«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Алғашқы торпеда Мәмлүк-қыпшақ сұлтандығында ойлап табылған

2482 0
Алғашқы торпеда Мәмлүк-қыпшақ сұлтандығында ойлап табылған
Ғалымның осы еңбегіндегі елеулі жаңалық: кресшілердің кемесін өртеуге, жоюға арналған алғаш реактивті теңіз торпедасы болды

Қалауын әулеті тұсында Мәмлүк сұлтандығында өмір сүрген атақты ғалым, химик Хасан әр-Раммах (1294 жылы қайтыс болған) «әл-Фурусия уә әл-Манасиб әл-Харбия» атты еңбегінде соғысу өнерін, қару-жарақ түрлері мен оларды қолдану ережелерін түсіндірген. Сонымен қатар от қару мен ракета түрлерін жасау жолдарын, ракетаның салмағына қарай қажетті химиялық құрамы мен жанармай мөлшерін көрсеткен [1].

Тіпті күш-қуатына, көлеміне қарай оқдәрі (порох) қоспаларын жасаудың жүзге тарта этапын, ракета түрлерін жасаудың жиырма этапын ғылыми тұрғыда түсіндірген [2].

Ғалымның осы еңбегіндегі елеулі жаңалық: кресшілердің кемесін өртеуге, жоюға арналған алғаш реактивті теңіз торпедасы болды. Еңбегінде торпеданың жасалу жолдарын кескіндемелер, түрлі-түсті суреттер арқылы кеңінен түсіндірген. Хасан әр-Раммах жасаған алғаш торпеда жұмыртқа формалы болған.

Хасан әр-Раммахтың «әл-Фурусия уә әл-Манасиб әл-Харбия» еңбегі қолжазбасындағы торпеданың кескіні

Іштен жанған оттың күшімен су бетімен жүзіп барып кемеге соғылған сәтте борттағылардың құтылуына мүмкіндік бермейтіндей дәрежеде үлкен жарылыс жасап, кемені өртеп жіберетін болған [1].

Қытайлар алғаш порохты ойлап тапқан болса, мәмлүктер оны алғаш рет артиллерияға қолданатындай етіп жетілдірді. Ал еуропалықтар торпеданы әр-Раммахтан бес ғасырдан кейін қолданғаны тарихтан белгілі. Алғашқы зеңбірек пен ракетаны және торпеданы ойлап тапқан Мәмлүк-қыпшақ сұлтандығының өнертапқышы, ғұлама ғалым Хасан әр-Раммахтың бұл қолжазбасы қазіргі таңда Вашингтон қаласындағы Авияция және ғарыш Ұлттық мұражайында сақтаулы тұр [2].

Әр-Раммахтың торпедасын еуропалықтардың қалай сынақтан өткізгенін мына (https://www.dideo.ir/v/ap/IxiPw) сілтемедегі бейнеден көруге болады. Сонымен қатар Орынбұға әз-Зәрдікештің (1462 жылы қайтыс болған) «әл-Әслиха» (Қару-жарақтар) атты еңбегінде де ауыр отқарудың кескіні, оны жасау жолдары көрсетілген [3].

Орынбұғаның «әл-Әслиха» (Қару-жарақтар) атты қолжазбасындағы ауыр отқарудың кескіні

Кресшілердің тарихшысы Жан де Жуанвиль 1250 жылы Байбарыс қатысқан әл-Мансура шайқасында мәмлүктердің қолданған отқаруын: «Оны аспанда ұшатын үлкен аждаһаның бір түрі дерсің. Әріптесім Сэр Вальтермен бірге ағып бара жатқан аспандағы отты көрдік. Жалындаған құйрығы бар отқа оранған бөшкелер күркіреген дүлей дауыс шығарып ұшты. Аспанды қақ жарған бөшкелердің жарығы, тас қараңғы түнді жарқыратып жібергені соншалық, айналадағы заттар күндізгідей көрінді. Осы түні олар әлгі құрылғымен үш мәрте атты. Басшымыз Луис әр атылған сайын жанын шүберекке түйіп қорқып отырды» [1] деп қорқынышпен сипаттаған. Кейбір деректерде Луис корольдің қорыққаны соншалықты, құдайына жалбарынғаны айтылады.

Араб зерттеушілері 1260 жылы моғолдармен болған Айн Жалут соғысында да мәмлүк-қыпшақтары зеңбірек және отқа жанбайтын қорғаныш киім қолданғанын айтады [4]. Ал Бүржилердің 14-сұлтаны Қошқадамның (1460-1467 жылдары билік құрған) тұсында зеңбірек ату бейбіт мақсатта, яғни рамазан айында ауыз ашар уақытын хабарлау мақсатында қолданылған [5].

Ол кездерде қазіргідей дауыс ұлғайтқыш құрылғылар болмағандықтан, халық сұлтанның бұл бастамасын оң қабылдаған. Кейіннен бұл әрекет көптеген ислам өңірлеріне тараған. Меккеде, Парсы шығанағы және т.б. араб елдерінде қасиетті рамазан айында ауызашар уақыты кіргенде қазіргі күнге дейін зеңбірек атылады. Оны мына сілтемедегі бейнеден көруге болады: 

 

Қалдыбай ҚЫДЫРБАЕВ, PhD доктор,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті м.а.

Әдебиеттер:

1. Исмаил И. Махтут Китаб әл-Фурусийа уә-л-Манасиб әл-Харбийа, 18.06.2015 // https://www.al-sharq.com/news/details/347191

2. Мухиддин М. Әсәр ән-Нәһда әс-Синағийа... (01.2018) // https://platform.almanhal.com/Details/article/113277

3. Әз-Зердікеш, Орунбуға. Тасмим Сарух ли ибн Орунбуға әз-Зердікеш, 25.07.2015 // https://menoflostglory.wordpress.com/2015/07/25/تصميم-صاروخ-لابن-أرنبغا-...

4. Хасан Р. Илм әл-Кимийа уә татбиқатуһа фи-л-Хадара әл-Арабийа уә-л-Исләмийа, 2014 // http://alqudsnews.net/post/55632/علم-الكيمياء-وتطبيقاته-في-الحضارة...

5. Муқиф Ф. Қисса мидфағ әл-ифтар, 16.06.2016 // https://www.alukah.net/spotlight/0/104480/

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English