«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Өскеменнің мың жылдық тарихы бар

1410 0
Өскеменнің мың жылдық тарихы бар
Археологтар сөзіне сенсек, Ертіс жағасында адамдар ең алғаш шамамен 80 мың жыл уақыт бұрын пайда болған. «Өскемен аумағындағы көне қорғандар ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында зерттеле бастады

 Бүгінде Өскеменде тұратын Күршім ауданының тумасы, ел, жер тарихына бейжай қарамайтын азамат Ерсін Молдамжаров ағамыз телефон шалып: «Өскеменнің тарихына қатысты бір дерек бар. Бір жылы қала іргесінен ертеде өмір сүрген адамның қорымы қазылыпты. Бірақ оны басқа жаққа алып кетіпті. Оны көрген адамдар да бар», – деді. Елең еттік. Содан ертеңінде Ерсін ағамыз қаладағы тіс емханаларының бірінде тіс технигі болып жұмыс істейтін Аркадий Соколов деген жігітке ертіп барды. Аркадий Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген екен.

«1998 жылы жаз айында тарих факультетінің 1 курс студенттері археологиялық экспедиция құрамында Меновное ауылының маңындағы, нақтырақ айтсақ, қазіргі «Арзан» супермаркетіне қарама-қарсы аумақта жүргізілген қазба жұмыстарына қатыстық. Бір күні беті тас плитамен жабылған, бұзылмай, бүтін күйі сақталған қорымды аштық. Қорымды ашқанда шашы сары түсті, оң жағында қылышы бар ер адамның қаңқасын көрдік. Қылышы мыс па, қола ма, оны нақты айыра алмадық. Жанында сүйектен жасалған сөмкесі мен құмыраға ұқсас ыдыс болды. Құмыраны қолға алып, өрнектеріне қызыға қарап тұрғанымызда: «Тез жабыңдар да барыңдар. Тиіспеңдер, құнды заттар бар» деді жетекшіміз Александр Ткачев. Табылған жәдігерлерді дұрыс көріп те үлгермедік. Күн ыстық. Жаздың кезі. Содан кейін балалар жиналып, сол маңдағы котлованға суға түсуге кетіп қалдық. Артынан, екінші курста кафедрадағы мұғалімдерден: «Ткачев Тюменьге кетіп қалды. Табылған жәдігерді өзімен бірге алып кетті» деген әңгіме естідік. Бірақ анығын білмейміз. Қорғаннан шыққан адамның неолит кезеңіне жататынын, қаншама мың жыл бұрын өмір сүргендігін соңынан білдік.

Біз қазған қорғанның маңының бәрі жерлеу орындары болатын. Қазір бұзылып, құрылыстар салынып жатыр» деген Аркадий бұл қазба жұмыстары туралы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих факультетінде жұмыс істейтін Альбина Жанбосынова жақсы білетінін жеткізді. Салып ұрып университетке барғанымызда ол кісі шынымен де 90 жылдардың аяғында қазба жұмыстары жүргізілгенін, оған оқу орнының студенттері қатысқанын, Аркадийді де білетінін, қорған Александр Ткачевтың жетекшілігімен қазылғанын айтты. «Олар үлкен, бүтін қорымды қазды. Ткачев бұған қатты қуанды. Бірақ сол кезде қатты жаңбыр жауып, қорғанды толық аша алмады. Таңертең келгенде тоналғанын, қаңқа сүйектерінің шашылып жатқанын айтты. Олар қола дәуіріне тиесілі қорғанды қазды. Бірақ онда қылыш болған жоқ. Өйткені ол кезеңде адамды қару-жарақпен жерлеген жоқ. Біз қорғаннан шыққан жәдігерлердің бәрін қаладағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткіздік. Ол кезде сондай талап болатын» дейді аталған оқу орнының Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры.

Осы кафедрада аға оқытушы болып жұмыс істейтін Елена Егеренкова Альбина Жанбосынованы қуаттап, Меновное ауылының маңы, әсіресе қалалық атшабардың аумағында әртүрлі кезеңнің ескерткіштері, қорымдар көп екендігін тілге тиек етіп: «Ипподромда бір қорымның үстіне қоғамдық туалет салып қойыпты. Осы маңға археологиялық экспедиция жүргізілсе көп нәрсе табылар еді» деп құнды ескерткіштерге толы аумақтың назардан тыс қалып келе жатқанына қынжылысын білдірді. 

«Қазба жұмыстары барысында табылған археологиялық жәдігерлердің барлығы облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталады» деген соң уақыт оздырмай музейге бардық. Құдай-ау, Өскеменнің мың жылдан астам тарихын тайға таңба басқандай айғақтайтын құнды дүниелердің бәрі осында сақталған екен-ау. Бұған дейін қалайша естімегенбіз, білмегенбіз?! Осы музейде 40 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейтін, өзі де құнды жәдігерге айналғандай Шығыс Қазақстан археологиясының арғы-бергі тарихына жетік археолог Галина Кушпен сөйлескенімізде Өскеменнің көнедегі тарихына қатысты көп мәліметтерге қанықтық.

