«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

АБАЙ ЖӘНЕ ӘЛИХАН

773 0
АБАЙ ЖӘНЕ ӘЛИХАН
Немесе тұңғыш абайтанушы туралы бар ақиқат

Абайдың туғанына 175 жыл толуына арналады

Алаш десе ойға Әлихан келетіні де, Әлихан десе – көзге Алаш елестейтіні үйреншікті құбылыс. Ал Абай дегенде ойға ең алдымен неге Әлихан оралмай, Әлихан дегенде – көзге неге тұңғыш абайтанушының тұлғасы елестемейді?

Алты Алаш көсемі, 20 ғасыр басындағы қазақтың ұлт көшбасшысы, қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің тұңғыш төрағасы (президенті) Әлихан Бөкейханды «тұңғыш абайтанушы» деуге ұлы ойшыл ақынның көзі тірісінде 1889 жылы «Особые прибавления к «Акмолинским областным ведомостям» мен оның қазақ тіліндегі қосымшасы – «Дала уалаяты газетінде» екі тілде қатар жазған «Письмо в редакцию» және «Хат баспаханаға» атты мақаласы  негіз бола алмайды. Мақаланың орысша нұсқасында

«Вы благородные старики, будьте сотрудниками «О.П.», расскажите нам все, что вы видели хорошего, что вы рассказываете в летний вечер, сидя на сопке у колодца, или зимою в гостях своим одноаульцам, что вы видели, живя с хорошими представителями киргизского народа, как решали споры знаменитые бии: Жарылкап, Алчынбай, Муса, Кунанбай и др., не льстившиеся на шелковые халаты, толстые карманы, дайте примеры, наставления нашим бииям, любящим ловить рыбу в мутной воде!», - делінсе [1], қазақшасы соның сөзбе-сөз аудармасы:

«Сіз, текті қариялар, газетке көмек беріңіздер, көрген жақсыларыңызды бәрін айтыңыздар! Өздерің жаздыгүні кешке таман айтатын, төбенің басында, құдықтың қасында отырып я қысты күні – ауылдастарыңның үйінде қонақта отырып айтқандарыңды, көргендеріңді – қазақтың жақсыларыменен бірге жүріп, қалайша атақты билердің билік қылғанынан, дау бітіргенінен – Жарылқап, Алшынбай, Мұса, Құнанбай һәм ғайри жақсылардың пара алып, жібек шапанға, қалтасының пайдасына қызықпағандықтарын; осы күнгі билерге, «лай судан балық ұстаймыз деп жүрген, өсиет етіп, ғибрат беріңіздер!» [2].

Мақалада автор ұлы ақынның аға-сұлтан болған әкесі Құнанбайды емес, «қара қылды қақ жарған» әділ билігімен аты шыққан Абайдың өзін айтып отырса керек.

Белгілі алаштанушы-журналист, марқұм Жайық Бектұров 1989 жылы «Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрген көлемді «Үш Әлекең» атты мақаласында жазғандай (газеттің нақты қай санында шыққаны туралы мәлімет қолымда болмай тұр), Абайдың көзі тірісінде оның өлеңін 1900 жылы орысшаға аударып, «Киргизская степная газета»-ға жариялауы да «абайтанушы» деуге онша келмейді. Тіпті «Россия. Географическое описание нашего отечества» көптомдығының Қазақ өлкесіне арналған 18 томындағы Абайдың жаңашыл ақындығы туралы бір жол пікірі де емес. Ол пікір, ашығын айтқанда, «Әлиханның ақыл-кеңесімен жазылды» деген ешбір дәлелсіз топшылау болмаса, авторы тіпті өзгелер-ді.

Әлиханның абайтанушылығы туралы әңгіме бола қалса, әдетте көпшілікті, арасында абайтанушылары да, журналистері де, басқалары да бар, «осы Абай мен Әлихан жүздесті ме?» деген сауал ойландырады. Тарихи дерек-айғақтар қазақтың бағына туған қос алыптың өмірде бір емес, талай рет жүздескенін бұлтартпай дәлелдейді. Абай мен Әлиханның жақын туыстығы өз алдына. Әлиханның туған інісі Смахан төре 18 қойын дәптерден тұратын «Әлекеңнің өмірі» атты естелігінің 1-дәптерінде:

«Әлиханның шешесінің әкесі (тобықты Мамай батырдан) Дулат батыр – ұры, бір жегенде бір уақ малдың етін жеп, сорпасын ішіп кетеді екен... Дулаттың екі қызы: бірі Бекжан - Әлиханның  шешесі,  бірі –  Бошантай  (Рызықбай шешесі) – Хұдайберді әйелі,  Құнанбай келіні», - деп жазды [3, 104 б.].

