«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Мұстафа мен Мария 12+

1794 0
Мұстафа мен Мария

Кеңес үкіметі Қоқан автономиясын қиратып, тұтқындалудан қашып жүрген Мұстафа Шоқаймен 1918 жылғы 18 сәуірде бас қосқанда басталған, ал өзі ерекше терең түсіне сүйген жары 1941 жылдың 27 желтоқсанында дүниеден озған кейін жалғаса түскен сан салалы ширек ғасырдан астам уақытқа созылған жалғыздықтың қиыншылықтарына тап болған Мария Яковлевна Горина кім еді? 

Өмірбаяндық  мәліметтеріміз тым кедей. Жақында қолымызға түскен  орыс тілінде жазылған  «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: шетелдік архив құ­жаттары» атты кітапта «Гурина (туғандағы тегі – Ә.Б.) Мария 1890 жылғы 23 желтоқсанда Ви­льнюсте дүниеге келген. Әке-шешесі – Яков және Анаста­сия Карцинкиндер. Одесса опе­ра­сының әншісі болған» деп жазылған. Сонан соң біле­тініміз, төрт жасынан  он алтыға дейін Одессада тұрып, 1912 жылы Мәскеу операсының труп­пасында болған.  Әртүрлі ақпа­раттардан алған бар мәліметіміз осы ғана. Ал тағдыр қосқан Мұс­тафамен таныс болғаннан кейінгі жиырма бес жылдай өмірін өзі жазып кетті.

Мария Шоқай 1916 жылғы 10 тамызда Ташкентте генерал Сахиб-Гирей Еникеевтің үйінде Петербургтен келген қо­нақтармен бірге болғанда Мұс­тафамен алғаш рет танысқан еді. Тіпті жас қонаққа арнап бірнеше ән де шырқаған көрінеді. Ол кезде Петербургте оқитын Мұс­тафа С.Еникеевтің балаларымен, Ташкент гимназиясында оқы­ған кездегі достарымен бірге қы­зық­ты күндер өткізеді. Мария Горина астаналық модамен әдемі киінген, тәрбиелі, өте ұқыпты жан­ның қасында жү­ру аса қы­зықты көрінетін деп жазған-ды. Ол кезде Мұс­тафа Әлихан Бө­кейханның ұсы­нысымен Мем­ле­кеттік Дума мен Үкіметтің тың­дауына Дума жанындағы Мұ­сылман фрак­ция­сының төр­аға­сы Тевкелев жетекшілік ет­кен құрамда фрак­ция мүше­сі Ш.Мұха­ме­дия­ров және кейін қосылған депу­тат А.Ф.Керенскийлер бар деле­га­ция­ның аудармашысы, хатшысы және маман зерттеушісі ретінде  болды. Делегация 1916 жылғы патша үкіметінің тылдағы жұ­мысқа 19-43 жастағыларды алу туралы жарлығына қарсы жер­гілікті халықтың көтерілісін қа­­тыгездікпен басқаны туралы арнайы материалдар жинау мақ­сатымен келген еді. Комис­сияның Түркістандағы тексеру жұмыстарына Ташкент өлкелік прокуратура мүшелері қызу ара­ласады, мұның құрамында Мария Горинаның күйеуі де бар болатын. Ал өзі Ташкенттегі опера театрының әншісі-тұғын. Мұстафа Шоқай комиссиямен бірге бірнеше рет бұлардың да үйінде болады.

Қоқан қырғынынан соң Мұс­­тафа Шоқай бас сауғалап, Ферғана тауларын аралап, талай тағдырды бастан кешіріп, Ташкентке жетіп, жасырынып жүрді. Өзіне қиын-қыстау ке­зеңде сүйеніш болатын адам із­деді. Таңдау 1916 жылдан танитын, бірақ арада өткен бірер жылда кездесе қоймаған Мария Яковлевна Горинаға түседі. Мұндай қадамға баруға бұрын табиғатын таныған жанның ке­йінгі отбасылық жағдайы, он жыл отасқан, өзінен жиырма жас үлкен заңгер күйеуімен ажыра­сып, енді Мәскеуге кетудің қа­мымен жүргені себеп болған сияқты.

