«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Кәмпескелеуден келген кесір

1750 0
Кәмпескелеуден келген кесір
Осыдан тұп-тура 91 жыл бұрын Совет Одағы бай-дәулеттілерге қарсы террор бастады. Олардың бар айыбы – бай болуы, ақылды болуы еді

Қоғамның іскер, ақылын ақшаға айналдыра алатын тобын – әлеуметтік тап ретінде жою процесі тарихта бай-кулактың көзін жою, орысша айтқанда «раскулачивание» деген атпен қалды.

Совет Өкіметі 1928 жылы 27 тамызда «Бай шаруашылықтарын кәмпескелеу» туралы қаулы шығарды. Дәл осы қаулы 100 мыңға жуық адамды барынан айырып, 1 миллион жұрт шетел бостырып, сұмырай заман орнатты. Коммунистер бай-дәулеттілерге неге өшікті?

«Байлар – қазақ арасындағы әлі де мықты рулық туыстықты бұлдай отырып, өзінің дүние-мүлкімен,  қоғамдық ықпалымен ауылдарды советтендіруге кедергі жасап отыр» деп айыпталды. Ал шын мәнінде, бұл қып-қызыл жала болатын. Бірақ, қызылдар қандай жала-өтірікпен болсын айыптап, байдың көзін жоюды мұрат тұтты.

Талас Омарбек, тарихшы: Кәмпескенің негізгі мақсаты – ірі байларды құрту емес, совет үкіметіне алтернатива болатын тұлғаларды құрту керек еді. Иә! Байлар коммунистерге алтернатива болды. Бай ауылды асырады, жұмыс тауып берді. Кедейлердің балаларын оқытты. Әлеуметтік көмек жағынан байлар коммунистерден асып түсті. Қызыл үкімет өзіне идеалогиялық, рухани тұрғыдан кедергі жасайтын элеметтерді жоюға шешім қабылдады.  

Кәмпескелеудің саяси ғана емес, экономикалық бақай-есеп астары да болды. Экономикасының 90 пайызы ауыл шауашылығына тәуелді болған Совет Одағы индустриалды елге айналуды көздейді. Бірақ, зауыт-фабрика соғуға, техника алуға ақша керек! Азаматтық соғыстан әбден қалжыраған елдің қорында көк тиын да қалмаған еді. Ал, күллі әлем, ол кезде коммунистердің құрған мемлекетін қазіргі ИГИЛ-дің ар жақ-бер жағындағы анархиялық үкімет деп санады. Енді ше?! Коммунистер әлемде жоқ, утопиялық бір мемлекетті құрды. Ел билігіндегі оқыған-тоқығандарды кіл қызылсөзді сапырған шолақбелсенділер, кеше ғана тонаушылықпен айналысқан қылмыскерлер қудалап-қырып, елді өздері билеп-төстей бастады. Капиталистік мемлекеттер, қай жағынан алса да өздеріне қарама-қайшы жүйе орнатып жатқан болшевиктерге несие бермеуге бекінді. Сөйтті де, күллі әлем елдері Совет Одағына қарсы «бірыңғай саяси-экономикалық блокада» жасады. Коммунистерге ел экономикасын индустрияландыруға қажетті станоктарды беруге тыйым салды. Мысалға, АҚШ тіпті 1929-30 жылдардағы «ұлы дағдарыс» кезінде де коммунистермен мүлдем сауда жасамады. Тек астық қана алуға рұқсат болды.

Сырттан қайыр болмаған соң совте билігі өз шаруаларының қалтасына қол салады. Бопсалауға көшеді. Совет үкіметі қолындағы малы мен астығын тегін алу үшін байларды қас жауы деп жариялаған соң бір сәт те кідіруге болмайды. Аудандар жапа-тармағай жергілікті кулактардың тізімін жасауға кірісіп кетеді.

Голощекиннің «революциясы»

Қазақ ауылының шынайы жағдайынан мүлдем бейхабар Голощекин 1925 жылы Қазақстанға келген бойдан «мұнда Қазан революциясының лебін сезбеген, сондықтан «Кіші Қазан» төңкерсін жасау керек» деген тұжырым жасайды. Оның бұл саясаты бай-бағландар тұрмақ билік басында отырған көптеген қазақтарға ұнай қоймады. Кәмпескеге сол кезде кейбірі ашық қарсылығын да білдірді. Р.

