«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыру керек - Президент

683 0
Қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыру керек - Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына пікір

Қазақстан Республикасының 1995 жылы тамыздың 30-ында қабылданған Конституциясына сәйкес, Мемлекет басшысы елдегі жағдай мен республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары жайында Қазақстан халқына жылма-жыл Жолдауын арнайды.

Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Президентінің алғашқы ресми Жолдауы 1997 жылы қазан айында жария етілген болатын. Дәл сол уақыттан бастап бізде көптеген президенттік республикаларға тән осы дәстүр берік қалыптасты. Сол дәстүрді саналы түрде жалғастыра отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан халқына өзінің алғашқы Жолдауын жариялап отыр. Ол осы тарихи құжатта қазіргі уақытта бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отырғанын атап өтті.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының толық мәтіні

«Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз. Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлауалды бағдарламамның негізі болды. Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде. Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын», - деді Тоқаев.

Президент өзінің Жолдауында экономикамыздың өсуі мен қаржылық мүмкіндіктерімізге сүйене отырып, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту бойынша жұмыстарды ары қарай жалғастыру міндетін алға тартты. Ол «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналғанын атап көрсетті. Мемлекет басшысының пікірінше, шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру, агроөнеркәсіп кешені мен өңдеу өнеркәсібін мейлінше дамыту қажет. Жолдауда білім беру, құқық қорғау, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген, өйткені олар мемлекеттің басымдық берілетін салалары болып сана­лады.

Президенттің Жолдауында көтерілген мәселелердің барлығы маңызды. Соның ішінде бізді ерекше қуантатыны, азаматтық қоғамға қолдау көрсету мәселесінің мәлімденгені.

«Азаматтық қоғамға қолдау көрсету керек, халықты жалпымемлекеттік өзекті тапсырмаларды талқылауға тарту керек. Сол үшін де Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын. Сондықтан, жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек» - деді Мемлекет басшысы.

Қазіргі Қазақстанда азаматтық қоғам қалыптасуының ұзақ тарихы және терең тамырлары бар. Ерте замандардан-ақ бізге азаматтық қоғамның табысты жұмыс атқарып, қоғамның нығаюын қамтамасыз еткен: билер соты, ақын-жыраулардың шығармашылығы, батырларды маңызды істерге тарту немесе олардың өздерінің белсенді қатысуы іспетті институттары болғаны мәлім. Қазақ жерлерінің отарлануы, содан кейінгі біртұтас кеңес мемлекеті құрамында өмір сүріп, еңбектенуге байланысты кезеңдер қоғам мен адамның психологиясын, мемлекет тағдырындағы рөлін түсінуін айтарлықтай өзгерте отырып, азаматтық бостандық сезімінің қалыптасуындағы тарихи сабақтастықты үзген-ді. XX ғасыр басындағы көптеген белгілі саясат қайраткерлері азаматтық сана-сезімді ояту жолындағы күресте жандарын пида еткен. Сондықтан Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуы, еш күмән жоқ, жете сараланған сипат алатын болады.

Қазақстанда азаматтық қоғамның алғашқы көріністерінің бірі болып үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қалыптасуы саналады. Олар мемлекет пен азаматтар арасындағы делдал ретінде өздеріне қоғамда орын алып жатқан көптеген әлеуметтік өзгерістердің міндеттерін қабылдап, әртүрлі: экология, қоғамда әйелдер рөлінің артуы, сондай-ақ тұтынушылар, жастар, көпбалалы және жалғызбасты аналар, жетім балалар, мүгедектер, заңсыз қудалау құрбандары және басқаларының құқықтары мәселелерін шешу ісіне елеулі үлес қосады. Бүгінгі күні елімізде 3500-ге жуық үкіметтік емес ұйым жұмыс істеп, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешеді, ел азаматтарының қоғамды демократияландыру үдерістеріне белсенді түрде қатысуына көмектеседі.

Жолдаудың тағы бір ерекше маңызды бөлігі – қоғамдық келісімді нығайту мәселесі.

«Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек», - дейді Мемлекет басшысы.

Алдымен, «осы мақсатта қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет» деп жалғастырады, ол өз ойын.

Бізді, тарихшы-ғалымдарды, ұлттық тілдің жанашыры ретінде  қуантатыны, Мемлекет басшысының осы құжатта: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» - дегені. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін, оның пікірінше, бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Президентіміз қойған осы міндетті орындау біздің де азаматтық борышымыз деп ойлаймын.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы келер жылы аталып өтетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталатыны, әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын өткізетініміз туралы айтты. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керектігін тілге тиек етті. Бұл міндеттің де біздің ғалымдарға тікелей қатысы бар сияқты.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында көтерілген идеялар мен қойылған міндеттерді толық қолдай отырып, алдағы уақытта оларды насихаттауға біз белсене қатысуымыз қажет деген пікірімді білдіремін.

Т.М. Әминов, ҚР ҒК БҒМ Мемлекет тарихы

 институтының аға ғылыми қызметкері, доцент

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English