«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Жошы қай жылы туған?

4926 0
Жошы қай жылы туған?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауға сапары барысында Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын атап өтіп, сонымен қатар оның негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау жөнінде бастама көтерді

«Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл жұмыстарды Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу қарсаңында бастау керек. Сонымен қатар Біз Алтын Орда негізін қалаушы Жошы ханға міндетті түрде құрмет көрсетуіміз керек», – деген болатын Жезқазған өңіріндегі Жошы ханның кесенесіне зиярат етіп тұрып.

Рас, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы негізін салған Алтын орданың тікелей мұрагері – қазақ деген пікір жайдан-жай шыққан пікір емес. Көптеген тарихи деректер мен зерттеулер бұл пікірдің дұрыстығын дәлелдеп те келеді. Қазақтар өздерін Алтын Орда татарларының ұрпақтарымыз деп санайды» деген деректерді Шоқан Уәлихановтың естеліктерінен де кездестіруге болады. Яғни бұл бүгін ғана белгілі болып отырған әңгіме емес деген сөз. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінде қазақ халқының негізін қалап отырған арғын, керей, қыпшақ секілді ұзын-саны жиырмадан астам рудың кезіндегі Жошы ұлысының құрамында болғаны тағы белгілі. Керек болса, археологиялық қазба жұмыстары мен генетикалық зерттеу жұмыстары да осы пікірді толықтай қуаттап отыр: Ресейлік антрополог Л.Т. Яблонский 30 жыл бойы Алтын Орданың көшпенділерінің бассүйегін, қаңқасын зерттей келе, ортағасырларда өмір сүрген алтынордалықтардың бет-пішініне, қазіргі халықтардың ішінде пошымы жағынан тек қазақтар қатты ұқсайды деген қорытынды жасаған. Сондай-ақ палеогенетикалық зерттемелер нәтижесі де Алтын Орда аристократтарына гендік, қандық тұрғыдан тағы да қазақтар ғана жақын деген естелігі тағы бар. Яғни, кешегі Алтын Орданың бүгінгі мұрагері татар да емес, басқа да емес – қазақ қана деген сөз. Әрі бұл толықтай дәлелденген, талас тудырмайтын ақиқат.

Бір қызығы, сол Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның өмірге келген уақыты әлі нақты емес. Ресми деректерде Жошының 1187-1127 жылдары аралығында өмір сүргені айтылады. Тағы бір деректерде 1181 жылы туған деп көрсетіледі. Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, моңғолтанушы Зардыхан Қинаятұлының зерттеулерінде Жошының 1179 жылы туғаны айтылады. Әрі бұл пікірін нақты деректермен дәлелдеуге тырысқан. «Мен зерттеуші ретінде осы мәселе төңірегінде көп іздендім. Жошының туған жылын айғақтай алатын нақты дерек қалдырған жалғыз еңбек – Саган Сэцэннің 1663 жылы жазылған «Эрдэнийн товч» (Асыл түйін) тарихы. Автор онда «Тэмужин сарғыш ит жылы (1178) 17 жасында Бөртемен бас қосқан екен» деп жазыпты. Тэмужин Бөртенің төркінінен келген қара бұлғын ішікті кереит Тоғорылдың иығына жапқан оқиғасы да, Бөртеден айрылып қалғаны да осы 1178 жыл. Тэмужин Бөртені құтқаруға көмектесуін сұрап Тоғорылға барғанында «Былтыр менің иығыма қара бұлғын ішігіңді әкеліп жапқаныңда ішігіңнің қарымтасына бытыраған жұртыңды біріктіріп берейін дегенім бар еді. Сол айтқаным айтқан» деп Жамуха досына елші жіберіп, дереу қол жинап аттанғанына қарағанда, Тоғорыл-Жамуха-Тэмужин үштік одағы Бөртені құтқару үшін меркітті шапқан әйгілі Бугур кегер оқиғасы 1179 жылы болған. Шайқас күздің ортаңғы айында өткен. Күздің орта айы дегеніміз – қазан. Ал Тэмужин соғыс алаңында Бөртені «айдың жарығынан танығанына» қарағанда бұл қазан айының орта шені болмақ. Бөрте осы жолы жау қолынан құтқарылып, ауылына қайтып келе жатқан жолында Жошыны дүниеге әкелді. Бұл – 1179 жылдың қазан айы. Биыл Жошының туғанына 830 жыл толады деуіміздің сыры осында жатыр» келтіреді өзінің «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» деп аталатын еңбегінде.  

Жалпы тарихи деректерде Жошы ханның туған жылы ғана емес жалпы өмір жолы туралы да деректер өте аз. Тек Қадырғали Жалайыр секілді ортағасырлық бірлі-жарым тарихшылардың еңбектері болмаса Жошы туралы еңбек жоққа тән. Кейін Шоқан Уәлиханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдардың жаңаша зерттеу еңбектерінде ғана біраз дүние жазылып қалған. Алайда бұлардың барлығы да Жошының туған жылын көп қаузамаған. «Оның да өзіндік себебі бар» дейді З. Қинаятұлы.