Демек Әлихан мен Шаһкәрім Құдайбердіұлы екеуі – туған бөлелер. Бұл бір. Екіншіден, Абай мен Әлиханның 1896-1904 жылдары Семей облыстық статистика комитетінің мүшелері ретінде, комитеттің жиындарында көрісуі мүмкіндігін де ешкім теріске шығара алмайды.

Тамыздың 16-19 аралығында Абай елін сапарлаған «Ұлы Абайдың ізімен» атты ғылыми-танымдық экспедициясы Қарқаралыда жас күнінде Абай тоқтаған Хами Бекметьевтің мұражай-үйін қызықтады (№ 1 фотосурет). Алайда Абайдың оқта-текте аялдаған ол үйде Әлиханның айлап жатқанын не экспедиция мүшелері, не мұражай-үйінің директорынан бастап қызметкерлерінің бірі де бейхабар. Сол себепті де, әрине, мұражай-үйде болашақ ұлт көшбасшысы, Алаш Ұлттық Жерлі Республикасының атасы әрі төрағасы Әлихан Бөкейхан туралы бірауыз сөз, фотосурет не тарихи құжат жоқ. Ал Смахан төре естелігінің 1-дәптерінде: «Әуелі жеті жасында Қарқаралыда ноғай Зариев моллаға мұсылманша оқуға беріпті. Тоғыз жасында Қами Бекметьев үйіне қойып орысша оқытыпты. Содан күтімсіз болып, интернатқа  өз бетімен түсіпті», - деп жазды [3, 104 б.].

Нағыз «абайтану» Әлихан Бөкейханның жас күнінен-ақ ақынның ұлылығын тануынан, оның поэзиясынан ұлт әдебиетінде, дәлірек айтсақ - енді ғана қалыптаса бастаған жазба әдебиетінде әлі жоқ жаңашылдығын көріп бағалай алуынан басталды. Әлиханның мұндай сезімталдығын, көрегендігін оның 1889 жылы «Особые прибавления к «Акмолинским ведомостям» және «Дала уалаятының газетінде» жариялаған ең алғашқы орысша-қазақша 16 мақаласынан айқын аңғарамыз. Сол мақалаларында

 

№ 1 фотосурет.

автор Абай поэзиясындағы сыни көзқарасына еліктеп, бұқара халықты адастырған надан, дүмше моллаларды, болыс-би, тілмәштарды, «әр елден өлеңменен қайыр тілеп, сөз қадірін кетірген» ақындарды аяусыз әшкерелейді. 1904 жылдың жазында қырдан қаралы хабар  алысымен, Әлихан Омбыдан «Абай мархұмның өлеңдерін кітап қылып басыңдар деп балаларына  хат жазады». Кәкітайдың мезгілсіз қайтыс болуына орай 1915 жылдың басында «Қазақ» газетінде жариялаған бұл азанама мақаласында Әлихан әрі қарай:

«1905-інші жылдың әпрел аяғында Кәкітай (Ысқақұлы Құнанбай) Абайдың жазба кітабын алып, Омбыдағы маған келді. 1905-інші жылы жазғытұрғы саясат ісі не екенін біздің «Қазақ»-ты оқушылар білер. Кәкітай біздің үйде бірер жұма жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-мейрам болдық», - деп есіне алды [4, 2 б.].

Міне Абайдің өз өлеңдері, А. Пушкин, М. Лермонтов, И. Крыловтан аударғандары мен қара сөздерінің Тұрағұл жинап көшірткен қолжазбасы қолына тиіп, Омбыдағы өз үйінде «бірер жұма жатқан» әрі туысы, әрі досы Кәкітаймен сырлы әңгімесінің нәтижесінде ұлы ойшыл ақынның өмірі қысқа да нұсқа баяндалған, ал шығармашылығына «Еуропаның әйгілі ақындарына мақтаныш болады» деп асқақ баға берілген тұңғыш «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты мүнәқып-мақала дүниеге келді.

