«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жолы болған "Габен"

1369 0
Жолы болған "Габен"
Ғабит Мүсірепов ғасырлар тоғысында өмірге келген, балалық шағы мен жастық шағы революция жылдарына дөп келді, ал одан кейін – қуғын-сүргін, репрессия, соғыс...

Дегенмен де, өткен жылдарға көз жібере қарасаң, оның өмірінің жарқын оқиғаларға, ерекше адамдармен кездесулерге, шығармашылық және мансап жолдарындағы табыстарға толы болғанын көруге болады. Qazaqstan Tarihy порталының редакциясы өз заманындағы ең жан-жақты жазушылардың бірі Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтың өміріндегі маңызды сәттерді еске түсіріп көруді ұсынады.  

Ғабит Мүсірепов 1902 жылдың 9 наурызында Ақмола губерниясының Жаңажол ауылында қарапайым шаруа Махмұт пен Динаның көпбалалы отбасында өмірге келген, отбасында одан басқа тағы да үш ұл мен бір қыз болған. Біраз жыл өткеннен кейін өзінің өмірге келуі туралы Ғабит Махмұтұлы былай деп еске алған: «Қазір түсінгенімдей, менің мына өмірге келгеніме ешкім аса қуана қоймаған сияқты. Онсыз да көпбалалы отбасында тағы бір ұл дүниеге келді».

Ғабит алғаш сауатын ауыл молдасынан ашқан, арабша оқып, жазуды үйренген. Кейін Ғабит екі кластық бастауыш орыс училищесін және Пресногорьков жоғары бастауыш училищесін бітіреді, бірақ дәл осы араб жазуы оның болашақ туындыларының негізі болады. Пресногорьков училищесіне Ғабит Мүсірепов 1918 жылы түседі. Бұл жерде ол белгілі қазақ педагогы Бекет Өтетілеуовтан білім алады, ол Ғабитті орыс әдебиетінің классиктері Пушкин, Лермонтов, Крылов және басқаларының еңбектерімен таныстырады. Оқуын бітіргеннен кейін, 1921 жылы ол аз уақыт ауыл старшинасының писар-хатшысы болып еңбек етеді, одан кейін пысық жігітті жергілікті әскери басқарма органы, Таузар болыстық әскери комиссариатына жұмысқа шақырады. Енді бір жылдан кейін Ғабит Благовещенка ауылындағы аудандық милиция бастығының орынбасары болады. 1922 жылы 20 жасар Ғабит жергілікті байдың Ханшайым есімді келініне үйленеді.

1923 жылы Ғабит Орынбордағы жұмысшы факультетіне түседі, достары Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқановпен бірге қалада пәтер жалдап тұрады. Бірінші кезде достар Сәкен Сейфуллиннің жазушылық гонорарына өмір сүреді, бұл Мұқанов пен Мүсіреповты шығармашылықпен айналысуға итермеледі. Ғабит Мүсіреповтың «тулаған толқында» атты дебюттік әңгімесі Орынбордағы оқуы кезінде туып, жергілікті газетте басылып шыққан. Жас жазушының әңгімесін Бейімбет Майлин жоғары бағалаған, ол сол кезде республикалық газеттің жауапты хатшысы болған. Б.Майлин Ғ.Мүсіреповті газетке аудармашы ретінде шақырады, сол кезден бастап Мүсіреповтың шығармашылық жолы басталады. 1926 жылға дейін Мүсірепов оқуын аудармашылық қызметімен қатар алып жүреді. Әдебиеттегі алғашқы табысына қарамастан, Ғабит Мүсірепов 1926 жылы Омбыға барып Сібір ауылшаруашылық академиясына оқуға түседі. Айта кетерлігі, ауылдардағы сауатсыздықпен күреске байланысты бір жылдан кейін Мүсіреповты Омбыдан шақыртып алады. Бұған байланысты Мүсіреповтың өзі былай деп жазған:

«Әскери-милициядағы қызмет сияқты ауылшаруашылығындағы жұмыс та менің өмірімнің мәніне айнала алмады. Мені бұрынғысынша аппақ қағаз беті тартып тұрды, ол өзім қатысқан оқиғаларды тағы да бастан кешіруіме мәжбүрлейтін»

1926 жылы Ғабит екінші рет жиырма екі жасар Жұсни Ягфарова деген башқұрт қызына үйленеді, қырық жыл отбасылық өмірінде төрт қызы дүниеге келеді. 1928-1931 жылдар аралығында Ғабит Мүсірепов Қазақ мемлекеттік әдеби баспасының бас редакторы және  «Жаңа Әдебиет» журналының редколлегия мүшесі болып қызмет етеді. Бұдан басқа, осы кезеңде жазушының алғашқы кітаптары «Тулаған толқында» және «Американ бидайығы», сонымен қатар «Қызыл әскер әліппесі» және «Сауаты аздарға арналған оқу кітабы» шығады.

Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов

1925 жылы Қазақ автономиялық республикасына басшы болып Филипп Голощекин келеді, келеді де «Кіші Октябрьді» жүзеге асырады. Ұжымдастырумен қоса бұл бастама өңірдің құлдырауына әкеліп, 1932-1933 жылдардағы аштықтың себепшісі болды. Ғабит Мүсірепов алғашқылардың бірі болып голощекиндік бастаманы жүргізудің жыртқыштық тәсілдеріне елдің саяси элитасының назарын аударды. 1932 жылдың шілдесінде Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Мұташ Дәулетәлиев, Емберген Алтынбеков және Қадыр Қуанышевпен бірге өңір ауылшаруашылығындағы қасіреттің жергілікті биліктің асыра сілтеуі себебінен орын алғанын түсндіріп Сталинге хат жазады. Әртүрлі кезеңде Тұрар Рысқұлов, Ұбайдолла Ходжаев және Смағұл Сәдуақасов жазған хаттардан ерекшелігі, олар бұл хатпен бірге төмендегідей ілеспе жазба қоса жолдады:

«Осы сұрақты қоюшылар, ешбір жағдайда да «ренжіген» адамдар емес, сондай-ақ олар мансапты да аңсаушылар емес... Біздің жалғыз ғана мақсатымыз –  біздің партиямыздың басты қаруы болып табылатын партиялық демократия аясында және өзін-өзі сынау тәртібінде Өлкелік комитетке өзімізді толғандырып жүрген сұрақтарды большевиктер сияқты тура қоя отырып, жекелеген маңызды олқылықтарды көрсетіп, Қазақстанда социализмді құруға көмектесу. Сондықтан да біздің сұрақтарымызға, оларға орташа партия белсенділерінен шыққан ұсыныс ретінде қарап, Сіз жауап береді деп үміттенеміз»

Бұл хат елдегі социализмді орнатуға қауіп ретінде қабылданып, авторлары түрлі жазаға ұшырағандарын айтып жату керек емес те шығар. Ғ.Мүсіреповты жұмысқа Қостанай облысына жібереді, ал бір жылдан кейін оны Қазақ АССР Халық ағарту комиссариаты жанындағы өнер саласының меңгерушісі етіп бекітеді, енді бір жылдан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы қылып тағайындалады. Мүсірепов қазақ киноөндірісінің қайнар бастауында тұрды. Ол Бейімбет Майлин және Всеволод Ивановпен бірге «Амангелді» кинофильмі (режиссері – Моисей Левин) сценарий авторларының бірі болды, фильм экранға 1938 жылы шықты. фильмнің жұмсы өте ауыр жүрген, бұл туралы Всеволод Иванов былай деп жазған:

«Дорогие друзья!.. С того дня как я сдал сценарий на кинофабрику прошло две недели. Ответа нет. Я звоню. Или нет заведующего, или он на заседании, или вообще чорт знает что… Так как я человек опытный, то я понял, что сценарий им не понравился. Не огорчайтесь. Это естественно. Им вообще ничего не нравится кроме того, что они сами пишут… Я решил действовать так. Сценарий целиком печатается в 11-м номере журнала «Новый мир». Редакции и всем товарищам  которые его читали он чрезвычайно нравится. Как только сценарий будет напечатан – это в конце ноября – я пойду в «Правду», изложу безобразное поведение фабрики, - и попрошу заступничества. А тогда посмотрим! Жму руки. Вс. Иванов»

Орфографиясы сақталған

Жоспар іске асып, фильм прокатқа шығады, алайда, бұл уақытта Мүсірепов партиядан шығарылған еді, сол себепті «Ленфильм» оны сценарий авторлары құрамынан шығарып тастайды. Ғабит Мүсірепов не үшін партиядан шығарылды? Қанды террор жылдары, елдің саяси көшбасшыларын аяусыз құрту жылдарында Мұхтар Әуезов пен Валентина Кузьмина, Ғабит Мүсірепов пен Хұсни Ягфарова, Хамза мен Сәния Есенжановтар, Қанабек пен Күләш Байсейітовтар, евгений Брусиловский әйелі Аннадан тұратын елдің шығармашыл зиялыларынан құрылған тату компания болды. Олар әр сенбі сайын бір-біріне қонаққа барып, «девятый вал» ойнап, әңгіме-дүкен құрып, ас ішіп, карта ойнаушы еді. Дәл осындай басқосуларға күйеуін аяқ астынан тұтқындап әкететіндей жағдай болып қалып жатса деп, Мұхтар Әуезовтың әйелі оның киім-кешегі салынған шағын кәрзіңкесін көтеріп жүретін. Айта кетерлігі, бұл компаниядан Хамза Есенжанов қана репрессияға ұшырап, түрмеде жиырма жыл отырып шығады. Ғабит Мүсірепов тұтқындалған достарының жазықсыздығын барынша дәлелдеуге тырысады. НКВД қызметкерлері Сәкен Сейфуллинді тұтқындаған кезде оның жанында Ғабит Мүсірепов болғанын айта кету керек. Сол кезде Сәкен досына:

«Біз кетіп барамыз, ал сен жастармен қаласың. Оларға тірек, қамқор бол», деген.

