«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

І, ІІ Дума және қазақ депутаттары

2729 0
І, ІІ Дума және қазақ депутаттары
І-ІІ Думаға сайланған «Алаш» депутаттарының стратегиялық мақсаты – тарих қойнауына кеткен Қазақ хандығының жер аумағында жергілікті инфрақұрылымы дамыған заманауи Қазақ елін құру болды

І және ІІ Думаның (1906, 1907 жж.) қазақ депутаттарының алдында тұрған ең маңызды міндет – жер-аграрлық мәселе болды. Атап айтқанда, біріншіден, Ресейдің ішкі еуропалық гүбернелерінен миллиондаған жерсіз орыс және украин шаруасын (мұжығын – С.А.) қазақ даласынан жер үлесін беріп қоныстандыру саясатын Думаның қадағалауына алдырып, оны заң жүзінде тоқтату, екіншіден, «Қарқаралы құзырхатының» 4-тармағында жазылғандай, қазақ халқына ата-бадан мұраға қалған төл жерін Дума қабылдайтын заң жүзінде меншігіне рәсімдеп беру.

«Қазақтар өзі отырған жерін ежелден басып алып пайдаланғаны негізінде өзінің меншігі санайды, – деп жазды Ә. Бөкейхан өзі де-факто редакторы болып шығарған «Иртыш» газетінің 1906 жылғы кезекті санында. – Қазақтар көші-қон ісін өз орнына қоя алатын күш табылатын Мемлекеттік Думаға ғана үміт арта алады. Білек күшінің құқы бар кезде, 12, 27 тамыз және 19 қыркүйек жарлықтарына сай шаруаларға сатылуға арналған патша әулетінің меншікті жері, жеке-меншікті жер (дворян-помещиктердің меншікті жері – С.А.), кабинет жері секілді қазақ жері де жекеменшікті дворян жерлерін қорғауға қызмет етеді» [8, 1-б.]. 

№11 фото. Ресейдің Конституциялық демократиялық «Халық бостандығы» партиясы депутаттарының фракциясы І Дума қуылғаннан кейін (оңнан солға қарай үшінші тұраған Ә.Н. Бөкейхан.). 9 шілде, 1906 ж. Териоки, Выборг, Финляндия.

Алаш өкілдері Ресейдің көші-қон ісін «переселенческая колонизация» деп отаршыл империяның отарлау саясаты деп қарастырды. Сонымен қатар Алаш жетекшілері жер мәселесінің заң жүзінде оңтайлы шешілуі Ресейдің өзіне де ауадай қажет екенін жақсы білді. Сол себепті тағы да сол «Иртыш» газеті: «Аграрлық мәселе дереу шешілуге тиіс. Бұл мәселені шешуді кідірту Ресейге саяси төңкерістің ғана емес, әлеуметтік төңкеріс болып та қатер төндіреді. Оны Столыпиннің өзі мойындады», – деп ескертті [9, 1-б.].

Ресейдің либерал қоғамы сияқты «Алаш» қайраткерлері де, өркениетті Батыстың үлгі-өнегесімен үкімет жасақтауды патшаның құзырынан алып, Дума сайлауында басым дауыс алған партия не партиялар коалициясының құзырына тапсыру керек және ол үкімет императорға емес, өзін жасақтаған Дума алдында есеп беруге міндетті деп есептеді. Конституциялық-демократиялық халық бостандығы партиясының (әрі қарай қысқаша кадет партиясы – С.А.) көсемі әрі Думаның 4 шақырылымдағы фракциясының жетекшісі, шешені Павел Милюков парламенттік көпшіліктің үкіметін құру жөнінде премьер-министр Петр Столыпинмен келіссөз жүргізіп те көрді. Ал екіншіден, Алаш серкелері Мемлекеттік Дума, Батыстың үлгісімен, Ресейдің жоғарғы заң шығарушы мемлекеттік билік тетігіне айналуға тиіс деп санады. «Ресей бюрократиялық мекемелерге және либералды болса да министрліктер кабинеттеріне емес, – деп жазды Алаш жетекшісі Ә.Н. Бөкейхан бір мақаласында, – оның әлеметтік құрылымына лайық жалғыз нәрсе болып табылатын шынайы демократиялық мемлекетке айналдыратын түпкілікті өзгерістерге мұқтаж. Сонда ғана, тек сонда ғана Ресей шынайы демократиялық мемлекеттік құрылымға және халық өкілеттігі (Мемлекеттік Дума – парламент) алдында есеп беретін атқарушы билікке қол жеткізеді» [10, 1-б.].

