«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Атыңнан айналайын Қарқаралы»...

3529 0
«Атыңнан айналайын Қарқаралы»...
Қарқаралы атауы не мағына береді? Өңір атауының шығу тарихы туралы деректер де, тарихи әфсаналар да көп. Бұл жақтың кербез тауларының алыстан қарағандағы пішіні қыз-келіншектердің бөркіне ұқсайды

Ел-жердің тарихын білетіндер, қала атауы осыдан шыққан деседі. Қарқаралы тарихын, 1824 жылы орыс-казак әскері тұрғызған станциядан бастағысы келетіндер де бар. Жоқ, бұл шаһардың тарихы 3 мың жылдан да ескі. Іргедегі таулардың баурайында ежелгі Кент, Алат қоныстары бар. Археологтар, оларды жер бетіндегі алғашқы протоқалалар деп жүр. Қарқаралы өлкесінен  4 алтын адамның табылғаны да  бұл жақтың шежіресі Сақтардан бастау  алатынын,  керек десеңіз  одан да ерте дәуірлерден тамыр тартатынын көрсетеді.

                                          Шайтанкөл феномені

Күллі таудың басында аппақ қар жатса да, Қарқаралы тауларының шыңында көкпеңбек боп, көлдер жайғасқан. Соның ең атақтысы Шайтанкөл. Физиканың бар заңына кереғар, таудың ұшар басында тұрғасын, Шайтанкөл аталыпты,-дейді білетіндер... Ал енді бір өлкетанушылар, көлді басқа емес, әулие Жиренсақалдың өзі солай деп атаған дейді. Халық арасында сол жайында аңыздар көп. «...Өте ерте заманда орман-тоғайлы осынау өңірге Жиренсақал әулие келіп, ел аралайды екен. Әулие биік таулардың бірінің шыңын мекен еткен-мыс. Күндердің күнінде ол Шайтанкөлге барған. Көлге жақын келсе, су ішінде дене тұрқы адамға келетін сары түсті қос мақұлық шомылып жүрген көрінеді. Түсініксіз тілде өзара сөйлескен әлгі екеудің бірі екіншісін «Әбілет, Әбілет!» деп атаса, екіншісі оған «Жәбілет!» дейді екен. Әулие бұлардың ерлі-зайыпты шайтан екенін біліп, олардың көбейіп кетуінен қауіптеніп, дұға оқып, айғай салғанда, қос шайтан зым-зия жоғалып кетіпті. Одан кейін әулие көл басына жиі келіп, дұға оқиды екен. Көлдің «Шайтанкөл» атануы содан екен» дейді. Ал жазушы Серік Сағынтай болса, көлдің неге Шайтанкөл аталуының сырын мынадан оқиғамен тарқатады. «Ел айтатын көптеген аңыздардың бәрі осы көлдің атауына келіп тіреледі. Шынтуайтына келгенде, ойыс-ойпаты сайда емес, жақпар тас қатпарын қалыңдатқан тау басына біткен көлді көрген атам қазақ: «Бұл – адамның ісі емес, шайтанның ісі болар» деп топшылауынан туған болар» дейді. Шайтанкөл – таудың ұшар басында, тостағанға құйып қойғандай ықшам болып жатқан, ағын су келіп қосылмаса да жыл он екі ай суы ортаймай бір қалыпта тұратын, өзі де ешқайда ақпайтын, әрі кейбір көлшіктер тәрізді жаздың ыстығында суы еш иістенбей (ешқайда ақпай бір орында тұрған тоқтау су борсып кетпеуші ме еді) сап-салқын болып жаңарып тұрады. Тереңдігі жайлы тағы анықтама жоқ.

Қайбір жылы ағылшындар арнайы аппарат түсіріпті. Онысы 900 метрге барып тіреліпті,-дейтін қаңқу сөз бар. Соған қарағанда көл, сөнген жанартаудың кіндігінде жатқан секілді. Шайтанкөл турасында ел арасында айтылған аңыз да, әфсана да жетерлік. Біз келтірген мысалдар соның бір парасы ғана. Әйгілі көлдің тіпті бүгінгі ғылыми-техниканың дамыған тұсында да толықтай зерттеліп, тереңдігі мен еш өзен құймайтыны  алдағы уақыттарда анықталып, тыңғылықты зерттеу жұмыстарына сұранып тұрғаны тағы да даусыз.

