«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Абыз Атантай мен батыр Қайдауыл

3776 0
Абыз Атантай мен батыр Қайдауыл
Қазақ даласына жоңғарлардың шабуыл жасаған мезгілі қазақ батырларының да көптеп дүниеге келген дәуірі болды

Бұл туралы Ш. Уәлихановтың: «Абылай дәуірі – қазақтың ерлігі мен серілігінің ғасыры» деген сөзі тектен-текке айтыла салмаған (Ш. Уәлиханов, 5 томдық шығармалар жинағы. 1-т. //А.А, 1984. 432 б.).

Сол дәуірде туған әйгілі батырлардың бірі Ер Жәнібек Бердәулетұлы (1714-1792) еді. Жәнібектің жас батыр атана бастаған кезінде де оны уақ пен керейдің әйгілі батырларының тәрбиесіне алғаны жайында әр түрлі аңыз бар. Арғы жағы Ер Көкше, Ер Қосай, Сартоқай, Жанат, Сәменбет сынды қарт батырлар Жәнібекке ата жолындағы ұстаз болған деседі.

Мұндағы Сәменбет батыр есімі де жоңғарға қарсы соғыс дәуіріндегі әйгілі батырлардың бірі ретінде аталады. Ол 1626 жылы туып, 1723 жылдары Сыр бойындағы Көктөбе деген жерде қайтыс болған делінеді.

Сәменбет үш әйел алған адам екен. Бәйбішесі Сұқсырдан Атантай, Есентай, Есенбай; екінші әйелі Тасбикеден Ақша, Бөрте, Қаржау, Елібай, Ақсары, Жаман; үшінші әйелі Бадамнан Байымбет, Қазыбек туады» («Атантай шежіресі». – Үрімжі, 2010. 6-б.). Шежіре деректері бойынша Атантай Сәменбет батырдың үлкен ұлы болғандықтан қарт сарбаз оны жауға қарсы ұрыстармен қанаттандырып баулыған. Өзі алдыңғы шепте болған кезінде бүкіл ауылдың амандығы да Атантайға аманатталатын болған.

Жазушы Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» романында Ер Жәнібектің дүниеге келер алдындағы анасының бөрі етіне жерік болуы хақында мынадай сурет берілген:

«Бердәулет Қадишаның аман-есен босануын асыға күтті. Әйтеуір жылжып қыс өтті, мал төлдеп мамыр келді, кең табиғат құлпырып, барлық тірлік жадырай бастады. Бердәулеттің Атантай ауылына барып түс ауа оралғаны осы болатын. Ауылана жақындағанда алдынан қара байталын текіректетіп Кірдәулет шыға келді, ол әдейі іздеп келе жатқан жандай Бердәулетке тіке тартты. Жақындағанда байқады, Кірдәулеттің өңі бозарыңқы екен. «Мұның  неге өңі қаша қалды екен?» деп ойлады Бердәулет. Сөйткенше қара байталын тебініп Кірдәулет те ат басын айқастыра үлгерді.

 – Ойбай, Беке, Қадиша қатты аурып қалды! – деді ол сасқалақтай сөйлеп,– Қадиша ағаңды шақы деген соң жөнелгенім осы.

– Онда жүрейік, – деп Бердәулет жалғыз ауыз тіл қатты. Екеуі де үнсіз ауылға қарай сары желіспен жөнелді».

Демек, осы суретке қарай отырып, Атантайдың Ер Жәнібектен әкелік жолдан да үлкен, аталық жолдағы адам екенін көреміз. Атап айтқанда, Атантай Жәнібектің әкесі Бердәулетке ағалық жолдағы адам деген сөз.

Атантай туралы тарихи деректерде жазбалар көп кездесе бермейді. «Атантай шежіресінде» («Атантай шежіресі». Үрімжі, 2010. 6-б.) айтылуынша: «Өз кезінде момын бай әрі малын жаудан қорғаған батыр болыпты». Атантай ұрпақтарының дерегіне қарағанда ол кісі ат үстінде еншкімге есе-теңдік бермейтін батыр, жұртқа ақыл-насиқат айтатын дана абыз, жомарт бай болған екен.

Шын мәнінде сол дәуірдің көзімен қарағанда атқа мінген қазақ ұлдарының батыр болмауға қақысы жоқ еді. Малын бағып бай болу үшін де анталаған жау, арыпталасқан ұры-қарыдан өз-өзін қорғайтын қару-қайраты бар адамдар ғана топтан дара көрінеді. Атантай Сәменбетұлының да өз дәуірінің мықтысы болғанын кейіннен ру атына айналғанынан-ақ айқын аңғарамыз.

