«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі»

9572 0
«Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі»
Баршаға белгілі, қазақ шежіресін қазақ халқының шығу тегін көбіне Әбілқайыр есімінен бастайды, Қазақ, Созақ, Қарақалпақ деп. Бұл этнонимдерді Әбілқайырдан туған балалары ретінде атайды

Шындығы, әрине, ондай емес. Бірақ, Әбілқайыр ұлысына қазақ жалпақ жұрты, Созақ қаласы (яғни, Шибан әулетінің өкілдері), қарақалпақ (маңғыт) қауымдары қарағанын көрсететін болса керек. Сондықтан Әбілқайыр хан ұлысы туралы зерттеп-зерделеу – қазақ этногенезіне де, саяси қалыптасу тарихына да, құқықтық жүйесінің дамуына да тікелей байланысты мәселе.

Өткен жылы жарияланған тарихи тың зерттеулердің ішінде маңызды әрі қазіргі ұлттық тарихнамаға әсер ететіндей еңбектің бірі – «Әбілқайыр Шайбан: Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі» зерттеуі. Жаңаша ізденіп, зерттеп жазылған кітаптың авторы – ғылыми ізденіс тәжірибесі үлгіге толы, шығармашылық өнегесі мол, зиялылық қасиеті зор әріптес ағамыз, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған.

Әбілқайыр хан ұлысы кезеңін зерттеу – қазақ тарихы үшін әрқашан қажетті және өзектілігін жоғалтпайтын ауқымды мәселенің бірі. Сондықтан осы шағын мақалада біз кітаптың мазмұны талдай отырып, оның Әбілқайыр мемлекеті тарихын қарастыруда  жаңа мәселелер туралы баяндауды қолға алдық. Біз қарастырып, талдап отырған Әбілқайыр хан туралы еңбекке ұқсас жазылған туындылар бұрын да болғанымен, бұл кітаптың өз ерекшеліктері бар, соған тоқталып өтейік.

Зерттеудің бірнеше ерекшеліктерінің ішіндегі басты ерекшелік – кейінгі орта ғасыр кезеңінде жасаған тарихи тұлға өмірбаянын талдауға арналуы. Өйткені, Әбілқайыр хан туралы мәліметтер, нақты деректер тарихи хроникаларда аталып, кездескенімен, оның тұлғалық тарихын толыққанды жазуға арналған еңбек бұрын-соңды болған жоқ. Жақсы жазылған мақалалардың бірі – Жақсылық Сәбитовтың «XV ғасырдың 20-60-ншы жылдардағы Шығыс Дешті-Қыпшақтағы Әбілқайыр ханның саяси қызметі» атты мақаласы. Оның ойынша, Б.А. Ахмедовтың «Көшпелі өзбектер мемлекеті» атты еңбегі Әбілқайыр ханның билігі туралы мәселені зерттеп, тиянақты шешкеннен гөрі, оны тығырыққа салды. Осыған орай бұдан да күрделі ғылыми тарихнамалық мәселелер бар. Әбілқайыр ұлысының әлеуметтік құрылысына талдау жасаған ғалым Д. Маслюженко хан ірі тайпаларының жиырмадан астам рубасыларының қолдауына сүйенгені айтады.

Ал енді профессор Бүркітбай Аяған зерттеп жазған еңбекке келетін болсақ, автор  «Қыпшақтар елі», «Әбілқайырдың дүниеге келуі, ересектенуі, жоғарылауы», «Көшпелі өзбектердің экспансиясы», «Әбілқайыр хандығының әлеуметтік құрылымы», «Дала патшасы Ахмет, Махмұтпен шайқастары», «Қалмақ патшасы Өз-Темір тайшымен айқас», «Қазақ халқының пайда болуы», «Әбілқайырдың соңғы күндері» атты тоғыз тарауда Әбілқайырдың жеке тұлғасы далалықтардың саяси өмірі, қыпшақтармен және өзбек ұлысымен байланысы, оның соғыстар тарихы туралы баяндау Әбілқайырдың жүріп өткен жерлеріне қатысты тарихи-географиялық, картографиялық-топонимикалық нақты фактілер мен өмірбаяндық байланыстарды анықтау негізінде құрылған. Кітаптың өзі тарихты баяндау стилімен қызықты. Автор оқырманды айтылған қызықты ойды жалғауға шақырғандай сипатта, тартымды етіп жазады.