Қола дәуірінің қоныстары

Өскеменнің әрідегі тарихына бекерге үңіліп отырғанымыз жоқ. Өйткені «Бұл жер әскери бекініс тұрғызылғанға дейін иесіз, қараусыз бос жатқан. Ешкім тұрмаған» деп Өскемен тарихын 1720 жылы салынған бекіністен, яғни арыдан емес, беріден бастағысы келетіндер арамызда аз емес. Қазір «келесі жылы Өскеменнің 300 жылдығын тойлаймыз» деп желпініп жүргендер де бар. Шынымен, Өскеменге 300 жыл ма? Тараздың 2000, Түркістанның 1500, Алматының 1000 жылдан астам тарихы бар. Дәлелденген, дәйектелген тарих.

Сонда ерке Ертістің жағасындағы, шырайлы да шұрайлы табиғаты бар, асты-үсті кенге толы кенен өлке, сулы-нулы мекен «бекініс қашан салынады екен?» деп сан ғасыр қаусырап бос жатқан ба? Қалай ойласаңыз да, қалай қисындырсаңыз да ақылға сыймайтыны анық. Жоқ, Ертістің сағасы сан ғасыр бойы сан жұртқа, сан тайпаға барақатты мекен, қайырлы қоныс болыпты. Археологтар сөзіне сенсек, Ертіс жағасында адамдар ең алғаш шамамен 80 мың жыл уақыт бұрын пайда болған. «Өскемен аумағындағы көне қорғандар ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында зерттеле бастады. Шаһар маңындағы көне қорғандарды ең алғаш тарихшы Г.Миллер көріп, 1734 жылы қала іргесіндегі бірнеше қорғанға және Үлбінің оң жағалауында, яғни бекініске қарама қарсы аумақтағы екі қорғанға қазба жұмыстарын жүргізді. Миллерден кейін 1865 жылы Шығысқа келген атақты археолог В.Радлов: «Ертіске келген кезде біз кең байтақ даладан, өзен жағалауларынан әр аттаған сайын ерте заманнан сақталған, топ-топ болып алыстан көзге түсетін ауқымды қорғандарды кездестірдік. Мұндағы қорымдар ерте заманда бұл жерде біршама халық тұрғанын, үлкен елді мекендер орналасқанын көрсетеді. Олардың біраз бөлігі өзіндік жоғары мәдениетке ие болған. Мұны қорымдар мен олардан табылған көне заттардан анық аңғарамыз» деп тамсана жазғаны белгілі. Ал Г.Миллер өз жазбаларында «Болашақта бұл жерден тарих үшін маңызды талай құндылықтарды табуымыз мүмкін» деген болжам айтқан болатын. Расында да, көне заттар бар екен. Олардың ең ежелгілері – қазіргі қала аумағынан табылған тастан жасалған екі балта мен найза. Бұл жәдігерлерді өткен ғасырдың 50 жылдарының басында археолог С.Черников біздің музейге өткізген. Әлі де сақтаулы», – деген археолог Галина Куш қала аумағынан табылған ең көне заттар біздің эрамызға дейінгі ІІІ мыңжылдыққа тиесілі екендігін айтады.

Энеолит кезеңінде өмір сүрген ақсүйек әйел

Өскеменнің ішінен және маңынан табылған археологиялық жәдігерлерді бірнеше кезеңге бөліп қарастыру керек секілді. Әуелгі кезең – қола дәуірі. Бұл кезеңнің ең құнды ескерткіші – өскемендік археолог Александр Ткачев 1993 жылы Меновное ауылынан екі шақырым жерден тапқан энеолит дәуіріне жататын әйел қорымы. Археологтың өзі облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізген есебінде бұл аумақты «Меновное ХІ қорымы» деп атап, әйелдің жас шамасы 40-50 (А.Бағашеваның анықтауынша) деп көрсетеді.

Бір ғажабы, әйелдің кеуде киімі жағасын қоса алғанда иығынан жеңіне дейін жұқа пластинка тәрізді сүйектен кесіп, тесіліп жасалған жапырақ формасындағы әшекейлермен (олардың саны – 240) безендіріліпті. Белдігі төрт қатар салпыншақтармен бедерленіп, олардың арасы 13 ақбөкеннің алдыңғы күрек тістерімен бекітіліп, белдіктің оң жағына кішкене сөмке ілініпті. Сөмке ішінен жосаның кесегі, тас моншақтар мен кішкене ұлу қабыршағы шығыпты. «Мұны сенсациялық жаңалық деуге де болады. «Осыдан 3-4 мың жыл бұрын өмір сүрген әйелдер қалай киінген?» деген сауалға жауап таба аламыз. Әйелдің көйлегі біздің болжауымызша, теріден тігілген секілді. Салпыншақтардың орналасуы әйелдің киімін реставрациялауға мүмкіндік береді. Ескерткіштің құндылығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Тас дәуірінің соңғы кезеңінде өмір сүрген бұл әйелдің ақсүйектер әулетінен шыққаны анық. Өңірде бұл кезеңнің ескерткіштері өте сирек», – деп жазады Г.Куш «Шығыс Қазақстан облысы археологиялық ескерткіштерінің тізбесі» атты жинақтағы мақаласында.

Ендеше, өте сирек, өзгеше ескерткішті алдағы уақытта Шіліктіден табылған Алтын адам секілді реставрациялап, тамырлы тарихымызды паш етіп, жұрт назарына неге ұсынбасқа?!. 