Назар аударатын мәселе, мүнақып-мақаланың соңында автордың өзі марқұм Абайдың өмірі туралы мәліметті ұлы Тұрағұлдан (Абайдың өзі Тураұл деп атаған екен. – С.А.) алғанын атап көрсетеді. Ал автордың өз қолында ойшыл-ақынның өлеңдері жазылған қойын дәптері болған. Міне сол дәптерін ол 1903 жылы Омбыға келгеніне бір-ақ жыл болған қандасы, шәкірті әрі болашақ ең жақын үзеңгілесі - Ахмет Байтұрсынұлына берді. Ол туралы «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында Ахметтің өзі былай деп жазды:

«Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, тіпті, жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан. Абайдың сөздері кітап болып, басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге едәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді... 1903-ші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті» [9, 2 б.].

Ал Әлиханның мүнақып-мақаласы алдымен семейлік «Семипалатинский листок» газетінің 1905 жылғы 3 санында [5] (№ 2 фото), одан кейін Орыстың императорлық география қоғамы Батыс Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского Отдела И.Р.Г.О.» жинағында болар-болмас өзгеріспен екінші рет жарияланды [6]. Мақаланың газетте жарияланған нұсқасында атап көрсетілгендей, Абай шығармаларының тұңғыш жинағын Әлиханның редакциялауымен таяу арада Географиялық қоғамның Семей бөлімшесі басып шығаруы керек еді.

 

№ 2 фото. Ә.Н. Бөкейханның «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты мүнәқып-мақаласы шыққан «Семипалатинский листок» газетінің 1905 жылғы 25 қараша күнгі № 250

Алты Алаш көсемінің өміріне қатысты ерекше назар аудара кететін жайт: Әлихан Бөкейхан отарлық езгісінде отырған «қалың елі қазағының» құқы мен азаттығы үшін қиян-кескі күресін ғылыми-публицисткалық қызметімен, оның ішінде абайтанушылығымен қарама-қатар атқарып жүрді. Соның бірден-бір айғағы: Әлихан отаршыл империяның І Мемлекеттік думасы депутаттығына түсу үшін сайлауалды науқанын өткізу және іс арасында өзі редакциялап болған Абай шығармаларының қолжазбасын баспаға тапсыру ойымен 1906 жылдың 8 қаңтарында Омбыдан Семейге келе жатқан жолында – Тұзқала (Павлодар) іргесіндегі казактардың Ямышевский кентінде тұтқынға алынады. Қолжүгі (портфелі) ішіндегі Абай қолжазбасымен бірге тәркіленеді.

Ямышевский кентінен Тұзқаланың абақтысына жабылған күннің ертесіне – 10 қаңтар күні Әлихан Павлодар қалалық 2 учаскіеі судьясын шақыртып алып, өзінің қылмысы болса тергеу жүргізіп дәлелдеп, сотқа беруін, болмаса – дереу босатуын талап етумен қатар, қолжүгімен бірге тәркіленген  қолжазба – қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдері екенін, құны 5 мың патша рубліне тең екенін айтып, оны сақтауды қатаң талап етеді (№ 3 фото). Әлихан еш айып-қылмыссыз Тұзқала-Омбы абақтыларында 4 ай отырып, 1906 жылы өзінің туған елі – Тоқырауын болысында сайлаушы (выборщик) болып сайланғаны мәлім болған соң, 30 сәуірде бостандыққа шығады. Абайтанушылардың кейбірі ұлт көшбасшысы Тұзқаладан Омбы абақтысына ауыстырылғанда, Абайдың қолжазбасы «жоғалыпты» деген ешбір айғақ-дәлелсіз жаңсақ болжам айтатын көрінеді. 1905 жылдан Ә.Н. Бөкейханды бүкіл Дала өлкесі халқының «діни-саяси қозғалысының бірден-бір дем берушісі әрі жетекшісі» деп таныған генерал-губернатордың әкімшілігі оны абақтыдан босатар алдында оның паспортын «жоғалтқан» болып бірнеше күн ұстағаны рас.

