенде, иттің қаңқ етуге шамасы келмей, сұлап түскенін көр­ген әкем Бабалық айтып отыратын. Тө­лебай қамшыгер мен Ыбырай Мазақ­бай­ұлы бәстесіп қалады. Сонда Ыбырай: «Егер сен менің балуаным «Қаратөбелді» қам­шы­мен бір ұрып жықсаң, астымдағы атым­ды мінгізем. Бір ұрып жыға алмасаң, мына көптің алдында қамшыгер атағынан құладым деп мойында», — депті. Сонда Төлебай: «Жоқ, ол жазықсыз адам ғой, обал болады, құнға жығыларым жоқ. Өгіз әкел», — дейді. Егес-бәске қаты­нас­қан жұрт қамшыгердің де, Ыбырайдың да шашбауларын көтеріп, арадан атан өгізді айдап өткізеді. Төлебай өгізді белден тартып жібергенде, өгіз өкіріп барып, жата кетеді де, пышаққа ілінеді. Өгіздің осылған жері тесіліп, бел омырт­қаның басы кеткен деседі. Ыбырай зәңгі өзі мініп жүрген таңдаулы қаракер атын бәске атағаны үшін мойын бұрмастан, қамшыгерге жетектетеді. Оқиға 1939 жылы Тарбағатай мен Сауыр тауы арасын­дағы Қотанашы — қожырдың Көк­мойнақ деген жайлауында өткен. Найман ішінде Қаракерей, оның ішін­де Мәмбет, Тоғалақ атасынан Әріп атты жас жігіт 1940 жылы жазда жоқ қарап, ел аралайды. Кездейсоқ, тойда тартылған лаққа араласады да (көкпар), лақты алып, додадан ұзап шыға жөнеледі. Соңына түскен үш жігіт қуып жетеді де, ай-шайға қарамай, Әріпті сабай бастайды. Үш бірдей дойыр қамшы жанына батқан Әріп ызаға булығады да, үштің бірін жауырын ортадан қамшымен тартып жібереді. Қамшы тиген жігіт аттан ұшып түседі де, тіл тартпай өледі. Қамшы-бешпетті, көй­лекті жыртып, қабырғаны сындырып, өкпеге тиген. Кісі өлімі болса да, ел-жұрт «Әріпті сабағандар кінәлі» деп тауып, ел салты негізінде құн тарттырады. 1952 жылы өкімет өзгергенде, өлген жігіттің туыстары қайтадан дау қозғайды. Жергілікті Қытай өкіметі істі байыптай келіп, Әріпті тағы да ақтайды. Бірақ қытайлар «қамшыгерлік» деген ұғымға көңіл аударады да, Әріптің өнерін бай­қаудан өткізеді. Әріптің қамшысымен бәрі де ұрып көріп, болдыра алмайды. Әріптен қамшыгерлік сырын сұрағанда, «Мен сол сәтте ұратын затымды ғана көрем. Ал қамшыны қалай жұмсағанымды білмеймін» депті. Соған қарағанда, қам­шыгерлік әрі ішкі дарындылық, әрі ма­шық болуы да мүмкін. Немесе зерделі азамат Әріп қазақ халқының ұлттық өнер сырын қытайларға айтқысы келмеуі де ықтимал. (Оқиға ҚХР-да Іле Қазақ авто­номиялы облысының Шағантоғай ауда­нында болған).

Атышулы қамшыгер Сар­қожақ деген адам су таласы жанжалында төрт адамды өлмейтін жерінен қамшымен ұрып, аттан түсіріп кеткен. Бұл оқиға 1940 жылдары болған. Қазақтың салт заңы бойынша ішкі қайшылық кезінде адамды өлтіріп, құн тартудың орнына қарсыластарын өлмей­тін жерінен атып кету, найза-сүңгі шан­шып, аттан түсіріп кету, сойылмен ұрып түсіріп кету, қамшымен ұрып аттан құлату да жеңіске жатады. Қазақ халқы ертерек кезде қамшы­гер­лік өнерін ел-жұртқа үйрету және дәріп­теу, әруақтандыру мақсатында арнайы жарыс өткізіп отырған. Соңғы кездегі кейбір бәсекеде сиыр­дың терісін төрт пұшпағынан төрт қа­зық­қа керіп тастап, шауып келіп ұрып өткенде, тері тесіледі, жыртылады, тілініп түседі деседі. Төртке бүктелген сиырдың жас терісін жерге тастап қойып ұрғанда, терінің бір қабатын, не екі қабатын тесіп немесе жыртып, тіліп кететін көрінеді. Қамшыгерлер ма­шы­ғының салтанатын көрсететін толып жатқан мысалдар бар. Адам баласының ат-көлік міну, айдау тарихын ең жақын дегенде 10 мың жыл мөлшерінде айтуға болады. Мал айдау, жасқау, жыртқыштардан қорғану сияқты тұрмыс қажеттерінен туған бұл қарудың алғашқы түрлері табиғи заттардың — қурай, шыбық, балғын, бұта-бұтақтан басталып, қамшы мен бишікке дейін жетілдіре келіп жеткен ғой. Әрі мықты, әрі шып етпе өткір, қолға ұстауға қолайлы, жеңіл қамшы мен бишік көп.