Қола дәуірінде Өскемен қаласының аумағы бірнеше тайпаға жайлы қоныс болған сияқты. Мұны шаһардағы Красин кентіндегі Панкратьев бағы маңынан табылған әртүрлі жәдігерлер айғақтап отыр. Әуелде бұл жерден бір-екі қыш қалдықтары кездейсоқ ұшырасып, соңынан археолог Алексей Чариков қазба жұмыстарын жүргізгенде геометриялық айшықтары бар 300-ден астам керамикалық ыдыстар шығыпты. Бұдан бөлек үш мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың шаруашылық қызметінен хабар беретін әртүрлі ыдыстар, еңбек құралдарының сынықтары, мал сүйектері табылыпты. Археолог Г.Куш бұл жердің қола дәуіріндегі тайпалардың бірінің тұрағы болғанына бек сенімді. 1947 жылы Өскемен су электр стансасын салу кезінде қопарылған қабірден де осыған ұқсас саз балшықтан жасалған екі ыдыс көзге түсіпті. 1982 жылы қаладағыЗащита ықшам ауданындағы Вокзальная көшесіне су құбырын тарту кезінде тұрғындар қола дәуірінде жерленген адамның қаңқасын кездестіріпті. Жерлеу рәсімі өзгеше  қорымдағы мәйіттің бас жағына қола әшекейлер мен өрнектелген қыш ыдыс қойылыпты. «Әсемделген, әшекейленген киімінен оның ауқатты адам болғаны аңғарылады. Қабірді ашқан кезде киімдерге тағылған 100 қола моншақ, дөңгелектеп жасалған он айылбас, салпыншағы бар қола сырға табылды. Әйел әшекейлерінен талғамдықпен қатар діни сенімдік, этникалық және мүліктік ерекшеліктер байқалады. Табылған заттарға қарап біз бұл қабірге б.э.д І мыңжылдықтың басы мен 2 мыңжылдықтың соңғы тоқсанында ақсүйек әйел жерленген деп айта аламыз», – дейді жерлеу орнын сол кездері белгілі археолог Фирая Арслановамен бірге зерттеген Галина Куш.

Археологтың айтуынша, қала аумағынан жоғарыда атап өткен қоныс пен қорымдардан бөлек қола дәуіріне тиесілі тағы да 7 жәдігер (еңбек құралдары мен қару түрлері) табылыпты. Мәселен, Өскемен тұрғыны Максим Агеев 1986 жылы қазаншұңқыр (Защита ықшам ауданы) маңындағы саяжай телімінен қоладан жасалған қанжарды кезіктірсе, екінші қола қанжар 1985 жылы әлдекімдердің қолына кездейсоқ түсіпті. Бір ерекшелігі, екі қанжардың жасалуы екі түрлі. Бұған Мұнай базасы ауданынан шыққан қола пышақты, Согра кентіндегі Согорная көшесі 126 үй маңынан ұшырасқан кішкене қола балта мен 1957 жылы қала аумағында құрылыс салу кезінде қолға іліккен қола шапқыны, үш қола қазанды қосыңыз. Үш қазанның екеуі 1920 жылға дейінгі уақытта, соңғысы Б.Аккерман жетекшілік еткен 1939 жылғы экспедиция кезінде (жәдігер қазір Семейдегі тарихи өлкетану музейінде сақтаулы) табылыпты. Археологтар үш қазан да б.э.д VІІ-VІІІ ғасырларда пайдаланылған, ал Өскемендегі әуежай ауданындағы бір саяжайды салу кезінде шыққан қола қазан (тапқан – И.Водченко. 1976 жылы) марқұммен бірге рәсімдік мақсатта көмілген деп топшылайды.

Қимақ қорғандары

Өскеменнің іргесіндегі Ахмер ауылының маңынан патша қорғандарына ұқсайтын, сақ кезеңіне жататын қорымның табылғаны да (қорғанды ашқан – А.Ткачев) белгілі. Биіктігі 1,5, диаметрі 20 метрлік үйінді астынан ақ кварцтан жасалған қоршау шығыпты, қоршау сырты ені 5 метрлік ормен қоршалыпты. Үсті мәрмәр таспен жабылған жерлеу орны төрт бағанға бекітіліп, жылқы, сиыр, төрт қой мен ешкі құрбандыққа шалыныпты. «Жануарлардың сүйектері үйіндінің үстінде жатты», – деп жазады археолог Г.Куш. Сақ кезеңіне тиесілі қорғандардың бірі Меновное ауылы маңында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде анықталғанын археолог А.Ткачов өзінің есебінде жазған болатын. Ерте сақ кезеңіне қатысты тағы бір жәдігер – қабылан бейнесіндегі қола пышақтың сынығын Өскемен тұрғыны Сергей Алексеев Жібек маталар ықшам ауданынан тауып алыпты. «Мұндай өрнектеу көбіне сақ кезеңдеріне тән. Пышаққа мұқият көз салсаңыз, қабыланның құлағын, ұзын тұмсығын, аузы мен көзін, алдыңғы аяқтарын көруге болады. Бұл жәдігердің ерекшелігі, мысық тұқымдас жыртқыштың ақсиған тісі мен тырнақты табаны жақсы бедерленген. Біздің өңірдің қабыландары осындай қасиеттерімен ерекшеленеді. Айрықша туындының жасалу уақыты – б.э.д VІІ-VІ ғасыр», – дейді Г. Куш. 