Кітапта оқырманды мәселемен жақын таныстыратын, тарихи дерек көздері туралы мәліметтер мен ол еңбектерге қатысты тарихнамалық шолу беріледі. Түркілік ортағасыр тарихнамасы тұтас әрі ортақ мұра болғанымен, оның ішкі жіктері бар екендігі туралы кезінде шығыстанушы ғалымдар В.П. Юдин, М.Қ. Әбусейітова атап өткен болатын. Яғни, тарихи шығармалар өлкелік жағынан мәуереннаһрлық немесе моғолстандық, билеуші әулеттер жағынан шағатайлық, тимуридтік, шейбанилік болып бөлектенетіндігі, жазу тілі жағынан араб, парсы, түркі болып келетіндігі айтылды.

Түркілік тарихнаманы парсылық нұсқалар мен арабтық үлгілерден ерекшелейтін өзіндік белгілері бар – мысалы, хикаялардың өлең немесе қиссаға түсіп кетуі, жер-су аттарының ерекшеліктеріне қарай, кісі есімдерінің қолданылуы, және т.б., ал өзара ұқсас ортақ сипатына қарай бұл еңбектердің бәрін, әрине, жалпы орталықазиялық мұсылмандық тарихнамаға жатқызамыз. Мысалы, хан Бұзұрғ Әбілқайыр хан туралы сақталған тарихи дерек көздері: «Тарихи Абулхаир хани», «Бахр ал Асрар», «Михман нама-и Бухара», және т.б. шығармаларда, Әбдіразақ Самарқанди, Масуд Кухистани, Фазлаллах Рузбихани, және т.б. авторлардың еңбектерінде айтылады. Бұдан басқа қазақ тарихи шежірелерін жинаған М.-Ж. Көпейұлы, Шәкерім қажы, Құрбанғали Халид жазған еңбектер тарихи құнды дерек береді.

Шығыстық дерек көздерін зерттеу тәжірибесі өзіндік ғылыми дербес мектепті қалыптастырды. Осыған дейін Әбілқайыр хан туралы, немесе сол кезеңге қатысты тарихи еңбектер жазған әйгілі Марғұлан Ә.Х., Сафаргалиев М.Г., Ахмедов Б., Сұлтанов Т.И., Юдин В.П., Кляшторный С., Әбусейітова М.Х., Пищулина К., Трепавлов В., Кәрібаев Б., Сабитов Ж., Атығаев Н., және т.б. Орталық Азияның үш ірі аймағы болып табылатын Дешті-Қыпшақ, Моғолстан, Мәуереннаһр тарихын тыңғылықты қарастырған ғалымдар. Қазіргі зерттеуші Ж. Сәбитов Ақ Орда хандық емес, Ұлық Ұлыстың билеушілері туратын астанасы, көшіп-қонып жүретін мекен орны деген пікір білдірді. Ол енді жеке мәселе. 

Әбілқайырдың дүниеге келіп, кіндік қаны тамған туған жері Жайық өзені бойында орналасқан өңірлерден бастап, оның саяси дәуірлеуі жүрген Батыс Ібір-Сібірдегі әйгілі Чинги-Тура, соғыс салған Ақыртөбе, астанасын құрған Орда-Базар, соңғы жайын тапқан Сығанақтағы Көккесенеге дейін бірізді баяндалады. Осынысымен бұған дейін жазылған еңбектерден біршама ерекше. Кейін Сібір хандығын билеген Көшім ханның тұсында Ібір-Сібірде, әртүрлі мәліметтер бойынша, 54 қала болғаны еңбектерде айтылады. Соның ішінде қазір 17 қаланың орны ғылыми айқындалған деседі. Сібірдегі осындай қалалық мәдени өмір мен сауда-керуен жолдарының дамуында Әбілқайыр ханның мемлекетінің үлкен әсері әрі өркениеттік мұрасы болғаны деп білуіміз керек.

