«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Тұғырыл заманындағы Керей хандығы

4335 0
Тұғырыл заманындағы Керей хандығы
«Жесугей баһадүр мен Шыңғыс хан заманында олардың патшасы Оң хан болған. Олар дос болатын

Меркіт соғысы және Шыңғысханды сүйемелдеу

«Жесугей баһадүр мен Шыңғыс хан заманында олардың патшасы Оң хан болған. Олар дос болатын. Сондықтан (осы) тарихта жазылғандай, (Жесугей баһадүр мен Шыңғыз хан) Oң ханға көп рет көмек беріп, қолдау көрсеткен. Соңында олардың арасы дұшпандықпен аяқталды, содан олар соғысуға кірісті. Осы себептен олар (жеңіліс тауып) Шыңғыз ханның тұтқындары мен кұлдары болды» (11).

Шыңғысхан ержетіп үйленгеннен кейін ата тағына отыру үшін Тұғырылға арқа сүйемек болады. ол кезде Тұғырылдыңда билігі бекіп шалқып тұрса керек.

«Темүжін, Қасар, Белгiтей үшеуі Есүкей батырдың ежелгі досы Уаң ханға дидарласпақ болып барады. Әкеміздің досы әкеміздей болар деп ойлаған Темүжін Тула өзенінің бір саялы жерін мекендеген Уаң ханға барып, сәлемдескен соң, былай дейді: «Әкем марқұмның ежелгі досы сізді өз әкемдей көріп, өзім үйленгенде енеміз киітке берген қара бұлғын iшiктi сiзге әкеліп отырмын», – деп ішігін ұсынады.

Жалғасы. Басы: https://e-history.kz/kz/publications/view/5347

Бұған дән риза болған Уаң хан былай дейді:

«Қара бұлғын ішігің

Қар болып текке кетпесін.

Тозғындаған еліңді

Топтастырып берейін.

Бытыраған еліңді

Біріктіріп берейін.

Әй, дейтін болсын ажасы,

Қой дейтін болсын қожасы» (12).

Арада көп өтпей меркіттер Иесукейдің Уәлінді тартып әкеткен көне кегін қайта қозғап жалғыз үйлі Темужіннен Бөртені тартып алады. Темужін басқа сүйенері болмаған соң Тұғырылға келіп шағынады, Тұғырыл бас тартпайды.

Меркіттерпен соғысу андасы Иесукейдің жақсылығын қайтару ғана емес, сахараға қожа болудың да бастапқы қадамы есепті. Шыңғысханды өкіл баласы санаған ол енді осы оқиғаны желеу етіп меркітке соғыс ашады. Иесукейден кейін моғұлдарды Тарғұтай толық билей алмаған, Темужіннің андасы Жамұқа ол кезде түмен қол аттандыра алатын сардар еді, ол Тұғырыл ханды жақтап оған сәйкесіп арқа сүйеген екен, сол себепті Тұғырыл хан Темужінге Жамұқаға барып жолығуды және оған жасағын бастап шықсын деп сәлем айтады. Бұл Жамұқа үшінде тиімді еді, өйткені меркітті шауып олжаға ие болғаннан сырт осы соғыстан кейін атақ абыройыда аса түспек! Темужін үлкен жақтан рулас, әрі бала кезінен серттескен досы, жасақ шығаруы орынды. Ол қайтара айтқан сәлемінде: «Тұғырыл хан ағаймен бұрқан божырда жолығайық! Мен бір түмен бастап шығайын, Темужін анданың елінен бір түмен құрап жиыны екі түмен болайық! » дейді. Мен бір түмен бастап шығайын дегеніне қарағанда онда тек бір түмен жасақ болған, Темужін анданың елінен бір түмен бастап шығайық дегені – бұрын иесукейге қарасты елді айтып отырғаны. Осы елдерде Темужіннің жыртысын жыртуға қақылы дегені болса керек. «Ер намысы – ел намысы» деген мақал осыған орай айтылса керек.

Тұғырыл неге үш күн кешікті немесе Жамұқа неге ашуланды?

Бірақ та Темужін Керуленнің жағасы Бүркей деген жерде Тұғырылханмен оның інісі Жақа Гәмбу бастаған екі түмен қолға жолығады. Осыдан тура тартып Жамұқаға жолығады, ол оларды тосқанына үш күн болыпты, жасағын қатарға тұрғызып қарсы алады, бірақ Тұғырыл ханға қатты өкпелепті. 

Осы үш күнде не оқиға болды? 

«Мұңғұлдың құпия шежіресі» және басқа кітаптарда мұның басы ашық айтылмаған, онда басты қаһарман Шыңғысханды көрнектілендіру басты орында болғанда оның кімнің көмегімен күш алғаны ашық айтылмаған. Меніңше осы үш күнде Тұғырыл хан қара бұлғын ішік алғандағы уәдесін орындап бұрын Шыңғысханды жұртқа тастап кеткен руластарын шауып, оларды шырқ иіріп, Темужіннің аяғына жыққан, себебі Тұғырыл келген жер сол қамағ Моғұл жері. Осы соғыста Тарғұтайдың аталмай, тек Шыңғысхан Жамұқадан бөлінгенде Шыңғысханнан қорқып қаша көшуі оның күші әлсірегенінің дәлелі. Тұғырыл осылайша уәдесін орындап андасына берген сертінде іске асырды. Шыңғысханды Тұғырылдың сүйеп оған түмен қол жинап беруі Жамұқаға ұнамағаны анық, ендігі жерде ақсүйек Темужін оның басты бақталасына айналары анық еді. Сол үшін ол Тұғырыл ханға өкпелейді, арасы бір жыл өтпей ол Темужіннен де, Тұғырыл ханнан да бет бұрады.

Меркітті шабу

40 мың атты жасақ бас қосады да, Қалқа өзенінен түнде сал буып өтіп меркіттерді қапыда басады, судағы балықшылар көріп қойғандықтан дер кезінде хабар жеткізіп меркіттер жанталаса қарсыласады, әйтпегенде ең жауынгер елді тепе-тең күшпен жеңу қиын еді. Түнімен болған сұрапыл соғыста меркіттер қалың әскерге төтеп бере алмайды, ақыры Қағатай Дармала қолды болады, Дерусүнмен Тоқтааға, Барғұжын Тоғымға қашады. Сушігіл жоғалып, Бөрте құтқарылады. Меркіттің көптеген мал жаны қолды болады, осылайша бес арыс елдің бірі әлсіреп бұрынғы орнынан айырылады, ендігі жерде тек басқа тайпалармен одақтасу арқылы ғана Тұғырыл ханмен белдесетін болады.

Еркеқараның билігі

1193 жылы Тұғырыл Темужінді сүйеп күшейтіп, оған Жамұқа шыдамай екеуара соғыс болып жатқан тұста сахарада тағы да өзгеріс туады, Еркеқара найман Инаныш білге ханнан көмек алып, Тұғырылды жеңіп хандық тағынан тайдырады. Үш жыл бойына Керей хандығында аумалы-төкпелі жағдайлар орын алады. Найман хандығы Орхонға дейін ілгерілеп келеді.