Мария Яковлевна бірде көк­темнің шығуына байланысты кешкілік бұрынғы үйіне жаздық киім алу үшін келгенде алдынан қасында қорғаушысы бар, осы үйде біраздан бері өзін күтіп жүрген Мұстафа Шоқаймен кез­деседі. Үлкен ғимараттың бір бөлігінде бұрыннан таныс үй иесімен келісіп уақытша тұрып жатқан ол сөз арасында паналайтын жаңа жер іздеп жүргенін, бұл үйде көп тұра алмайтынын айтып, көмек сұрайды. Алдымен Мұстафа Шоқайға әскери киім тауып беріп, шаһардың оңа­шалау ауданынан күйеуі май­данға кеткен, өзі жақсы танитын әйелдің үйіне уақытша орналас­тырады. Марияның өзі онда жиі барып, азық-түлік жеткізіп тұрады. Осылай 1918 жылдың наурызы екеуін мәңгілік табыс­тырады. Мұстафаның талап етуімен христиан дініндегі Мария мұсылмандықты қабылдап, сәуірдің 18-і күні екі өзбек жі­гі­тінің куәлік етуімен ескі Ташкент қаласының имамы не­­ке қияды. Сол күннен бас­тап Ма­рия Яковлевна өзіне Шоқай атын қосып алады. Енді Мұс­тафаның өмірін сақтап қалу үшін Ташкенттен кету керек бо­­лады. Қаладан тысқары жерге аттап басуға рұқсат жоқ. Мұс­тафаның басына 1000 рубль бәй­ге жарияланған. Іздестіру шаралары өте жіті жүріп жатқан кез. Оны таныған кез келген ресми органның адамы «пролетариат диктатурасын таратушы» деп атып тастауы мүмкін еді. Мария Яковлевна жарын қаладан алып шығу туралы ойларын ешкімге айтпай, оны оңайлықпен адам таны­майтын етіп ауыр жа­ра­лыға ұқсатып,  бет-аузын таңып, жолға дайындап, стан­цияға ке­ліп, поезға отырады. Жолау­шы­лардың билеттері мен рұқсат қа­ғаздарын тексеріп жатқанын көріп қатты абыржуға түседі. Бұл – мамырдың 1-і болатын. Мұстафаның аузы мен мұрнын ауа жұту үшін ашық қалдырып,  басын жақсылап таңып тастаған еді. Күн ыстық әрі қорқыныштан Мұстафа зорға шыдайды. Ол кезде құжаттарға сурет жапсырылмайтын. Тиісті құжаттар дай­­ын болғанымен, бет-жүзін ашып тексерсе, Мұстафаны танып қоюы мүмкін еді. Кезек осы­ларға келгенде тексеруші артына қарап біреумен сөйлеседі де, жаңылысып, келер купеге өтіп кетеді. Осылайша бұлар тек­серуден құтылады,  поезд да қоз­ғалады.     

Мұстафа және Мария Шоқай мінген поезд Ақтөбеге жеткеннен кейін тоқтайды. Орынбор бағытындағы теміржол соғысқа байланысты жабық болатын. Содан түрлі көлікпен алдымен Орынборға, сонан соң Самара арқылы Уфаға, одан Екатеринбургке жетеді. Ал Челябинскіде болғанда онда қалыптасқан сая­си жағдайға байланысты 1918 жылғы 19 қарашада Екатеринбургте таратылған Құрылтай мә­жілісінен кейін қосылған ук­раин­дықтардан осы жиынға сай­ланған Вадим Чайкин екеуі бөлек, Кавказға қарай қашу­ға мәжбүр болады. Ал Мария Шо­қай 1918 жылдың 24 желтоқ­санында Челябинскіден шығып, 1919 жылдың 20 сәуірінде Бакуге жетеді. Содан бірнеше күн­нен кейін Тбилисиге бағыт алып, поезд мамырдың 1-інде стан­цияға тоқтағанда, қолында бір шоқ гүлі бар  Мұстафа Шо­қай күтіп тұрған еді. Осылай қайта табысқаннан кейін де бұлт ыдырап, күн жарқырай қой­­­ған жоқ. Қызыл армия мұн­да келіп, қаланың быт-шытын шығарып, басшыларын тұтқын­дай бастағанда, бұлар Батуми­ге кетеді. Сол жерден түрік кеме­сіне мініп, Ыстамбұлға барады.1921 жылдан Францияда Париж қаласына жеткеннен соң да жат жердің жаңа қиыншылығы күтіп тұрды. Шет ел болса да Мария Шоқай өзінің кәсіби ма­мандығы бойынша өнер саласымен айналысады. Ол өз ес­те­ліктерінде Мальчевскийдің орыс хорына қатысқанын, Эльхамра Олимпиа және Доминов театрларының құрамында ән шырқап Италия, Англия елде­рінде өнер көрсеткенін еске алады. Алайда, көп ұзамай Мұс­­тафамен екеуінің табысы күнкөріске жетпей, ақшала­ры таусылып тұрмыстары қиын­дайды. Қалталарында не бәрі 15 франк бар, мойындарына ал­жапқыштарын іліп, жұртқа дәм дайындап, күнелтудің қамына кіріседі. Мария Шоқай мынадай хабарландыру  даярлайды: «Мадам Шоқай үш түрлі тағамнан тұратын түскі ас береді. Бағасы – 5 франк. Тамақ беретін уақыт 12-ден 3-ке дейін. Тамаққа келгісі келген адамдардың жа­зы­лып қоюын өтінемін». Са­ғат 3-терде та­мақ жеуге алғаш­қы клиент келеді. Мария Шо­қай оған бүгін тамақтың тау­сылғанын айтып, ертеңге алдын ала ақшасын тө­леп жазылуын өтінеді. Ол таңқалады. Осы кезде Мұстафа келіп қалып, онымен түрікше сөйлесе бастайды. Танысқаннан кейін бұрын Ресейде Иранның елшісі болған ол 10 франк беріп кетеді. Осылай басталған шет елдегі тағдырдың да бұдан былайғы 20 жылдан астамының рахаты мол болды дей алмаймыз. Мұстафа Шоқай елім деп, түркі жұртым деп өмір сүрсе, солардың бола­шағы үшін бар ақыл-парасатын, қажыр қайратын салып күрессе, Мария Яковлевна жан жарым деп өмір сүрді, бәрінен бұ­рын со­ның жағдайын ойлады. Күл­се қуанды, уайымдаса қай­ғыр­ды. Ері қайтқан соң ши­рек ғасырдан астам уақыт жалғыздықтың азабын әбден тартты. Бірақ өзі рухани суалып, тұрмыс жағдайы күйзелісте болса да, Мұстафа деп келгендерге қолынан келген қамқорлығын аямады.