Ұлттық тарих патриархы, аяулы ғалым, академик Әлкей Марғұлан Ұлы Даланың тарихын жүйрік білгірі ретінде пайымдағандай, қазақ мемлекеті қалыптасуының барысы Дешті Қыпшақ даласында ХІІІ ғасырда басталды. Осы уақытта протоқазақ, яғни арғы қазақ руларының, саяси бірлесу арқылы тұтас халыққа тоғысу үдерісі жүріп, бірнеше ғасырға созылды. Ал олардың соңғы ынтымақтасу кезеңі Ақ Орда хандығы мемлекетінің дүниеге келуіне тікелей қатысты. Яғни, қазақ халқының, қазақ мемлекеттілігінің тарихы тек қана Қазақ хандығы құрылуы кезінен басталады деген түсінік тым шолақ болады. Ұлы Дала тарихының кезеңдерін қазақы танымын шежірелік ұғымдардан жаңғыртатын болсақ, қазақ-қалмақ заманы, қазақ-өзбек, қазақ-ноғай заманы болып ажыратылады. Бұл үлкен үш кезең қазақ шежіресінде бекерге айтылмайды. Оның мағынасы Ұлық Ұлыстай үлкен мемлекеттің тарамдала келе кіші ұлыс, хандықтарға жіктелу процесін аңғартады.

Шейбани Дәулет шейх оғланның ұлы Әбілхайыр хан 1412 жылы туған. XV ғасырда, 1430-1468-ші жылдар аралығында Дешті Қыпшақтың беделді билеушісі болып, қырық жыл хандық құрды. Қазақтың шығу тегін баяндайтын «Қазақ шежірелері» жинақтары, оның әр түрлі нұсқаларында, әріде Алаш, Жайылхан, ал беріде Әбілқайыр, немесе Жұман деген атадан таратады. Әрине, бұл генеалогиялық нұсқа генетикалық шындықты, яғни бүкіл қазақтың рулары Әбілқайыр немесе Жұманның баласы деген мағынаны білдірмейді, бар болғаны, ол шежірелер қазақтың рулық ұйымының бір бастауы Әбілқайыр ұлысы немесе Жұман ұлысынан шықты дегенді көрсетіп тұр және негізі Қазақ одағының қалыптасу барысын суреттейді.

Тарихшы ғалым З. Жандарбек Жұман есімі қазақ ортасында өзгерген Шейбан атын білдіреді деген. Бұл пікірді қостауға болады. Кейбір зерттеушілер Шейбан, Сыбан бір мағынадағы есім деген. Шайбан сөзінің арабша этимологиясын талдайтын болсақ: «шайх» (рубасы) және «бану» (тайпа, ел) сөздерінен құралып қалыптасуы мүмкін. Осы үлгіде Шайх-Қайдар – Шайдар, Шайхыны – Сиық, Шайхымды – Сыйқым деп түркіге әуелде жат кірме сөз ауызекі анайлымға орнығып кірген соң, сөздер құбылып айтыла береді. Тарихи деректердің мәлімдеуінше, Шыңғыс хан түрік жерлерін билеу үшін өз ұлдарына үлестіргенде, ең елеулі әрі басты ортасы Жошыға беріп, Хорезмді де, оның өлкелерімен қоса, Жошы ұлысының қарауына толығымен өткізіп берген. Ежелгі дәстүр бойынша, Шыңғысханға дейін әрбір түркілік рулардың өз билеуші әмірлері, хандары болды. Өзінің билігіне бағындырып, өзіне қаратқан ру ақсүйектерімен жөнге келіп, дос болып, туыстасып, сол рудың бектерін өзінің сенімді уәзір, билеріне айналдарды. Бірақ, кейін, Жошы әуелеттерінде тегеуріні әлсіз билеушілер шыққанда, чингизидтер билігіне талас тудырған әмірлер  шығар бастады. Мысалы, Әмір Темір жақтастары Дешті Қыпшақ өзбектерімен үнемі шайқасып отырды. Өзбектерге, Фазлаллах Рузбихан бойынша, - шибаниттер, яғни Шибан әулеті өкілдері, әлемге күшімен, жаужүректілікпен атақты болған қазақтар, және маңғыттар жататыны айтылады. Демек, бұл чингизидтер әулетінің биілігін мойындамау, саяси сепаратизм деп те бағалауға болады.