«Шыңғыс хаған Дерiстi (Шилі) деген жерде отырғанда керейдің Жақа-Ғамбуы нөкерлесуге келді. Сол кезде меркіттер шайқаспақ боп келгенде Шыңғыс хаған мен Жақа-Ғамбу екеуі олармен шайқасып киратады. Сөйтіп, түмен, түбеген, түтас дүңғайты және керейдің бытыраған халықтары Шыңғыс хағанға кірім болады. Керейдің Уаң ханы бұрын Есүкей батырмен жақсы таныс, әрі дос болысқан-ды. Дос болысуының мәні – Уаң хан Құршақұс-Бұйрық хан әкесінің бауырларын өлтіріп, немересі Гүр ханмен жанжалдасып, Қарауын Қысаңы деген жерге барып тығылып, онан жүз кісімен қашып шығады. Сөйтіп, Есүкей ханға келгенде хан оны асырап күтеді. Және өзі бастап әскер алып шығып, Гүр хан Қашын еліне қашып кеткенде, оның халқы мен мал-мүлкін Уаң ханға әкеп береді. Сондықтан дос-жар болыпты.

Бұдан кейін Уаң ханның бауыры Еркеқара ағасы Уаң хан өлтіреді деп қорқып қашып, Найманның Инаншы ханын паналайды. Иманшы хан оған әскер бергендіктен, Уаң хан тоқтай алмай безіп, үш шаһардан өтіп, қара қытайдың Гүр ханына барады. Оған да сыйыса алмай, ұйғырдың шаһары мен таңғыттың кентін кезіп жүріп, бес ешкі сауып, түйенің шұбатын да ішіп, зорға Гүсеуір көліне келеді. Сол кезде бұрын Есүкей батырмен дос болғанын Шыңғыс хаған есіне алып, Дақай батыр мен Сүкекей-жауын екеуін жібереді. Және Шыңғыс хағанның өзі Керліннің басынан тосып, арып-шаршап келді деп, Уаң ханға (қарасты халқынан) божі (салық) алып беріп, өз күресінде күттіріп, асырап сақтайды. Сол қыста бірге көшіп, Шыңғыс хаған Күбақайды қыстайды.

«Онан кейін Найманнан қорқып қашып, Сартауыл жерінің Шүй өзеніндегі қарақытайдың Гүр ханына барады. Онда бір жыл болған соң, тағы да тоқтай алмай, ұйғыр жерін кезіп, таңғыт еліне өтіп, бес ешкіні шөрелеп сауып, түйенің шұбатын ішіп күн көріп, соқыр сүр атымен зорға Темүжінге келгенде Темүжін елден салық жинатып, оны асырады» (13).

Қарап отырсақ, біреуінде Еркеқара Тұғырылдың тағын тартып алғанда Иесукей көмектескен десе, енді бірінде Шыңғысхан көмектескен дейді. Сірә қайсысы шындыққа жанасымды? Құпия шежіреде Тұғырылға қатысты баяндауда уақыт тізбегінің ауысқаны байқалады. Рашид Ад-Дин Тұғырылдың үш жылдан кейін келген уақыты 592 (1196) жыл деп нақтылап көрсетеді. Соған қарағанда Иесукей көмектесті деген шындықтан тысқары.

Осы уақытта керей елінде үлкен бұлғақ болып тайпалар тозғындайды, ол тайпалар Жақа-Ғамбумен бірге Шыңғысханның маңына топталады. Тобауыт, доңғайыттар, сахайыттар болып Жақа-Ғамбумен бірге Шыңғысханмен бірлесіп кетеді. Осы кезде Тұғырыл келіп сол күшке сүйеніп тақты қайта тартып алады. Сол тұста найман ханы Инаныш білге хан өліп, оларда да тақ таласы болып ел екіге бөлінеді, сол себепті Еркеқараға наймандар жағынан көмек келмейді. Келесі кезекте Тұғырыл татарларды талқандайды, онан меркіттерге шабуылдайды.

Моңғолдардың Керей хандығына бағынуы хақында

Тұғырыл хан заманында Моңғолия даласында үш үлкен күш болды, шығыс оңтүстікте татар тайпалары, әскер саны 30000-4000, 70000 шаңырақ, онан батыста Керей хандығы әскер саны 50 мыңға дейін, батыста Найман хандығы олар екі ханға бөлінді, әр қайсысы 20-30 мыңдап әскер шығара алатын. Ал осы үш хандықтан басқа күштірегі қамағ моңғолдар (моғол) мен меркіттер болды. Осы тайпалар мен хандықтар сахараның ең жоғары билігі үшін бір-бірімен ұзақ жауласып көп соғысты. Тайпалар өз мүдделері үшін қажет кезде өзара одақтасты.

1168 жылы Иесукей батыр өлген соң қамағ моңғолдар бір тұтастықтан айырылады, Иесукейдің тұсында онсызда нирундар мен дарлекін моңғолдар тұтас бірікпеген болатын. Иесукей өлген кезде Тұғырылдың не үшін андасының бала-шағасына көмектеспегені беймәлім. Сірә Керей хандығының ішкі бұлғағы мен сыртқы жаулардан шыға алмаған сияқты. Алғашында тайпа билігі тайшығұт Тарғұтай қырылдақтың қолына өтсе, Темужін ержетіп әйел алған кезде оның андасы Жамұқа елдің бір бөлігіне ие болып Тұғырылдың сенімді серігі болады. Осылайша моғолдар тұтас біріге алмады.

Шыңғысханға қатысты оның ұрпақтары құрған ұлыс ордаларда жазылған тарихнамаларда Шыңғысхан обыразын тіктеуге баса мән берілгенде онымен тұстас әсіресе сахара билігіне таласқан үзеңгілестерін төменшіктету құбылысы кең етек алған. Десе де сырт ел тарихшыларының көзқарасы бөлекше. Бұнда біз Жуайни мен Марко Поло деректерін ұсынып отырмыз.

«Қазір татарлардың мемлекет құру барысын таныстыра кетейік, татарлар алғашында шүржендермен көрші болып, олардың терістігінде отырған екен. Тұрақты қоныстары болмапты, былайша айтқанда қаласы мен қорғаны жоқ кең жазық пен сахара, жайылымда жасапты,ол алаптарда кең әрі мол болып ағатын өзендер бар екен, оларда өздерінің патшалары болмаған. Олар бір күшті патшаға бағынышты екен, біреулердің айтуынша оны татарлардың тілінде Оң хан деп аталады екен, біздің тілімізде Пустер Жохн. Татарлар әр жылы өздері баққан малының оннан бірін Оң ханға салық ретінде төлейді екен. Оң хан, яғни Пустер. Жохнолардың құдыретін байқап, олардың бірлесіп қарсылық көрсетуінен үрейленіпті. Сонымен оларды көптеген тайпаларға бөлуге бұйрық беріп, мемлекеттің әр жеріне бытыратыпты. Егер кез келген жерде бүлік туса, ол осы тайпалардың әр жүз адамының төртте бес адамын әскерге алыпбүлікті жаныштайды екен. Осылайша татарлардың күші әлсірей бастапты. Осы кезде Оң хан оларды алыс жерлерге ұзақ жорық жасауға міндеттепті, әрі сенімді әмірлерін оларды бақылауға қойыпты...» (14).

