«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Аңыздар жалған айтпайды

3399 0
Аңыздар жалған айтпайды
Аңыз-жырлар – халықтың арман-қиялынан туған әдеби шығарма, сондықтан шынайы тарихқа еш қатысы жоқ деп санаймыз. Жай ғана аңыз ғой, деп тарихшылардың көпшілігі желісіне сенбейтін керемет аңыз бар

Ол – Жошы хан туралы дастан. Шежірешіл шалдар, Шыңғыстың үлкен ұлы саятшылыққа құмар болыпты. Құлан атуға шыққанда, тағы жануардың айғыры шайнап өлтіріпті деседі. Енді тағы бір нұсқада, аңға шыққан кезде, Жошының астындағы аты құланмен будандасқан екен. Ол құландардың үйіріне қосылмақ боп, алып қашады. Игермек болған Жошының қолы қарысып қалыпты. Содан оң қолы жұлынып кетіпті деген ақпарат бар.

Енді мынау қызықты қараңыз. 1940 жылдары Әлкей Марғұлан, Ұлытау жұрты Жошының кесенесі деп танитын зиратты зерттейді. Топырағын аршып, табытты ашады.

Айдар ЫСҚАҚОВ, Ұлытау тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері: Сол кезде қабірден екі адам шыққан. Бірі ер азамат, екіншісі әйел кісі. Ер кісінің жақсүйегі жоқ. Сонымен қатар, оң қолының болмағандығын айтып келтіреді. Аңыздарда, астындағы құлан-шатыс тұлпары ырық бермей, ханның оң қолын жұлып алды деп айтылады. Археологиялық зерттеу соны растап отыр. Сондай-ақ, осы жақында қабірдегі сол ер азаматтың сүйегінен ДНК-сы алынып, спектрлік анализдер жүргізген. Сараптама, марқұм шамамен 1210-1310-жылдары өмір сүрген болуы мүмкін деп отыр. Бұл жағынан да, кесене астындағы марқұмның сипаттары Жошы ханға келіп тұр.

Әне, халық аңызының ақиқат екендігін археология дәлелдеп тұр. Айтпақшы, Жошы хан туралы аңыздың ары қарай желісі, ұлының өлгенін  ұлының мерт болғанын Шыңғыс ханның іші сезді. Бірақ, ауыр қайғыны мойындағысы келмеді. Қаһарлы қаған ұлының өлімін кімде-кім естіртетін болса көмекейіне қайнап тұрған қорғасын құюды бұйырады. Сол кезде ешкімнің жү­регі дауаламай тұрғанда домбырашы келіп «Ақсақ құлан» күйімен естіртеді. Екі көзінен жас аға тыңдаған қаһарлы қаған: «Құй мы­наның көмейіне!» деген бұйрық береді. Домбырашы орнынан ұшып тұрып: «Дат тақсыр! Мен емес, мына домбыра ғой Сізге естірткен», - дейді. «Олай болса, домбыраның шанағына құй, қорғасынды!» дейді қаған. Содан бері қазақ домбы­расының шанағына тесік пайда болыпты-мыс. Бұл – Жошы қаған дәуірі. Нақтырақ айтсақ, оқиға 1220-1227 жылдар шамасында болса керек. Ал енді, 2008-ші жылы Алтай тауынан домбыраның ең көне түрі табылды. V ғасырдың туындысына жататын, көне домбыраның ша­на­ғында тесік жоқ!

Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, түрколог: Ал енді алғаш көргенде мен таңқалғаным, біздің домбырамыздың бетінде үлкен тесік бар ғой. Жощы ханға дейін, шынында мынау жерде тесік болмаған. Жошы хан өліп, Шыңғыс баламды өлгенін ескертсе, соның таңдайына қорғасын құям дейді ғой. Күйші домбырамен айтады. Көмейіне құймақ болғанда, домбыраны алға тартады ғой. Содан домбыраға қорғасын құйған. Сол аңызды мынау домбыра дәлелдеп тұр. Көрдіңіз бе? Осындай дүниеде, бір домбырада бүкіл тарих, қазақ халқының тарихы жатыр.

