«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Шаған. Қаза. Қарауыл

802 0
Шаған. Қаза. Қарауыл
Экспедиция бағытында Алаш қайраткері, совет жүйесіне қарсы күрескер Ике Әділұлының жазығына аялдау көрсетілген

Әрі бай, әрі болыс бұл кісі жайлы біз екі кісіден: бірі жас тарихшы Еркін Ерланұлы досымыздан, екіншісі белгілі жазушы Талғат Кеңесбай марқұмнан алғаш естіп білген едік.

Жазушы деген қызық халық қой, Тәкең аруақты атасы жайлы 1978 жылы әңгімелесіп отырған екі қариядан кездейсоқ естіп қалады, соның бір ұшқынын қағаз шетіне іліп қойса керек, жылдар өткенде мұны мүлдем естен шығарады. Тек Алаш ардақтылары туралы айта бастағанда Ике аты қайта жаңғырады, мұны ғалым ағасы Тұрсын Жұртбай бір қозғап пысықтатып қояды. Сөйтіп жүргенде арада қырық жыл өте шыққан, жазушының түсіне атасы кіріп, ұйқысын қашырып, мазасын алған, қысқаша айтқанда қалам алмасына қоймаған. Жазушылық лабораториясын жақсы білеміз, Тәкеңнің ең соңғы шығармасы «Түнде ұшқан қаршыға» Ике тағдырына арналған. Шағын повестті романға айналдырамын деп жүргенде... сүйікті жазушымыз кенеттен үзілді ғой.

Ал Еркін досым Алаштың атақты байларын зерттеу нысанына алғалы бері көптеген ақтаңдақтарды қозғап келеді. Оның Икенің өмір жолы мен күресі жайлы мазмұны мақаласын өзіміз қызмет ететін «Қазақстан тарихы» порталына «Дала көкжалы» деген атпен жарияламас бұрын сүйсініп тұрып оқығанбыз.

Енді, міне, біз «Ұлы Абайдың ізімен» экспедициясы Ике Әділұлы жайлаған жердің бір пұшпағында, Шаған өзенінің бойында тұрмыз. Қызыл кірпіштен бес метрдей биік етіп өрген «Абыралы ауданы» белгісінен 100 қадамдай жерде ұрпақтары Ике бабамызға арнап арнайы белгі орнатыпты. Сылдырлап аққан жіңішке су Шағанның бойы, шалғыны кісі бойын жапқан, ну шөпті, қалың бұталы мекен екен. Арғы беті қожыр-қожыр аласа таулар, белес-адырлар. Ондағы сай мен сала шұңғылдау, ықпыл-жықпылы мол көрінді.

Біздің ес-ақылымызды алып, көңілімізді тербеп келе жатқан қазақтың күрескерлік рухы Абыралы көтерілісінен соң Шаған болысындағы Икенің өмірімен сабақтастық құрай түсті. Екі күрестің де бір-біріне ұқсайтын жері – «баррикаданың» екі жағында қару кезеніп тұрған ағайындылардың әрекеті. Медеу ақсақал жазғандай, Абыралыда «Туғанбайдың екі баласы сол дүрбелеңде «баррикаданың» екі жағында болып, біріне-бірі жаулық көрсеткен. Коммунист Айтжан Туғанбаев жазалаушы отрядты неше тәулік бастап жүріп, Көкшетаудың өзіне мәлім бұқпа қуыстарына тығылған қандастарын ұстап берген. Сол қырғында өз туысы Базарбайды да аямаған».  

Ел ішін дүрліктірген мұндай оқиғадан Ике өмірі де сырт емес, ол ағайыны Мұсатаймен қатты жауласқан. «Екеуі ағайын ішінде бәсеке, араз. Екеуі қазақтың белгілі партиягершілігімен бірін-бірі аяспай, елді екі жарып жұлқысады. Бірінің үстінен бірі арыз жаудырады. Бір-біріне пәле жабады. Қалаға шабысады. Ике жеңеді». Мұны «Тар жол, тайғақ кешуінде»  Сәкен Сейфуллин жазып отыр.

Шаған суы, Шаған тауы, Шаған өңірі... Шаған, Шаған!

Қазақтың беткеұстар байлары Рубцовск округіне жер аударылып, көп өтпей Икенің қашып шығып, жасырынған жері осы Шаған таулары. Еркін досым айтқандай, «содан бастап өзі ниеттес байларды қасына жинап, 100 адамнан тұратын аттылы жасақ құрап, совет әскерлеріне қарсы бандалық әрекеттермен айналысады».