Марко Полоның Шыңғысханның Тұғырылмен арадағы қатынасы туралы айтқандарын басқа деректерден де байқауға болады. Мысалы меркіт соғысының алдында Жамұқа Тұғырылдың оң қолы болған. Рашид Ад-Динның татарлар туралы дерегінде қатаған, дүрбен, салжығұт қатарлы моңғол руларының татарлармен біріккені айтылады. Өйткені татарлар моңғолдан күшті болатын, татарларды Алтын патшалығымен бірлесе отырып бас көтерместей етіп талқандағаннан кейінгі соғыста, айталық үш жылдан соң осы татарларды жақтаған моңғол руларына қарсы соғыс ашып оларды талқандаған. Сонда да моңғолдың жарымы бой ұсынбай сахарадағы өзге тайпалармен одақ құрып, Жамұқаны басшы сайлап, Керей хандығымен соғысады, ал Шыңғысхан Тұғырылмен соңғы рет ат кекілін кесіскенше моңғолдың бір бөлігін билеп, Тұғырыл жағында болады. Оған қызмет көрсетіп мықты әскери қолбасшы болып беделі арта түседі. Ол туралы Жуайни да баяндаған:

«Шыңғысханның әсілгі аты Темужін болатын, құдайдың қалауымен ол дүниедегі әр елдің патшасы болды. Олкезде керейт және сахайт тайпаларының басшысы Оң хан болатын, ол әскер күшімен мәртебесі жағынан басқаларды жеңіп үстем тұрды, мейлі қару-жарағы, әлде ат көлігі болсын, ол басқа тайпалардан қуатты еді. Осы күндері моғұлдың әр тайпасы әлі бірікпей, бір тұтастыққа келмеді. Шыңғысхан балалықтан есейіп ержеткенше қанқұйлы арыстанға айналды, құдды баудай түсіріп қыратын асыл қанжар сияқты еді... Шыңғысхан мен Оң хан көршілес, шегаралары қосылған еді, ол үнемі орайы келгенде Оң ханға барып сәлем беріп тұратын, өйткені олардың арасында достық бареді. Оң хан оның парасатты, айлакер, батырлығы мен білгірлігіне тәнті болып, оны мадақтап, мүмкіндігінше сыйлап отыратын. Оның мәртебесі мен атағы күннен күнге өрлеп, кейін келе кейбір саяси істерде оған иек артатын  болды да, Оң ханның әскерлері мен бөлімдеріне де ол қолбасшылық ететін» (15).

Жуайни дерегі бойыншада Шыңғыс – Оң ханның қол астындағы боданы. Тарихшылар айтқандай Шыңғысхан Оң ханға сүйеніп моғолдарды біріктірген жоқ, керісінше Тұғырыл оң хан моғол тайпаларын бытыратып ұстады. Күйтен соғысынан кейін Жамұқа, Алтан, Құчар бастаған моғолдың басқа ру басылары да Тұғырылға тізе бүгеді, осыдан бастап Шыңғысханмен ара-қатынас бұзыла бастайды.

Жалғас жорықтар

1196 жылы татар тайпаларының көсемі Мегужін солты Алтан патшалығына опасыздық жасағандықтан, Алтан ханы әскер жіберіп оларға соғыс ашады. 70 мың шаңырақтан асатын татарлар сахарадағы аса жауынгер тайпа болатын, оларды әлсіретудің оратын қалт жібермеген Керей ханы Тұғырыл және оған бағынышты вассалы Темужін 40 мыңнан аса әскермен көмекке барып татарларды ойсырата жеңіп оларды мықтап әлсіретеді. Осы еңбегіне орай Тұғрылға «уаң» (хан) атағын, Темужінге «жағұт қори» (шекара қорғаушы) атағын береді.

1199 жылы Темужін татарлардың қалдығын талқандауға кеткенде Тұғырыл хан меркіттермен соғысуға барып, Тоқта бектің ұлы Тоғысбекті өлтіріп, Тоқта бектің ұлдары Құту мен Шылауынды әйел, бала-шағасымен тұтқандап мол олжамен оралды.

1200 жылы Тұғырыл мен Темужін Моңғолдың тайшығұт руына қарсы Сары кегере деген жерде жиналып оларды талқандады. Онан ілгерілеп әлі бағынбай жүрген қатаған, салжығұт тайпалары тағы дүрбен, татар, қоңырат руларын жеңді.

Күйтен соғысы

1201 жылы(таулай жыл) моңғолдардан Тарғұтай қырылдақ бастаған тайшығұттар, Жамұқа бастаған жажыраттар, Бақу- шорық бастаған қатағандар,  Шіркітай батыр бастаған салжығұттар, Қашқынбек бастаған дүрбендер , Түге мақы бастаған икірестер, Терге , Емел бастаған қоңыраттар, Ақ шойық бастаған құраластар және татардың Жалы бұқасы, найманның Күшегур бұйрық ханы , меркіттің Тоқта бегі, ойрат құдұқа бек бәрі жиналып  Алқай бұлақ деген жерде бас қосып, ақ айғыр сойып серттесіп, Жамұқаны «гүр хан» сайлап , Тұғырыл мен Темужінге қарсы аттанбақ болды. Екі жақ Күйтен деген жерде ұрысады, найман бұйрық хан мен Құдұқа бектің күн жәйләтәтін сйқыры бар екен, соны іске салып еді , оны іске қосып еді, дұғалары өздеріне кері дарып, әскерлері аязда қол аяқтары үсіп, таудан домалады, «тәңір бізді керіне алды» деп олар бет- бетіне қашып, тоз-тоз болды.

1202 жылы Тұғырыл мен Темужін найман Бұйрық ханға жорыққа аттанды, ол кезде Инаныш білге хан өліп Найман хандығы екіге бөлінген болатын, сіра Тұғырыл Таян ханмен келіскенге ұқсайды. 40 мыңнан аса қолмен барып қазіргі Алтай аймағының Ұлыңгүр көлі маңында Бұйрық ханды жеңеді, Бұйрық қырғыздарға қашып кетеді. Осы жеңістің буымен келе жатқан жоланда Байтерек белжір деген жерде Таян ханның сардары Көксау Сабырықтың 30 мың қолы оларды күтіп тұрады, Тұғырыл Темужінде жаудың өтіне қоймақ болып түнде одан бөлініп кетеді. Екеуі екі жаққа кеткеннен кейін соңынан Көксау Сабырық Сенкүннің елін шабады, Тұғырыл Темужінді тағы да соғысқа шақырады, Темужін төрт күлігін көмекке жібергеннен кейін наймандар жеңіліп артқа шегінеді. Шынын айтқанда бұл сахарадағы керей, найман екі хандықтың мүйіздесуі еді.