Қамшының: ат қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, күдері қамшы, жортуыл қамшы, ұзын қамшы, шолақ қам­шы, білеу қамшы, сарала қамшы, бар­бас қамшы, орама сапты қамшы, мүйіз сапты қамшы, «сайтан» қамшы , «киелі» қамшы, «қасиетті» қамшы, жыланбауыр қамшы, өзекті қамшы, шашақты қамшы, тобылғы сапты қамшы, бала қамшы, шы­бырт­қы қамшы сияқты көптеген түрлері бар. Ат-көлікті айдау жабдықтарының бір түрі — бишік. Түрлері — жалғыз таспа шы­быртқы бишік, екі таспа, үш таспа,  төрт таспадан есілген, ширатылған ұш­тарына таспа жалғанған ұзын және қысқа сапты бишік төрт таспа, бес таспа, алты таспа, сегіз таспадан өрілген, ұштарына тас­па жалғанған қысқа түрлері көп кез­деседі. Қамшы төрт таспа, алты таспа, се­гіз таспа, он екі таспа, он алты таспа деп аталады. Таспаны тіліп қырнап, сы­дырып өңдеуіне қарай жуан-жіңішке болады. Қамшы да таспаның өңделуіне орай жуан, жіңішке болып өріледі. Көп таспалылар мен ішіне өзек салып өрген­дері әдейі жуандатылады. Өрілгеннен кейінгі үлгісі — жұмыр, төрт қырлы, алты қырлы болып шығады. Сапталмай тұрып, түрлі-түрлі ысқыдан өткізіледі. Қамшы­ның сабынан өрімі қысқа түрлері де бар. Ерлерге арналған, әйелдерге арналған, балалар мен шал-шауқанға арналған түрлері молдау кезігеді. Жастар мен жігіт ағалары ұстайтын қамшылар алты тұтам ат қамшы, жеті тұтам жер қамшы деп аталады. Өткірлік жағынан өлшемі сабы алты тұтам, өрімі жеті тұтам қамшы дұрысырақ саналады. Қамшы өлшемі мұнымен шектелмейді. Терінің иленуі, таспаның тілінуі, тері мен таспаның ерекше қасиеттеріне байланыс­ты атаулары бар. Қалай өрілуі, өрім мен саптың өзара ұзын-қысқалық салыстыр­ма­сы, қамшының алақаны, алақанның ұзын-қысқалығы, қатқыл не жұмсақ­тау­лығы шарт боп айтылады. Қамшыгерлер өз дағдысы, өз есебі бойынша қалағанын өздері жасап алады немесе өрімшілерге арнайы тапсырма беріп өргізеді. Қолайына жаққан қамшы­ла­рын ұстаған қамшыгерлер өздерін қарулы адамдай сезінеді. Қамшыгерлік машығын (маман­ды­ғын) егжей-тегжейлі есептегенде Қытай­дың, Жапонияның «У-шу», «Каратэсі» сияқ­­ты деуге болады. Ал «У-шу» мен «Ка­ра­тэ» дамытылып, үстемеленіп, маман­дар­ды жетілдіріп, тарихи тәжіри­бе­лері қағазға түсіріліп келеді. Ал қам­шыгерлік ұмытылып, жоғалып барады. Әлі де халық арасында бар жұрнағын қай­та тірілтуге, қалпына келтіруге болар еді. Менің әкем Бабалық — 1860-1937 жыл­дар аралығында өмір сүрген кісі. Ал оның замандасы Лақ атты адамның қам­шыгерлік өнері туралы мақала ішінде айтылды. Соған қарағанда, ХІХ-ХХ ғасыр өн бойында қазақтың қамшыгерлік ма­ман­дығы өнер ретінде дамыған кезі деуге болады. Қамшыгерлікті міндетті түрде халық­тық спорт түрінің бір саласы деп тану керек, бекіту керек. Сыры, сипаты, ғажабы әлі танылмаған, ашылмаған ғылым ре­тінде қараған жөн. Қамшыгерлік ма­шық­қа, қамшыгер адамға суық қару ретінде танылған қамшыға талдаулар, зерттеулер жүргізу қажет. Сонан соң оның спорттық мән-мағынасына, ерек­ше­ліктеріне орай, бағыт-бағдар, тәртіп-қағида жасауға болады.  

Дайындаған: Рабат ЖӘНІБЕКҰЛЫ  

turkystan.kz

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English