№12 фото. І Мемлекеттік Дума құрамындағы мұсылман фракциясы. СПб, Таврия сарайы, 1906 ж.

Қазақ депутаттары І және ІІ Думада алдарына екі міндет қойды. Біріншісі – Ресейді түбегейлі реформалап, толыққанды халық билігін, яғни шынайы демократиялық мемлекет құру, екіншісі – жеке меншіктегі жердің бәрін мемлекет меншігі пен патша әулетінің қолындағы жермен бірге жалпыұлттық мемлекеттік қорға күштеп алу. Ал мұндай жер реформасы, Алаш жетекшілерінің ұсынуынша, империя халқының экономикалық өмірін де, отаршыл патшалық мемлекеттің құрылымын да толығымен өзгертеді. Ондай өзгеріс, өз кезегінде, жекеменшікті жер институтын тамырымен жояды, ұсақ жер иелерімен бірге патшалық абсолютизмнің тірегі болып келген ірі дворян-помещиктер тап ретінде тарих сахнасынан біржола кетеді, ал саяси билік – өзінен өзі халықтың қолына өтеді [11, 1-б.].

Қазақ өкілдерінің жер мәселесінен кейінгі екінші көздегені – қазақтың барлық 9 облысы мен Астрахан гүбернесіне қарайтын Бөкей ордасына, сондай-ақ Алтай өңірінің Бийскі және Змеиногорск болыстарына – Дума мақұлдаған заң жүзінде генерал-губернаторлық, ояз және крестьян бастықтары институттарын жауып, оның орнына жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін – земство енгізу болды. Оның себебі: егер Ресейдің ішкі еуропалық бөлігінде земствоға ұқсаған мекемелер болса, Сібір мен Дала облыстарында әлі күнге дейін қоғамдық өзін-өзі басқарудың сағымы да болған жоқ. Ә.Н. Бөкейхан ол туралы: «Қазақтар өзінің жер мүддесін қорғауды талап етеді. Ол мүдде «Ақмола мен Семей облыстарына көшіріп қоныстандыруды уақытша тоқтат» деген қағази нұсқаумен қорғалмайды... Ол тек қана... конституция мен халық билігі болған да ғана мүмкін», – деп мәлімдеді [12, 1-б.].

№13 фото. ІІ Думаның Дала өлкесі мен Сібірден сайланған депутаттары. Бірінші қатарда оңнан солға қарай бірінші, үшінші және бесінші отырған А. Бірімжан, Ш. Қосшығұлұлы және Т. Нұрекенұлы. СПб, 1917 ж.

Ресей империясының бұрынғы Қазақ хандығының жерін меншіктеп алу пиғылымен екі өлке, жеке-жеке дербес облыс-гүбернелерге бөліп билеп-төстеп келген генерал-губернатор, ояз және крестьян бастықтары (уездный и крестьянский начальники) - тұрғылықты халыққа кесірі, зияны болмаса, еш пайдасы жоқ отарлық биліктің ақырғы институттары болатын. «Дала генерал-губернаторлығы, – деп жазды «Иртыш» газеті, – екі облыстық (Ақмола, Семей) басқарманың дубликаты. Дала генерал-губернаторы кеңсесінің (канцеляриясының) рөліне деген мұндай көзқарасты кез-келген құжат-қағазды 2 данамен әзірлеңдер деп крестьян бастықтарына бұйырған бұрынғы ген.-губернатор Сухотиннің өзі растады. Крестьян бастықтарын қағаздың бір данасын өзіне жіберуге міндеттеді – ол да қол қусырып отырмауы керек қой!» [13, 1-б.]. Империя астанасы – С.-Петерборда шығатын «Сын отечества» газетінің 1905 жылғы және «Сибирские вопросы» журналының 1908 жылғы сандарында шыққан «Ненужное генерал-губернаторство» мақаласында V деп қол қойған автор (Ә.Н. Бөкейхан) бір ғана Дала өлкесіндегі ген.-губернаторлықты жабудан 62 218 рубль, Ақмола мен Семей облыстарындағы крестьян бастығы институтын қысқартудан 51 030 және 25 766 рубль, бас-аяғы 139 014 рубль үнемделетінін, ол қаржыға қазақтың ұл-қыздарын оқытатын қанша мектеп-медресе, пансион (жатақхана) салып, қазақтың қанша ұл-қызын оқытуға болатынын есептеп те берді: [14, 6-10-бб.].