Ш. Құмарұлының «Ер Жәнібек» тарихи романы тарихта болған оқиғаларды негіз еткендіктен, өз кезінде қазыналы қарттардың аузынан алынған ондағы баяндаулар шындыққа бір табан жақын келеді.

Жәнібектің алғашқы жорықта жауды жеңіп, олжалы оралған жеңісті сәтінде, мынадай бір сурет бар:

«Жәнібектің бастауында төбедегі топ енді ауылға қарай ағылды. Жәнібек өз үйінің қасындағы сере ағашқа келіп көк дөненнен түскенде Қадиша қолтығындағы сары ағаш табағындағы ақ жарма құртты Жәнібектен бастап, қалың топқа құлаштап тұрып шашты.

Кәрілері  де, балалар да шашу теріп мәре-сәре болды. Атын байлап, есік алдына келген ұлының қасына жеткен Қадиша қуаныштан кеудесінен шыға жаздап, атқақтап соққан жүрегін әзер тоқтатып, Жәнібегінің  мойнынан құшақтап, маңдайынан искеді. Айналасын әжім торлаған қос жанарынан саулаған мөп-мөлдір жас  моншақтары Жәнібектің шекпен шапанының алдына домалап-домалап кетті.

– Қарағым-ау, аруақ қолдап, алдың ашылып, маңдайың жарқырап, абыроймен оралғаның бәріміздің бақытымыз ғой, – деді Қадиша кеңкілдеп. Сөйтті де Жәнібектің бетіне жаңа көргендей қадала қарап, жұп-жұмсақ алақанымен аяулы ұлының күн жалап қоңырқай тартқан екі бетін сипап-сипап қойды. Жәнібектің қасында Керейдің Жабай, Жантай, Шақабай, Қожаберген сияқты даңсалы батырлары мен Уақтың Бармақ, Баян сияқты әйгілі батырлары бар еді. Жиналған топ батырларды рет-ретімен үйлерге бөліп кіргізіп жатыр. Батырлар келген соң бұл ауылдағы, тіпті, осы ауылмен қанаттас отырған ауылдардағы дырду молыға түсті. Арт-артынан мал сойылып, еселеп ет тартылды.

– Үй-үйдегі батырлар мен қартаң адамдардың әзілі, ара-арасында айтылып жатқан батырлардың ерлігі – бәрі-бәрі де Қадишаны қайта бір жасағандай күйге келтірді.

Бұдан бұрын қай-қашан да Қадишаның көңілінің бір жері орта түсіп, өзінен-өзі қарадай  жасып, тартыншақтап тұратын. Бүгін көңіл-күйі де, мінез-құлқы да шұғыл өзгерді. өзінің жетім-жесір тұтін екенін әуелі мұлде ұмытты. Жәніш, Менен үшеуінің аяғы-аяғына тимей зыр жүгіріп жүр.

Жұрт тегіс үйлерге енді ғана орналасқан шақта ауылдағы атқа мінер кәрі-жасты түгел ертіп бір көк қасқа тайын жетелеп, «А, құдайлап» Құлманбет қария  жетті. Іле-шала оның соңынан отызға тарта адаммен бір көк қасқа тайын жетелеп, ақ сарбасын өңгеріп аруақтарға сыйынып Атантай  жетті. Соңына ала бір тайын жетелеп Есентай да жетті. Енді бір кезде Барақ пен Ботақара да келді. Басы Жәнтекейдің кәрияларынан басталып, соңы тіпті анау Арғын-Найманның да ішінара байларына дейін Жәнібекке амандасып келіп жатты. Жарым айдай тоқтаусыз бел шешпей шайқасқа қатынасып, күздің салқын желді түндерін жапан далада өткізіп, тізелерінен қан кешіп шаршап-шалдығып келген батырлардың бәрі де ауыл адамдарымен бірге дыр-думанға кірді  де кетті».

Біздің бұл оқиғаны ұзын-сонар беруіміздің бір себебі – мұнда сол дәуірдегі Ер Жәнібек ауылындағы батырлар хақында кеңінен көрсетіледі. Әсіресе абыз ақсақалдар суреті бар. Сондай ақ тілеудің ортасында Атантай есімі аталады.

