«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазыбек батыр Сәменбетұлының бейіті табылды

2776 0
Қазыбек батыр Сәменбетұлының бейіті табылды
Есімі хатта қалған Қазыбек батыр СӘМЕНБЕТҰЛЫ

Бабалар мекені – Ұлы Дала төсінде қасиетті жерді қорғап, елінің амандығы мен іргесінің бүтіндігін сақтау жолында толарсақтан қан кешкен ерлердің тағдырға толы іздері сайрап жатыр. Аумалы-төкпелі замандағы оқиғалардың кейбірі тарихи жазба деректерде, жыр-дастандарда, шерлі шежірелерде көрініс тапқанымен, сол оқиғаларға байланысты батырлығымен, даналығымен, шешендік шеберлігімен т.т. жұрт көзіне түскен бабаларымыз жайлы дерек аз. Сондықтан да олардың сіңірген еңбегі мен беделін ғылыми түрде дәлелдей алмай жататындығымыз рас.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының сауда қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары» (аударған: Бақыт Еженханұлы) атты 2 томдық жинақта қазақ-цин қарым-қатынасы  жайлы сыр шертеді. Аталған еңбекте жоңғар хандығы жойылар тұстағы қазақ билігіндегілерінің ұстанымдары, орта жүз руларының атажұрттарына қарай қайта қоныстана бастауы, Цин империясымен арада жанданған «Жылқыға-жібек» сауда-дипломатиялық байланысы жайлы тың деректер бере отырып, оқиғаларға қатысы бар тарихи тұлғалардың есімдерінен хабардар етеді. Олардың көпшілігінің есімі басқа да тарихи деректер бойынша танымал  Абылай, Әбілмәмбет, Әбілпейіз, Ханбаба сұлтандар және Қабанбай батыр, оның ұлы Едіге, інісі Төметай, Қожаберген батыр, Шақабай батыр, Ер Жәнібек батыр, Көкжал Барақ батырлармен бірге аталық тегіне әлі де тереңірек талдауды қажет ететін Мұрын елінің ағайынды Аралбай-Шұлық, Қожаберген батырымен үзеңгілес, сенімді серігі болған Қазыбек батыр, оның ұлы Бекмырза және Аталай, Түлімбай сияқты  көптеген тұлғалар да бар. Дереккөзде аты аталған Қазыбек батырдың тұлғасы жазба деректер мен аталық шежіреге сүйене отырып іздестірілген еді. Шежіре дерегі бойынша Қазыбек Сәменбетұлы орта жүз он екі ата Абақ Керей руының Жәнтекей атасынан тарайтындығы анықталды.

"Қазыбек Сәменбетұлы 1705 жылы Орталық Қазақстан өңірі Сарысу өзенінің бойында дүниеге келіп, 1785 жылы Шығыс Қазақстандағы Қалба жотасының етегі Көкпекті өзені бойында өмірден озған. Атақты Ер Жәнібек батырмен бірге жауға қарсы тұрған Керей қолының бір қанатын басқарған қолбасы. Орта жүзден шыққан он саусағынан өнер тамған ұста, атақты зергер. Абылай сұлтан хандық таққа отырған тұсында алтынмен аптап, күміспен күптеп мөр-жүзік соғып сыйға тартқан...".(«Тауасар би» Таласбек Керімбайұлы, ҚХР ШҰАР Жазушылар одағының, Фольклор қоғамының, Тіл комитетінің мүшесі. ҚХР, 2013 ж.).

Аталған 2 томдық жинақта Абылай сұлтан иелігіндегі орта жүз руларының біршама бөлігі 1756-1767 жылдар аралығында Цин шекара қызметін атқарушылардың қоқан-лоқысына қарамастан Тарбағатай тауының теріскейі мен күнгейінде, Зайсан көлінің маңындағы жайылымдық жерлерді уақытша болса да мекендеп жүргендігі жайлы деректер көптеп кезігеді.