№14 фото. Бірінші қатарда солдан оңға қарай бірінші отырған Б. Қаратайұлы, оң жақта бірінші отырған – Т. Аллабергенұлы. СПб. Таврия сарайы, 1907 ж.

«Алаш» серкелерінің земство енгізуді талап етуіндегі көп сырының бірі – қазақ жері үкіметтің емес, облыстық, ояздық және болыстық земстволардың билігінде болады. Ол туралы «Алаш» партиясы бағдарламасында былай делінген: «Қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орналасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеуі; бұрын алынған жерлердің мұжық отырмағандары қазаққа қайтуы; қазаққа тиетін сыбағасын жергілікті комитеттер кесуі; сыбағадан артылған жер ЗЕМСТВО қолында болу; ...Жер законында жер сату деген болмау, әркім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, ЗЕМСТВОҒА алыну. Жердің кені, астығы, байлығы қазынанікі болып, билігі ЗЕМСТВО қолында болу» [15, 1-б.].

Сонымен қатар жергілікті халық сайлайтын земство, «Алаш» жетекшілерінің пікірінше, демократиялық мемлекеттің тірегі, іргетасы болмақ. Болыстық, ояздық және облыстық деңгейде сайланатын земство «жұрттың көзі, жанашыры, күзетшісі, қамқоры, қорғаушысы», жалпы «тұрмыс-тіршілікте земство билемейтін іс болмайды». Земство туралы мақалада айтылғандай, жергілікті қоғамдық билік «қолға алатын істің бір зоры – бала оқыту, мектеп, университет ашу»; «земство дәрігер жалдап, аурухана ашып, ауруды емдетеді». Оның қолында «малды емдету, егін салу ісі болады»; «көп земство қосылып, союз болып фабрик-зауыт, көпір салады, жол тартады». Земство қолында, сондай-ақ, «сот билігі болады, судьяны өзі сайлап, милицияны өзі жалдап қояды» [16, 1-б.].

№15 фото. Орал және Семей облыстарынан сайланған депутаттар Б. Қаратайұлы (сол жақта отыр) мен Т. Нұрекенұлы (оң жақта отыр). СПб, Таврия сарайы, 1907 ж.

Бір сөзбен айтқанда, І-ІІ Думаға сайланған «Алаш» депутаттарының стратегиялық мақсаты – 1847 жылы біржола ыдырап, тарих қойнауына кеткен Қазақ хандығының жер аумағында жергілікті инфрақұрылымы дамыған заманауи Қазақ елін құру болды.

Думаның қазақ депутаттары 1906 жылдан бастап Орынбор, Сібір, Орал, Жетісу казак әскерлерінің үлгісімен дербес әскери қолбасшылығы бар ұлттық атты әскер жасақтау, «Қарқаралы құзырхатында» жазылғандай, қазақ тілінде цензурасыз мерзімді баспасөз пен баспахана ашу, жергілікті әкімшілік (земство жиналысы, басқармасы) пен соттың ісқағаздарын және ұлттық мектеп-медреселерде оқу жергілікті ұлт тілінде жүргізу, қазақтың ұл-қыздарын кәсіби оқу орындары (гимназия, училище, семинария, т.б.) мен ЖОО-да оқыту үшін «қазақ капиталы» есебінен стипендиялар тағайындау, жатақханалар (пансиондар) салу және т.б. маңызды мәселелерді, әсіресе жер мәселесін көтеріп, заң жүзінде шешуге ұмтылды. Ең маңыздысы: І және ІІ Думада осы ұлттық мәселелердің көпшілігін, әсіресе жер, земство мәселесін шешуге толық мүмкіндік болды. Өйткені І Думада кадет партиясының 161 депутаты, Еңбекшілер партиясының 107, поляк колосы, украин, эстон, латыш, литва және т.б. ұлт топтарын қамтитын автономистердің 70 депутаты, түркі-мұсылман халықтарының 25 депутаты болды. Ашығын айтқанда І Думадағы 511 дауыстың кемінде 338-і – самодержавиеге қарсы партиялар мен ұлттық топтардың үлесінде болды. Ә.Н. Бөкейханның 1905 жылдан кадет партиясының мүшесі, 1906 жылдың маусымында І Думаға кадеттердің Семей облыстық қазақ бөлімінен сайланғанын, І және ІІ Думадада түркі-мұсылман халықтарының депутаттары мұсылман фракциясына бірігіп, кадет партиясының фракциясына қосылғанын ұмытпау керек [17, 16-б.]. І Думаның спикері (төрағасы), оның екі орынбасары әрі хатшысы болып Ә.Н. Бөкейханның партияластары әрі достары С.А. Муромцев (№16 фото), князь П.Д. Долгоруков, Н.А. Гредескул  және князь Д.И. Шаховской сайланды (№17 фото).