Оқиға орны: Қазақстан өлкелік партия комитетінің ІІІ Пленумы (қараша,1926 жылы)

С. Сәдуақасов: – Осында «қазақ ауылы әлі Октябрьдің құйынын көрген жоқ, сол бұрынғы күйінде жатыр. Қазақ ауылы 17 жылғы орыс қалалары көрген бай мен кедейдің текетіресін көрген емес, сондықтан да қазақ өлкесі үстінен кіші Октябрьмен жүріп өту керек, байлар біздің кім екенімізді білсін» деген пікір айтып жүргендер бар. Міне, мен осындай пікірге қарсымын! Меніңше қазақ ауылы үстімен дауылдатып өтпей-ақ тап ісін жүргізуге болады.

Н. Нұрмақов ХКК-ның төрағасы:Біреулер ойлайды: «Қазақ кедейін экономикалық тәуелділіктен құтқару үшін бай шаруашылығын талқандап, тартып алу керек» деп. Менің пікірімше, Қазақстандағы совет билігінің 9 жылдық өмірінен кейін, қолымызда пролетарлық мемлекеттің барлық билігін ұстай отырып, біздің ауылдағы байға, басқа да әдістермен ықпал ете аларлық күшіміз бар.

Ә. Әлібеков, Егіншілік халкомы: – Біз коммунистер билікке келдік, алайда кедейлерге кредитпен, ауыл шаруашылық өндіріс құралдарымен көмектесе алмай отырмыз. Одан қалды, уәде еткен мектептерін де соға алмай отырғанда байларсыз-ақ ауыл кедейі өмір сүре алады дегенге қалай сендіре аламыз?! Жандосов «ауылда кедей байды соншалық қатты жек көреді» дейді. Ол бекер, егер солай болса, бізге жергілікті партия және совет ұйымдарын құру мұндай қиындыққа түспес еді.

Ел не дейді, ел басында отырған ұлт қайраткерлері не дейді, Голощекин оған бас ауыртпады. Жоғарыдан келген бұйрықты қалай да орындау үшін айналасына шаш ал десе бас алуға дайын жағымпаз жақтастарын топтастырды.

Бейбіт Қойшыбай, тарихшы: Кезінде сол науқанды Голощекин бастағанда оның сойылын соққан  қазақ комунистерінің арасында ауылда азаматтық соғыс жариялайық деп ұран тастағандар да болды.  Ал, оқығандар болса, керісінше ой ұстанды, ауылдарда азаматтық бітім болуы керек деді. Смағұл Сәдуақасовтар айтты ғой «Мына сілкіністер бізге жақсылық әкелмейді. Дұрыс бейбіт өмір керек» деп. Бірақ оның бәрін тыңдаған ешкім болған жоқ. Голощекин азаматтық соғысты қолдамаған сияқты болды да, артынан бай мен кедейдің арасына сына қағып, соғысты бастап кетті.

Бай-құлаққа кімдер жатты?

«Ескерту 1. Осы бапта көрсетілген ірі мал иелеріне мыналар: көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда 400 бас, жартылай көшпелі аудандарда 300 бас және қалған отырықшы аудандарда 150 бастан аса малы барлар жатады. Соңғы аудандарға қатысты Қазақ АССР халық комиссарларының кеңесіне жекелеген жағдаларда мал басын 100 –ге дейін төмендету құқығы беріледі».

Сонымен, Сталин тапсрыма берді, ал біздегі шолақбелсенділер «Қазақстандағы ірі байлар осы» деп 696 кісінің тізімін жасады. Ол әрі қарай Мәскеуге жіберіліп, бекітіледі. Себебі, декреттің орындалуы Сталин тікелей бақылауында болды. Жоспар бойынша, осы 696 адамнан 247 мың ірі қара тәркілеу көзделеді. Тартып алынған малдың етін Еуропа, АҚШ-қа сатып, сол ақшаға станок, зауыт құрылғыларын әкелу көзделді.

Не керек, дүние-мүлкі тәркіленсін деген байлардың қатарында сол кезде, тұтас Қазақияға танымал талай кісілер ілінді. Сол кәмпескеге түскендердің тізіміне Маман әулеті де кірді. Бұл отбасыға арнайы тоқталудың жөні бар. Себебі, Маман әулеті – өз заманының ел сыйлаған мырзалары, халқы үшін аянып қалмаған атымтай жомарттары болатын. Олар қала тұрғызды, Жібек жолы бойында сауда орындарын жандандырды. Кедей кепшік пен жетім балаларға тегін зайырлы білім беретін мектеп те салдырды.