Жоғарыдағы батырлар шоғырын қалыптастырған ауыл суреті «Ордың жолында» аталатын «Он бірінші тарауда» тіпті де тереңдей көрініс тауып, Орға қарай көшкен елдің бейнесі былайша суреттеледі:

«...Жалы екі тізесін соққан арыстан жал көк атқа мінген Барақ қария мынау жалпақ құмды үлкені кемеше тіліп келе жатқан шоғыры  мол көштің ең алдында келеді. Кәрияның кеудесін жапқан аппақ сақалы, әлі еті қашып сынын жоймаған алып денесіне бұрынғыдан да сүсты ғажайып айбат берген сияқты, мынау топ алдында арыстандай зор тұлғасымен бүгін көзге бөлек түсті. Қарттың қатарында ұзын қоңыр атқа мінген, дауысы ерек зор болғанымен бойы аласа жаралған, шақша батыр атанған Ботақара кәрия келеді, енді бір жағында Тайлақ, онан қалса Есентай бастап, Атантай, Базарбай, Жәйлау қостаған тағы бір топ келеді. Бұл Керейдің Жәнтекей деп аталатын бір атасының көш шоғыры еді». Атты адам түсіп сәлем беретін, жаяулы адам айтқан уәжінен озбайтын қарттар шоғырынан тағы да Атантай бейнесін көреміз.

«Ер Жәнібек» романында Жәнібектің Тіленшіге кезігіп сөз қағысуынан кейінгі бір оқиғада өткен-кеткенді еске алуы:

«Едәуір жерге ұзап кеткенен кейін де Жәнібектің де көзі алдынан Тіленшінің бейнесі кетпей қойды. Осыдан он шақты жыл бұрын Абақ Керей Арқалық, Едірей тауларын, Нұа өзені, Доғалаң тауы қатарлы жерлерді мекендеп тұрғанда, Керейдің атақты байы Атантай Қайдауыл деген ұлын үйлендіріп, келін түсіргенде ұлан-асыр той жасап, Арғын, Найманды, тіпті анау кіші жүз елін де тойға шақырды. Той ақырласуға таяп, көкбәр тартқан шақта, қымызға әбден бөгіп алған жел жел өкпе жігіттер арасынан жаңжал шығып, Арғынның бір жігіті оқыста мерт болды. Мұнда әр рудың адамы жинақталғандықтан жігіттің кімнің қолынан өлгендігі анықталмады» деп беріледі де, осыдан соң ағайын арасына ірткі түсіп, керей елінің бөліне көшкені тілге тиек етіледі.

Әрине, бұл арада әдебиеттік суреттеулер көбірек болуы мүмкін десек те, аталған хикая ел ішіндегі ескі аңыздар мен шежірелік деректер негізінде берілген. Мұнда Атантай керейдің атақты байы ретінде суреттеледі. Тіпті оның үш жүздің басын қосып той жасауынан-ақ, жай ғана адам емес, алты алашқа мағлұм абыз қариялығы көрінеді. Әрі жоңғар өрті даланы шарпып тұрған тұстағы байлар әрине, ел мен жердің тірегі болған. Аш-арықтың ішіп-жемі мен соғыс сарбаздарының ат-азық, қару-жарағын Атантай сынды абыз қарттар қамдап отырған. Осылайша, жомарт бай, қайтпас батыр, ақылгөй дана бейнесіндегі Атантай тұлғасы бірден менмұндалап отырады. Оның есімі тұтас бір рудың атына айналады. Үрім-бұтақтары «Атантаймыз» деп мақтанады.

Ендігі жерде Атантайдың ұлы (шын мәнінде немересі) Қайдауыл тарих сахнасында бой көрсетеді.  

Романда Жәнібектің қартайған шағындағы бір әңгімеде:

«Келген жолаушыларды батыр дәп басып тани алмады. Еңгезердей қараны шырамытқандай ғана болды. Сыртта көп жүрген батырға төсекте жату қатты ауыр тиген еді. Қар жауғалы жылы күнде жиі қатынаған жұрт аяғы тыйылып, батырдың іші пысып, кейде іш құста болып, жатып қалатын. Бүгін де үйінде жалғыз бұғып жатқаны осы еді. Қонақтар келісімен төсегінен түсіп, құндызбен жұрындаған үлкен оқа тонын жамылып, төрге келіп отырды.

Өр жағында отырған семізден бұрын еңіс жағындағы арық қара суырылып сөйлей жөнелді:

– Батыр аға, есен-сау отырсыз ба?! Әл-қайратыңыз жақсы ма?! Ұзынқұлақтан сіз сырқат деп естіген соң көңіліңізді сұрап, амандасқалы келдік.

