«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Алтын Орда және бес маймыл

3726 0
Алтын Орда және бес маймыл
Тәжірибе қызық бола бастаған соң ғалымдар ескі төрт маймылды да, біртіндеп шығарып, орнына ақырын жаңа маймылдарды қосады. Қысқасы, торда ескі маймыл қалмайды, бәрі жаңа. Ешқайсысы банан алмайды

 Алтын Орданың моңғолизациялануы

Алтын Орда... Заманында Еуразия кеңістігін тұтастай өз ырқына көндірген бұл империя жайлы қазір талай фильм, сериалдар да түсіріліп жатыр. Бірақ байқайсыз ба, сол кинолардың дені Алтын Орданы моңғол мемлекеті еді деген емеурінмен түсіреді. Киіз үйі де, киген шапаны да, ең соңғысы жұрытының тілі де моңғол! Сол дәуірде жан басы 4 миллион болған қыпшақ ұлтының Ордаға еш әсері жоқтай, керісінше ормандай қыпшақ жаппай моңғолданып кеткен бе деген ойда қаласың! Иә, бұл империяның негізін қалаған Бату ханның ұлты бәлки моңғол болған да шығар, бірақ ол құрған, одан кейін 200 жыл дүркіреген «Орда – түбегейлі моңғолдық типтегі ел еді» деуге әсте болмайды.

Алтын Орда әлемге таныла бастағанда-ақ оны жаһан елдері моңғолдың империясы емес, таза Түрік-Қыпшақ Ұлысы деп қабылдады. Ғалымдар айтып отыр: Қарақорымнан өз дербестігін алғаннан кейін, 20-30 жыл өтпей-ақ Алтын Орданың бойынан моңғолдық бірде-бір сипат қалмап еді деп. Осы уақыт ішінде моңғол делінетін төрелер, сұлтандар түгелдей түріктеніп, мұсылмандыққа бас ұрған болатын.

Ең соңғысы, Бату хан, атасы Шыңғыстың өсиеті бойынша, «күн бататын теңізге» жетем деп, Орыс кінәздіктерін көктей өтіп, Польша, Венгрияны талқандап, Адрият жағалауына дейін жорық жасағанда, оның армиясындағы моңғол мен қыпшақтың ара-салмағы 30:300 еді. Осы кезде-ақ моңғолың ТҮРІК мұхитына тамған тамшыдай жұтылып кеткен болатын. Сол замандағы орыс-поляк гравюраларына, тарихи суреттеріне бажайлап қарасаңыз, Орда әскері дегеннің дені сәлде оранған, мұсылмандық реңкі анық байқалатын сарбаздар. Сонда Ұлы Даланы 1218 жылдары тұтас жаулап алған мүшрік моңғолдар 1240 жылы Еуропаны бағындырмаққа аттанғанда мұсылман кейіпте шыққан болып тұр ғой! Бар-жоғы 20 жыл! Уақыт қыпшаққа жұмыс істеген, азғантай моңғол ассимлияцияға ұшыраған. Бұл туралы Әл-Омари атты ортағасырлық араб тарихшысы: «Моңғолдар қыпшақтармен араласып, құдандасып, жұтылып кетті. Олардың өмір салты, бет-жүзіне дейін қыпшақ болып кетті» деп естелік қалдырыпты.

Алтын Орда енді-енді еңсе көтеріп келе жатқанда қалай аталғанын білмедік, бірақ империяның мейманасы тасып тұрған дәуірде халқы өздерін «Өзбектің жұртымыз» дескен. Бұл жұрт – байырғы түрікпен, түріктенген моңғол тайпаларының қосындысынан туған, мұсылман ұлт еді. Орыстың жылнамашылары XIV ғасырдан бастап Орданың хандары мен халқы туралы жазғанда тек «басурман» деген терминді қолданады. Бұл «мұсылман» дегеннің орысша баламасы болатын.

