«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Әскери қылмыстарды әшкерелеу-3

326 0
Әскери қылмыстарды әшкерелеу-3
Катынь қырғыны, Залещицк трагедиясы, Метгетен, Пшишовец пен Налобоктағы жаппай атулар, Орел мен Львов түбіндегі атулар...

Осылардың бәрі Совет Одағы әскерлерінің Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі әскери қылмыстарының бір парасы ғана. Qazaqstan Tarihy редакциясы адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыс кезіндегі совет солдатының қандай қатыгез әрекетке баруға тура келгенін әңгімелеуді жалғастырады  

Екінші Дүниежүзілік соғыстың төртінші кезеңі өтіп жатқан кез. Британдық және американдық әскербасылар бастаған Британия империясының, АҚШ, Еуропаның бірқатар мемлекеттерінің, «Шайқасқан Франция» патриоттық қозғалысының әскерлері Нормандияға келіп, Зигфрид шебін бұзуды бастаған еді. Дәл осы кезде «Моссад ле-Алия Бет» (соғыс бітіп, Израиль құрылғаннан кейін бұл ұйым елдің саяси барлауы мәртебесін алады) Венгрия, Польша мен Румыниядан еврейлерді эвакуациялаумен айналысып жатты.

1944 жылдың шілде-тамызында ұйым босқындарды румындық Констанца қаласының портынан Стамбулға, одан әрі Британдық Палестина жеріне өткізуді жоспарлады. Қара теңізден өту үшін «Моссад ле-Алия Бет» ұйымы «Бюль-Бюль» (390 адам), «Мефкура» (320 адам) және «Морина» (308 адам) деген үш кеме жалдайды, олар румындық порт-қаладан 1944 жылдың 3 тамызы сағат 20:30-да шығады. Бұл кемелер румындық ту астында және румындардың ілесе жүруімен болғандықтан, оларға қауіпсіз жол ұсынылды. 

Щ-215  советтік су асты қайығы

5 тамыз сағат 00:40-қа таман барлық үш кеме де түріктің Иганда портынан 4 шақырым солтүстік шығыста еді. Сол күнгі сағат 2:00 шамасында «Мефкураны» советтік Щ-215 су асты қайығы апртиллериялық оқ астына алады.

Неміс тарихшысы Юрген Ровердің айтуынша, «Мефкура» жағына қарай 45 мм-лік зеңбіректен шамамен 90 рет және 7,62 мм-лік пулеметтен 650 атыс жасалған. Кеме батып кетеді, құтқару шлюпкасында экипаждың алты мүшесі жан сақтап қалады, ал 320 жолаушының бесеуі ғана тірі қалады, оларды «Бюль-Бюль» кемесі құтқарған.

Оқиғадан кейін бірнеше күн өткен соң советтер тарапы мәлімдеме жасайды: «5 тамызға ауған түні, болгар-түрік шекарасы ендігін жағалай жүріп, Стрижак (командир, 3-ші рангілі капитан) шағын кемені байқайды, оның бақылауы бойынша кемеде 200-ге жуық қарулы адам болған. Оның кімге тиесілі екенін анықтамастан, командир атуға бұйрық береді. Нәтижесінде, шхунаны қырық минут атқылау салдарынан (бұл түріктің «Мефкура» кемесі болатын) шхуна батып кетті».

Әскери іс-қимылдар басталғанға дейін немістің Неммерсдорф кентінде 600-ден астам адам тұрып жатқан, олардың көпшілігі совет әскерлері жақындауына байланысты 1944 жылдың 21 қазанына дейін эвакуацияланған болатын. Кенттің өзі көптеген доттар, окоптар, танкіге қарсы орлар мен бірнеше шақырымдық сым темірлерлермен жақсы бекінген болатын.