Абайдың қолжазба өлеңдері мен қара сөздерінің біразын орысшаға аудартып, «саяси астар» іздеп таба алмағаны тағы бар. Бірақ қолжазбаны «жоғалтуға» дәті бармады. Неге десеңіз – Ә.Н. Бөкейхан абақтыдан айыбы не қылмысы болмағаны үшін емес, сайлаушы болып сайланғаны үшін босатылды. Егер Ә.Н. Бөкейхан сайлаушы болып үлгермегенде, оны нақақтан-нақақ 4 ай түрмеде ұстаған Дала генерал-губернаторы «әкімшілік тәртіп» деген құйтұрқы баппен

(Батыс Сібір генерал-губернаторлығы Дала генерал-губернаторлығы болып қайта құрылған 1882 жылы оның алғашқы генерал-губернаторы болған Герасим Колпаковский ешбір заңға сыймайтын, тек қазақтарды кемсітуді көздеген осындай «ереже» енгізіп, ол бойынша мыңдаған қазақ баласы, олардың ішінде әйгілі Науан қазырет Таласұлы мен оның шәкірті, І және ІІ Думаның болашақ депутаты Шаймерден Қосшығұлұлы да бар, тергеусіз-сотсыз «ит жеккенге» айдалды. Ә.Н. Бөкейхан ол ереженің заңсыздығын әшкерелеп С.-Петербор басылымдарына көп жазды және оны бұздыруға көп күш жұмсады. – C.A.) жер аударуды жоспарлап қойған-ды.

Ал Мемлекеттік дума сайлауы туралы 1905 жылы шыққан ережеде Думаға сайланған депутаттармен қатар, сайлаушыларды да кісі өлтіруден басқа жеңіл қылмыстары үшін соттың үкімінсіз тұтқындауға болмайтын.

Ә.Н. Бөкейхан тұтқындалған 1906 жылдың қаңтарынан бастап Дала өлкесі облыстарында Алаш қозғалысы жетекшілерімен қатар, Географиялық қоғамның Семей бөлімшесі мүшелерін де қудалау басталды. Нәтижесінде

3 фото. Қазақ ақыны А. Құнанбайұлы өлеңдерінің құны 5000 рубль тұратын қолжазбасын сақтауды талап еткен Ә.Н. Бөкейханның судья жазып алған арызы

Абай шығармаларының тұңғыш жинағы шықпай қалды. Қазақтан 12 депутат сайланған  Мемлекеттік думаның І- және ІІ-шақырылымдары күштеп таратылып, ІІ Дума қуылған 1907 жылдың 3 маусымында ІІ Николай патша қол қойған сайлау туралы жаңа заң шығып, 5,5 млн қазақ халқы сайлау құқынан айырылысымен Алаш жетекшілерін қудалау өрши түсті. Оның ішінде Әлихан І Думаны таратуға наразылық білдіріп «Выборг үндеуіне» қол қойғаны үшін 3 ай түрме жазасына кесіліп, Семей түрмесінде 3 айдың орнына 8 ай отырып, 1908 жылдың желтоқсанында бостандыққа шықты (№ 4 сурет). А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлының 1917 жылғы бір мақаласында атап көрсетілгендей [7, 4 б.], Алты Алаш көсемі өзіне әбден өшіккен Дала генерал-губернаторы әлгі атам заманғы «әкімшілік тәртіп» бабымен «ит жеккенге» айдайтынын сезіп, өз ықтиярымен алдымен С.-Петерборға, одан Самарға «эмиграцияға» кетті.

Әлихан «қазақтың бас ақыны» Абай шығармаларының тұңғыш жинағын ешбір қиындықсыз Қазан не Уфада қалаларында басып шығарар еді. Бірақ туған Ұлы дала елінің отаршыл әкімшілігіне енді өзі әбден өшіккен Алаш көшбасшысы да ұлы ақынның тұңғыш жинағын отаршыл империяның төл астанасында жарыққа шығарды. Кітаптың өзінде жазылмаса да, жинақ Әлиханның «ыждаһатымен» шыққанын Абайдың «опатына дәл он жыл толуына» орай жазған «Абай» (Опат 23 иун 1904-інші жыл) атты мақаласында Міржақып Дулатұлы (мақалаға М.Д. деп қол қойған. – С.А.): «1909-ыншы жылы Абайдың балалары мен інілерінің ризалығы һәм Ғали ханның ыждаһатымен Абай кітабы Петербургте Бурагански баспаханасында басылып шықты», - деп атап көрсеткен-ді [8, 1 б.].