Жошыны өлтірген құлан – қай құлан?

Осы жазда, Барса-Келмес қорығына бардық. Жошы ханды шайнап тастаған, шайпау мінез, асау құландарды көреміз деп ойлағанмын. Жоқ, құла түсі болмаса, кәдімгі есекке ұқсайтын жабайы жануар екен, құлан дегенің. Әдебиеттегі құлан мен көзім көріп тұрған мақұлық үйлесетін емес. Жолбастаушы, Алтынемел қорығының директоры Халық Байәділов ағамыздан сұраған болдым:

– Бұл құландардың айғыры жақын маңдағы ауылдың биелерін ертіп кете ме?

– Жоқ, бұлар жылқыдан қорқады, - деді ағамыз. Тіршілік дағдысы жылқыдан гөрі есекке көбірек келеді екен. Сыртқы сықпыты да есек.

Мұндай пайымға, қорықшы Халық Байәділов ұзақ зерттеу, хайуандарды бірнеше жыл бақылау арқылы келіпті. Ағамыздың айтуынша, Сарыарқаның төсін осы құландарға толтыру үшін 5 (!) рет әрекет жасалыпты. Торғай даласына, Қорғалжын маңына бес-алтыдан босатып қоя берген. Бірде-бірі сәтті болмапты. Жазда жосылып жүргенімен, құландар арқаның аязына шыдай алмайды екен. Ғалымның зерттеуі бойынша: Құландардың солтүстіктегі өмір сүруге ыңғайлы ең шеткері сызығы – Сырдың бойымен өтеді. Арғы бетке өтсе – үсіп қалады екен. Байқасаңыз, есектің де өміршеңдік шекарасы – осы оңтүстік облыстармен ғана шектеледі. Қарағанды, Өскемен апарсаңыз, қақаған қысқа шыдай алмайды. Бұл жай сәйкестік пе?!

Не керек, Халық Байәділов мырза, біздің «құлан» деп жүргеніміз жабайы есек дейді. Оны бұрынғы қазақ – домбай деп атаған деген қызық дерек келтірді. Сөзіне дәлелді Доспамбет Жыраудың «Далада құлан, домбай шұбырса, О дағы бір егеулі оққа жолығар!» дейтін жырынан келтірді.

Жыраудың «домбай» деп отырғаны – қазір біздің «құлан» деп жүрген мақұлығымыз. Есекке ұқсас қазіргі құланымыз аңыздарда айтылатын «шын құландарға» көп жағынан келіңкіремейді, - деп отыр.

Рас. Сол жыр-дастандарда, құлан дегенің – қуып келе жатқан Жошы ханды үйірге кіргізіп, астындағы жылқысын соғып құлатып, ат-матымен, шайнап-таптайды емес пе? Ал, қазіргі құлан деп жүргеніміз, жылқыны сүріндіретіндей күші жоқ екен.

Хош, құлан деп жүргеніміз жабайы есек болса, ал шын құлан қайда?! Неге есекті құлан деп жүрміз? Неге «құланның» түрін ұмытып қалдық?

Ұмытып қалдық, себебі құланды түп-тұқиянымен қырып жібергенбіз! Шыңғыс ханның заманында, далада үйір-үйір боп, өріп жүретін құландарға зооцид жасағанбыз. Сол қаніпезер оқиғадан кейін, құлан жерімізден жоғалды. Тек ол жайында күй қалды.  «Ақсақ құлан» күйі  - осы құланқырған атты трагедияның бізге жеткені жаңғырығы...

Бабаларымыз жасаған зооцид

Бұл қайғы-музыкасы қалай пайда болғанын жоғарыда жаздық. Шыңғыс ханның ұлы – құлан атам деп, айғыры шайнап тастайды. Сосын...