Араб-парсы тарихшылары Ертіс бойында қимақтардың жиырмаға жуық қалашығы мен орталығы болғаны жайында жазба деректер қалдырғаны мәлім. Амантай Исин, Мұхтарбек Кәрімов, Асан Омаров, Құсмілия Нұрқасым секілді семейлік ғалымдар мен тарихшылар Қыпшақ-Қимақ қағанатының бас ордасы Семей қаласы болғандығын, Ертістің оң жағалауындағы жеті тас мешіт Қимақ одағына кірген тайпа санына сәйкес бой көтергенін көптен бері айтып, жазып жүр. Ерекше атап өтерлігі, Қимақ қағанаты кезеңіне жататын ескерткіштер Өскемен қаласы аумағынан да табылған. Ертіс жағасындағы тас қорғандарды зерттеген археологтар бұл ескерткіштер қимақ тайпасы одағына жататындығын, ал ғалым А.Адриянов мұндай қорғандар 1911 жылы қалаға қарсы, яғни Ертістің сол жағалауынан табылғанын жазып кеткені белгілі. Ертістің сол жағалауы деп отырғанымыз – Жібек маталар комбинаты ықшам ауданына баратын аумақ, Меновное мен Ахмер ауылдарының маңы. Осы кезеңге жататын үлкен қорған Ахмер селосынан 800 метр қашықтықтан да табылыпты (ескерткішті зерттеушілер – Галина Куш пен Галина Суворова). Биіктігі жарты метр, диаметрі 14 метр болатын қорғандағы бір қабірге бес мүрде көмілген екен. Қорымнан қылыш, найзаның, жебенің ұштары, садаққа жабыстырылған сүйектен жасалған әшекейлер, өсімдік формасында безендірілген қола және күміс белдіктер шығыпты. Орайы келгенде айта кетейік, осыған ұқсас ұзын қорғандар Ахмерден бұрын Шемонаиха ауданының Зевакино ауылынан да табылған-ды. Белгілі археолог Фирая Арсланованың Шемонаиха ауданы аумағынан қимақ кезеңіне жататын көптеген құнды ескерткіштерді анықтап, ғылыми айналымға енгізгенін отандық тарихшылар жақсы білсе керек. Қимақ қағанаты кезеңіне тиесілі қорымдар шаһардың Кірпіш зауыты және Защита аудандары аумағынан да кездескен. Бірінші бұзылған қорымнан атымен қоса жерленген жауынгердің қылышы, үш қырлы жебенің ұшы, белдігінің айылбасы, жүген, үзеңгі мен ауыздықтың кейбір бөлшектері шықса, екінші қорымда (мұнда да жауынгер атымен жерленген) үзеңгі, айыл, жүгеннен басқа ағаш ердің кейбір бөлшектері сақталыпты. Атының жүгені қоламен, өзінің белдігі күміспен әшекейленген бұл жауынгердің сырғасы мен жүзігі де болған екен. Белгілі археолог Зейнолла Самашев 2010 жылы облыстық «Дидар» газетіне берген сұхбатында Ертіс жағасындағы қимақ кезеңі ескерткіштеріне ерекше тоқталып: «...Өскемен қаласының өз ішінде де сол көне қалалардың іздері табылып жатыр. Мәселен, қаланың кірпіш зауытына бара жатқан тұстағы жерден топырақ қазып алып жатқанда талай бүлініп кеткен қорғандар табылған. Бұл – Х ғасырға жататын қорғандар. Одан табылған заттар қазір облыстық тарихи-өлкетану мұражайында тұр. Яғни, бұл жерде орыстар келгенге дейін немесе келгеннен кейін де жергілікті этностың тіршілігі, тарихи сабақтастығы жойылып көрген жоқ» деген еді.

Біз жоғарыда сөз еткен, Өскеменнің ішінен және маңынан табылған жәдігерлердің барлығы дерлік қаладағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған. Бір ескертеріміз, тек қала аумағынан шыққан үш қола қазанның екеуі ғана сақталмаған екен. Сақталмаған дегеннен шығады, бұдан бір ғасыр бұрын белгілі өлкетанушы В.Герасимов Үлбі поселкесіне (Сограның бұрынғы атауы) барар жолда үлкен тас баған тұрғаны жайында жазыпты. Археолог Галина Куш бұл баған көне қорғанның бірінің басына орнатылғанын, бүгінде жоғалып кеткенін, кейінгі тағдыры беймәлім екендігін, тас баған туралы мынадай аңыз қалғандығын айтады. Осы маңда тұрған бір батыр атын байлау үшін осы үлкен бағанды әкеліп орнатқан деседі. Атын көп байлағандықтан бағанның жоғарғы жағында арқанның көзге көрінерліктей із қалыпты. Ақыры әлгі батыр қорғанға кіріп өзі тас бағанға айналып кетіпті. Аңыз соңы осылай аяқталады екен. Бәлкім, Согра ықшам ауданының көне көз қарттары бұл тас бағанды көрген болар, көрмесе де, тас баған жайында естіген болар.