Ордадағы моңғол ізі қай жылға дейін созылды? Ғалымдар шамамен 1312 жылы будда дінін ұстанған Тоқта ханмен бірге моңғолдық күллі салт-сана тоқтағанын, одан әрмен қарай түрік-мұсылман дәуірі басталғанын жазады. Осы арада мынау бір жайтқа арнайы тоқталсақ. Соңғы кезде, әсіресе орыс тілді тарихшылардың арасында «Алтын Орда қалай мұсылмандыққа бас ұрды, солай империялық дәурені бітті. Жауынгерлік рухы өлді»деген ұшқары пікір жиі айтылып жүр. Бұл шылғи өтірік!

Керісінше, Алтын Орда – нағыз өрлеу кезеңін исламды мемлекеттік дін деп жариялаған Өзбек ханның тұсында бастан кешті. Осы ханның тұсында Орданың саяси-әскери қуаты мен эконикалық дамуы шарықтау шегіне жетті. Өзбектің тікелей бұйыруымен Сырдың бойы, Сібір, Еділ-Жайық арасында жүздеген қалалар бой көтерді. Өзбек Мұхаммед хан туралы естеліктердің дені «бес уақыт намазына ұқыпты», «сүннетті берік ұстанған мұсылман басшы еді» деп келеді. Айтпақшы, этномәдени тұрғыдан алғанда, бұл хан – түрік еді, түрікше сөйледі, азан шақырып қойған Өзбек деген есімі де түрікше еді.

Бір қызығы, Өзбек ханның көзін көргендер оны «сымбатты келген», «қыр мұрынды», «қой көзді» еді деп сипаттайды. Қарап отырсаңыз, бұл – моңғолоид адамның емес, тұрандық кісінің сұлбасы. Қадірлі оқырман, қазіргі қазақ жұртының да нәсілі – азиаттыққа да, еуропалыққа да жатпайтын, аралық тұраноид нәсілі екенін ескеріңіз.

Ұлы қаған Шыңғыстан, алыстағы моңғол ұлтынан Өзбек ханға бір қасиеттер мұра боп қалған болса,  ол – қызуқандылығы, жауынгер рухы, ел басқарудағы әккілігі сияқты қасиеттер шығар? Бірақ, соңғы кезде ғалым-тарихшылар айтып жүр: «Шыңғыс ханның әскерді ондық, жүздік, түменге бөлуі, бір адамға ғана бағынған қатал мемлекеттік билік жүйесін орнатуы  – өзі ойлап тапқан «ноу-хауы» емес. Ол өзіне дейінгі Ғұн, Түріктен қалған дәстүрге жаңа сипаттар қосты, жалғастырды».

Шыңғыс хан, одан кейін ұлдары Ұлы Далаға ентелей енгенде артынан ерткен моңғол жұрты тым аз, өте аз еді. Бұл азшылық Дешті Қыпшақ дейтін мұхитқа жұтылып, қыпшақтанып кеткенін айтуын айтып жатырмыз. Бірақ, қайбір дилетант тарихшылар Алтын Орда туралы сөйлей қалса, түбегейлі моңғол жұртын айтып жатқандай сипаттайтыны бар. Ол азғантай моңғолдың ширек ғасырда-ақ қыпшақтанып, мұсылмандыққа өткенін білмейді немесе білмегендей сыңай танытады.

Осындай тарихшысымақтар Алтын Орданың жұртын мүшрік-тәңіршіл етіп көрсетуге, көшпенділерді, жаугер батырларды міндетті түрде шаман кейіпте сипаттауға аса құмар. Құдды мұсылмандықта жаужүректілік деген ұғым жоқ сияқты. Мұсылман болса, түрік түрік болмай қалатындай. Егер көшпендінің сайыпқыран рухы мұсылмандыққа өткен кезде өліп қалатын болса, селжұқтар, осман түріктері Еуропаны жаулап ала алмас еді ғой! Оларға салсаң, Алтын Орданың мұсылмандықты ресми дін етіп бекітуі үлкен өкініш секілді. Бірақ, керісінше болғанын тарих ата дәлелдеп қойған.