Икенің белгісіне Марат Әбсеметов, Қарагөз Тілеш, Сағымбай Жұмағұл, Ержан Еңсебай, Елдос Тоқтарбай, т.б. санаулы адам барып, тамашаладық. Шаған суына бетімізді шайып, суынан қанып іштік. Су жиегіндегі шөп, өсімдіктерді қызықтап жүріп, қалың мияға көзіміз түсті. Дереу Қадыр ақыннан «Біздің сайда болатын мия қалың. Ауылдастар ойлайтын ұя қамын. Мия сиреп, Ұядан құстар безіп, Біреу үшін енді мен ұяламын» деп тақпақтадық. Бұл шақта экспедицияның бір мүшесі, блогер Алмас Тоқабаев жол туралы атышулы постын жазып, сапарды жалғастыруға бізді күтіп тұр екен.

Көп ұзамай, оң жаққа қарай бұрылып, жайдақ жолға түскенде жүрісіміз өне бастады. Сөйтіп түн ішінде аудан орталығы Қарауылдың шетіне іліндік, бізді Абай ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Тәттібеков күтіп алып, жағдайды түсіндірді. Оның айтуына қарағанда, күте-күте екі көзі төрт болған ақсақалдар қауымы екі мәрте жиылса да бізді көре алмай қайтып кетеді. Ақырында екі кештің бірінде үлкендерді шаршатпайық деп әкімдіктің өздері қарсы алып тұрған беті екен.

Олар бізді қонақасыға бастағанда телефонымыз шыр етті. Жол үстінде мазамызды ала бермейтін жұбайымыз хал-жағдайларының жақсы екенін баяндай келіп, қаралы хабарды жеткізді. Ауылдағы Жәнібек ағаның ұлы Ербол қаза болыпты. Еһ, Ербол бауырым-ай!

Жолсоқты болған қонақтар дастарханға бас қойған, әкімдік басшылары Абай еліне келген қадамдарына құт тілей отырып, ұлы ақынның туған күн мәселесін де қозғауды ұмыт қалдырмапты. Ел ақсақалдары Абайдың туған күнін 100, 125, 150 жылдықтарда 10 тамыз деп атап өтуді дәстүрге айналғанын айтып, 23 тамызға қалай ауысқанын түсіне алмай дал. Экспедиция құрамы сапарға шығардан үш күн бұрын Абайдың туған күн мәселесін пысықтап, дәлелді деректермен 23 тамыз деп атап бекіткен. Біз де уәжімізді айтып түсіндіріп жатырмыз.

Осы жолдар авторының тыңдап қана отырғаны болмаса, асқа да, дауға да зауқы соққан жоқ. Телефон байланысы ұстап, бойымызға жан кіргендей, интернетімізді қосып, тексеріп отырғанбыз. Хабарласқан, келген хабарламалар дызылы таусылар емес, Талдықорғаннан жақсы көретін Серік бауырымыз «Аға, естідіңіз бе?» деп хабарлама қалдырыпты. Ерболды айтқаны ғой, олар бірге оқып бітірген, қызық күндерді бірге кешкен достар еді ғой.

Елден жеткен хабар есеңгіретіп жіберді. Қаза жеткен қарағымды ойлап біраз отырдым.

Туыстарымыз «Жәкөн» дейтін Жәнібек аға  бізге көрші тұрды, екінші ұлы Епчонды туғанынан бері жақсы білеміз. Бастапқыда бұл балаға Әлішер деп ат қоймақ болады, бірақ перзентханаға Ербол деген жігіт көлігімен жеткізіп тастайды, соған байланысты есімі өзгеріп кетіпті. Сабақты жақсыға бітіріп, әскери борышын адал атқарып келген Епчон елге жұғымды бала болып өсті. Өскеменде қызмет істеп жүр дегенді естиміз, сөйткен Епчон-Ерболымыз... Ертістің улы жұтымына кетіпті...

Ас ішіп, жүрек жалғап алған экспедиция түгел Қарауылдың орталық бөлігіндегі «Туған жерге туың тік» жобасы аясында кезіндегі партия қызметкері Бәтташ Сыдықовтың әулетінің күшімен тұрғызылған «Ер-Нұр» қонақүйіне қонып шықты. Төсек жабдығы таратылмаған, ыстық суы кеш қосылған, жарығы аяқ астынан жалп етіп өшіп қалған қонақүйдегі хикаялар айта жүргенге бір қызық.

Ертеңгі сапар – жолымыздың шарықтау шегі Жидебайға баратын ең маңызды күн болғандықтан, телефонымызды қуаттап, ойымызды саралап барып, жастыққа бас қойыппыз.

Фотосуреттерді түсірген Алтай ШОЛТЫҚ.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English