Бұл тарих, негізі, әріден басталады. Тарихнамада Жошы ақ киізге көтеріліп, хан тағына отырмады деп айталғанымен, Ұлытауда тұрған оның мазары халық арасында «Жошы хан кесенесі» деп аталады. Ұлық Ұлыстың билеушісі Шыңғыс хан өзінің Жошы, Шағатай, Үкітай, Толуй есімді әйгілі мұрагер төрт ұлына жер үлестіріп беріп, олар Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, Үкітай ұлысы, Толуй ұлысы деп аталды. Ұлыс басшысы қалай да болса хан дәрежесіне лайық. Шыңғыс ханның өзі ол кезде әлі бұл дүниеде тірі болған соң, балаларын ақ киізге көтеріп хан тағына ресми отырғызу рәсімі жасалмады. Сондықтан, Жошыны хан деп атау қате емес. Жошы ханның ұлысы Шу өзенінен бастап батысқа қарай ат тұяғы жеткен жерлерге дейін берілді. Бұл – 1224 жылы орын алға оқиға.

1227-нші жылы Жошы дүние салған соң, нәтижесінде оның ұлысы Жошы балаларына мұра болды. Шыңғыс хан, немерелерінің қалауы бойынша, Жошы хан иелігін үш бөлікке бөліп берді: Ертістен Ырғызға дейінгі жерді, Алакөл Балқашқа дейін, үлкен баласы Орда-Еженге, Ырғыздан Жайыққа дейінгі жерлерді, Ор мен Електі інісі Шайбанға, Жайықтан Қырымға дейінгі жерлерді Бату хан мен оның інісі Тоқай-Темірге үлестіріп берді. Сондай-ақ, Шайбан Тоқай-Темірмен еншілес болған. Сонымен, Шыңғыс хақан қаншама үлкен аумақтарды бағындырып, білігіне қаратса, Ұлық Ұлыс мемлекетін құру саясатын ақыры өзінің төрт ұлына үлеске бөлшектеп, ұрпақтарына еншілеп берген.

Бұл оқиға Шыңғыс хақанның рұқсатымен, қолдауымен, руларға ұран, малға таңба, тұмарға құс, қонаққа мүше ретін қайта үлестірумен, оң батасын берумен жүзеге асқаны туралы қазақ шежірелерінде айқын айтылады, Өтеміс қажының әйгілі «Шыңғыс-нама» еңбегінде анық баяндалған. Орда Еженнің жерлері бұрын Найман-Күре деп аталған Шыңғыстау, Үкітай ұлысының шетіне қарасты Алакөл, Шу өзеніне дейін, Ұлытау, Сыр бойы толығымен қамтыды. Ақ Орданың халқы алты тайпаның одағы – Алты Алаш құрады. Жошы ұлысының атақты хандары мен билеушілері Бату хан (1209-1256), Берке хан (1209-1266), Ноғай хан (1235-1300), Тоқта хан (1291-1312), Өзбек хан (1280-1341), Жәнібек хан (1342-1357 жж. билеген).Қазақ шежіресінде айтылатын әйгілі Ақкелімбет, Қаракелімбет, Сарыкелімбет есімдері ноғайлы тарихымен байланысты, есімдері қазақтың арғы  ата-бабалары ретінде айтылады.

Жошы ұлысының шығыс жағы арғын, найман, Дешті-Қыпшақтың қыпшақтары, алшын болған, және әртүрлі түрік пен қыпшақтан қосылған, кейін Берке ханның немере інісі Ноғай ханның атыменен аталған ноғайлы атанған елдер қоныстаған еді. Ноғай ханның билігі зор, Дешті-Қыпшақтағы әрбір хандарды өзі қойып, өзі түсіріп жүрген бір мықты хан болған. Жошы ұлысының кішкене хандықтарға бөлініп, бөлшектеніп кетуінің бірден бір себебі – қазақ шежіресінде аталатын Ормамбет ханмен байланысты, тарихта ол Ұлығ Мұхамед хан деген лақап есімімен аян Темір ханның 1446 жылы өлгенде, ноғайлы хандары өзара хан тағына таласып, жіктеліп бөлінгендігі. Сол кезде хан Бұзұрғ Әбілқайыр Қазан, Қырым хандарына қарамай, Жошы ұлысының шығыс бөлігін 1452-1455 жылдары жеке билеп тұрды. 1451-ші жылдың ақпан айынан 1452-ші жылдың қаңтар айы аралығында ұлы мәртебелі Әбілқайыр хан Самарқанда болды. 1430-1431, 1435-1436, 1440-1441 жылдары аралығында Әмір-Темірдің немересі Әбу-Саид Хауаразм мен Самарқанд қалаларына алты рет жорық жасаған. Мәуереннаһр билеушісі, өзінің тимурид Абдолла бин Ибрагим султан (1433-1451) соғыс қылған Әбу-Саид Әбілқайыр ханның көмегіне жүгініп, 1450-1451 жылы билік құрған Абдолланы жеңіп шығады.