– Рахмет! Рахмет! Қарақтарым! Жастарың ұзақ болсын! Қарттарыңды сөкпеңдер, шынымды айтсам, өздеріңді тани алғам жоқ, – деді Жәнібек батыр.

Енді сөзге еңгезердей жуан жігіт араласты:

– Анау Қандысу жақтағы Самырат ауылыныкіміз, мен әлгі Көлібайдың баласы Бұланбаймын ғой.

– Е –, деді Жәнібек қарқылдай күліп, – әлгі өзімнің Бұланбайым екенсің ғой, барсың ба сен, қаруың жойқын болғанымен, толғамың төмен болған-ау, көзге көп көрінбейсің ғой, елуге келдің бе?

– Бармын, бармын елуден асып кеткелі қашан, – деп кеңкілдей күлген Бұланбай қасындағы жігітті нұсқап, – бұл өзіңіздің Қайдауыл деген ініңіз, Атантайдың немересі, – деп таныстырды.

– Екеуің де өз інілерім екенсіңдер, шешініп, кеңіп отырыңдар, – деді Жәнібек» деген жолдар бар.

«Ер Жәнібек» романында Қайдауылдың Атантайдың немересі болса да «атасының баласы» болып, «Атантайдың ұлы Қайдауыл» аталғанын да байқаймыз.

Қайдауыл батыр хақында тарихи деректер аса көп болмаса да, жазбаларда кездеседі.

Журналист, әдебиеттанушы Беженхан Қыдырбайұлы өзінің «Барлыбай батыр» мақаласында (http://izgilik.blogspot.com):

 «Жоңғар хандығының билігіне таласқан Амырсананы ойрандап қуып шыққан соң өзіне қауіп төндірер күш қалмады деп мөлшерлеген Даба Шы (кей кітаптарда Дабаци делініп жүр, моңғолдың әскер басы) 1754-жылы 9-айда 30 мың сұрыпталған қолмен қазақтарға қарсы жорық жасады. Аякөз өзенінің Нарын деген жерінде Әбілпейіз сұлтан қолымен Жәнібек қолына келіп тоғысып, жауға қарсы аттанды, Жәнібек жекпе-жекке өзі шықпақшы болып еді. Қасына ерген Шақабай, Машан, Қожаберген, Жантай, Жобалай қатарлы қарт батырлар көнбеді. «Күні бұрын дайындалған Барақ батырдың немересі, енді ғана 18 жасқа келген Барлыбай, Атантайдың немересі Қайдауыл, Сәменбеттің немересі Ақан, Машан батырдың немересі Жанторы Байтайлақ батырдың ұлы Шобаш, қарақас Байқан, … қатарлы қыршындар сақадай сайланып» жауға шауып, үш күн кескіліскен соғыс салып, Дабашының 30 мың қолын жеңіп шықты. Ізін суытпай қуа соққылап, бірнеше жыл тазалау жорығын жасап, 1757-жылы жоңғар шапқыншыларын бас көтере алмастай етіп түбегейлі жеңіп тынды» деген дерек айтады.

Атантай Сәменбетұлынан Аққошқар, Бұқар, Байкүшік, Толыбай, Итқара, Сексенбай алты ұл туған болып, Байкүшіктен Қайдауыл батыр дүниеге келеді («Атантай шежіресі». Үрімжі, 2010. 7-б.).  

Демек, Қайдауыл Байкүшікұлы Атантай немересінің Жәнібектің қарттық шағында жалынды жас батырлардың бірі болғаны анық.

Қытай мемлекетттік сыйлығының иегері, жазушы Шәміс Құмарұлы «Шақабай батыр» кітабына кірген «Шақабай батыр және оның өмірі туралы» мақаласында:

         «Шақабай Есентайұлы, 1688 жылы туып, 1778 жылы бұрынғы Семей облысының Ақсуат деген жерінде 90 жасында дүниеден өткен» дей келіп:

«Ел арасындағы тағы бір әңгімеде Шақабай тоқсан жасқа келіп екі көзі көрмей қалған кезі болса керек. Қайдауыл деген жігіт келіп: 

         – «Немереңіз Ызғұтты ерен балуан екен, күрескен балаларды түгел жықты», – дейді. Сонда Шақабай батыр төрді сипаласа қолына бір уыс асық ілінеді асықты ұстап тұрып:

         – «Тәйір-ай, онда екеуі де жығылыпты ғой, біз түрегеп тұрып лақтырушы едік», – деп қолындағы асықтарды сығып жібергенде асықтар үгітіліп кеткен деседі» деп суреттейді. («Шақабай батыр» Алматы: Асыл кітап, 2017).