Сосын Шығыс ханға жайсыз хабар күй арқылы жеткізіледі. Этнограф-тарихшылар айтып отыр. Қайғылы оқиға күй естіртумен аяқталмайды,-деп. Ұлының өлімін естіген Шыңғыс хан, даладағы құлан біткенді қырып тастауға әмір берген... «Моңғолдың құпия шежіресі» кітабындағы деректерде бұл жайында жазылған. Кітапқа сенсек, Ұлы хан, қазіргі Қазақстанның териториясына жете-ғабыл өлкені, айналдыра ор қаздыртқан.  Қуғын-қырғын кезде құландар солтүстікке қашып кетпес үшін – Ұлытаудан Теңіз көліне дейінгі аралықты, оңтүстікке өтіп кетпес үшін Тарбағатайдан Шу өзеніне дейінгі өлкені айналдыра, әскеріне сорап қаздырған.

Бір таңғаларлығы, сол Шыңғыс қаздырған орлар әлі бар. Жергілікті халық орларды «Топырақ суырған» деп атайды. Бұл ойпаңдар әсте, қырылған құландарды көметін мола болса керек. Жарты метр аршысаң, сүйек-қаңқа қаптап шығады...

Құланөтпес өзенінен табылған құланның сүйек-қаңқалары

Айтпақшы, басын сонау Ұлытаудан алып, Теңіз көлімен тәмамдалатын, сондай-ақ Арқадағы үзік-үзік со­зылған «Құлан өтпес», «Құланөлген» өзендері табиғи дария емес. Адам қолымен қазылған,-дейді географ мамандар. Бүгінде су толып, өзенге айналып кеткен бұл ор-траншеяларды кезінде Шыңғысхан қаздырды ма, әлде оған дейінгі көне замандардың ісі ме, ғалымдар білмейді. Бірақ, жергілікті халық, бұл жердің атауын Шыңғысхан дәуірінен бастап, Жошы хан трагедиясымен байланыстырады. Айтпақшы, «Құланөтпес» секілді өзендер тек қана еріген қар суынан, жаңбырдан нәр алады. Ал табиғи өзен – бұлақтан немесе тау мұздағынан бастау алуы керек. Мұның өзі, аңыздың растығын білдірсе керек.

Хош, ХІІІ ғасырда, біздің бабалар осыған дейін де, кейін де жасамаған алапат қылмысқа барды. Құландарды түп-тұқиянымен қырып тастаппыз. «Ақсақ құлан» күйі – сол бейкүнә хайуандардан кешірім сұрау күйі. Бабаларымыздың жасаған күнәсіне өкіну күйі.

Қырып тастаған құландар

Осы жылдың жаз айында, Жамбыл өңіріндегі ежелгі Құлан қаласына барғаным бар.  Қираған қалаларды көріп жүрмін ғой, бірақ Құланның ойрандалған орнын көріп, шошыдым. Жау енді бүкіл қаһарын төккені көрініп тұр. Неге? Жергілікті тарихшылар, Жошы ханды дәл осы Құлан шаһарының тұрғындары өлтірді дейді. Сол себепті, Шыңғыс хан бұл қаланы тып-типыл етіп жойған десті. Тарихи деректер де, Құлан қаласы, Моңғол шапқыншылығы кезінде емес, араға бірнеше жыл салып, бейбіт уақта жермен-жексен етілгенін айтады.

Қағаздағы тарихқа осы өңірдің ақсақалдары келіскісі жоқ. Олардың пайымынша, аңшылық кезінде құлан шайнап тастағанымен, Жошы хан тірі қалыпты. Нөкерлері өлімші күйде осы шаһарға әкелген.  Ханзаданы емдеп, айықтыруға осы төңіректегі бүкіл емші-тәуіп тартылған. Осы сәтте, Жошының бақытсыз саятынан хабары жоқ Шыңғыс хан, ұлын дәргейіне шақырған. Хәл үстінде жатқанын айтып, шабарман жіберсе де, Қаған сенбеген. Әкенің кәріне ұшырамас үшін, сұлтан сапарға шықпақ болып, көп өтпей ауруы асқынып, қайтыс болған деседі. Хан баласының өліміне себепші құландарды түп-тұқиянымен қырып жіберіпті. Сол мақұлықтың атын алған қаланың жұртын көшіріп, өзін тарихтан өшіріп жіберіпті дейді.