№16 фото. І Мемлекеттік Думаның төрағасы (спикері) С.А. Муромцев

№17 фото. І Мемлекеттік Думаның хатшысы, кадет Д.И. Шаховской

18 фото. ІІ Мемлекеттік Думаның спикері, кадет Ф.А. Головин

ІІ Думада патшалыққа қарсы солшылдар тіпті басымырақ болды. Кадеттердің саны екі есеге жуық қысқарып 98 депутат, Еңбекшілдер – 104, автономистер – 76, түркі-мұсылмандар – 37, ішінде 6 қазағы бар, барлығы – 315 дауысқа ие болды. ІІ шақырылымның спикері және хатшысы болып тағы да кадет өкілдері Ф. Головин (№ 18 фото) мен М. Челноков, екі орынбасары болып  партияға кірмеген солшыл депутат Н. Познанский мен Еңбекшілдер өкілі М. Березин сайланды. ІІ Думада олардың қатарын енді социал-демократтар 65, эсерлер (эС-эР – социал-революциялық – әлеуметтік-төңкеріс партиясы – С.А.) 37 депутатымен толықтырып, 500-дей дауыстың 427-сіне жетті [18, 92-б.].

Алайда аталған мәселелердің бірі де жүзеге аспады. Себебі 5 жылға сайланған Мемлекеттік Думаның 1906 және 1907 жылдарғы І және ІІ шақырымдары 72 және 102 күн ғана жұмыс істеп, біріншісі 1906 жылы 8 шілдеде, екіншісі 1907 жылы 3 маусымда күштеп таратылды. ІІ Дума таратылған күні император ІІ Николай өзі шығарған «Негізгі мемлекеттік заңдардың» 87-бабын өрескел бұзып, сайлау ережесінің жаңа нұсқасын шығарды [19]. Ресейдің либералдық қауымы жаңа ережені «3 маусым төңкерісі» деп бағалады. Екі Думаның мезгілсіз таратуының бар сырын Қыр баласы (Ә. Бөкейхан) сайлау құқынан айрылған халқына жалпақ тілмен түсіндіріп берді: «Себебі, бұл екі Дума да мұжыққа орыс дворяны жерінен жер бермек болды. ІІІ Дума депутаты сайланатын жол жасағанда мұжық депутатын неше қайтара бұрынғадан азайтты. Орыс патшалығы панасындағы жұрттың әрбір 100-іне 85 орыс мұжығы болады, қалған 15-тің ішінде поляк, еврей, татар, қазақ һәм уақ жұрттар. Орыстың қаласынан «3-інші июнь» законымен сайланған адамдардың мұжық депутаты 10-нан 1-ақ, Думада мұжық депуттары 40-50 - 442 депутат ішінде. Орыстың патшалығын арқалап асырап отырған мұжыққа мұны қылғанда - аз, бытыраңқы, «надан» қазақты не қылсын?! Думадан шығарды да тастады» [20, 2-б.].