Дина Игсатова, өлкетанушы: Мұғалімдер Санк-Петербордан, Қазанан Түркиядан шақыртылды. Оларға жұмысқа тұру үшін қатаң байқау өту керек болды. Себебі, ұстаздар толық қамтамасыз етілді. Баспанамен тамақпен өзге де қажеттінің барлығы қамтылды. Балалардың да киім кешегі, ас-суы толық берілген.

Маман қажының кенжесі Есенқұл дейтін елағасы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат тәрізді қазақтың көшін алға сүйреген ұлт қайраткерлерімен қоян-қолтық араласып, оларды ақшалай қолдап отырды.  Совет билігінің оған үлкен қауіппен қарағанының бір себебі де осы еді. Мүлкін тәркілеп қана қоймай, абақтыға жапты.

Есенқұл Мамановты тергеу. 1928 жылғы 1 октябрь.

Ивадов, СГПУ бөлімінің уәкілі:  – Так.. Гражданин Маманов Есенкул. Қазах. 48 лет. Женат. Имеет две жены. Происходит из семьи крупного скотоводство и торговца. Обвиняется в активно препядствует советизаций ауылов?!

Есенқұл МАМАНОВ: – Тергеуші жолдас. Бұл жалған. Мен ешқандай советке қарсылық білдірген жоқпын.

Ивадов, СГПУ бөлімінің уәкілі: – Патша үкіметіне жақтасып, жасақ қосып бергендерің ше? Совет үкіметіне қарсылық емес пе? Ұлтшылдарды, алашордашыларды  қаражат беріп, қолдаған кім? Олардың газеттерінің таралуына ықпал жасаған мен бе сонда?

Есенқұл МАМАНОВ: – Патшаға жасақ қосты дегеніңіз жаңсақтық. Олар тыл жұмыстары үшін адам талап етті. Көбі одан қашып жатқан соң, біз ақылдасап отырып, жастарды қызметке баруына көндірдік. Өйтпеген жағдайда, патша әскері тұтас елді жойып жіберуі мүмкін еді деп қорықтық. Ал, алашордалықтарға келер болса, олар егер елдің көзін ашумен, ағарту ісімен айналысып жатса, несі айып?

Ивадов, СГПУ бөлімінің уәкілі:  – Көп көкіме. 18-19 жылдары Совет одағынан қашып, малыңды айдап бір емес, бірнеше рет Қытай асқаның есіңнен шығып кетті ме?

Есенқұл МАМАНОВ: – Ақтарға көмектестің деп болшевиктер бізді жазалай  ма деп қорыққанымыз рас. Бірақ бар дүние-мүлкімді түк қалдырмай Кеңес үкіметі кәмпескеледі  ғой. Енді менен не қажет?

Ивадов, СГПУ бөлімінің уәкілі:   - Все, замолчи. Жер аудалырасың. Отбасымен бірге. Совет үкіметіне рақмет айт. Ату жазасына кеспегеніңе.  Әйтпесе маған салса, сендейлердің тұқымын тұздай құртар едім.

Кәмпеске кезінде Есенқұлдан 1500 қой, 800-ден аса жылқы, екі ағаш үй, екі киіз үй және бір кірпіш үйін тәркіленді. 15 жаннан тұратын отбасы бір күнде түксіз қалады.Оларды Чкалов қазіргі Орынбор қаласына жер аударады. Орынборда Есенқұл ауырып қайтыс болады. Бірнеше баласы да сонда өлді.

Байлардың саны тізімдегідей көп болмай шықты...

Ірі байларды тәркілеу басталғаны жер-жерлеге желдей есіп жетеді. Қазақ ауылдары алаңдап дүрлігіп қалады. Шаруалар кәмпескеге түспей тұрып, мал-мүлкін жаппай сатуға кіріседі. Бұл туралы ауыл болшевиктері Қазақстан өлкелік партия комитетіне құпия жедел хаттарды жиілетеді.Олар тиісті қарсылық болмаған соң байлар ауылдардағы жағдайды ушықтырып жатыр деп шағымданады.

Аса құпия

Кәмпеске мақсаты мен сипаты туралы ауылдың аз ақпараттанғандығын пайдаланып байлар өсек-аяң таратып, қарсы үгіт насихат жүргізуде. Молдалар да кәмпескеге қарсы  байлармен жымдасып, одан айналып өту үшін малды сатуға, кедейлерге таратуға, сенімхат бойынша туыстарының атына жаздыруға үгіттеуде. Қарқаралы жәрмеңкесінде бұрын-соңды болмаған мал сату жағдайы тіркеліп отырғаны бекер емес.