Алтын Орданың татаризациялануы

Айтпақшы, тарихи кітаптарда «Алтын Орданың» жұрты «татарлар» деп аталғаны үшін, бұл мемлекеттің бүгінгі мұрагерін қазіргі қазандық татарлар ғой деген пайым дұрыс емес. Неге ұлы империяның жұрты татар деген ат алды? Пікір көп. Еуропалықтар, Орданың жауынгер жұртынан қаймығып, оларды гректің «тартар» «тозақ» деген сөзіне жақын атаумен атаған деседі. Әбден мүмкін. Татар атауы – қазіргі Татарстандағы титулды ұлттың ғана есімі емес. Ол бертінге дейін түрік сөзінің баламасы ретінде қолданылып келді. Мысалға, ХІХ ғасырда орыс империясы әзірбайжандарды кавказ татарлары деп атаған.

Бірақ, Алтын Орданы қазіргі қазандық татарлармен ғана шектегісі келетіндер, өкінішке орай, тым көбейіп барады. Орданың негізгі қалалары Қазан, Хан-Тархан болды. Сол шаһарлардың жұрты империяның саясатын жүргізді. Тиісінше Орданың нағыз мұрагері де біз дейтін татарстандық ғалымдар бар.

Айтайық, Алтын Орданың әскери-саяси күші Дешті-Қыпшақ даласын жайлаған көшпенділерге тікелей тәуелді болды. Армия негізінен осы Ұлы Даладағы тайпалардан жиналды. Ұлыстың атақты хандары, аристократтары да Сарыарқадан шыққан еді. Олай болса, Қазақ хандығын, қазіргі Қазақстанды Алтын Орданың заңды мұрагері деуге анық негіз, 4 түрлі себеп бар

1. Географиялық тұрғыдан алғанда: Алтын Орда территориясының 40%-ы астам бөлігі бүгінгі таңда Қазақстанның құрамына енеді.

2. Этникалық тұрғыдан алғанда: Алтын Орда құрамында болған 92 рудың 20-дан астамы қазақтардың құрамында әлі де бар. Қалғандары бұрынғы Дешті-Қыпшақтың ноғай, қарақалпақ, қырымлы секілді түркі халықтарының құрамында. Бірақ алтынордалық рулардың басым бөлігі қазақ арасында сақталған.

3. Антропологиялық тұрғыдан алғанда: ХХІ ғасырдағы қазақтар, ғалым-антрополог Оразақ Исмағұловтың мәліметтері бойынша, ХІІІ ғасырдағы Алтын Орданың көшпелі халқынан антропологиялық тұрғыдан қарағанда еш айырмашылығы жоқ. Бұл тұжырымдарды Л.Т. Яблонскийдің мәліметтері нақтылайды, ол антропологиялық мәліметтерді кластерлік анализден өткізген, нәтижесінде қазіргі қазақтар Алтын Орда көшпелілеріне ең жақыны болып шықса, ал қазіргі заманғы татарлар, өзбектер және шуваштар Алтын Орданың қалалық халқына жақын екені анықталған.

4. Ауыз әдебиеті тұрғысынан қарағанда: Қазақтардың барлық дерлік эпостары мен ауыз әдебиеті Алтын Орда кезеңінен немесе Алтын Орда ыдырағаннан кейін қалыптасқан трагедиялық дәуірлерден бастау алады.  Жыр-дастандарымыздағы басты кейіпкерлер Алтын Орданың саяси қайраткерлері мен ақындары болып табылады. Олардың қатарында Едіге және оның ұрпақтары, Әз-Жәнібек, Жошы, Майқы би, Тоқтамыс және де Алтын Орда тарихының басқа да кейінкерлері бар. Бұл ретте қазақ ауыз әдебиетінде «Ақ Орда» деп аталаған мемлекет туралы, оны билеген хандарының бірде-бірінің есімі кездеспейді.

Өкінішке қарай, қазақтың көп тарихшысы өзінің қазағының фольклоры, авторлық ауыз әдебиетімен таныс емес. Содан келіп, ССРО салып берген соқпақпен Алтын Орда – моңғолдың мемлекеті, көшпенділер исламға өтсе де, мұсылманшылдығы жай сөз жүзінде ғана қалды деген өтірікті сапырады кеп... Шежірені, аңыз-жырларды тарихи дәлел ретінде қарастыратын кез келді.

Ендігі мұрат не еді?

