«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қаралы ғасырдың азалы бояуы

962 0
Қаралы ғасырдың азалы бояуы
Бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» және «Алаштың 100 жылдығы» арнайы медальдарының иегері, талантты суретші Алмас Сырғабайдың көрмесі өтті

Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналған жаңа көрме «Жоқ, ұмытуға болмайды!» деп аталған. Бас тақырыптағы алға ұмтылған жылқы бейнесін қызыл түсті қарға-құзғандардың қаумалауы қазақтың ұлттық азаттығы үшін басын бәйгеге, өлімге тіккен алаш көсемі Әлихан Бөкейханның көркем бейнесін астарлы ишаралайды.

Өнерпаз сиясы кеуіп, бояуы дегдіп үлгермеген жаңа туындыларына бұлайша атау беруінде үлкен мағына жатыр: ХХ ғасырдағы қазақ халқына, оның аяулы перзенттері мен асыл да құнды қасиеттерінің жойылып кетуге шақ қалған ең қасіретті, қайғылы мезеттерді басты нысанаға алып, ешқашан, ешқайда ұмытуға болмайтынын ескертеді.

Ғасыр басындағы алаштық ояну – ұлттық ренессанс құбылысы, үш революциялық толқу, азамат соғысының дүрбелеңі, тұтас бір халықты жер бетінен жойып жібермек болған екі реткі ашаршылық пен жаһандық соғыстар өрті, төрт мәрте жүргізілген репрессия толқыны – осылайша тасыр да тасмаңғдай ғасырдың ең таңдаулы жиырма сәтіне назар аудартады.

Қазақ табалдырығынан бір қолында оқтаулы маузерімен аттап кіріп, керегені кескілеп, туырлықты тілгілеп, шаңырақты шайқалтқан қанды оқиғалар желісі ел-жұрттың көз жасын құрғатпаған күйінде жай отындай асқақ рухты Желтоқсанға дейін шеру тартады.

Ақ пен қара, қара мен қызыл, қызыл мен ақ, ақ пен қызыл: алмасқан түстер арқылы дәуір келбетін шынайы көрсетуден бөлек, зұлымдық пен ізгілік, жамандық пен жақсылық, қатігездік пен жанашырлық, қорлық пен рахат, бақыт пен сорды бейнелеуде астарлы мағына жатыр.

Автор шендестіруге шебер. Қоғалы көлдер, қом сулар – құтты қоныс болған қазақ даласының айлы түнінде ай жылап тұр, түрме тозағын көрген аналардың бастары қосылып бір үлкен балбалтас құрайтын азалы бейнесі, жазықсыз жандардың қанын судай ағызған кесірлі жүйенің кеспірсіз жыландай ысылдауы, көртышқандар мен атжалмандармен жайлаған ортада қу тізесін құшақтаған ана образы, іш құрылысын шынжырлап тастаса да айға атылған арғымақтың атойы, көне дүниеден үзілмей келе жатқан тарихымызды оқытпайтындай етіп балбалтастарды тікенекке орап тастауы – айта берсек көп, санасында саңылау бар барша адамзат баласына үлкен ой жүктейді.

Жазықсыз сотталып, айдау мен қуғын-сүргіннің жан төзгісіз ауыр азаптарын бастан өткерген нақақ жандар, ерінің ары, отбасының адалы болып, саясат дейтұғын сан-сапалақпен ісі жоқ, аяқ астынан «отанын сатқанның әйелі» болып шыға келген аяулы аналар мен «мына әлемнен хабарсыз жаңа туған» бейкүнә балғын сәбилердің шерменде тағдырын азалы бояуға көшірген автор жер бетін айқұш-ұйқыш тікенек сымдарға толтырған зұлымдық ұялары –  саяси лагерьлер жүйесіне, оның мызғымас, кірпік қақпас қаһарлы жендеттеріне лағнет айтады.

Жиылған жұрттың көп тамашалағаны – тікенек сымдар тартылған құс ұясы мен ондағы жұмыртқа тағдыры. Астары терең, мағынасы зор инсталяциядан әркім өзінше ой алып, пікір сабақтары хақ. Балбал тастар дәуірінен бері мызғымас жүйе болып қалыптасқан қазақ шаңырағы, ұлттық отбасылық құндылықтар, этнопедагогиканың айнымас қағидаларының жат, бөтен пиғылдармен ластануы, суық қолдардың килігуінің салдарынан өз ұясына, отбасына орала алмаған құс екеш құстың тағдыры арқылы ұлттық трагедияны шарықтау шегіне жеткізе алуымен автор шеберлігі айқындала түсті.

Әр сызықпен сөйлеткен суреттері мен иір-ирек ойларға жетелер инсталяциялары қаралы күндерге қарғыс жаудырып қоймай, ата тарихтан сыр ұқтырып, болашақтың жарқын болуы үшін нағыз адамдық қалыпта бейбіт өмір кешуге шақырады.

Алмас Сырғабаев Болатханұлы 1979 жылы Алматы облысы Райымбек ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетін тамамдаған. Республикалық «Ұлан» балалар мен жасөспірімдер газетінде көркемдеуші редактор болып қызмет жасаған.

Мұқағали Мақатаев өлеңдеріне «Когда, спять лебеди», «Райымбек! Райымбек» поэмаларына иллюстрациясы мен кітаптарын безендірген. «Диалог Еуразия» платформасының ұйымдастыруымен Түркия мемлекетінің үш қаласында (Стамбул, Бурса, Измид) шығармашылық жеке көрмесі қойылды.⠀

 

Фотосуреттерді түсірген Бейсен БҰҚАРБАЙ.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English