Керей-моңғол соғысы және Керей хандығының жойылуы

1202 жылы  Шыңғысхан Тұғырылға бағынған моғолдар арасында өз орнын биіктету үшін Тұғырыл әулетімен құда болмақ болады, өзі Тұғырылдың қызы Сәуір бикені Жошыға алып беріп,  өз қызын Сенгүмнің ұлы Тұсақаға бермек болады. Бұған Сенгүм «Олардың қызы бізге келсе, есіктен төрге қарап отырар, біздің қыз оларға барса есігінен төрге озбас» деп жауап береді. Сонымен қатар Сенгүмді Шыңғысханға қарсы жаныстырып жүрген Жамұқа қатарлылар «Жошы меркіттен келген» деген өсек таратады. Сенгүмде Жошының тегі күмәнді деп Жошыға қыз берсек, ол Шыңғысханның орнын баса алмайды деп қараса керек. Сонымен қатар Жамұқа, Алтан, Құчарлар Сенгүмді Шыңғысханды жоюға айтақтайды. Сенгүм оған сеніп әкесіне кісі салып соғыс ашпақ болады.

Марко Поло дерегінде бұл былай айтылады:

«...Шыңғысхан өз істерінің алға басқанын көріп, тіпті де іргесін кеңіте түспек болыпты. Осы мақсатқа жету үшін ол Оң ханға елші жіберіп оған қызын беруді талап етіпті. Бұл талаптың орындалмайтынын Шыңғысханның өзі де біледі екен.  Нәтижесінде Оң хан бұл ұсынысты естігенде ашуланып: «Шыңғысхан менің құлым, оның  жүрек жұтқан екен, менің қызымды алам деп қалай батынып айтып отыр? Сендер жоғалыңдар, қайтып барып оған айтыңдар, егер осы әулекілігін тастамаса, мен оның көзін жоғалтамын!» депті. Елші осы жауапты естіген соң табанда артына қайтыпты да, өз қожасының ордасына барып Оң ханның айтқан сөздерінің бірін қалдырмай, Шыңғысханға жеткізді» (16).

Бұнда баяндалған уақиғаның сұлбасы Рашид Ад-Дин және «Моңғолдың құпия шежіресімен» сәйкес. Жуайнидің айтуынша: «Оның Оң хан алдындағы беделінің күннен күнге артуына, сіңірген еңбегінің көптігіне байланысты әскери, саяси істерде оған иек артатын болды, Оң ханның бабалары мен туыстары, тағы басқа әмірлері оның осыншама қошеметке ие болуына қызғаныш білдірді. Сонымен олар түрлі айла-шарғымен тұзақ құрып, оның абыройын төкпек болды. Сонымен қатар оны көкке көтере мақтап, келесі кезекте оны хан көтеріп бәрі соған бағыну керек деген сөз таратты. Сүйте келе Оң ханда бұдан секем алып қалды, Шыңғысханның ерлігі теңдессіз болғандықтан оған соқтығып ашық айырылмай, оған айламен қастық сайлау арқылы құртпақ болды... Олар ақылдасып таң қылаулана бере Шыңғысханға тап бермек болды. Оны Шыңғысханның жұлдызшылары сезіп қойды» (17).

Бұл баяндауларды негізінен басқа деректермен ұқсас, уақиға арқауы бойынша Сенгүм Шыңғысханға құдаласуға мақұл болғанын, келіп қойдың мойнын жеп кетсін деп елшілерін аттандырады. Шыңғысхан келе жатқанда Меңлік ақсақал оны жолдан кері қайтарады да, екі елшісін жібереді, Сенкүмдер олар біліп қойған екен деп бар жасағын таң ата атқа қонуға бұйырады, оны Бадай, Кішілік атты екі атшы түнделете Шыңғысханға жеткізеді.

Қалалдыжыт Елет шайқасы

Шыңғысхан Оң ханмен іргелес қонғанын айттық, арасы 30-50 шақырым жерде. Оның үстіне бұл 1203 жылдың көктеміне таяу мезгіл, Шыңғысханды құдаласуға шақырғанда: «Қазір көктемгі қара өзек шақ, атымыз арық кейін барайық» дегені де бұған дәлел болады. Ал ол заманда қыстаулық ретінде Ордос аймағында мекендеп жатқан. Шыңғысхан хабарды естіп үдере шығысқа қарай не солтүстікке қарай беталған кезде Оң ханның жасақтары оларды Ордостың солтүстігіндегі шөлде қуып жетіп, екі жақ сонда соғысады. Қалалдыжыт Елет дегендегі елет шөл деген сөз. Соғыс болған жер ішкі Моңғолияның Ордос аймағының солтүстігі екенін содан білеміз. Оны Марко Поло дерегі де растайды:

«Шыңғысхан бұны естіп қаһарланып табанда өз қосынын жинап Оң ханның иелігіне кірді, Теңді деп аталатын үлкен жазықтан лагер құрды. Сонымен бірге Оң ханға елшісін аттандырып, оны соғысқа шақырды. Оң хан да өзінің зор қосынын бастап Теңді жазығына келді де, жауының лагерінен он мил жерде база құрды» (18).

Деректер бойынша керейлер жағынан бұл соғысқа 40-50 мың әскер қатысқан, сонымен бірге моғолдардың Жамұқа, Алтан, Құчар бастаған тобы да керейлер жағында болған, оны Ашырык сүлемүн тәйшінің «Моңғолдың көбі Жамұқа, Алтан, Құчарлармен бірге біз жақта» дегені де растайды. Ал Шыңғысхан жағында 15-20 мың шамалы ғана әскер болса керек. Ол ұрғұт, маңғыт руларын алға салады. Керейлердін Қадақ батыр бастаған жергендер, онан кейін түмен түбегендер, яғни тобоуыттар, онан кейінгі сапта албандар мен доңғайыттарды бастап Әшірік шірен, онан кейін мың сан торғауытты бастап  Қори Сілемүн тәйші шабуылға шығады. Маңғыттар мен ұрғұттар оларға қарсы ерлікпен соғысып недауыр табысқа жеткендей болғанымен, керейлер жағының әскер саны олардан еселеген көп болғандықтан төтеп бере алмай, кері шегініп тоз- тоз болады. Шыңғысханның інісі Қасар қолға түседі, Сенгүмге Жоршыдайдың ұшыма жебесі тиеді. Соңында Шыңғысхан әскерлерін түгендегенде 4600 адам болады (Құпия шежіре бойынша 2600), қарағанда бұның өзі кейінгі оқиға сияқты. Шыңғысхан қиыр шығысқа босып Балжынкөл деген жерге барғанда қасында 18 адам ғана қалады. 4600 дегені оны қайта тапқан жасақтары болуы мүмкін, Құйылдар батыр соғыста өледі.