Тағы бір сақталмаған ескерткіш – ерте түрік кезеңіне жататын балбал тас ертеректе қаладағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің алдында тұрған деседі. Г.Куштың айтуынша, Өскеменнің маңынан табылған жәдігерді 1911 жылы Петербургке алып кеткен. ХХ ғасыр басында Өскемен аумағындағы қорғандардың біріне қазба жұмыстары жүргізілген кезде бұғының алтыннан жасалған мүсіні де табылыпты. Өкінішке қарай, бұл табылым туралы да жөнді мәлімет жоқ. Сондықтан із-түссіз кеткен дүниелерді індете іздеуге уақыт кетіргеннен гөрі қолда бар жәдігерлерді қорғау, сақтау, насихаттау бағытында жұмыла жұмыс істегеніміз дұрыс секілді.

Ертістің бойы толған ескерткіш

Осы мақаланы әзірлеу барысында бір байқағаным әрі таңғалғаным, Өскемендегі археологиялық қазба жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілмеген сияқты. Мәселен, 90 жылдары облыс орталығының іргесіндегі Ахмер мен Меновное ауылдарының маңында жүргізілген қазба жұмыстары қалада құрылыстың көптеп салынуына байланысты ескерткіштер қирап, бұзыла бастағандықтан оларды қорғау, барын сақтап қалу мақсатында қолға алынған. Соның өзінде Өскеменнің арғы тарихынан құнды мәліметтер беретін көптеген бағалы жәдігерлер табылған. Қаладағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған археолог А.Ткачевтың археологиялық есептерін қарап шыққанымызда Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің (қазіргі С.Аманжолов атындағы университет, сол уақытта осылай аталған болу керек) ұйытқы болуымен және Шығыс гуманитарлық институтының қатысуымен 1992-1995 және 1998 жылдары екі мәрте археологиялық экспедиция ұйымдастырылыпты. Әуелгі экспедиция Қызылтас қорымы (Ұлан ауданы), Барашка 1 қонысы, Барашка 1 қорымы, Маринка қорымы, Пабоко қонысы (Шемонайха ауданы), Ахмер қорымы (Өскемен қаласы), Березовский қорымы (Глубокое ауданы) ескерткіштеріне қазба жұмыстарын жүргізіпті. Екінші Жоғары-Ертіс археологиялық экспедициясы деп аталған экспедиция мүшелері Герасимовка қорымы (Ұлан ауданы), Ахмер ІІ, Ахмер ІІІ қорымдары, Меновное қонысы, Меновное VІІ,  Меновное VІІІ, Меновное VІІІ а, Меновное VІІІ б, Меновное ІХ, Меновное Х, Меновное ХІ қорымдары (барлығы Өскемен) мен Шемонаиха ауданы аумағына барлау шараларын қолға алыпты. Археолог А.Ткачев 1998 жылы жазған «Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы далалық археологиялық зерттеулер» атты есебінде осы жылы Жоғары-Ертіс археологиялық экспедициясының екі жасағы Өскеменде жұмыс істегенін, Меновное жасағына Шығыс гуманитарлық институтының тарих кафедрасының оқытушысы А.Ткачев пен Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы Ю.Лысенко жетекшілік еткенін, олар Меновное ауылының маңындағы ескерткіштерді, ал Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы Елена Винокурова басқарған Ахмер жасағы Герасимовка мен Ахмер ауылдары төңірегіндегі көшпелілердің қорғандарын зерттегенін келтіреді. «Экспедиция барысында Өскеменнің маңы мен Ертіс жағасында әртүрлі кезеңнің 20-дан астам археологиялық ескерткіштерінің бар екендігі анықталды. Көптеген нысандар құрылыс алаңында қалған, бұзылып, жойылуға жақын тұр. Соңғы жылдары экспедиция осындай құрудың алдындағы ескерткіштерге апатты-құтқару жұмыстарын жүргізді. 1994-1998 жылдары әр кезеңнің ескерткіштеріне жүргізілген зерттеулер бұл аймақтың соңғы 5-7 мыңжылдықта бос жатпағанын, игерілгенін анық көрсетеді. Бүгінде әр кезеңнің мынадай ескерткіштері ашылды: тас және қола дәуіріндегі қорымдар, кейінгі қола дәуірі қоныстарының орындары, ерте және орта ғасырлардағы көшпенділер қорғандары» деп жазады археолог. А.Ткачев Ахмер ауылы маңынан табылған ескерткіштер 5 кезеңді қамтитынын (қола дәуірі, ерте темір дәуірі, қимақ кезеңі, ерте және орта ғасырлардағы көшпенділер қорғандары), Меновное ауылы төңірегінен анықталған ескерткіштер де қола дәуірінен қимақ-қыпшақ қағанатына дейінгі бірнеше кезеңге жататынын атап өтеді. Археолог Меновное ауылы маңынан табылған ескерткіштердің ішінен 1997 жылы ашылған қола дәуіріне тиесілі Меновное қонысына айрықша тоқталып, ескерткіштің әу бастағы болжалды көлемі 3-4 мың шаршы метр аумақты алып жатқанын, ал сақталғаны 300-400 шаршы метр аумақ екендігін тілге тиек етеді. Сөйтеді де осы қоныстан астында арықтары бар екі жер асты құрылымы табылғанын келтіреді. Сонымен қатар А.Ткачев ерте сақ кезеңіне жататын (б.э.д VІІ-VІІІ) Меновное VІІІ қорымы уақыт жағынан Шілікті жазығындағы патша қорғандарына жақын келетінін айтып: «Қорғандар санының аздығына қарағанда сақтар мұнда қысы-жазы тұрмаған секілді. Біз зерттеген ескерткіш жылдың жылы мезгілінде тұрғызылған немесе мұнда адамдар жаз кезінде жерленген. Ерте темір дәуіріндегі көшпелілер Ертіс жағасын жазғы-күзгі қоныс ретінде пайдаланған сияқты. Олардың қыстаулары, орталығы Тарбағатайдың таулы аймағында болған» деп Өскемен маңы сақтардың жайлауы, жазғы қонысы болуы мүмкін деген болжамын да жасырмайды. Орайы келгенде айта кетейік, Жоғары-Ертіс археологиялық экспедициясы Шемонаиха ауданына барлау жұмыстарын жүргізгенде Уба өзенінің сол жағалауы, Ертістің оң ағысындағы Верх уба ауылынан Убинка ауылына дейінгі аумақтан қола дәуірінің 8 қонысы мен қола, ерте және орта ғасырлардағы көшпенділердің 7 қорымын ашады. Бұл нені көрсетеді? Бұл қарт Ертістің сағасы сан ғасыр сан жұртқа салуалы орда, мейірлі мекен болғанының айқын дәлелі емес пе?!