1771 жылы Өскемен бекінісінен Ертіс өзенінің арғы бетіндегі     Шар-Гурбан өзеніне және аталған өзеннің жоғарғы жағындағы Бұланай немесе Ұлыны аталатын жотаға, одан ары Бөкен, Шегелек өзендерінің жоғары жағындағы шатқалдар мен тағы басқа жайттарға құпия тыңшылық жүргізуге жіберілген казак атаманы Волошин басшылығындағы топтың күнделік деректерінде «...шілденің 9-күні Қарасу өзенінде түнеп шығып, таңғы алтылар шамасында тегісті келген тау беткейімен жүрісімді жалғастырдым, ол арадан ұзағаннан соң, қолымның сол жағындағы жерлері жазықты болып келетін бір қырды асып сай арқылы Шар-Гурбан өзені ағып жатқан алқапқа шығып, сол арқылы Қызылжар аталатын тастақты жерге бардым. Ол жерде керей болысының старшыны Қожаберген батырға қарасты ұлыстары көшіп жүр екен. Олардан өткен соң бес верстай жер жүріп, аталған өзеннің бойына тынығуға тоқтадым және сол арада жүрген екі старшын Аралбай батыр мен Қазыбек батырды өзіме шақырдым, оларға өзімнің арнайы жіберілгендігімді және барар бағытымды айта отырып, сөз арасында бүлікшіл-қалмақтар (бұл арада Еділден қашқан қалмақтар жайлы айтып отыр. С.С.), қытай мен қазақтардың кен орындарын іздестіруі жайлы ақпараттарына барлау жасадым» делінген. («Путевые дневники и записки российских чиновников и исследователей о Казахской степи 18-середины  19 века», Астана – 2012 ж., 13-бет.).

Бұл деректен 1771 жылдың шілдесінде Қалба жотасының солтүстік-батыс сілемі Қызылжар тауы бөктерімен Шар-Гурбан өзені бойында Керейдің Қожаберген батырымен қатар Қазыбек, Аралбай сынды старшындар өздеріне қарасты түтіндерімен жаз жайлап жатқандығын аңғаруға болады.

Осы тұста «Төресіз ел, төбесіз бел болмайды» деген ұстаныммен,  XVIII ғасырдың екінші жартысының соңын қарай, Ер Жәнібектың бұйрығымен Тауасар би Қазыбекұлы бастаған он жеті беделді адам, Түркістандағы Әбілпейіз ордасына бір баласын өз елдеріндегі төрелік тізгінін ұстату мақсатындағы өтінімімен барады. Әбілпейіздің кіші әйелі, қырғыз ханы Орманбеттің қызы Тұмар ханымды үш ұлы Көгедай, Сәмен, Жабағымен бірге екі құл, бір күңімен қоса атқосшы төлеңгіттерін және қожа-молдаларымен  барлығы он жеті үйді көшіріп әкеліп, он екі жасар Көгедайды Көкпекті өзені бойында Керей еліне төре сайлайды».(«Тауасар би» Таласбек Керімбайұлы, ҚХР ШҰАР Жазушылар одағының, Фольклор қоғамының, Тіл комитетінің мүшесі. ҚХР, 2013 ж.).

Көкпекті жерінде Көгедайұлы Ажы төренің есімімен аталатын елді-мекеннің орналасуы сол дәуірдің жаңғырығындай, ал Керей елінің негізгі құрамы 1790 жылдар шамасында «Қалбаны жайлап, Ертісті күзеп, Тарбағатайды қыстап» жүрген жылы орындарынан жылыстап:

«Кіндік кесіп кір жуған,

Алтай менің мекенім

Кеудемнен жаным шықпаса,

Ежелгі жерге жетермін! » (Ер Жәнібек), баба қоныстары өр Алтайдағы мекендеріне қарай «соғыссыз көш жорығына» керуен басын бұрғандығы тарихтан мәлім.

Елдік істерге етене араласқан ердің есімін ұлықтау ұрпақ парызы екені шындық. Жоғарыдағы деректердің барлығын жүйелеп сабақтастыра келе ұрпақтары батыр бабаларының басы жатқан жерді іздестірген болатын. Жер-су атауларының ертеректегі атауларымен қатар кейбір танымал тұлғалардың бейіттері орналасқан жерлердің нақтылы көрсетілуімен құндылығы жоғары болып табылатын XIX ғасырдың бас кезінде сызылған «Омбы  әскери округінің ірі масштабтағы әскери-топографиялық картасы» көмегімен Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Көкжайық ауылдық округі жеріндегі Жүзағаш бекеті жұрты тұсынан ағып өтетін бұрынғы Көкпекті өзенінің сол жақ қабағында аталған картада көрсетілген Төлеңгіт қыстауы жанындағы қырдың үстінен батыр Қазыбек Сәменбетұлының да (1705-1785) бейіті көрсетілуі арқылы сүйегі жатқан жер табылып отыр.

Серікбосын САДЫҚОВ

Ғылыми ізденуші, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты

6alash.kz/

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English