Керей хандығын айламен жою

Шыңғысхан шеткері қашып кеткеннен кейін қалдық әскерін топтап, Алтан патшалығымен іргелес жатқан қоңыраттарды өзіне қаратады. Сонымен қабат Оң ханға өкпе-ренішін айтып, елшілерін аттандырады. Алдыңғы соғыста жеңіске жеткеннен кейін керей ордасынан бұлғақ басталады, Жақа-Ғамбу Оң ханмен ренжісіп, наймандарға қашып кетеді, Жамұқа, Алтан, Құчар бастаған моғолдарда Оң ханға қастық сайлап онысы ашылып қалып бар жасағымен наймандарға қашады. Есебі ол кезде сахарада тек екі хандық қана қалған болатын. Меркіт Тоқта бекпен оның ұлдары онан бұрын Таян ханнан пана тапқан сияқты. Осындай кезеңдерде Оң хан мен Алтан патшалығы арасындада қақтығыс туған сияқты. Алтан патшалығы Шыңғысханды қолдайды. Шыңғысхан Оң ханда алдаусыратып отырады  да  бір жолы Оң хан ұлан-асыр той жасап жатқан кезде тұтқиыл келіп тиеді, Оң ханның қасындағы жасағы көп болмаса керек. Құпия шежіре бойынша соғыс «үш күн, үш түн болған». Күйрей жеңілген Оң хан соғыста өледі.

Бұл соғыс туралы Марко Полоның дерегі мынадай:

«Осы кезде Шыңғысхан өзінің жұлдызшыларымен бақсыларына болжатқызды. Екі жақтың қайсысының жеңетінін білу үшін жұлдызшы мен бақсылар бір жасыл асқабақ жапырағын ортасынан екіге бөліп, біріне Оң ханның, біріне Шыңғысханның атын жазып, екеуінің арасынан аралық қалдырып, Шыңғысханға айытты: «Егер біз дұға оқығанда, екі жапырақ тәңірдің құдыретімен қозғалып бір бірін айналып онан жоғары көтеріледі, кімнің аты жазылған жапырақ биік тұрса жеңіс соған тән!» деді. Осылайша Шыңғысхан жасақтарына осы істі көруге бұйырды. Ал бақсылар дұғаны оқыған кезде көпшілік жапырақтың айнала қалықтағанын көрді, ең соңында Шыңғысханның аты жазылған жапырақ жоғары көтерілді. Шыңғысхан және татар әскерлер бұл нәтижені көріп барлығы төтенше қуанды, олар аттарына міне сала Оң ханға шабуылға өтті. Олар төтенше ерленіп бір жолда Оң ханның шебін бұзді, жауды түгел жойды, Оң ханды да өлтірді. Шыңғысхан оның тұтас территориясын басып алып, қызын да алды» (19).

Марко Поло мен Жуайнидың дерегінде Оң хан соғыста өлген. Жуайнидің дерегі бойынша: «Шыңғысханның әскері Оң ханның әскерін жеңді және өте көп олжа түсірді. Шыңғысхан тағы әскер мен аттарды, басқа малдарды, кездемелерді оларға (әскерлеріне) бөліп берді. Осылайша оның әскері күшейді, ол Оң ханның қайта ту көтеруіне жол бермеу үшін соңынан қуа соққылады, оларды бірнеше мәрте жеңді, соңында Оң ханның тұтас үйі, қызы қолға түсті, өзі өлтірілді» (20).

«Моңғолдың құпия шежіресі» мен «Жамиғ ат-тауарих» дерегінде Оң хан жеңіліп, найман Таян ханға бара жатқан жолында найманның шекара жасақтары жағынан өлтіріліп, басы кесіліп Таян хан оны күміспен қаптатып аза тұтады. Тұғырыл мен найман хандығы арасындағы сахара билігіне талас соғысы онсыз да бұрыннан жалғасып келе жатқанына қарағанда Шыңғысханның керей хандығына қарсы соғысына наймандардың қатысқаны айтылмайды. Тұғырылдың басын Шыңғысхан сыйға жіберген болуы да мүмкін.

Сенгүмнің ақыры туралы: «(Оң ханның) ұлы Сәнгүн оның (әкесі) өлтірілген жерден бірнеше адаммен қашып кетті. Мұғул уәлаятының шекарасында Исақ деген қала бар. (Сәнгүн) сол арадан өтіп, Тибет уәлаятына қарай алыс кетті, сонда тұрақтамақ болды. (Алайда) Тибет халқы оларды қуды. Нөкерлері шашырап, ол жақтан да қашты. Хутан (Хотан) мен Қашғар (Қашғар) шекарасында Кусан (Құсан) деп аталатын уәлаят бар. Ол жақта Қилич Қара (Қылыш Қара) атты сұлтан сар болатын. Ол Сәнгүнді сол мемлекеттегі Чахар-Каха (Шаһар Каха) деген жерде тауып алып өлтірді, ал оның әйелі мен баласын (олжа етіп) алды. Біраз уақыт өткен соң (Қылыш Қара оларды) ұлы мәртебелі Шыңғыз ханға жіберді, содан оған мойынсұнды» (21).

1203 жылы Керей хандығы Шыңғысхан тарабынан жойылды да, керейлер оның бұқарасына айналды. Керей хан әулеті кейінде Ордос аймағына билік жүргізеді, торғауыт жасақтарына басшылық етедІ, кейінгі торғауыт қалмақ тайшылары осы Тұғырыл ұрпақтары болатын. Оң ханның тағы бір ұрпағы Тайбұға Сіберге кетіп сол араны бағындырып, «Сібір хандығыын» құрады да, кейін Шыңғысханға келіп кеңшілік алып, хан атанбай «бек» лауазымымен Сібірге билік жүргізеді. Керей тайпалары моңғол империясының тіректі күшіне айналып Империяның іргесінің кеңеюіне ілесе Еуразия құрлығына таралды. Кейінгі моңғолдың төрт үлкен хандығының барлығында керейлер таралды.

Керей хандығы мен Алтан патшасы арасындағы байланыс

Алтан патшалығымен бірлесіп татарларды жойғаннан кейін Керей хандығы мен Алтан елі арасында байланыс жиілеген сыңайлы. Марко Полоның айтуынша Алтан ханы оған бір уәлаят сыйлаған.

«Ол жердегілердің айтуынша осы қамал өте берік. Бірақ ол Алтын патшасының Оң ханға берген иелігі. Өйткені ол онымен мақтанады, сондықтан ол дереу Оң ханға опасыздық жасады. Оң хан бұл хабарды естігенде өте қобалжыды, өйткені бұл өте берік қамал болатын, оны шабуыл жасап ала алмайтын. Сондықтан бұл жағдай бір мезетке созылды. Кейін оның бастауымен он жеті атты жасақ  оның алдына келіп, Алтын ханын тірідей ұстап әкелуге пейіл екендігін білдірді. Оң хан іс біткен соң оларды сыйлайтынын айтып оларды қуандырды.