                           Қыз әулие немесе Будда храмы

Арқаның кербез сұлу, құт мекені  Қарқаралыға кімдер қызықпады дейсіз. Қазақ үшін  қиын кезең болған XVII ғасырларда, Қалмақ сынамалап кіріп, Қарқаралыны басып алған. Кент тауларының ең шұрайлы тұсына Будда храмын соғып, қыстаулар салған. Ғалым Жамбыл Артықбаев «Бұл ескерткіштің салынуы 1643-45 жылдары болған. Бұл ескерткіштің ашылуына Зая Пандита деген атақты қалмақтың ағартушысы келген» дейді.  Аумағы 15 гектардан астам жерді алып жатқан бұл сарайды жұрт, «Қызыл Кеніш» атайды. Тарихшылар мұнда 5 мыңға жуық адам мекендегенін айтады. Ал, алаң ортасындағы ғимарат ол кездері  Будда монастрі болған деседі. Осы сарай арқылы жоңғарлар, болашақта күллі далаға Будда дінін таратуды мұрат еткенге ұқсайды.

Бұл мәліметтің баршасы 2011 жылы жүргізілген қазба деректер негізінде мәлім болып отыр. Бір қызығы, археологтар монастрдің орнын қазып алғанға дейін, жергілікті халық бұл төбешікті «Қыз әулие» мазары деп, басына барып тәу етіп жүрген екен. Археолог Сырым Есеновтың айтуынша «Еділ бойын мекендеп жатқан қалмақ ханы Аюкенің қызын Жоңғар хоңтайшысы айттырыпты. Қалыңдығын алдырту үшін 40 нөкер жіберіпті. Қайтарында сол керуен осы Кент тауларының тұсына келген  кезде қыс қатты болып, осы жерде қыстауға тура келеді. Қыстап жатып, әлгі керуеннің сарбаздары, ханшайымға арнап осы сарайды салған екен» деседі.

                                        Құнанбай  мешіті

Қалмақтың Будда храмы мен қалашығы да ұзақ тұрмады. Қазақтар қайта күш алып, бұл өлкеден басқыншыларды ығыстырып  шығады. Сөйтіп, Қарқаралының зеңгір сілемдерінде  бір ғасырдан соң, қайта азан даусы жаңғыра бастады.  Азан демекші... Бұл өлкенің ең үлкен мақтанышы, ол Құнанбай қажы салдырған мешіт. 1840 жылы қазақтар мұсылман ғибадатханасына жер сұрағанда, орыс өкіметі әуелі батпақты жерден беріпті. Бірақ қажы атамыз, аға-сұлтан қызметіне сайланған тұста, үстінен ақы қосып, Қарқаралының әң әдемі тұсынан осы мешітті салдырған екен. Құнанбай генерал-губернаторға бүй деп  хат жазған көрінеді «Мен сіздің бұйрығыңызбен қызметке кірістім. Мешіт құрылысын жүргіземіз. Қаражат жетеді, жетпесе өзім қосам. Бірақ менің өз ұсынысым бар. Таңдалып алынған жер ыңғайсыз. Аймағы тар.  Мешіт аумағы кең болғаны ләзім. Молдалар тұратын үй, балалар оқитын медресе салдыруым керек». Сөйтіп, Семейге шығатын қасқа жолдың үстінен осы мешітті салдырған  көрінеді. Сырттай қарасаңыз осы мешітті шіркеу екен деп қалуыңыз бек мүмкін. Неге дейсіз ғой. Құнанбай, мешіт құрылысына орыс-казактардың ағаш шеберлерін тартыпты. Олар мұсылман үйін шіркеуге ұқсатып құрастырыпты деседі аңыздар. Сонымен, 1851 жылы екі қабатты мешіт салынып бітеді. Бұл ғимаратта талай қазақтың қара домалағы әріп танып, біршама дін білгірлері шыққан еді. Бұл құлшылық үйінде 1920 жылға дейін азан шақырылыпты. Большевиктердің келуімен, құлшылыққа тиым салынады. Содан не көрмеді дейсіз бұл үй? Бір кезеңдер де қоймада болыпты. Атқораға да айналған. Жергілікті жұрттың айтуынша, мешітті қиратып тастамақ та болған екен. Бірақ, бір керемет, большевиктердің жүрегін шайлықтырған көрінеді. Совет билігі мешіттің төбесіндегі белгі айды алып тастау туралы бұйрық шығарады. Адам көп жиналғанымен, ешбірінің жүрегі дауаламайды. Сол кезде Имаш деген комсомол жігіт: – Несі бар? Ай таңбаны мен-ақ құлатайын деп күмбез басына шығады. Қолымен таңбаның түбін жұлқылап жатқанда, аяғы тайып кетіп жерге гүрс етіп құлайды. Содан кейін мешітке кім зиян тигізсе  оңбайды деген аңыз ел ішіне тарап кетіпті.  Десе де мешіттің мұнарасындағы айды Совет билігі бәрібір атып түсірген. Жергілікті бір тұрғын, құлап жатқан мұсылмандық таңбаны жасырын үйіне алып кетіп, сақтапты. Тәуелсіздік алған соң сол ай-таңба қайта төбеге көтеріліп өз орынына қойылды.