1944 жылдың 21 қазаны совет әскерлері неміс позицияларына шабуылды бастайды. Совет жауынгерлері иемденген территорияларына жылдам бекініп алады, бұған жауап ретінде неміс қолбасшылығы кентті бомбалауды бастайды. Кенттен кетіп үлгермеген тұрғындар бомбопаналарға тығылады. Герда Мешулаттың естелігі бойынша, бомбопанада сол кезде 11 адам болған, оның төртеуі балалар, ал бомбалау басталғаннан кейін бомбопанаға бірнеше совет жауынгері келіп түскен.

Бомбалау аяқталған соң, офицер келіп, немістерге бомбопанадан шығуды бұйырады, содан соң оларды атып тастайды, алайда осы оқиғалардың куәгері аман қалады.  

22 қазанда неміс солдаттары кентке қарай бірнеше рет шабуыл жасап, советтік әскери басшылықты территориядан кетіп, шегінуге мәжбүрлейді. 23-24 қазанда неміс армиясының бөлімдері, Бас штабы және әскери репортерлер азат етілген Неммерсдорфқа кіреді, ал 27 қазанда «Völkischer Beobachter» газетінде «Советтік сұмырайлардың ызасы» деген мақала жарық көреді.

Онда 62 зорланып, өлтірілген неміс әйелдер туралы айтылады. 31 қазанда болған комиссияда халықаралық қоғамдастық «большевиктердің әрекеттері соғыс жүргізу нормаларын бұзды» деген.

Өз кезегінде Ұлыбритания бұл оқиғаларды үгіт деп қабылдаса, советтік ТАСС агенттігі 1944 жылғы қарашада хабарламаны жоққа шығарады.

Қаза болған тұрғындардың мәйіттері, Неммерсдорф, 1944 жылдың 20 қазаны

Неміс қолбасшылығы Неммерсдорфтағы  бейбіт тұрғындардың өлімін бұқаралық ақпарат құралдарында неміс халқын ССРО-ға қарсы жұмылдыру үшін пайдаланды.

Дегенмен де, бұл нұсқаны көптеген жоққа шығарушылар бар. Мысалы, Неммерсдорфтағы ұрысқа қатысушылардың бірі, Бернхард Фиш, өзінің «Nemmersdorf, October 1944: What actually happened in East Prussia» деген шығармасында неммерсдорфтың совет әскері үшін тұзақ болған деп жазады. Оның пікірінше, совет әскерлері деревняға енуі үшін кенттің позициялары әдейі әлсіздендірілген.бұдан басқа, өлтірілгендердің мәйіттері табылғаннан кейін неміс басшылығы өлгендерге бірде-бір сәйкестендіру жасамаған.

ССРО-ның әскери қылмыстары тарихындағы тағы да бір бет – 1945 жылғы 26-28 қаңтардағы Пшишовице деген поляк селосындағы қырғын. 69 адам осы қырғынның құрбаны болған. 1945 жылғы қаңтарда совет әскерлері шабуылға көшіп, вермахт әскерін шегіндіреді. 24 қаңтар кешке совет әскерлері Глейвиц қаласын алып, шегініп бара жатқан қарсыластың әскерін қуып бара жатып, Прейсвиц (Пшишовице) қаласында жұмылдырылған немістердің танк әскеріне тап болады. Қала үшін ұрыс бірнеше күнге созылады, ақырында ол қызыләскерлердің қолына өтеді.

Осы ұрыс барысында 101 Қызыл Армия жауынгері қаза тауып, 40 танкі жойылады. Келесі екі күнде совет әскерлері үйлерді өртеп, жергілікті тұрғындарды зорлап, өлтірген. Зерттеушілер туысқандар зиратына жерленген туғанына 10 күннен 78 жасқа дейінгі 69 өлген адамның денесін тапқан.  Зерттеушілер, осылайша Қызыл Армия бөлімдері өздерін неміс территориясында тұрмыз деп санап, соғыстағы шығындары үшін кек алмақ болған деп санайды.

 

Автор: Аян ӘДЕН

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English