Сонымен жетпіс атты жасақ Оң ханнан кетіп Алтын ханына барып бағынды, олар өздерінің қиыр терістіктен келгенін, Алтын хан үшін қызмет көрсетіп, оған адал нөкер болатындықтарын білдірді. Олар іске жарамды болғандықтан жәңә қожаларының ықыласына ие болды. Бір күні Алтын патшасы саятқа шықты, бір өзенге келгенде ол өзеннен өтпей тұрып маңындағылар бытырады. Осы кезде атты жасақтар орайдың келгенін білді де тап беріп Алтын патшасын қоршап, оны зорлықпен Оң ханның жеріне алып келді, осылайша ол өз халқының көмегінен тыс қалды. Олар Оң ханның ордасына барған кезде Оң хан тұтқынға ең сорақы киімдер кигізуді бұйырды әрі әдейі масқаралап, оны арнайы үй хайуандарын бағуға бұйырды. Алтан патшасы осындай кіріптарлық халде екі жылды өткізді. Әрі бастан ақыр қатаң бақылауда болды да қашып кете алмады. Екі жылдан кейін Оң хан оны өзімен жолықтырды, Алтын ханы қатты қобалжып, өзін өлімге кесіледі деп қарады, бірақ іс оның керісінше болып, Оң хан оған бұдан былай тәкаппар болмауды ескертті де оны босатып, оның бұрынғы хандық киімдерін қайта кигізуге бұйрық етті де оны өз еліне қоя берді. Содан бастап Алтан ханы өз салауатын сақтап ұзақ уақыт бойы Оң ханмен тату достық орнатты» (21).

Кейін Тұғырыл мен Шыңғысхан арасында соғыс болған кезде Шыңғысхан жеңіліп шығысқа келеді, Алтан елімен шекарада қоңыраттар отыратын, Шыңғысхан сол жерде аз уақыт тұрады. Кей деректерде сонан кейін Шыңғысханның Тұғырылды жеңуіне Алтан ханы көмек жасаған дейді. 1211 жылға дейін Шыңғысханның Алтан еліне бас иіп, салық беріп тұрғанын ойға алсақ, мұның да қисыны бар сияқты.

Керей хандығы мен таңғыттар байланысы

Керей хандығымен оңтүстік көршісі Таңғыт мемлекеті арасында негізінен татулық болып құдандалық байланыс орнаған. Жақа-Ғамбу есімі де таңғыт тілінен келген болатын.

«Жағамбудың аты әуелде Кирaйдaй (Керейдай) болған. Оны таңғұттар алған кезінде өте епшіл екенін көріп, оны «Жағамбу» деп атаған, як «уәлаяттың ұлы әмірі». (Мұндағы) «жаа – уәлаят, гамбу – ұлы» (дегенді білдіреді).

Өзінің төраға гәмбу таңғыт патшасының ұлына берді, айтылуынша Шыңғыс хан таңғыт елін жеңіп, оларды өзіне бағындырғанда сол қызды алмақ болып қанша іздесе де таба алмайды» (22).

Құдандалық байланыс қана емес, Тұғырыл мен Иесукей Тұғырылдың ағайы Гүрханды жеңгенде ол таңғыттарға қашып кеткен. Тұғырылды Еркеқара жеңгенде Тұғырылдар таңғыттарға қашқан, кейін Сәнкүн де солай істеген болатын.

Шыңғысхан әулетімен құдандалық байланыс

Рашид ад-Дин дерегі бойынша: «Және бір Биктутмиш (Бектумыш) фужин есімдісін үлкен ұлы Жошыға берді. Үшінші Cұрғақтан бике есімдісін ол (Шыңғыз хан өзінің) кенже кенже ұлы Төле ханға айттырады. Ол төрт ұлдың анасы болды (олар): Мөңке қаған, Құбылай қаған, Хұлағу хан және Арық Бұқа туады. Оң ханның Чаур бики (Шаур бике) атты Сәнгүннің анасынан туған қызын Шыңғыз ханға бермек болды, бұл ниет қабылданған жоқ, соның нәтижесінде араздық пайда болды.

Шыңғыз ханның қызы Қужин бикиді (Құжын бикені) Сәнгүннің ұлына құда түседі. Оң ханның екі ұлы болды: бірінің есімі Сәнгүн еді, яғни «мырзаның ұлы». Екіншісінің есімі Абқу болатын. Абқудың Дуғуз (Тоғыз) қатын атты қызы болды. (Шыңғыз хан) оны Төле ханға айттырды, кейін (Төле хан дүние салған соң) оны Хұлағу хан алып, Хұлағу ханның бәйбішесі болды. Тоғыз қатынның бауырлары Сарижа және ... еді. Тоғыз қатынның ордасында болған Туктай қатын оның әпкелерінің қатарынан болатын.

Сарижаның қызы Урук (Өрік) қатын Арғын ханның әйелі, тақ мұрагері Харбанданың анасы болды» (23).

Керей хандығының қалалары

Керей хандығы орталық Моңғолияда болып ежелгі ұйғұр қағанатының астанасы Қара балғасын болған. Оны тек мына деректен: «Қурчакуз Бұйрық (Құршақұз Бұйрық) ханның Урта Балғасун (Орта Балғасұн) өңірінде жұрты болған екен. Тағы таңғыттармен шекарада Исақ атты қала болған, ол туралы деректе: «(Оң ханның) ұлы Сәнгүн оның (әкесі) өлтірілген жерден бірнеше адаммен қашып кетті. Мұғул уәлаятының шекарасында Исақ деген қала бар. (Сәнгүн) сол арадан өтіп, Тибет уәлаятына қарай алыс кетті, сонда тұрақтамак болды» (24) делінеді.

Сонымен қабат Борықатар өзені бойында Қара хото атты қала болған деген дерек бар, таңғытпен арадағы екі қала отырықшы таңғыттармен сауда айырбас жасайтын орталықтар екені даусыз.

Марко Полоның айтуынша, Тұғырыл ханның Ордос аймағында Теңді деген қаласы болған, сірә ол қыстаулық қаласы болса керек. Ол жерді оңғыттар мекендеген болатын. Ордос аймағын ғұндар, сәнбейлер, түріктер қысқы мекені ретінде таңдаған болатын. Керей хандығының елі қыста осы Ордосты қыстап жазда Орхон, Керулен бойындағы таулы аймақтармен орманды алқаптарды жайлаған. Теңді қаласы Алтан елімен арадағы сауда орталығы болған көрінеді.

«Оң ханның иелігіне жататын шығыста Теңді деген аймақ бар, ол аймақта көптеген қалалар мен қамалдар бар. Оның бәрі ұлы ханға (Құбылай) бағынады. Шыңғысхан осы мемлекетке жорық жасағаннан бері осы әулеттен шыққан бектер ұзақ уақыт бойы татарларға тәуелді болды. Аймақтың орталығы Теңді деп аталады. Көп санды тұрғындары христиандар, осы иеліктің патшасы осы араны басқарады. Бұл Оң ханның тұтас иелігі емес, қайта соның ішіндегі кішкене бір бөлігі ғана. Хан оларға басқа әулеттер сияқты мәміле жасап, үнемі олармен құда болып ханшаларын оларға ұзатады. Бұл аймақта асыл тастар өте көп өндіріледі. Оны аспандай көк реңмен бояйды. Бұнда түйе жүнінен маталар тоқылады, халқы саудамен, қолөнермен шұғылданып күн көреді. Тұрғындарында бұдқа табынушылар, мұсылмандар мен христиандар бар. Аймақтың үстемдік билігі христиандардың қолында. Тағыда арғұн деп аталатын адамдар бар, олар бұдқа табынушылар мен мұсылмандардың бірігуінен шыққан аралас қандылар. Бұл елдің тұрғындары біз алдыда таныстырған елдің адамдарына қарағанда терілері ақшық, өңді келеді. Тәрбиелері де жақсы, олар шебер саудагерлер.