Ол тұтқындалған Бейімбет Майлинге қолдау көрсеткен. 1937 жылы партия отырыстарының бірінде досын қорғап Ғабит Мүсірепов: «...егер Бейімбет халық жауы болса, мен де жаумын»,- деген екен. Осы сөздері үшін Ғ.Мүсірепов партиядан шығарылып, Мәскеуге кетіп, сол жақта бір жыл жасырын тұрған. Тек 1955 жылы ғана Ғабит Мүсіреповты қайтадан партия қатарына алады, оған дейін ол толықтай әдебиетпен ғана айналысады. Осы жылдары ол мектепке арналған бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарын, «Ақан сері мен Ақтоқты» пьесасын, «Қазақ батыры» повестін жазады, Михаил Шолоховтың «Олар Отан үшін шайқасты» романын, Константин Симоновтың «Русские люди» («Орыс адамдары») пьесасын қазақшаға аударған. Ғабит Мүсірепов өзін партия қатарына қайтадан алуды өтініп Николай Скворцовқа да бірнеше рет хат жазған:

18 ақпан 1944 жыл

«Қазақстан КП (б) Орталық Комитеті

бюросына Қазақстан КП (б) бұрынғы мүшесі

Ғабит Мүсіреповтан Партбилет

№1571198  

Өтініш

Жолдастар, Қазақстан КП (б) Орталық Комитеті мүшелері. Мен он төрт жыл Большевиктер партиясы қатарында, оның активтері қатарында болдым, саяси майданның түрлі учаскілерінде өзіме тапсырылған жұмысты адал атқардым...Өзімнің идеялық-саяси тәрбиеммен ғана емес, өз жаратылысыммен де партия мен большевиктер ісіне берілгендіктен, менің партиялық ісімді қарау туралы Қазақстан КП (б) Орталық Комитеті бюросына үшінші рет өтініш жасаймын.

Мүсірепов  

Ғабит Мүсірепов әрқашан тап-тұйнақтай болып жүрген: мұнтаздай боп үтіктелген костюм, сәнді галстук, жалтыраған қара туфли. Замандастары оның шалбарын үтіктеген кезде одеколон сепкізетіні туралы да жазған. Евгений Брусиловский оған Мәскеуден былай деп жазған:

«... Мәскеуде ақшаға бәрін де сатып алуға болады. Бірақ ақшаға пысықтық пен ептілік қажет... базарда шетелдік заттар көп... Ешқашан ойлап көрмеген нәрсеңді кездестіруге болады. Мысалы, үлкендігі телефондай қолмен тігетін іс мәшинесі – 350 руб., бірақ сатып алмадым – тым ойыншық сияқты көрінеді екен. Зауэр қару-жарағы. Қауіпсіз ұстара. Американдық темекі – қорабы 30 руб. Ағылшын жеңілмектері, есептегіштер, велосипедтер, паспортсыз автомобильдер (6-8 мың), сағаттар, қыздар, пештер мен плиткалар, түрлі автоқаламдар – осының бәрі сатылады»

1955 жылы Ғабит Мүсірепов қайтадан партия қатарына алынып, келесі жылы Қазақ ССР Жазушылар басқарма одағының бірінші хатшысы болып тағайындалады. Осы лауазыммен қатар ол «Ара» сатиралық журналының бас редакторы міндетін де атқарады, 5-ші шақырылымдағы ССРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ССРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, өнер мен сәулет саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитет мүшесі, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі болады. Сонымен қатар, Ғабит Мүсіреповты соғыс әдебиеті жанрының негізін қалаушы деп те атайды. Ғ.Мүсіреповтың өзі осы жанрдағы Ә.Нұрпейісовтың «Күткен күн» романын, әсіресе, Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндерін» жоғары бағалаған. Достары өз араларында Ғабитті көбіне Габен деп атағанын көпшілік біле бермейді, бұл ат және жазушының өзіне де қатты ұнаған. Бұл лақап аттың тарихы 5-ші жылдардың соңында туған. Сол кезде Жазушылар одағының Алматыдағы ғимаратында француздық актер Жан Габеннің қатысуымен фильмнің көрсетілімі ұйымдастырылған. Дәл осы фильмнен кейін достары оны осылай атай бастаған.

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English