Жә, біздің әңгіме Құлан қаласы туралы емес, құландар хақында еді. Сонымен, әлгі Құлан қаласының қирандысын сәл әріректе, жартастардың бетінде жабайы жылқылардың тасқа қашалған суреттерін көп. Қазір біз «құлан» деп жүрген мақұлыққа келіңкіремейді. Жылқының тапал түрі секілді.

Алтын-емел қорығының директоры Халық Байәділов «нағыз құлан – ол Пржевальский жылқысы» дейді. Ұлы Далада құлан қырғыны басталғанда, тек  Гобби шөлін паналағандары ғана аман қалыпты. Осы аз үйірді ХІХ ғасырда Пржевальский байқап қалады. Содан бері, біз түрін ұмытқан құлан «Пржевальский жылқысы» атауымен танылып жүр.

Пржевальский жылқысы

1879 жылы Қытайға қарасты Шығыс Түркістан өлкесіне тыңшылық миссиямен барып, сапарын сәтті аяқтаған Н.М. Пржевальский қазіргі Моңғолияның шөлін кесіп өтіп бара жатып, жылқыға өте ұқсас жабайы жануарды көріп қалады. Ол жалма-жан атымен сол жануардың соңынан қуып, содан соң оны ұстап алады. Кейінірек, ол әлгі жабайы жылқының терісін, бассүйегін Петерборға жібереді.  Содан бері осы бір жылқыға өте ұқсас жануар «Лошадь Пржевальского», яғни Пржевальский жылқысы деп аталып кетті. Шын мәнінде саяхатшы Н.М. Пржевальский бұл жануарды қолдан жасап не болмаса жылқылардың әр түрлі тұқымдарын будандастырып шығарған жоқ.

Ресейде «Орловский рысак» яғни «Орлов желісті жылқысы» деген жылқының түрі бар. Оны XVIII ғасырдың соңында князь Алексий Орлов бірнеше жылқылардың тұқымдарын будандастыру арқылы шығарған. Н.М. Пржевальский бар болғаны табиғатта еркін тіршілік етіп жүрген түз тағысын қолға түсірді. Сонда бұл жылқы тектес бейбақ жануар Пржевальский ұстап алғанға дейін атаусыз жүрген бе? Ұлы Даланың әрбір жүгірген аңына, жыбырлаған жәндігіне, ұшқан құсына және ағашы мен өсімдіктеріне дейін ат қоюға шебер ежелгі түркілер одан кейінгі қазақтар осынау жылқы тектес көрікті жануарды атаусыз қалдырғаны несі? Әрине осы бір түз тағысын ертедегі бабаларымыз назардан тыс қалдырған деуге күмәнмен қараймын. Әсілі, нағыз құлан – тап сол Пржевальский жылқысы. Оған Құланөтпес, Бесқұлан өзеніндегі тас-суреттер дәлел.

Хош, Пржевальский жылқысы керқұлан немесе тарпаңның тұқымы болса, онда неге оның атауы әлі күнге ресейлік саяхатшы, генерал-майорға тиесілі? Жә, жарайды, генерал-майорға Орталық Азияға саяхат жасап, бас сүйегі мен терісін апарғаны үшін бір жылқының атын бере салдық делік, бірақ оның тарихи атауын қайтару қажет деп ойламайтынымыз өкінішті. Бір айта кетерлігі, Пржевальский де, Семенов Тянь-Шанский сынды орыс саяхатшылары да Орталық Азияны жәй ғана зерттеген жоқ, олар патшалық Ресейдің барлаушылары, дәлірек айтсақ, тыңшылары болатын. Олар өздері барған жерлерді отарлаудың жөн-жобасын жасады, сол үшін тынбай әрекет етті. Сонда елімізге қарсы тыңшылық әрекет жасаған осындай тыңшыларға тарпаңды теліп қоямыз ба? 

Тәуелсіздікпен бірге талай атаулар қайта өзгертіліп жатыр. Қала, жер-су аттары да байырғы атауын қайтаруда. Ендеше, Пржевальский жылқысына да керқұлан атын беру кезек күттірмейтін мәселе екені сөзсіз.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English