Бір сөзбен айтқанда, Ресей императоры ІІ Николай үкімет басына өзі де ірі жер иесі –помещик болған П.А. Столыпинді тағайындау арқылы, біріншіден, өзінің абсолюттік билігінің бас тірегі болып келген дворян-помещиктер табына сүйене беретінін айқын аңғартты. Екіншіден, «3 маусым» заңы Думадағы халық үнін, яғни бұқара халық пен оның өкілдерінің дауысын өшіріп, көнбіс, жетекшіл тап – дворяндар мен шенеуніктердің, сондай-ақ көпестер мен өнеркәсіпшілердің көнбіс бөлігінің дауысын күшейтті. Осылайша Дума бұқара халықтың орнына, күштілер мен байлардың сөзін сөйлейтін болды. Соның нәтижесінде заңнамалық үдеріс бюджетті және тағы басқа маңызы жоқ заңдарды мақұлдау талас-тартыссыз өтетін болды да, азаматтық құқық және бостандыққа, қазақ сынды кең-ба   тақ жері бар халықтың саяси құқықтарын шектеуге қатысты заң жобаларын Дума елемей ысырып қоятын болды. Реакцияшыл премьер-министр П. Столыпиннің ауқымды жоспарынан бір ғана реформасы – аграрлық реформасы жүзеге асты. Қазақ жерінің есебінен. Атап айтқанда өзі сияқты дворян-помещиктерінің жерлерін меншігінде қалдырып, миллиондаған жерсіз мұжық-шаруаның мұқтажын қазақ жері есебінен қанағаттандырды. Отаршыл Ресей империясының әкімшілігі 5 млн-нан асқан (саны жағынан Ресей халықтарының арасынан 5-нші болды – С.А.) қазақ халқын сайлау құқынан айырумен қатар, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілерін қудалады. Атап айтқанда Алаш көшбасшысы Ә. Бөкейхан өзі сайланған І Думаны таратуға наразылық ретінде «Выборг үндеуіне қол қойғаны және таратып-насихаттағаны үшін» 3 ай түрме жазасына кесіп, абақтыда 3 айдың орнына 8 ай отырып шыққан соң [21, 105-б.], өзін саяси айдауға жіберуін күтпей, алдымен С.-Петерборға, одан Самарға эмиграцияға кетті [22, 4-б.]. Ж. Ақбайұлы алдымен Саха-Якутияға (23), одан Түркістанға жер аударылды, А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлы Семей түрмесіне жабылып, босатылысымен бірі өз таңдауымен Орынборға, екіншісі Түркістанда бас сауғалап жүріп, 1913 жылы ғана Орынборда «Қазақ» газетін шығара бастаған А. Байтұрсынұлына келіп қосылды.

«Алаш» жетекшілері халқының сайлау құқын қалпына келтіру, саяси-экономикалық мүддесін 1907-1912 және 1912-1917 жылдары жұмыс істеген ІІІ және IV Дума құрамындағы кадет (№19 фото), мұсылман (№20 фото) және Сібір депутаттары фракциялары арқылы қорғауға мәжбүр болды. Ол туралы «Қазақ» газеті жарыққа шыққан 1913 жылғы бір мақаласында Қыр баласы былай жазды: «Өткен жылы (1912 ж.) ІІІ Дума тарқарда Дума өз үйін түзетуге ақша бермек болып закон жобасы қаралған еді; сонда Қазан депутаты Мақсұдов (№21 фото) сөйледі: «Сіздер Думаның үйінің төбесін түзетеміз деп отырсыздар, әуелі Думаның өз төбесін түзетіңдер. Түркістаннан, қазақ жерінен Думада бір депутат жоқ. Осы облыстарға депутат беріңдер» деп. Биыл (1913 ж.) Мәскеу депутаты Шепкин (№22 фото) осы жоғарыда закон қаралғанда сөз сөйледі: «Бұ қалай, Түркістанның, қазақ жерінің сөзін Забайкал, Харкоб депутаты тұрып сөйледі, бұлардың өз депутаты қайда? «Үшінші июнь» ақсақ законын түзету керек», – дейді» [24, 4 б.].