Одан бір жыл бұрын,  тағы сол «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы Әлихан Бөкейханның «Семипалатинский листок» газеті мен «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела» жинағындағы мақаласындағы төмегнідей пікірін келтіреді:

«Хақиқатты табуға, тереңнен сөйлеуге бойына біткен зеректіктің үстіне Абай һәр түрлі Еуропа білім иесілерінің кітаптарын оқыған. Тәржіме халін жазушы Ғали хан Бөкейхановтың айтуына қарағанда, Абай Спенсер, ЛУис, Дрепер деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған» [9, 2-3 б.].

Әлихан «қазақтың жалғыз ақыны» Абайдың өзіне ғана емес, көзі тірісінде «ұстазым» дейтін Евгений Михаэлиске де дүние салғанда азынама мақаласын арнады. «1880-нші жылдарда көп орыс жұртын ілгері бастыру, өзге сүйреу жолында қызмет еткен жастан шет жерге жер аударылғанда, - деп жазды Қ. Б. [Қыр баласы] азанамасында, - Михаэлис біздің Семейге айдалып келіп, сонан бері біздің қазақ жерінде қалған еді. Қазақтың жалғызы, ақыны Абайды тұра жолға салған осы Михаэлис еді. Абай өле-өлгенше менің көзімді ашқан, маған жаны ашарлық қылған Михаэлис еді деп айтып отырушы еді» [10, 4 б.].

4 фото. Әлихан Бөкехан – Семей абақтысында. 1908 ж., Семей

Әлихан елге Кеңес өкіметі үстемдігін орнатып, өзін 1922 жылдың желтоқсанынан бастап ОГПУ-НКВД-ның қатаң бақылауында Мәскеуде күштеп ұстаған кезінде де ұлы ақынды назарынан тыс қалдырмады. КСРО халықтарының Кіндік баспасында Қазақ бөлімінің редакторы қызмет атқарған жылдары ол өзінің елде қалған үзеңгілестеріне кім қандай кітап, қандай тұлғаның өмірбаяны мен шығармашылығын жазу керектігін, оның ішінде Абайды мектеп оқулығына кіргізуді А. Байтұрсынұлына тапсырып отырғанға ұқсайды. Мысалға, 1925 жылдың жазында Мәскеуден Ахметке жазған бір хатында ол:

«Абай мен Алтынсарының балас жөніндегі жазуыңды күзге дейін бітірсең де кеш емес. Нәзір де [Төреқұлұлы] Абай туралы жазбақшы. Мейлі жазсын», - дей келіп, әрі қарай: «Алтынсарының баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң, жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе! Егер ол қазір өмір сүрсе сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде, оның ісін жасарың хақ», - деп шәкірті әрі үзеңгілесін рухтандырады [11, 397 б.].

Алайда А. Байтұрсынұлы «қадірлі Әли» ағасына жазған жауабында мынадай жайтты баяндайды: «Қазақ мемлекеттік баспасымен келісілген шартқа сәйкес, мен жаңа емле бойынша 3 грамматике және қазақ әліппесін қайта жасауым керек. Аяқталу мерзімі: біріншісі 15 маусым, екіншісі – 1 шілде, үшіншісі – 1 тамыз, төртіншісі – 20 тамыз. Міне сол уақытқа шейін басқа жұмыстарға қарауға мұршам жоқ; оның үстіне қазақ-қырғыз институтында оқу басталса, тағы да бос уақыт болмай қалады. Сол себепті де 20 тамызға дейін Ибраһимнің (Абайдың) ғұмырбаянын жаза алмайтынымды анық айтамын. 20-тамыздан соң уақыт бола ма, жоқ па – оны білмеймін» [11, 398 б.]. Ал «Алтынсары баласының суретін «Шолпан» журналының № 6, 7, 8 кітап жинағынан табасыңдар. Одан басқа менде суреті жоқ» деуіне қарағанда, Ахметтің, қанша дегенмен де, Ыбырай Алтынсарыұлының ғұмырбаянын жазып бергені анық. Ал Абайдың ғұмырбаянын жазуды ұлт көшбасшысы енді кімге тапсыруы мүмкін еді?