1939 жылдың 1 мамыр күні Муссолини Францияға соғыс жариялайды. Италияның әскери ұшақтары Париж аспанын торлайды. Көшеде жүру қауіпті бола бастайды. Мұстафа үйде отырып жазумен айналысып, 5 лампалы радио қабылдағыштан үзбей соңғы жаңалық тыңдады. Радио ескі болғандықтан, кейде хабарлар дұрыс естілмей Мұс­тафа қатты ашуланып,  канал­дарды түрік, неміс тілде­рін­де­гі толқындарға ауыстырып әбі­герге түсетін. Кейбір кездері өзімен-өзі болғанды қалап, тұ­й­ықталып та қалатын. Әсіресе, со­ғыс басталғалы жүйкесі сыр бере бастайды. Ақылдасу керек дегенді жиі айтатын. Бірақ Мария Яковлевна ештеңе сұрап мазаламайтын, кейін оның себебін Мұстафаның өзі айтып беретін. 

Сол кездегі Франция үкіметі­нің заңдары шетелдік пана із­деушілер (эмигранттар) үшін де­мократиялық тұрғыдан алып қарағанда қолайлы болды. Бірақ Германия соғысты бастағаннан соң эмигранттардың бірсыпыра­сы Америкаға, мұсылмандары Түркияға кетіп жатты. Мұстафа Шоқайға да кетуге мүмкіндік болды, Америкаға визасы да бар еді. Алайда Мұстафа мұнда­ғы идеялас жолдастарын тас­тап, мұхит асып, елден тым жы­рақ кетуді қаламады. Ол «Ма­ған паналайтын орын берген мемлекетті тастап кету, өз Ота­ныңды тастап кеткенмен бір­дей» деп ойлады. Мария бұл жө­нінде ойлағанымен, жары сы­ңай танытпағандықтан жабық күйінде қалады, сабыр сақтайды.

Көп ұзамай 1940 жылғы 13 мамыр күні немістер Париж­ге келеді. Германия Франция­ны басып алғаннан кейін жаңа париж­діктерді жағдайы күрт өзгереді. Мұстафа Шоқай тұтқындалып, Кампиен түрмесіне жабылады. Одан босатқаннан соң екі күн Германияға, Берлинге ке­туге дайындалады. Оған түр­кіс­тандық тұтқындар алдын­да радио­дан сөз сөйлеу туралы ұсыныс жасалады. Бірақ Мұстафа тұт­қын­дармен  кездес­пей, оларға радио арқылы ештеңе айтпайтынын түсіндіреді. Сонымен екі күннен кейін Берлинге кетеді. Ол кетерінде хабарласып тұруы үшін үйінде екі рет болған неміс полициясының қызметкері Уали Каюм сарайының адресін беріп, ашық хат жазуын өтініп, өзінің де  хат салып тұратынын, соғыс кезінде осылай еткен дұрыс екенін айтады. Мария Шоқай жарының кетіп бара жатқан сәтін көру үшін терезеге жақын барып, оның соңғы рет ишарат етіп «сүйдім» дегенді білдіріп қолын бұлғағанын, содан кейін оны көре алмағанын еске алады.