Бір өкініштісі, Өскемен қаласы аумағы мен маңынан табылған қоныстар, қорғандар мен қорымдардың көпшілігі, көпшілігі емес, барлығы дерлік сақталмаған. Бірінің үстіне құрылыс салынып кетсе, екіншісі топырақ астында қалған. Ал бұл қорғандарды тауып, зерттеп, елеулі еңбек сіңірген археологтар өзге елге немесе басқа қалаға қоныс аударған. Сондықтан Өскеменнің арғы тарихын айғақтайтын бағалы дүниелер шыққан қорғандарды табу, анықтау, қажет болса қоршап, белгі қою секілді жұмыстар үлкен ізденісті қажет ететіні анық. Уақыты келгенде, бұл жұмыстар да қолға алынар деп үміт етеміз.

Ахмер Қарасу, Меновное Күсебай шарбағы аталған

Жоғарыда қаламыздың мыңжылдықтарға ұласатын арғы тарихына аз-кем тоқталдық. Ал Өскеменде 1720 жылы Ресей патшасының әмірімен әскери бекініс салынған тұста шаһар аумағын кімдер мекендеген? Сонау тас, қола дәуірлерінен бастап әртүрлі кезеңдерде сан жұртқа пана болған кенен өлке, шұрайлы мекен ХVІІІ ғасырда бос жатуы мүмкін бе? Әрине, бос жатпаған. Бұл туралы деректерді өскемендік тарихшы, өлкетанушы Зайнолла Қайсеновтің «Шығыс Қазақстан облысының тарихи очерктері» атты еңбегінен көруге болады. Өлкетанушы аталған кітабында Өскеменде 1720 жылы әскери бекініс салынғанға дейін Ертістің қос қапталында қазақтар көшіп-қонып, мал шаруашылығымен шұғылданғанын, Ботпай тауы немесе қазіргі Пристаннан Аблакетка ГЭС-іне дейінгі аумақта Сары Жомарт елінің Өтеулі Мәмбет рулары, Ақтасты немесе Глубокое аталып кеткен жерлерді Жәрке және Өтеміс елінің рулары, Үлбі өзені бойын Керей рулары мекен еткенін және бұл деректерді өскемендік Төлеген Райысов (1905 жылы туған) және Асқарбек Тұрсынбеков (1911 жылы туған) ақсақалдардың шежіресінен жазып алғанын айтады.

Тарихшының Асқарбек ақсақалдан естіген әңгімесінің бірі мынадай. ХVІІІ ғасырдың басында бұрынғы Лайлы, қазіргі Самар ауданында (бүгінгі Көкпекті) Жәрке руының ішінде бір өзі мықты, баукеспе ұры Ертістің ар жақ, бер жағында отырған қазақ ауылдарының жылқысын ұрлап, ойрат қалмақтарына із-түзсіз жоғалтып, елдің тынышын кетіріпті дейді. Бір күні билердің үкімімен әлгі адамды ұстап алып, жерге діңгек қағып, аш-жалаңаш үш күн байлап, үш күннен кейін қолындағы малын сыпырып алып, өзін елден қуыпты. Бала-шағасы көп болғандықтан алысқа кете алмай Ертістен өтіп, Үлбінің Ертіске құяр сағасындағы (әскери бекініс орны тұрған жер) қалың ағаштан екі бөлмелі үй салып, балық аулап, Үлбінің жоғары жағындағы Керейлермен байланыс жасап, күнін көріпті. «Сол жылдардың бірінде Ертіс бойына бекініс салуға келген экспедиция бастықтары әлгі адамды кездестіреді де, отырған жерді босатуды сұрайды. Орысша білетін ұры балалары көп, ары-бері көше алмайтынын түсіндіреді. Экспедиция басшылары қазіргі Соградан жер кесіп, қолына «помещик» деген дворяндық куәлік қағаз және жеткілікті азық-түлік беріп, көшіріп тастайды. Келген орыстардың бәрі оның атын атай алмай «Мұсылман» деудің орнына «Пусырман» деп кетіпті. Кейін сол кісіден тараған ұрпақтардың бәрі «Пусырманбыз» деп жүріп, көп жылдар өтіп қалада орыстардың көбеюіне байланысты солардың арасына біржола сіңіп кетіпті. Ал қолына берілген куәлік құжатты кейінгі ұрпақтары жоғалтқан. Пусырманның 1885 жылдарда туған, аздап қазақша білетін бір ұрпағы 1940 жылдары қайтыс болған. Басқалары христиан дініне кіріп, орыстанып кеткен екен» деп жазады З. Қайсенов.