Теңді қаласы Оң хан ордасы тұрған жер, олар осы аймақты және көршілес аймақтардағы татарларды билеген әрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырған.  Қазір бұл жердің ханы Көргіс деп аталады, ол Оң ханның шөпшегі әрі осы әулеттің көсемі. Олар екі аймаққа үстемдік жүргізіп отыр» (25).

Хандықтағы дін мәселесі

Керей хандығының билеушілері христиан дінінің бір тармағы несториан дініне сенген, ол туралы деректер жеткілікті. Рашид ад-Дин: «Олардың руларынан шыққан құрметті патшалары болған. Ол заман (керейт) сол аймақтағы өзге руларға қарағанда үлкен күш пен құдірет болған. Оларға Исаның (Алланың оған сәлемі болсын!) шақыруы (дін содан олар оның дініне кірді» (26) деген. Тұғырылдың немере қызы Доғұз бике Хулағу ханның ханымы еді, ол да христиан болатын. Керейлер ғана емес, наймандар мен оңғыттар да осы дінге сенген, бірақ осы үш тайпаның бұқарасы тәңірлік дінде қалған деуге болады. Керей тайпасының рулық таңбасынан да христиандықтың нышанын байқауға болады.

Керей хандығына қарасты ру-тайпалар

Саны моңғолдардан екі еседен артық көп болған керей тайпалық одағында нақтылы қанша ру болғаны белгісіз, сол заманда саны 200 мыңнан аспайтын моңғолдарда деректер бойынша қырықтан аса рудың аты аталады. Ал саны 300-350 мың керейлерден жетпіс те сексен рудың бар екені даусыз. Десе де тарихи деректерде Керей хандығында сегіз тайпаның аты аталады. Рашид ад-Дин бойынша олар: керейт, жыргын, тобоуыт, тонғайт, сахайт, албат, қарақас, торғауыт.

Керейт

«Нақыл етілуінше, көне замандарда бір патша болған еді. Оның жеті ұлы бар екен және олардың бәрінің жүз келбеті қараторы екен. Осы себепті оларды керейт деп атап кеткен. Осыдан соң уақыт өте келе, ол ұлдардың әрбірінің ұрпағы мен тармақтары өздеріне тән атауы мен лақап аттарын алды. Соңғы кезге дейін керейттер деп шын мәнінде бір патшасы бар бір (рулы) тармақты атап келген. Өзге ұлдар патша болған бауырының қызметшілеріне айналды, (өйткені) олардың қатарынан патша шыққан жоқ» (27).

Керейт – керейдің моңғол тіліндегі көпше айтылуы. Керейлер – қазақ арасында ең  саны қомақты тайпаның бірі ретінде орта жүздегі алты арыстың бірі. Сондай ақ кіші жүзде керейт атымен сақталған. Керейдің жекелеген рулары да басқа тайпалар арасында көп кездеседі. Керей немесе керейт атты тайпалар қазақтан басқа моңғол, өзбек, қырғыз, ноғай, башқұрт, түркімен, қарақалпақ, хазара, алтай, хакас, тыва, қырым татар, ұйғұр қатарлы оншақты ұлттың арасында кездеседі.

Чуркин (Шұрқын) руы

«Олар Оң ханның руынан шыққан құрметті де өте ержүрек ру болатын. Нажуд Сар және Жиркудай Шираздың басшысы болған. Оның бауырлары Қакча Тағай (Қақша Тағай) мен Қутлуғ буқа (Құттыбұқа) бітікші, сондай-ақ оның ұлдары Иисудар (Жесүдер) мен Дурбай (Дүрбай) сол рудан. Шыңғыз хан өзіне елші етіп жіберуін сұратқан Оң ханның бұрынғы ұлы әмірі Ачиқ Ширун (Ашық Шырын) да солардың руынан болған» (28).

Байбақты-Қара-Жарас-Жарқын атты ру бар. Әсілі құпия шежіредегі айтылуы жергін. Кіші жүз руларының Саян Алтайдан Жошымен бірге келгенін ойға алсақ, кіші жүздегі жарқын сол тарихтағы жергін тайпасының бір сынығы болуы мүмкін.

Тунқайит (Түңқайыт) руы

«Бұл тармактан Нуйсил (Нойсыл) ноян, оның ұлы Туғлуқ Қушчи (Тулык кұсшы) да осы рудан, Алинақпен бірге есім алған Тайчу (Тайжу) баһадүр және бүлік уақытында опасыздық жасаған Тайжу баһадүрдің ұлы Ғазан да (осы рудан еді)» (29).

Сақинат (Сақият) руы

Бұлар да (өз алдына бір) ру (30). Сақайт тайпасының туыстары Сібірияда Хакасияда сағай атанса, онан арғы Якутияда саха атанады. Қазақтың кіші жүзінің жағалбайлы арасында сақай руы бар, найман матай арасындада сақай атты кіші ру бар, олар сол көне сахайттармен қатысты болуы мүмкін.

Тубаут (Тубауыт) руы

«Алинақ баһадүр, Алчи Тутғаул (Алшы тұтқауыл), оның ұлы Сати осы рудан болған. Қазіргі кездегі солардың бірі – Ибуган (Eбуган) бітікші» (31).

Тобоуыт тайпасы тоба сәнбейлердің ұрпағы, олар 376 жылы Қытайды басып алып Уей патшалығын құрған. Жүз жылдан кейін қытайланды, кейінгі Таң империясын құрғандарда осылар болатын. Кейін осылардың сахарада қалған не қайтқан тобы Керей хандығындағы тайпалар одағына қатысты. Тобоуытты қарлық диалекітінде тобоғұт деп айтуға болады, бұл қазақта арғын арасындағы тобықты руының атауына өте жақын, демек тобықтылар сол тобоуыттар болуы мүмкін.

Албат руы

«Бұл рудан Илангиз Баурчи (Иланғыз бауыршы) шыққан. (Ол) Шыңғыз ханның бәйбішесі Бөрте фужиннің ийу-оғландары (үй оғландары) қатарынан, (әрі) Шыңғыз ханның жеке мыңдығының бір жүздігін басқаратын әмір еді» (32).

Албат албан сөзінің көпше нұсқасы. Шыңғысхан керей хандығын жойғаннан кейін оларды моғолдың әр руына таратады. Дулаттар мен суандар моғолдың рулары саналатын. Дулаттар кейінгі моғолстан мемлекетіндегі белді тайпа саналды. Кейбір қазақ шежірелерінде албан мен суанды дулаттан тарататын жағыдайлар бар. Албандар сол Шыңғыс дәуірінде дулат тармен араласып кейін өсе келе қайтадан өз атымен аталған болса керек.

Қарақас

«Қурчакуз Бұйрық (Құршақұз Бұйрық) ханның Урта Балғасун (Орта Балғасұн) өңірінде жұрты болған екен. Және Гурхан мен Оң ханға Йағ Иабғаннан (Жак Жапқаннан) жұрт (мекен) берді. Ал Тайтимур (Тайтемір) тайшы мен Иула Мағуска (Жыла Мағұсқа) Қарағас Буруғус (Қарақас Бөріқұс) өңірінен (орнын берді)» (33).