№19 фото. ІІ Дума құрамындағы кадеттердің саяси фракциясының топтық суреті

№20 фото. ІІ Думадағы мұсылман фракциясының тобы

 

№21 фото. ІІІ Мемлекеттік думада қазақтың сайлау құқын қайтаруды талап еткен Қазан депутаты           

№22 фото. ІІІ Думаның депутаты Н.Н. Щепкин, қазақтың жанашыры         

«ІІІ Дума һәм қазақ» мақаласында Қыр баласы В.И. Дзюбинский (№23 фото), В.А. Виноградов (№24 фото), Н.Л. Скалозубов және т.б. кадет, Еңбекшілдер партиясы, «Сібір тобы», тіпті социал-демократ депутаттарының П. Столыпин үкіметінің қазақ жерін мұжыққа заңсыз алған іс-әрекеттерін «неше түрлі дәлелмен беттеріне басып» әшкерелегенін, оған  үкіметтің мынадай жауап бергенін жазды: «5-6 қазақты қыстауынан көшіріп, 50-60 мұжыққа жер берсек, «қазақ, қазақ» деп құлақтың мазасын алады, осы Дума қазақ Думасы ма, жоқ орыс Думасы ма?» [25, 1-2-бб.].

№23 фото. ІV Мемлекеттік Думада қазақтың құқын қорғаған Тобыл депутаты В.И. Дзюбинский

№24 фото. ІV Мемлекеттік Думада депутаты жоқ қазақ халқының жанашыры болған «Сібір тобының»  өкілі В.А. Виноградов                                                                                                                  

Сібір (Тобыл обл.) депутаты Н. Скалозубовтың (№25 фото) Көші-қон басқармасы бастығына «Закон қазақтан артық жерді ал дейді. Сіздің шенеуніктеріңіз кез-келген жерді алады, бұл қалай?» деген депутаттық сауал жолдағанын да атап көрсетеді [23, 2-б.]. «Бірақ, – деп қынжылады мақала авторы, – қанша алтын сөз сөйлегенмен, бұл сөзді тыңдайтын Үшінші Дума да құлақ жоқ, саңырау болып өте шықты», «қазақ жері туралы 5 жылда қылған жалғыз «запросы» 3 жыл сор болып жатып ІІІ Дума жоғалғанда 1912 жылы бірге шіріді, үкімет жауап берген жоқ».

№25 фото. ІІІ Мемлекеттік Думада қазақтың мүддесін табанды түрде қорғаған Тобыл депутаты Н.Л. Скалозубов 

№26 фото. М. Шоқай – 1916-1917 жылдары IV Мемлекеттік Думадағы мұсылман фракциясы Бюросындағы қазақ өкілі

1912 жылы Петерборда Ә. Бөкейхан бастаған Алаш өкілдері (заңгер Ж. Ақбайұлы, студенттер М. Шоқай, Х. Ғаббасұлы және т.б.) IV Думаға қазақтан өкіл сайлауға жол ашатын заң жобасын енгізіңдер деп тағы да кадет партиясының фракциясына қолқа салады [26, 13-б.]. «Бірақ, – дейді Қыр баласы кезекті мақаласында, – біздің үкімет өз мақсаты болмаса, Дума тілегін қылмайтын рәсім қылған» [26, 2-3-б.].

 №27 фото. А.Ф. Керенский – IV Мемлекеттік Думаның депутаты                         

№28 фото. Қ. Б. Тәуекелов – І-ІV Думаның депутаты, мұсылман фракциясының төрағасы

Қысқасы, қазақты саяси құқынан айырған «3 маусым» заңын бұздыра алмаса да, Алаш жетекшілері Дума мен оның депутаттарының көмегін мейлінше кең пайдаланды. Мысалға олардың талап-тілегі бойынша, Ресей патшасы қазақтың дербес атты әскер жасақтауынан сескеніп, І Дүниежүзілік соғыстың Батыс майданына қара жұмысқа алынсын деген 1916 жылғы «25 маусым» жарлығын шығарды. Сол жылдың жазында Ә. Бөкейхан IV Думадағы мұсылман фракциясы Бюросына қазақтың ресми өкілі болып кіріп, қазан айында қазақтың екінші өкілі етіп М. Шоқайды алдырады  [28, 4-б.]. Ондағы мақсат: қазақ жігіттерін Батыс майданға қара жұмысқа алуын 1916 жылдың соңы – 1917 жылдың басына қарай созу, майданға алынған жігіттердің жұмысын жеңілдету, екіншіден – «25 маусым» жарлығын өрескел жүзеге асыруға қарсы көтерілген 1916 жылғы халық толқуын аяусыз басып-жаншыған үкіметтің әрекетін Дума депутаттары – А. Керенский, Қ. Тевкелев арқылы парламенттік тергеуге алып, әшкерелеу болды.