Шыңғыс хан, қаған інілері Өгөдей, Мөңке, Құбылай, өзінің әйгілі ұлы Баты ханмен салыстырғанда Жошы жайлы жазылған материалдар тым көп емес. Себебі Моңғолдар Жошыны жаттан туылған деп есептеген. Ғалым осы себепті Жошы туралы өз заманында аса көп жазылмаған дейді. «Жошы Құбылай сияқты Қытайды, Баты хан сияқты Еуразия державасын билеген жоқ. Оның аз жылдық ғұмыры Қыпшақ (қазақ) даласында өтті. Әмір Темір, Шахрух туралы Мауереннахрлықтар, Баты хан туралы орыстар жазғаны сияқты Жошы жайлы әуелі біздің қазақтар жазуы тиіс еді. Өкінішке қарай, ешкім жазбады. Тек бұл тақырыпқа Татарстандағы қазандық тарихшылар ғана назар аударып жатыр» деп кейістік білдіргені бар.

Шын мәнінде Жошының еліне сіңірген еңбегі орасан зор болған. Зардыхан Қинаятұлының мәліметіне сенсек, Жошы – аз ғұмырына қарамастан 60-тан аса ірі шайқасқа қатысып, әлемнің 200-ге жуық қала, қамалды бағындырған әйгілі қолбасшы, әрі батыр. Ол алғаш 1207 жылы Орман жұртын қан төгіссіз бағындырды. 1211-1216 жылдары Алтын еліне қарсы, 1219-1224 жылдары Хорезм жорығына қатысып Сыр бойындағы 26 ірі қала, қамалды басып алды. 1223-1224 жылдары Самарқан, Үргеніш үшін болған ірі шайқастарға қатысты. Соғыстан кейін әкесінің ұсынысымен Қыпшақ даласын үлесіне алып, осында өз ұлысын құрды. Бұл тарихта «Жошы ұлысы» немесе «Қыпшақ хандығы» деп аталады.

Айтпақшы, Жошының өлімі де құпия. Көптеген тарихшылар оны қастандықпен өлтірілген деп біледі. Солай жазып та жүр. Зардыхан Қинаятұлының айтуынша, бұл да жаңсақ пікір. Шыңғысханға Жошы өлді деген суық хабар 1225 жылы жеткен. Бұл кез Шыңғыстың Си Ся жорығына дайындалып жатқан сәті болса керек. Ғалымның есебінше, бұл 1225 жылдың күз айында болған оқиға. Өйткені, Шыңғыс хан Си Ся жорығына 1226 жылдың күз айы аттанған. «Осындай нақты деректерге сүйенген Джамал Карши, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген моңғол тарихшысы Гомбожав және басқадай көптеген ғалымдар Жошы 1225 жылы күзде 46 жасында дүниеден өтті деген қорытындыға келген. Біздің ойымызша бұл бірден-бір дұрыс есеп», – дейді ол.

Сонымен қатар ғалым Жошының Ұлытаудағы мазарға жерленбегенін айтады. Қазақ тілді БАҚ құралдарының біріне берген сұқбаттарының бірінде Жошының мазарына қатысты былай жауап берген екен: «Жошының қазақ топырағында жерленгендігінде сөз жоқ. Мазарға келсек, ол Жошы ханға арналып тұрғызылғанына біз күмән келтірмейміз. Бірақ онда Жошы ханның сүйегі жоқ. Біріншіден, қағанның өзі және ұрпақтары о дүниеде де жауының көзіне түсіп қалмас үшін барлығы мұқият жасырын болсын деген Шыңғыс ханның өз өсиеті бар. Жошы өлгенде қаған тірі болатын. Әкесінің көзі тірісінде Жошы ханға мазар тұрғызылуы мүмкін емес. Тіптен атасынан 19-20 жыл кейін дүние салған кіші держава билеушісі Баты ханның өзі қайда жерленгені қазірге дейін белгісіз. Екіншіден, мазардан 1946 жылы Марғұландар тапқан сүйек 70-72 жас шамасындағы ер адамға тән. Ал Жошы 46 жасында о дүниелік болған. Үшіншіден, мазардың жер асты және жер үсті архитектуралық конструкциясы, қолданған құрылыс материалы ХV-ХVІ ғасырларға жатады.

Сондықтан В. Бартольд айтқандай мазарды Жошының мұсылманданған хан ұрпақтарының бейітсіз қалған хан бабасына (Жошыға) арнап кейінірек тұрғызылған болуы әбден мүмкін. 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English