Қарақастың әсілгі түбірі қас, Сібір түркілерінің тілінде, ал бізше айтқанда қаз. Сібірде аң-құс атымен аталатын тайпа өте көп. Қара анықтауыш, хакастарда әлі күнге қас, қарақас тайпалары бар, ал олардың терістігінде қарақастар бөлек халық. Қарақастар ұйғұр қағанатын аударғаннан кейін орталық Моңғолияға көшкен. Тарым ойпатында Хотан аймағында Қарақаш өзені мен Қарақаш ауданы бар, Астраханда қарақаш татарлар бар. Қазақтың керей құрамындағы қарақастар сол ежелгі ұйғұр қағанаты құлаған кезде ауып келген қарақастар.

Торғауыт

«Моңғолдың құпия шежіресінде» Тұғырыл мен Шыңғысханның соғысында мынадай сөйлем бар:  «Жоршыдай тағы тоңғайтты талқан етіп ойысқан кезде Қоры сілемүн тәйші мың торғауытымен топталып келді.  Жоршыдай Қоры сілемүн тәйшініде шегіндірді» (33) делінген. Бұл торғауыттар торуылшы жасақтар, бұған кейінде Тұғырыл ұрпақтары иелік етіп үлкен қосынға айналған, кейінгі ойраттың төрт тайпасының бірі осылар болған.

Меркітпен байланыс

Меркіттерде тегі жағынан байырқылар болған, жеріде керейлермен шектесіп жатты. Байқалдың іргесіндегі Селенгіде өмір сүрді. Меркіттердің керейден бөлек бектікке айналуы қарақас қағанатының ыдырауы кезінде орын алды. Меркіттер Құрчақұздың тұсында Тұғырылды тұтқындап әкеткен, ал тақ таласы кезінде Темір тайшыға көмектесуден бас тартып Тұғырылмен тату тұрады. Кейін келе Керей хандығы жойылған соң керейлердің бір бөлегі батысқа көшкен кезде меркіттің қалдық топтары бұрыннан іргелес ағайындық байланысқа орай керейлерге қосылады.

Мекені

«Оң ханның жеке жазғы жайлаулары: Талан Дабан, Гусаур, Науыр. Оның оң қанаттағы әскерінің жұрты (тұрақтау орны): Тулсутан, Жалсутан.

Сол қанаттың (жұрты): Илат, Тарат, Убжийа, Кутиган, Урут, Укурут, Иилат, Тартат.

Қыстаулары: Утукин муран, Уруан, Туш Барауу, Куркин, Шира Қулусун, Утку Кулан, Жилaур Қулан.

Және олар (түрік тайпаларына жататын) мұғұлдардың бір түріндей. Олардың өмір сүрген мекені Ұнан мен Килураң (өзендерінің бойы), Мұғулстан жері және бұл аудандар (яғни Мұғулстан жерінің бір шеті) Қытай уәлаятының шекарасына жақын (бірақ онымен шекараласпайды)(Керейттер) көп рулармен жиі жауласқан, әсіресе найман руларымен өте көп текетірес жасаған» (34).

Керейлердің Қазақ жеріне қоныстануы

Шыңғысхан керей хандығын жойған соң Арін тәйші  бастаған керейлер наймандармен бірігіп 1204 жылғы Шыңғысханға қарсы соғысқа қатысады. Осы шайқастан соң бірталай халық Алтайдан бері асқаны белгілі, Тайбұға бастаған керейлер солтүстік Қазақстан жерінде «Сібір хандығын» құрады. Керейлердің жартысы жеңілген меркіттермен бірге батысқа қашады. Батыс шежірелері Тайбұға есімін  Есілде ерте феодалдық Сарғаш мемлекет-княздігінің пайда болуымен және Тура өзенінің бойынан Чимги тұра  қаласының салынуымен байланыстырады. Тайбұғаның орнын басушы мирасқорлары мұрагерлері Түмен  және Сібір хандығына қожалық ету үшін Шыңғысхан әскерлерімен ұзақ уақыт бойы күрес жүргізді. Аңыз бойынша Тайбұға Есіл өзені бойында жерленген, бірақ бейітінің тұрған жері әлі күнге белгісіз.

Кейінгі Алтын Ордадағы «92 баулы рулар» дың қатарында керей, керейт рулары қатар аталады. Моғолстан құрамындағы ең белді тайпалардыңда бірі керейлер болды. Моғолстанның солтүстігі мен шығысы саналатын Алтай- Тәңіртау баурайын керейлер жайлады. Құбылайдың Юань империясында керейлерді 1-дәрежелі халық моңғолдарға қоса есептеді. Ордос аймағында керейлер болғанын жоғарыда айыттық. 1368 жылы Юань империясы құлаған шақта көптеген рулар жан-жаққа бытырап кетеді. Бір бөлігі Моғолстанға өткен дегенде пікірлер бар. Алтын Ордадағы керейттер ноғай ордасынан кейінгі Әз Тәуке хан кезінде Қазақ хандығына қосылады.

Керейлердің генетикасы

Қазіргі замандағы дамыған генетика ғылымы да тарихымызды тектеуге өз үлесін қосып отыр. 2012 жылы қазақстандық 57 керей руының еркектерінің аталық хромосомасына жасалған анализ олардың 76,5%-ының С3* гаплогрубі, яғни Шыңғысхан әулетімен бір типке жататынын анықтады (35).

Бұл  сәнбейлерден шыққан қорытындығы өте жуық, сондықтан да керейлердің ең көп сандысы сәнбейлерге қалғаны ғұндар мен деңлеңдерге жатады.

 

Әдебиеттер:

  1. Жүңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер
  2. Қазақстан тарихы түркі деректемелерінде . 2-том.  Күлтегін бітіктасы
  3. Жүңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том
  4. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  5. Жүңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер
  6. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  7. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  8. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  9. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  10. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  11. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  12. Моңғолдың құпия шежіресі
  13. Моңғолдың құпия шежіресі
  14. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  15. Жуайни. Жаһан жаулап алушының тарихы. 1-том
  16. Маркополоның саяхат естелігі
  17. Жуайни. Жаһан жаулап алушының тарихы. 1-том
  18. Марко Полоның саяхат естелігі
  19. Марко Полоның саяхат естелігі
  20. Жуайни. Жаһан жаулап алушының тарихы. 1-том
  21. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  22. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  23. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  24. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1- том
  25. Маркополоның саяхат естелігі
  26. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  27. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  28. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  29. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  30. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  31. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  32. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  33. Моңғолдың құпия шежіресі
  34. Жамиғ ат тауарих. Рашид ад-Дин. 1-том
  35. The Y-Chromosome C3* Star-Cluster Attributed to Genghis Khan’s Descendants Is Present at High Frequency in the Kerey Clan from Kazakhstan. serikbai abilev, 1 boris malyarchuk, 2* miroslava derenko, 2 marcin wozniak, 3 tomasz grzybowski, 3 and ilya zakharov. 2012

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English