Өлкетанушы осы Пусырман туралы Ұлан ауданы Сағыр ауылының 101 жасқа аяқ басқан тұрғыны Жүніс қарттан сұрағанда: « – Е, бір қазақ Ақ Ертістің (Үлбі өзенін ертеде қазақтар осылай атаған екен) бойына үй салыпты деседі. Бұл жақтан барған туысы ма, не жолдастары ма, ол күнде Ертісте көпір жоқ, атпен өтіп барса, әлгі қазақ тарсылдатып ағаш шауып жатыпты. Барғандар шаруасын бітіріп, бері өткенде бірі: «Әлгі тарсылдатып не істеп жатыр, соны сұрай салшы?» депті. Сонда ол «дом, дом салып жатырмын» деп дауыстапты. Сол жылдан бастап Өскеменге барамын деудің орнына «домға барамыз», «домнан келеміз» деп жүріпті жергілікті қазақтар» деп жауап беріпті ақсақал.

Бүгінде Өскеменде тұратын, жасы сексеннен асқан Зайнолла Қайсеновтың еңбегінен Ахмер мен Меновное ауылдарына қатысты да қызықты деректерді кездестірдік. Өлкетанушы бала кезінен Ахмер ауылында тұрған ұстаз Құсайын Орынтаевтың естелігін оқырман назарына ұсыныпты. Сол естеліктен шағын үзінді келтірелік. «Бір нәрсе осы уақытқа дейін көз алдымнан кетпейді. Ол – асау Ертіс өзенінің сыңсыған орманды тік жағасы, сол жағаны қуалай қонған Қарасу атты кедей ауыл. Көнекөздердің айтуларынша, бұл ауылдың іргесін қалаған Ахмер деген қайықшы. Бұл енді шамамен 1700-1710 жылдар шамасы. Ол патша әскеріне бармас үшін Қазан жақтан қашып келген татар (ноғай) екен. Әлгі ноғай Ақ Ертіс пен қара Ертістің түйісер жерінде (кейін крепость аталған тұс) тұрып, балық аулап күн көрген екен. Кейін әлденген соң Ертістің сол жағасына көшіп келіп, үй салып, отбасын құрайды. Ертіске қайық салып, әрі-бері кісі өткізіп, кәсіп етеді. Келе-келе осы жерге қырдағы қазақ ауылдарынан және басқа да жерлерден көшіп келіп қоныстанушылар болған. Ауыл қайықшы ноғай атымен аталады. Ол кезде Өскемен қорғаны салынбаған» деп жазады ұстаз естелігінде.

Құсайын Орынтаевтың Ахмермен іргелес Меновное ауылы жайындағы деректері де құнды. «Өткен ғасырдың (ХІХ) қырқыншы жылдарында Өскемендегі полиция губернаторға мынадай мәлімет берген: «Өскеменге қарама-қарсы Ертістің сол жағасында белгісіз халықтар тұрады. Азиаттар, олардың ташкенттіктер, не бухаралықтар, болмаса қырғыздар екені белгісіз. Кәсіптері сауда жасау, бұлардың бұл жерлерді қай уақыттан бері қоныстанғандары белгісіз». Содан 1850 жылы Сібірдің кеден округінің бастығы келіп, Ертістің сол жағалауын аралайды. Артынан сол жағалауда екі жатақ болғанын анықтап, Батыс Сібір бас басқармасына хабарлаған. Сол екі жатақтың бірі жиырма шақты тұрғын үйлер мен сауда дүкені бар Ахмер ауылы болатын. Ал екіншісі Күсебай шарбағы аталған ауыл еді. Ол кейін Меновное деген атауға ие болған. Меновное саудахана деп те аталған. Осы екі ауыл Ертіс жағалауында орман көп болғандықтан, үйлерін ағаштан салып, қоршауын тал шыбықтан тоқығандықтан Ахмер шарбағы, Күсебай шарбағы деп қыр қазақтары атап кеткен», – деп естелігін жалғастырған ұстаз сол кездегі «Ертіс жағасындағы ауылдар 15 шақырым әріге көшірілсін» деген бұйрыққа сәйкес Меновное мен Ахмер ауылын мекендеген қазақтарға қысым жасалған соң Меновноедағы жұрт Ахмерге қоныстанғанын, алайда ахмерліктер көшпей отырып алғанын тілге тиек етеді.