Мұстафа Шоқай екі жарым ай лагерьлерді аралап, қайтатын болып,  поезға отырғанда басы ауырып, ыстығы көтеріледі. Бер­­линге жетіп, «Виктория» ау­ру­ханасына түсіп, 27 желтоқ­санында сүзек деген диагнозбен соңғы сапарға аттанады. Осы кезге дейін күдік арқалаған осы жұмбақ өлім  қаншалықты жанға батқанмен, жасынан жалындап жалқы өскен қайсар Ма­рияның сағын сындыра ал­май­ды. Сергек жан есін тез жи­найды. 1942 жылдың 8 ақпан­да күйеуінің қырқын өткі­зіп, жора-жолдастарын шақы­рады. Аста Мемлекеттік дума­ның мү­шесі болған, Грузия Ұлт­тық үкіметінің сыртқы істер ми­нистрі А.Чхенкели, Әзербай­жан Ұлттық үкіметінің басшы­сы М.Е.Расулзаде сияқты мар­­құм­ның достары мен әріптес­­тері Мұстафа Шоқайдың жар­­қын өмірі мен қызметі туралы сөй­лейді. Әсіресе Украина Ұлт­тық үкіметінің сыртқы істер министрі болған Александр Яков­левич Шулгиннің сө­зін жи­налған көпшілік беріле тың­дайды. Ол «Тірілердің ішіндегі ең тірі жанның өмірден өтті дегеніне еш сенгің келмейді» дей келіп, Мұстафа Шоқайды Орта Азияның, барлық Түркістанның нағыз көсемі, егер тірі болса, Джавахарлар Неру, Ататүрік сияқ­­ты қайраткер болар еді дейді.

Осыдан кейін Мария Шо­қай құдай қосқан қосағы үшін әлі де атқарылуға тиісті жұмыс­тардың ауқымын топшылайды. Ендігі қалған өмірінің бар­лығын Мұстафадан қалған мол тарихи мұраларын келесі ұр­паққа жеткізудің амалын қол­ға алады. Оларды сұрыптап, түп­теп, арнайы қораптарға салып мұрағатқа өткізеді. Бар байлығы, қанша жоқшылықта жүрсе де көп жылдан өздерімен алып жүретін  жалғыз пианиносын сатып, ерінің бейітіне бюсімен ескерткіш орнатады. Ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 1941-1963 жылдар аралығында «Менің Мұстафам» атты естелік жазады. Бұл шын мәнісінде мұстафатану ғылымының бас­тауы болатын. Өз қабілеті мен мүмкіндігі жеткенше, арының алдында жауап бере отырып, жарының жетістіктері мен қате­ліктерін ешбір қоспасыз айтып, шынайы болмысын қарапайым тілмен суреттеп шығады. «Мен өмір сүруден шаршадым. Жал­ғыз­дықтың қаншалықты ауыр тиіп жатқанын да бір Алла бі­леді» деп естелігін аяқтаған Ма­рия Шоқай өмірінің соңғы кездерін қарттар үйінде өткізіп, 1969 жылы бұл пәни дүниеден бақилыққа Мұстафам деп аттанады.

Осылай Мұстафа Шоқайдың 1918 жылғы таңдауы да, іздеуі де әсте қате болған жоқ. Сол жылдың сәуірінде Ташкентке келген Шоқайдың үлкен ұлы Сыздық інісінің үстелі үстіндегі Мария Горинаның суретін кө­ріп: «Әйелің ғой, ә?» деп сұрай­ды. Інісі  құптағаннан соң мақұл­дағандай бас изеп, бақыт тілейді. Қоштасарда інісіне бұрылып: «Сенің дұшпанын көбейіп барады, құдай қаласа, әйелің саған нағыз дос болар» деген еді. Қос арыстың қиыншылыққа толы бар өмірі бұл сөзді толық дәлел­деп шықты.

Әбдіжәлел БӘКІР, 

саяси ғылымдарының докторы, профессор.  

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English