Сергей Федоров. ҚАКСР бойынша БМСБ Уәкілетті Өкілдігі Ақпарат бөлімінің байлардың мүліктерін тәркілеуге байланысты елдің ой-пікірлері туралы №3 мәліметі. 1928 ж.

Алаңдауға да негіз жоқ емес еді. 700-ге жуық байдың тізімін Сталинге жіберіп,шолақ белсенділер іске білек сыбана кіріскенмен жоспарды толық орындай алмайды. Себебі, іс жүзінде Қазақстанда мұншама малы бар ірі байлар көп болмай шығады. Оны кәмпеске нәтижесі бойынша Голощекиннің атына келген жедел хаттар да растайды. Мәселен Орал округінде кәмпескеленген мал саны жоспардағыдан бес есе аз болып шығады.

Орал округіндегі кәпеске нәтижелері бойынша Голощекинге хат-телеграмма:

1 қыркүйекте басталған жұмыс 1 қарашада аяқталды. 1 санаттағы 56, 2 санаттағы 15 шаруашылық кәмпескеленіп, 10310 ірі қара,129 қазақ үй, 83 кілем, 147 киіз, 19 арба тағы басқа заттар тәркіленді. Бастапқы санақ бойынша мал басы 51 600. Тәркіленген малдың аз болып шығуы байлар кәмпескеге дейін жаппай сатып жіберумен айналысқан. Мәселен, Букейхановтың шаруашылығы 116 басты сатып үлгерген,тәркіленгені 120 бас.

Қол қойғандар:

  1. Өлкелік комитеттің хатшысы Исаев
  2. Меммлекеттік жоспар төрағасының орынбасары Сарымулдаев.

12 қараша, 1928 жыл.

Жоспардың толық орындалмағанын Голощекин де, Бүкілодақтық Комунистік партияның атқару комитетіне жазған хатында мойындайды. Шараны қанша құпия дайындағанызбен партия аппаратындағы байлармен байланысы барлар кәмпескелеу науқаны басталғалы жатқаны жайлы ақпаратты таратып жіберген деп ақтала жазады. Десе де, Сталин кәмпескелеуге қатысты алғашқы науқанының нәтижесін қанағаттанарлық деп бағалады. Қазақ байларынан тартып алынған 145 мың ірі қараны үлкен олжа көрді. Енді бұқараның қолындағы 41 миллион қойды қалайда алуды ойластыра бастады. Айтпақшы, қазақтар ішінде дәл сол заманда ірі бай деген шамалы болған. Себебі 1921-22 жылғы аштықтың кесірінен, одан да бұрынғы кәмпескелердің кезінде, көп дәулетті кісілер малының 30 пайызынан айырылып қалған еді.

Голощекинге бұл жайт тоқтам болған жоқ. Қазіргі әлеуметтік жағдайы байларды ғана емес, бұрын бақуат тұрған, көзі ашық, қысқасы өзіне қарсы келеді, оппонент болады дегендердің бәрінің көзін жоюды мұрат тұтты.

Абайдың ұрпағы да кәмпескеленді

Әулетімізден ешкім хан болмаған. Туған әкем Абай – белгілі ақын. Оның  қандай еңбек сіңгеніне қатысты пікір айту жөн болмас. Атам Құнанбай ХІХ ғасырдың ортасында аға-сұлтан болған. Меніңше бұл жерде бір түсініспеушілік бар. Атам мен дүниеге келмей тұрып, кемінде жарты ғасыр бұрын аға сұлтан ретінде қазақққа қызмет еткен. Ол кезде әкем де болмаған.

Декрет бойынша жартылай көшпелі аудандарда 300 бастан артық малы барлар кәмпескеленуі тиіс еді. Алайда, бар-жоғы 36 ірі қарасы үшін заңсыз тәркіленгенін жазған Турағұл қиын жағдайда өмір сүріп жатқанын да келтіреді хатта.

– Қазір киім-кешегімді сатумен күнелтіп жүрмін. Алдағы уақытта аштыққа душар болғалы тұрмын. Барлық азық-түлігімді кәмпескеледі. Шұғыл көшірілген соң заттарымды сатуға сол жерде де, осы жақта да мұрша берілмеді.

Мәскеу әдеттегідей араша түспейді. Тек хатты Қызылорда орталық атқару комитетіне қарастыру үшін жібереді. Бірақ, ол жақта да Турағұл Абайұлының жанайқайын еститін билік өкілі табылмайды. Абайдың ұлы Турағұл 1934 жылы аштықтан қайтыс болды.  

Жалғасы бар...

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English