Құсайын Орынтаевтың естелігінен аңғарғанымыз, Ахмер ауылының басқыншылар қолына өтпеуіне бұл жерде мешіттің салынуы әсер еткен секілді. «Күсебай шарбағы «Меновное – дверь» аталып, келімсектер осында әбден орныққан соң ендігі жерде ауыздарын Ахмер ауылына салады. Етекбай деген жас жігіт қарсы тіл қатқаны үшін атаманның қамшысына ұрынып, бетінде содан тыртық қалған деседі қариялар. Енді не істеу керек? Ақылдаса келгенде Ахмер қайықшы Өскемендегі мұсылмандардың дін басшысына шағым айтуды ұсынады. Сонымен ауылдың беделді ақсақалдары Юсуф хазіретке келіп, казактардың Қарасуға қоныстанбауына ықпал етуді өтінеді. Ол келгендерге мынадай кеңес береді: «Ауылдарыңа құдай үйі деп мешіт салыңдар. Ақ патша мешітке тимеуге тиіс. Осылай етсеңдер ғана сендерге қауіп төнбейді». Бұл ақылды құп алған ахмерліктер көп қаражат жұмсап, көп еңбек сіңіре отырып мешіт тұрғызады. Юсуф хазірет шынында көреген болып шықты, мешіт тұрғызылғаннан кейін ахмерліктер тыныш өмір сүрді» деп көпшілік жұрт білмейтін тың деректі алға тартады.

Қаланың көне атауы Кеңгір-Тұра ма?

Соңғы жылдары Өскеменнің атауына байланысты да әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Тарихшы Құрбанғали Халид «Тауарих Хамса» атты кітабында: «Өскеменді қазақтар «Дом» (қала) дейді. Өскеменнің орысша мағынасы «усть» - құю, судың құяр жері, «камень» – тас, «тасты құйған» болады. Асылы түркіден аударылған, Өскемен суы ескіде «тасты өзен», «тас құйған» екен, судың орысша атауы «Ульба». Өскемен атына «гор»-ды қосып жүр, ол тау дегені. Бірақ қазақтардың «дом» атауы мұнда орыс келмей, қала салынбай тұрған күнде бұрын Дом атты кісінің қыстауы болғаннан қалған. Орыстар да алғаш Дом атағанымен, соңынан өзгертті» деп жазғаны мәлім.

Біздің айтайын дегеніміз бұл емес. 2010 жылы 15 қазанда «Abai.kz» ақпараттық порталында «Петропавловск, Павлодар, Усть-Каменогорск ата-бабаларымыздан қалған атаулар емес» деген тақырыппен дінтанушы Мұхан Исаханның Қытайда білім алған, бүгінде Германияда тұратын тарихшы Нұрлан Кенжеахметпен сұхбаты жарияланды. Осы сұхбатта тарихшы бұған дейін көп жерде айтылмаған тың деректі алға тартып, 1757 жылдарға дейін Өскемен Кеңгір-Тұра аталғанын жазады. «ХVІІІ ғасырдағы қытай деректеріне талдау жасасақ, Кеңгір-Тұраның қазіргі Өскемен қаласы екенін білеміз. 1757 жылы Амурсананың ізіне түскен Цин генералы Шуньдэна өзінің мәлімдемесінде былай жазады: «Цянлун жылнамасының 22 жылы 6-айдың 16-күні (1757 жылы) Эсюньчоцюетэ тауынан асып, Та-эргунь өзеніне жеттік. Осы арадан қарақшылардың (Амурсананы меңзейді – Н.К.) із-дерегін білдік. Келесі күні орыс территориясындағы Кеңгер-Тұра қаласына барып, адам жіберіп жайымызды хабарладық. 18-күні орыс капитаны Ертіс бойына келіп, бізбен кездесті». Осы арадағы Та-эргунь өзені Қалба жотасының солтүстік бөлігінде, Ұлан ауданы жеріндегі Тарғын өзені. «Цяньлунь нэйфу юйту» («Цяньлун патшаның орда картасы», 1769 жылы сызылған) картасындағы түсіндірмеге негізделсек, Кеңгір-Тұра Ертіс өзені жағасында. Қытай ғалымы Тан Цисян құрастырған «Қытайдың тарихи атласының» VІІІ томында Кеңгір-Тұраны Өскемен қаласы деп ескерткен, оның пікірін басқа   ғалымдар да құптайды. «Сиюй шуйдао цзи» кітабының V цзюаньында Ертіс өзені туралы: «Талигунь (Тарғын өзені – Н.К.) өзені (Ертіс өзеніне) батыстан қосылады, ... (осыдан соң) Ертіс өзені солтүстік шығысқа қарай ағады да, Кэнгэ-эр туланың шығысын жанай өтеді. Кеңгір Тұра орыстың шағын қаласы... Одан тағы солтүстік шығысқа қарай ағып, Сэнболотэ қаласынан (Семпалат, қазіргі Семей – Н.К.) өтеді» деген Нұрлан Кенжеахмет ертеде Ертіс өзені сағасындағы қала аттарының құрамында «тұра» сөзі қосарлана жүргенін, бұл сөз көне түркі тілінде «қалашық», «қамал» деген мағына беретінін атап өтеді.

Түйін

2016 жылы Алматы жұртшылығы шаһар тарихы Верный бекінісінен басталмайтынын нумизматикалық, археологиялық жәдігерлер арқылы дәлелдеп, қаланың мыңжылдық тарихы бар екендігін ресми түрде бекітті. Өскемен мен Семейдің тарихын да бір жағрафиялық аумақтағы Берел мәдениеті (б.з.б. V-IV ғғ.), Шілікті қорғандары (б.з.б. VII-VI ғғ.) сынды бүгінде кеңінен зерттеле бастаған көне дәуірлер қатпарының аясында қарастырып, қос шаһардың тарихын мыңжылдық деп ресми түрде бекітетін кез жеткен секілді.

 

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі

2019 жылғы 23 мамыр

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English