«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Табылды Досымов: «Ұйықтап кетсем бір күні...»

5214 0
Табылды Досымов: «Ұйықтап кетсем бір күні...»
Қазақстанның қай аймағын алып қарасаң да, таланттылардың ошағы деп айтып мойындаған абзал, ал батыс өңірінің ұлт тарихындағы орны айрықша

Кезінде ел азаттығы үшін күрескер болған Исатай мен Махамбеттің, Сырым Датұлы және Жиембет сияқты тарихи тұлғалардың табаны тиген жерден таланттардың дүркіреп шықпауы мүмкін емес еді. Ұлы Даланың дауылпаз ұлдары Доспамбет, Шалкиіздің жалғасындай болып қазақтың жалғыз бард әншісі Табылды Досымов 1965 жылы 15 шілдеде Атырау облысында дүниеге келген.

Ол Алматы қаласындағы 1982 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика фактультетіне оқуға түскен. Болмысы бөлек ақынның шығармашылығына, өміріне 1986 жылы болған Желтоқсан үлкен өзгеріс алып келді. Себебі, елінің болашағын ойлап, алаңға шыққан жастардың ішінде Табылды Досымов та бар еді. Сол жылы Т. Досымов оқудан шығарылды.

Араға бір жыл салып, оқуға қайта тапсырады. 1990 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған.

– Ол нота білмейтін. Табылдының ешкімге ұқсамайтын қасиеті – әні мен сөзін қатар жазған. Оның сахнасы – жастар, студенттердің туған күні болатын. Табылдының сол өзі оқыған жылдары бүкіл ҚазҰУ-дың гимніне айналған «Қыпша белің-ай» деген ән болды. Кейін ол ән «Астананың аруы» аталып кетті. Журналистика факультетінің жатақханасының балконынан Табылды ән айтып отырған кезінде көрші тарих, филология, биология факультеттерінің студенттерінің бәрі балконға шығып тыңдап отыратын. Табылды әнін бітірген кезінде бәрі қол соғып, тағы ән сұрайтын. Осылай отырып Табылды шағын концерт беретін, – дейді досы Арман Сқабылұлы.

Еңбек тәжірибесіне келетін болсақ, жоғарғы оқу орнын 1990 жылы бітіріп, Атырау телерадиокомитетіне келіп, сол жердегі облыстық телевизияның құрылуына атсалысқан. Ондағы екі жылдық тәжірибеден соң, 1992 жылы облыстық филармонияда шығармашылық жұмыстармен айналысады. 1993 жылы Индер аудандық тіл басқармасының бастығы, 1995 жылы облыстық дәрежедегі Махамбет қорының директоры қызметін атқарған. Кейін 2000 жылдан бастап Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы болған.

Жалпы, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табыл Досымовтың бұл бағыты 50-60 жылдарда ерекше қарқынмен дамыған және жастар арасында кең танымалдылыққа ие болған. Ал 60-70 жылдары бұл жанрдың басты тұлғалары Высоцкий, Галич, Туриянский, Берковский, Никиткин, Городницкий, Щербаков, Кунин, Мирзаян, Бережков секілді ұзын-сонар таланттар еді.

Көптеген бардтар музыкаларында Ұлы Отан соғысындағы батырлардың ерлігі мен қарапайым халықтың өмірлік мәселелерін сөз қылуды мақсат тұтты. Мәселен, Окуджаваның "Қош болыңдар, балалар!", Высоцкийдің "Жігіттеріміз аттанды" атты әндері осыған дәлел.  Шыны керек, бардтар өздерін бұлай атағаннан гөрі авторлық музыканттар деген сөзді дұрыс көреді.

Өкінішке қарай, қазақтың тұңғыш бард ақыны небәрі 2010 жылы 45 жасында ұйқысынан оянбай қалды. Құдды бір өзінің өлімін сезіп кеткендей. Ол өлеңдерінің бірінде былай деді: 

Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,

Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам...

Өмірді шексіз сүйген, әрдайым адал еңбек еткен өнерлі жан халықпен бірге тағдырдың небір теперішін қайыспай көтерген. Жасынан көне шежіре, қисса-дастан жаттап, бойына сіңіріп Асанқайғы, Махамбет сынды тұлғалардың жан әлеміне үңіле жүріп, өзі де мәңгілікке сапар шекті. 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English