«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы

2577 0
Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы
1992 жылы өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына әлемнің 33 елінен 800-ден аса өкіл қатысқан болатын.

Осыдан 27 жыл бұрын Алматы қаласында Елбасы Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен әлем қазақтарының басын қосқан 1-ші Дүниежүзілік құрылтайы өткен болатын. Құрылтайға сонау Скандинав түбегі елдері, кәрі құрлық Еуропаның біраз мемлекеттері, Түркия, Моңғолия, Қытай, Ресей елдерінен қандастарымыз келді.  Содан бері елімізде жаһан қазақтарының қатысуымен 5 реткі құрылтай болып өтті. 

Тарихқа сәл шегініс жасап, 1992 жылғы құрылтайға оралсақ. Алғашқы алқалы жиында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру, оның жарғысын бекіту, басшылық органдарын сайлау мәселелері талқыланды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының алғашқы төрағасы болып, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Төрағаның бірінші орынбасары болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Қалдарбек Найманбаев, ал Дәлелхан Жаналтай, Мырзатай Жолдасбеков пен Алтынбек Сәрсенбаев төралқа мүшелері болып сайланды. Құрылтай таңбасының авторы — суретші Бейсен Серікбай.

Құрылтай кезінде шеттен келген қандастарымыз Қазақстанның киелі де көрікті жерлерін аралады. Олар екінші Мекке атанған — Түркістан қаласында болды. Жезқазған, Ұлытау секілді киелі жерлерге табандарын тіреп, ата-баба рухына тағзым етіп қайтты.

«Бүгінгі күн — ерекше күн. Орта толды деген осы. Дәл осынау сәтте өзін қазақпын деп сезінетін әрбір адам жүрегі лүпілдеп, атамекеніне, тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматыға көз тігуде. Өйткені мұнда дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі иісі қазақ атаулының өкілдері тұңғыш рет бастарын қосып, алқалы жиын, салтанатты мәжіліс — Құрылтайға жиналып отыр. Күні кеше ғана мұндай болады деген ой көбіміздің қиялымызға кірмеген шығар. Енді, міне, аңсаған арманның тағы біріне қол жеткіздік. Сан ғасырға созылған отаршылдықтың бұғауынан босанып, таяуда ғана тәуелсіздік алса да, қысқа мерзім ішінде бүкіл айдай әлем түгел мойындап, абыройы асып үлгірген Қазақстан жұртшылығы сіздерді, ардақты ағайын, туған жерде құшақ жая қарсы алып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Мен Республика Президенті ретінде бәріңізді Дүниежүзі қазақтары Құрылтайының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға: «Туған жерге қош келдіңіздер!», — деймін деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы Дүниежүзі қазақтары Құрылтайында. 

Әрине, еңсесін енді көтере бастаған елдің басты міндеттерінің бірі — дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымызды қайтарып, әр салада жағдайларын жақсарту және олардың ішінен Қазақстанның болашағын жарқындататындай азаматтарды іздеу еді.

Міне осы кездесуден бері қаншама жылдар өтті... Қазіргі кезде шетелдегі қазақтардың мәдени орталықтарымен түрлі байланыстар жүріп, көбісі жүзеге асып келеді. Қазақстанда қауымдастықтың бірнеше бөлімшелері бар. Жыл сайын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шетелдегі қандастарымыздың жағдайларына тиісті деңгейде зерттеулер жасап, шешімдерін шығарып, Үкіметке түрлі бағдарламалар ұсынады. Сондай тыңғылықты жұмыстардың нәтижесінде 1996 жылдың өзінде «Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды.

Мемлекеттің түрлі тиімді бағдарламарының нәтижесінде тарихи отанына келушілердің саны күрт көбейді. Еліміздің Статистика комитетінің пайымдауынша бүгінге дейін шетелден шамамен 1-млннан астам этникалық қазақ қоныс аударған екен. Олардың көпшілігі Өзбекстан, Қытай, Ресей, Моңғолия, Түрікменстаннан келген. Әрине, сөздің басында айтып кеткендей, елдегі бұл үлкен тарихи кезеңнің мақсаты тек қандастарымызды елге қайтару емес еді. Яғни, ұлттық экономикадан бастап, өнер саласының дамуына үлес қоса алатын азаматтарды тарту болатын. Қазір ол бастамалар орындалған секілді. Қазақ еліне мыңдаған өнер, мәдениет, спорт жұлдыздары және түрлі кәсіпкерлер де келіп ел экономикасын көтеруде.

Айта кетер болсақ, 1992 жылы 30 қыркүйектегі кездесуден кейін 2002 жылы қазан айының 23-інде қазақтың бірнеше хандары мен билері жатқан Түркістан қаласында II Дүниежүзілік қазақ құрылтайы өтті. Кейіннен 2005, 2011, 2017 жылдары Астана  қаласында жаһан қазақтарының құрылтайлары өтті.

Әлем қазақтарының Құрылтайлары жер шарының түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың іскерлік сұхбаты алаңына айналуда. Құрылтай қазақ халқының мәдениетіне, тарихына және салт-дәстүрлеріне жаңаша тұрғыда қарауға, оны молайтуға мүмкіндік береді. Ол, сондай-ақ, біздің отандастарымыздың Қазақстанға өз еркімен қоныстануына жол ашады.

Осынау маңызды іс-шара көші-қонға жауапты мемлекеттік органдарға шетелден қоныс аударушылардың өздерінің тарихи отандарында бейімделуіне, этникалық көші-қон мәселелерін шешуге, көші-қон жәнен білім туралы заңдарына байланысты уақыт талабын ескеруге жаңаша тұрғыдан қарауға көмектеседі.

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English