                                                Абай қонған үй

Қарқаралы – ешбір қалаға ұқсамайтын, өзіндік кескін-келбеті, бай тарихы бар қазыналы мекен. Бұл шаһарда, атақты тұлғаларға тұрақ болған, белгілі кісілерді қонақ қылған үйлер көп. Мәселен, жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында, «Құнанбай Қарқаралыға келген кезде, Көктөбел үйге келіп тоқтайтын» деп келетін жолдар бар. Сол үй – әлі бар. Бекметов деген татар көпесінің үйіне, Құнанбай аға сұлтан боп тұрғанда, көп барған. Өйткені Халиолла баймен жақсы араласқан. Содан болар, осы үйге Абай да жиі түсіп тұрған. Алаш зиялыларының біразы мұнда қонақ болған. Маңызды шаруалар бойынша, мәжіліс ашқан. Кеңес үкіметі келген кезде, байларды кәмпескелеу кезінде осы әулет қуғынға ұшыраған.

Алаш Ордашылар бас қосқан үй болғандықтан, халық жауларына қызмет көрсетеді, солардың жақтастары деген атаққа ұшырап, содан көп зардап шеккен. Осыдан 100 жыл бұрын, көк шатырлы осы үйде, болашақ  қазақтың жеке өз алдына ел болуы, шекарасын шегендеу мәселелері талқыланып еді. Мінекей, осынысымен де, бұл шаңырақ әр қазаққа ыстық. «Қазақтың жерін тартып алу тоқтасын, қазба байлығын өзі игерсін, бұратана жұрттың құқығы өзгелермен тең етілсін, қазақтан депутат сайлансын» деген 47 шарты бар бұл құжат, Ресей патшасына  қазақ деген ұлттың бары екендігін, онымен санасу керектігін көрсетті. Негізі сол петицияға дейін, бұратана халықтан еш депутат болған жоқ еді. Міне, сол оқиғадан кейін барып, Мемлекеттік Думаға қазақтың оқымыстылары депутат болып сайлана бастады.

                                           Бала Әлиханның зеректігі

Алаштың рухани көсемі Әлихан Бөкейхан да осы топырақтың тумасы. Әлихан Бөкейхан Қарқаралы кентінде әуелі медреседе әріп танып, соңыра орыс-қазақ мектебінде тәлім алды. Бірде интернатта оқып жүргенде Омбыдан ояз келеді. Сол кісі келеді-дағы, оқушыларға  есеп жасырады: «Омбы мен Қарқаралы арасы 700 шақырым. Осы аралықты арбаның дөңгелегі неше рет айналады» дейді. Сол есепті Әлихан Бөкейхан табан астында  шығарып беріпті. Шенеунік Әлиханның зеректігіне риза болып, оның Омбыдағы оқуға түсуіне көмектескен екен. Осыдан кейін 16 жасар Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Төрт жылғы оқуда үздік көрінген Әлихан 20 жасында «Дала генерал губернатор кеңсесіне» арнайы  хат жазып, Санкт-Петербургтің Орман шаруашылығы иснтитутына түседі.Одан кейін алаш арысының саяси өмірі басталды. Газет шығарды, бала оқытты, үкімет құрды...Саналы ғұмырын қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруге жұмсаған Әлихан Бөкейхановтың кіндік қаны тамған қыстау  Желтау деп аталады. Содан сәл әріректе Бөкейхановтар әулетінің Талдыбейіт атты мазары тұр. Бұл атаудың өзіндік тарихы да бар. Омбыда қызметте жүргенде әкесі қаза болып  топырақ сала алмаған Әлихан, кейін, бейіт басына сонау Бразилияда өсетін ағаштың үш түп жас шыбығын әкеліп отырғызған екен. Содан бері бұл жер Талдыбейіт аталып кеткен.

 

                          «Қарқаралы» әні Мәдидің паспорты секілді...

Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» романында: «Қарқаралыдан шыққан адамдардың арасында көп оқымыстылар бар екен» деген сөзді ұлы ақынның аузымен айтқызатыны бар. Бұрнағы заманда үш жүзді аузына қаратып әділетті бітім айтқан атақты Қаз дауысты Қазыбек би мен оның тұқымы  ақын-сазгер Мәди Бәпиұлының да туған жері осы Қарқаралы. Мәдидің өмірбаяны қысқа ғана. Небары 41 жыл ғана ғұмыр кешті. Осы аз ғана ғұмырында   қазақтың өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып кетті. «Қаракесек», «Қарқаралы», «Үшқара», «Шіркін-ай» дейтін әндері, бүгінгі ұрпақтың рухани азығы.  Қарқаралының қақ төрінде Мәдидің ескерткіші тұр. Дәл осы жер әншінің соңғы демі шыққан жер. 1921 жылы Мәди  түрмеде жатқан  жан-жолдасы Мұстахимға жолыққалы Қарқаралыға келеді. Әрине, Мәди беттi, кеуделi адам. Ол түрме әкiмдерiне қатты сөйлеуi де мүмкiн. Соны сылтауратып, Жасанов деген абақты басшысы Мәдиді көшеде атып тастайды. Мәдидей аяулы жанның ақырғы қаны төгілген бұл жерде бүгінде міне, мүсіні тұр.

 

                          «Базарың құтты болсын ардақты елім»...

 Қарқаралының атағын шығарған бір оқиға болса, ол Қоянды жәрмеңкесі. 1848 жылы алғаш ашылғанда  бар жоғы 2 шаршы шақырым еді. Кейіннен қан базарға айналып, ұзындығы 11 шақырым, ені 5 шақырым жерді алып жатты. Жәрмеңке комитеті, көпестерге малын сату мен жаюға 55 шақырым жер бөлген. Қояндыға 1848 жылы Варнова Бутов деген саудагер келіп қосын тігіп, сауда жасай бастады. Сол кезде екі жақтың қазақтары мал айдап әкеліп сауда қыза-қыза 1917 жылдары бұл жәрмеңкенің қуаты бүкіл Ресей империясындағы ең алдыңғы жәрмеңке санатына айналдырды. Сауда айналымы 7 миллион рубльге шықты. Ол заманда 7 миллион рубль дегенің көлдей көп ақша ғой. Енді бір қойыңыз 2 рубль болатын болса, сонда жәрмеңкенің жылдық айналымы 3 жарым миллион қойға жеткен. Осыншама мол ақша айналымы жүріп жатқан қан базардың қақ ортасынан банк ашылады. Қаржыны біраз уаққа сақтайтын депозит, 2-3 пайызбен қарыз беретін кредит дейтін дүниелермен алаш жұрты алғаш рет осы жәрмеңкеде танысты. Қоянды жәрмеңкесін айтқанда оның ел ішіндегі әр түрлі мәселелерді талқылап отыратын орын болғандығын, ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің өркендеуіне өлшеусіз қызмет еткендігін айтпасақ болмайды. Мәселен, 1922 жылдан бастап жәрмеңкеде мәдени іс-шаралар өткізіле бастады. Қазақ тілінде бірқатар спектакльдер қойылды. Дауыс зорайтқыштар мен радиоқабылдағыштар арқылы халық жаңалықтар тыңдады. Тарихшы Жамбыл Артықбаев «Жәрмеңкенің ең қызған  шағында қазақтың алғашқы көшпелі театры да осы жерде пайда болды. Өйткені бай көпестер  2-3 айға дейін сауда жасап жатты. Ақшасы бар  оларға сауық көрсету үшін өнерпаздар бірігіп, Қоянды жәрмеңкесінің көрігін қыздырды. Қалибек Қуанышбаев секілді қазақ драма театрының негізін салған атақты актерлер өзінің алғашқы карьерасын Қоянды жәрмеңкесінен бастаған. Бұлар  тіпті Қажымұқанды да арнайы алдыртып жұрт алдында өнер көрсетуге себепкер болған.  Иса Байзақов пен Әміре Қашаубаевтар секілді өнерпаздар жәрмеңкенің негізгі көрігі болған. Осы қызықты көреміз деп ел-елден қаншама адамдар келетін еді» дейді. Арқа төсінде 82 жыл дүрілдеген Қоянды жәрмеңкесін 1930 жылдары Совет билігі күшпен жаптырады. Өйткені, жәрмеңке барда, ауылдағы Үкімет дүкенінен ешкім тауар алмайтын еді. Бүгін Қоянды жәрмеңкесі қайта түлейді деген жақсы жаңалық естідік. Сол кезде 500 ден астам тарихи ескерткіші бар қаланың да мәртебесі тағы бір жаңғырады деп сенеміз.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English