Әлкей Марғұланның естелігі бойынша, Әлихан 1925-1927 жылдары Ленинград мемлекеттік университетінде профессор ретінде студенттерге дәріс оқиған [12, 16-17 б.]. Ал Ленинградқа дәріс оқуға барған күндерінде ұлт көсемі 1923-1928 жылдары сол университеттің филология факультетінде оқыған Мұхтар Әуезұлының жалдаған пәтеріне тоқтайтын. Елдегі үзеңгілестері, оның ішінде Әлімхан Ермекұлы өзінің ОГПУ-НКВД тергеушісіне берген жауабында мәлімдегеніндей, Әлекеңе жазған хаттарын сол пәтерге жолдайтын:

«...Маған 58-баптың 10-тармағы бойынша тағылған айыпқа – менің Мұхтар Әуезовке  жазған хатымдағы жер мәселесі жөніндегі пікірім негіз болыпты. Қолтаңбасына қарағанда, шындығында да хатты жазған менмін. Бірақ ондай мағынадағы хатты Мұхтар Әуезовке емес, Әлихан Бөкейхановқа жазғанмын. Ол кезде мен Ғылым академиясының Қазақстанды зерттеу бөлімінде істейтінмін және Қазақ халық комиссариатының тапсырмасы бойынша қазақтарды жерге орналастыру мәселесін негіздеумен айналыстым, сонымен қатар ол (Бөкейханов. – С.А.) федералдық комитеттің мүшесі болатын (егер сол кезде таратылып кетпесе). Осы комиссияның құрамында жүріп Қазақстан үшін үшін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өзі Мәскеуде тұратын, қызмет бабымен ара-арасында Ленинградқа баратын. Лиза Бөкейханова мен Шоқаневаның (?) айтуынша, онда Әуезовтің үйіне тоқтайтын» [13, 190 б.].

Міне Ленинград оқуынан кейін Мұхтар өз шығармашылығында біржола Абайға ден қойды емес пе? Оған дәлел: арада тура 5 жыл өткен 1933 жылы М. Әуезұлы Қызылордада латын әрпінде Абай Құнанбайұлы шығармаларының тұңғыш толық жинағын жарыққа шығарып, Абай шығармаларының тұңғыш ғылыми жинағын әзірлеуді қолға алған жоқ па еді? Сонда Мұхтар Әуезұлының бетін біржола Ұлы Абайға бұрған кім болып шығады? Жауапты оқырманның өзі айтар...

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1 Сын степей. Письмо в редакцию. // «ОП к «Акмолинским областным ведомостям», 25.12.1889 г., № 50. Омск.

2 Қыр ұлы. Хат баспаханаға. // «Дала уалаятының газеті», 1889.25.12, № 50. Омбы.

3 (Бөкейхан С. Әлекеңнің өмірі. – Алматы: «Жұлдыз», № 3, 1996. – 104 б.

4 (Ғали хан. Кәкітай (Ысқақұлы Құнанбай). Мүнәһиб-Некролог. //«Қазақ», 1915.18.02, № 105. Орынбор. – 2 б.

5 Букейханов А. Абай (Ибрагим) Кунанбаев. Некролог. / «Семипалатинский листок», 25-27.11.1905 г., №№ 250-252. Семипалатинск. – Cc. 2-3, 2-3, 3.

6 Букейханов А. Абай (Ибрагимъ) Кунанбаев. Некролог. //«Записки Семипалатинскаго Подотдела Западно-Сибирского Отдела И.Р.Г.О.», вып. № 3, 1907 г. Семипалатинск.

7 Байтурсунов А., сотрудник газ. «Казак» и член Тургайской областной гражданской управы, Дулатов М., сотрудник газ. «Казак» и член Тургайской областной гражданской управы. Наш ответ докладной записке [Алибия Жангельдина], напечатанной в № 123 «Заря» от 5 сентября с.г./ «Южный Урал», 1917.14.09, № 10. – Сс. 3-4.

8 М.Д. Абай (Опат 23 иун 1904-інші жыл). – Орынбор: «Қазақ», 23.06.1914 ж., № 67. – 1 б.

9 А. Б. Қазақтың бас ақыны (Басы 39 һәм 40-ыншы нөмірлерінде). – Орынбор: «Қазақ», 1913.22.12, № 43. – 2-3 бб.

10 Қ.Б. Офат (Е.П. Михаэлис). // «Қазақ», 1913.08.12, № 44. Орынбор. – 4 б.

11 Бөкейхан Ә.Н. Таңдмалы – Избранное. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1995. – 479 б.

12 Өтениязұлы С. Арманда өткен Әлкей ата.//«Қазақ тарихы» журн., № 2, 1994 ж. - 16-17 бб.

13 Движение Алаш: Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. Tрехтомник. – Алматы: ФФ «Ел-шежіре», 2011. – Т. 2. - 290 б.

Сұлтан Хан Аққұлы

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English