«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Келімсекке жер бермей...

2698 0
Келімсекке жер бермей...
Ұлт тарихында қарыстай жері үшін атқа қонып, ешкімге бермей алысқан ерлер аз емес. Соның бірі емес, бірегейі – Зейнолла болыс Бұтабайұлы

Бұтабайұлы Зейнолла (1865-1924) – болыс, ХІХ ғасырдың соңында Зайсан уезiндегі Маңырақ болысын басқарған. Зайсан, Ақжар өңірін мекендеген жұмық, саты еліне беделді, бірнеше рет болыстыққа сайланған. Ə. Бөкейханмен хат жазысып тұрған. Əкесі Бұтабай аға сұлтан болған.

Ел аузында əкесінің атамекендегі игі істерін жалғастырушы, халыққа жайлы, кем-кетіктерге жаны ашып, жағдайларына қарап, үнемі көмек қолын созып отыратын ұлағатты адам ретінде есте қалған. Ел ішіндегі дау-жанжалдарды əділдікпен шешіп, барымта, ұрлық-зорлыққа қарсы тұрып, тыйым салып отырған. Мешіт, медресе салғызған.

Оқи отырыңыз: Мешітті мектепке айналдырған Мәми бейсі

Патша үкіметінің қоныстандыру саясатына малданған Зайсан қаласының байы Сорокин, Легиндер заңды белден басып, Бұтабайұлының иелігіндегі шұрайлы жерлерді иемденіп алғанда қарсы шығып, жаңадан салған үй, қораларын талқандап, бұзып өздерін қуып жіберген. Қол астындағы халықтың жайлауын, қыстауын патша жандармдарына бермей алып қалғаны үшін ұзақ уақыт қамауға алынып, тергелгендігі, ел теңдігі, жер теңдігі үшін күрескендігі белгілі.

Осы келеңсіздіктер жайлы Самарадағы Ә. Бөкейханға хат жазған. Бөкейхан оның хатына бейжай қарамай «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 36-санында «Жауап хат (Зейнолла Бұтанбайұлына)» деген атпен өз пікірін білдірген. Əлихан хатта айтылған келеңсіздіктің бүкіл қазақ жеріне де ортақ екенін жасырмайды.

Оқи отырыңыз: Алаш жолымен

Жауап хатта: «Шілікті – мал кіндігі. Бұл жерде Еуропаның Əлпі деген тауындағы Швейцария жұрты болса, мал шаруасын іс қылып, сиыр сауып, ірімшік қайнатып, жүні жақсы шұға болатын қой бағып дүрілдетер еді» деген аз-кем хабар береді. Шілікті өңірін жайлап отырған рулар мен олардың жерінің тепе-теңдігі, шабындық үшін қанша жер керектігі, оларға тиесілі шаңырақ пен түтіннің саны қанша болуы керектігі де сөз болады.

Жауаптың соңғы мазмұны мынадай: «Закон жолына салса 54-жайлауда артық жер жоқ. Мұнда күнелтетін қазаққа карта бойынша 13 мың 831 десятина жер сыбаға керек. 54-жайлаудан қазынаға жер алынбайды. «Балуан алып та жығады, шалып та жығады» дегендей, күшке салса онысын өзі біледі. Шілікті болысындағы төртінші ауыл Бұрымбеттің 16 қыстауы 55-жайлаумен бөліктес...

Зейнолла Бұтабайұлының алдырып отырған жері 144-қыстау жерінде болса да 9 июнь 1909 жылғы Министрлер Кеңесінің насихат-бұйрығына сүйеніп, қыстау тұрған жер – қой өрісі, көктеме, пішендік деп жолдауға ғана болады. Бай орысқа жер берем деп қыстаудан көшіретін Закон жоқ» деген екен «Қыр баласы».

Шілікті өңірінде совет үкіметі орнағаннан кейін З. Бұтабайұлы Қытай жаққа көшіп кетеді, бірақ ол жақтағы Таңғыт үкірдаймен ұстасып, жерге таластан соң, қайта атамекенге өтуге мәжбүр болады.

Оқи отырыңыз: Таңғыттың тағдыры

1924 жылы саятшылыққа шығып, кенеттен ауырады, немере ағасы Ажыханның үйінен шығып, өз үйіне әкеле жатқан жолда, Қарасай даласында қайтыс болады. Бір жылдан соң, басына зәулім күмбез соғылады. Сәулетшісі – Баязит Сәтбайұлы. Мемлекет қорғауына алынған кесене қазір Жалши ауылының іргесінде тұр.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Сұлтановпен бірлесіп жазылған бұл мақала «Әлихан Бөкейхан» энциклопедиясына кірген.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English