Жоғырыдағы деректерге қарағанда Қайдауылдың ылғыида қарт батырлардың қасынан табылатын жас сарбаз екені байқалады. Оның есімінің бірнеше әдебиетте кезіккеніне қарағанда, әрине, жай адам болмағаны анық.

Жыл мөлшерінен қарағанда Атантай Сәменбетұлы шамамен 1670-1760 жылдар жасаған болса керек. «Атантай шежіресі» кітабында «90 жасқа келіп, қартайып, ШҚО Зайсан ауданының Шалқар деген жерінде қайтыс болып, сол жерге қойылыпты» делінеді. Шын мәнінде Ер Жәнібек және басқа батырларға қатысты барлық шежірелер мен аңыз-апсаналарда Атантайдың соңғы өмірі хақында еш дерек жоқ. 90 жасқа келгені рас болса, онда жоңғар соғысы аяқтаған тұста елдің қоныстанған өңірі Балқаш көлінің солтүстік қапталына тура келеді. Егер одан бұрын қайтыс болса, онда оның сүйегі Нұра өзені бойында жатыр деуге негіз бар. Жалпы ескі шежірелер бойынша Ордан қайтқаннан кейінгі жерде Атантай есімі көп атала бермейді. Шығыста жатқан қарт батыр ретінде Шақабай батыр есімі аталады. Атантай болса Шақабайға әке жолындағы адам.

Ал оның немересі Қайдауыл Байкүшікұлы Жәнібектің қартайған шағындағы ат үстіндегі батырлардың бірі болса, жас мерзімі жағынан 1735 жылдар туған болуы мүмкін деген болжамға саяды. Бір қызығы «Атантай шежіресі» кітабында Қайдауыл батырға қатысты нақты деректер кездеспейді.

Атантай және оның немересі Қайдауылдың батыр болғандығының қарапайым мысалы оның ұрпақтарынан да кездеседі. Асқар Татанайұлы, Зардыхан Қинаятұлы сынды тарихшылардың деректерінде Атантай руынан шыққан Топай батыр, Саудабай зәңгі сынды ерлердің елін Майлы-Жайырға көшіргені туралы айтылады. «Атантай шежіресінде» де Топай Сартұлының ерліктерімен қоса «аузы дуалы, айтқаны айтқан бойынша келетін, қасиетті де киелі адам» болғандығы айтылады. Сол өңірде Атантай руынан кейіннен шыққан Ошанбай Ұзақұлы, Шеттікбай Бітікеұлы сынды батырлармен бірге шешен Кештік ана, ақын Тоғай Мұқанбайұлы сынды тұлғалар да өткен екен. Бұдан басқа батыр Биқоныс Балабайұлы, балуандар – Мәріш Балабайқызы, Елубай Мұсабайұлы сынды көптеген көрнекті тұлғалар болған. Мұндай тектіліліктің төркіні әрине, Сәменбет, Атантай, Қайдауыл сынды аталар рухының жалғасы іспетті.

Аталық таралым бойынша Атантай есімі А. Татанайұлы, Қ. Жусанбайұлы, Қ. Жанәбілұлы, И. Қабышұлы, Ж. Сәмитұлы, З. Қинаятұлы, Ж. Шәкенұлы секілді тарихшылар мен жазушылардың деректеріне,  «Абақ керей», «Керей шежіресі», «Жәнтекей шежіресі», «Атантай шежіресі», т.б. кітаптарына кірген.

Бай, батыр, атымтай жомарт Атантай баба Сәменбетұлының ұрпақтары Қытай, Моңғолия, Түркия, Қазақстан сынды көптеген елдерге шашырай қоныстанған.

Бүгінгі «Рухани жаңғыру» аясында сөз қозғағанда тарихта өткен ерлерді ұлықтау, олардың есімін алтын әріппен кестелеу бүгінгі буынның міндеті. Сол себепті де Атантай абыз және оның батыр немересі Қайдауыл да зерттеуді қажет ететін ерекше тақырыптардың бірі саналады. 2020 жылы Атантай абыздың дүниеге келгеніне 350 жыл, Қайдауыл батырдың өмірге келгеніне 285 жыл толады. Елім деген ерлер тарихын түгендеу – ертеңгі ұрпаққа ұлттың тағдыры мен тамырын танытудың таптырмас әліппесі.

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы,

Қазақстан Жазушылар одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі

Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English