Алтын Орда тұтас моңғолдық мемлекет еді деген идеяны ССРО тарихшылары енгізген болатын. Осы арқылы Орда орыстың ғана емес, одақтағы күллі халықтың ортақ жауы деп оқытқысы келді, солай оқытты да. Сөйтіп, Куликова даласындағы айқаста, көшпендінің ұрпағы Пересвет әулиеге жақтасып, Шалабайды жек көріп отырды. Анау Шалабай – өзінің атасы екенін білген де жоқ!

Компартия неге түріктектес орданы алыстағы моңғолға бере салды дегенде былай ғой. Мәскеудегілерге қазіргі «большой брат» орысың бір замандары, қазақ-өзбек, татарға бағынышты болғаны, салық төлегені ыңғайсыздау шындық болды. Билік бұл шындықты жойды да, тарихты манипуляция құралына айналдырып жіберді.

Алтын Орданы мұсылман империясы болғанын жасыру, мүшрік-шаман ел етіп суреттеудегі тағы бір мұрат бар. ССРО өзінің қоластындағы түрік-мұсылман факторынан қанша дегенмен қорықты. Себебі, өзін мұсылман санайтын халықтың 90 пайызы түріктілдес этнос еді. 1916-дағы ұлт-азаттық көтерілістер, 1922-1932 жылдардағы басмашылық қозғалыстарға халық, мұсылмандық идеялардың аясында көтерілген еді. Енді бұратана халықтар қайтып бас көтермесі үшін тарихтағы мұсылмандық рөл мүлдем ысырылды. Сөйтіп бір замандары ОртаАзиялықтар әлемді билегенін естен шығарды. Тарихын білмейтінді басқару, манипуляция жасау – оңайдың оңайы! 

Маймыл тәжірибесі және Алтын Орда

Бір топ ғалым 5 маймылды бір шұңқырға қамайды. Шұңқырға саты қояды да, оның басына бір шоқ банан байлайды. Маймылдардың бірі бананға ұмтылған сайын қалғандарының үстіне мұздай су шашып отырады. Осылайша біраз уақыт жалғасады. Алғашында түк түсінбей шыңғырып, шулаған маймылдар бананға ұмтылсаң, суық су шашырайтынын түсінеді де, бананды жегісі келген әрбір маймылды аяғынан тартып түсіріп, оны соққының астына ала бастайды. Осыдан соң банан қатты қызықтырса да, соққы мен мұздай судан қорыққан маймылдардың ешбіреуінің батылы барып, бананға қол созбады.

Сонан соң ғалымдар бес маймылдың бірін алып, оның орнына жаңа маймыл әкеліп қосады. Ол келе салысымен хайуани инстингке салып, бірден сатыға өрмелей бастады. Сол-ақ екен, қалған төртеуі оны мәжбүрлеп түсіріп, ұра бастайды. Ақырында бірнеше мәрте соққы көрген ол себебін білмесе де, сатыға көтерілуге болмайтынын түсінеді. 

Тәжірибе қызық бола бастаған соң ғалымдар ескі төрт маймылды да, біртіндеп шығарып, орнына ақырын жаңа маймылдарды қосады. Қысқасы, торда ескі маймыл қалмайды, бәрі жаңа. Бірақ, ешқайсысы банан алмайды, алдырмайды. Кейіннен қосылған маймылдар банандарды не себепті алуға болмайтынын білмейді, алайда ардагерлер олардың бойына тыйым дәстүрін сіңіріп кетті.

Іс жүзінде қазіргі Қазақстанның да жағдайы осы. Совет Одағы ыдырады, Қазақстан тәуелсіздігін алды, ал ішкі табу сақталып қалды. Алтын Орда ресми тұрғыда әлі де шетелдік мемлекет деп есептеледі, себебі бұл дәстүр советтік кезеңде ұрып-қудалап жүріп қалыптастырған.

Сондықтан қазіргі тарихшыларға маймыл секілді бекер қорқуды тастап,  Алтын Орданы ортағасырлық Қазақстан тарихына тікелей қатысы бар мемлекет ретінде қарастыруды бастауы керек.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English