Қорыта келгенде, ХХ ғасыр басындағы қазақтың «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының қалыптасып, нығайып, алға қойған стратегиялық мақсат-міндеттерін жүзеге асыруына Ресей Мемлекеттік Думасының қосқан үлесі, алатын орны өте зор болды. Алаш зиялылары мен жалпы қазақ қоғамында «халық билігі» («демократия»), «парламентаризм», «құқықтық мемлекет», «жергілікті өзін-өзі басқару» (земство) сынды демократиялық ұғымдардың берік қалыптасуына ықпал етті. Мемлекеттік Думаның 300 ғасырдан астам билеп-төстеп келген Романовтар әулетін тақтан бас тартуға көндіріп, 1917 жылғы Ақпан төңкерісін жүзеге асыруға қосқан үлесі тіпті шексіз еді. 1917 жылы саны 6,5 млн-нан асқан қазақ халқының сайлау құқын қайтарып берген Уақытша үкіметті жасақтаған да IV Дума болатын.

Әдебиеттер: 

8 Омск, 5 октября. – Омск: «Иртыш», 05.10.1906 г., № 61.

9 Омск, 17-го августа. – Омск: «Иртыш», № 25, 17.08.1906 г., № 25.

10 Омск, 12-го августа. – Омск: «Иртыш», 12.08.1906 г., № 22. Омск.

11 Омск, 1-го августа. – Омск: «Иртыш», 01.08.1906 г., № 12.

12 Омск, 30 июля. – Омск: «Иртыш», 06.08.1906 г., № 17.

13 Омск, 22 августа. – «Иртыш», 22.08.1906 г., № 28.

14 V. Ненужное генерал-губернаторство. // «Сибирскіе вопросы», №№ 45–46, 1908 г. СПб.

15 Бөкейхан Ғ., Байтұрсынұлы Ахмет... «Алаш» партиясының программасының жобасы. //«Қазақ», 1917.21.11, № 251. Орынбор. – 1 б.

16 Қыр баласы. Земство. //«Қазақ», 1917.17.07, № 236. Орынбор. – 1 б.

17 Әлихан Бөкейхан. Энциклопедия / Бас ред. Ж. Тойбаева. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2018. – 16 б.

18 Государственная Дума в России (1906—1917): Обзор / РАН, ИНИОН; Ред. Твердохлеб А. А., Шевырин В. М. — М.: Наука, 1995.

19 Основные законы // Энциклопедический словарь Брокгауза и Ефрона : в 86 т. (82 т. и 4 доп.). - СПб., 1890-1907.

20 Қыр баласы. Дума һәм қазақ. – Орынбор: «Қазақ», 1913.23.07, № 23. – 1 б.

21 Бөкейхан С. Әлекеңнің өмірі (естелік). – Алматы: «Жұлдыз», № 3, наурыз, 1996 ж. – 102-125 бб.

22 Байтурсыновъ А., Дулатовъ М. Нашъ ответъ докладной записке, напечатанной в № 125 отъ 5 сент. с.г. – Оренбургъ: «Южный Урал», № 10, 14.09.1917 г.

23 Сактаганова З.Г.,  Попов Ю.Г. Жакып Акбаев – годы в Санкт-Петербурге. Вестник КарГУ, журн., № 1, 2009. Караганды.

24 Қыр баласы. IV Дума һәм қазақ. //«Қазақ», 1913.08.08, № 25. Орынбор. – 4 б.

25 Қыр баласы. Дума һәм қазақ. – Орынбор: «Қазақ», 1913.12.04, № 10. – 1 б.

26 Движение Алаш: Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. Трехтомник. – Алматы: «Ел-шежіре», 2011. – Т. ІІ.

27 Қыр баласы. Дума һәм қазақ. //»Қазақ», 1913.23.07, № 23. Орынбор. – 1 б.

28 Ғали хан. Бюроға екінші адам қою. // «Қазақ», 1916.31.10, № 203. Орынбор. – 4 б.

Мақала BR05236848 бағдарламалық мақсатты қаржыландыру жобасы және AP05132901 гранттық жобасы аясында жарияланып отыр.

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ, 

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English