Профессор Б.Ғ. Аяғанның кітабында бұрыннан белгілі мәселелерді жаңа қырынан қарау талпынысы өте жақсы. Мысалы, қарастырылып отырған дәуірге қатысты ол кезде өзбектер, қазақтар және ноғайлар аттарының саяси және әлеуметтік мәні болатындығы туралы дұрыс айтылған (22 бетте). Тоқсан екі баулы өзбек-қыпшақ атымен белгілі рулар одағынан құралған өзбек-қазақ деген ел бар, оның «өзбек-қазақ» мағынасы «өз еркіменен» өзі өзіне би, өзіне өзі қожа болып жүрген, «салт атты, сабау қамшылы» деген мағынаны білдіретін сөз екені шындық еді. Тарихи деректерде, сондай-ақ, «уалаят-өзбек», «ел-өзбек» атауы болғанымен, кейін кеңестік тарихнама ықпалымен «көшпелі өзбек» ұғымы пайда болды.

1552 жылдан кейін Әбілқайыр ханның билігіне қарап тұрған көшпелі ел ойрат Есен тайшының баласы Өз-Темір қол бастап, бірталай шапқыншылық жасап, быт-шыт қылып шауып кетті. Әбілқайырдың бұл жеңілісі оның қамалға бекініп, қалаға қамалып отырып алуының кесірінен болды. Мысалы, Мысырды билеген әйгілі мәмлүк сұлтаны Барысбай өзінің хаттарында жазғанындай, жауынгер түріктер үшін – қамалдары, астындағы сәйгүлік аттары, қазылған орлары – қолдағы қайқы қылыштары, қоршалған дуалдары – жаужүрек жігіттері еді. Далалықтақтырдың бұл ұстанымы қашан да болмасын жаудан құтқарған. Дала жазирасында емін-еркін жүріп талай ашық шайқасқа түсіп жүрген Әбілқайыр хан мұны білмеді емес, білген болуы тиіс, бірақ сұм ниетті ақылшыларының берген теріс кеңесінің құрбаны болса керек. Әбілқайырдың осындай абыройсыздақтарға ұшырауы 1455 жылы әз-Жәнібек пен Керей сұлтандардың оның қол астындағы бірталай қазақ елін алып, Әбілқайырға өкпелеп ауып кетіп, Шудағы Шағатай ханына барды. Мұның артынан Әбілқайыр хан өлген соң өзбек ұлысы бытырап кетті.

1450 жылдан кейін Шағатай нәсілі Ферғана менен Мауреннаһрды билеп тұрды. Қалалық тұрмысты жақсы көріп, көшпелі халықтарға қалмақтың шапқанынан болыса алмаушы еді. Қазақта Шайбақ хан есімімен әйгілі Әбілқайыр ханның немересі Шаһбахыт Шайбани хан 1499 жылы қасына өзбек-қазақты жиып алып, Мауренаһрдегі  Самарқанды қаласына шапты. 1508 жылы Шайбақ Мауренаһрды алып, Ташкентте тұрған Шағатай нәсілінен Махмұд хан менен көшпелі халықты билеген інісі Ахмет ханды екеуін де өлтірді. Хансыз қалған Шағатай елдері қазаққа қосылды. Бұл елдердің қазаққа қосылған уақытында халқы көп болды. Сол кезде қазаққа әз-Жәнібек ханның Қасым деген баласы хан еді. Сонда Қасым хан қол астында бір он сан халқы болды.

XVІ ғасырда өмір сүрген тарихшы Масуд бин Осман Кухистани Апақ хан есімімен белгілі моғолыстандық Абдул Латиф ханның (1604-1630) тапсырмасымен жазылған «Әбілқайыр ханның тарихы» («Тарихи Абулхаир-хани») атты еңбегі жазылған. Тарихшы Құрбанғали Халидтің «Шығыстың бес тарихы» («Тауарих хамса шарқи») еңбегіндегі пікірі бойынша, төре тұқымдары атанған Шыңғыс ханның ұрпақтарының ішінде хандық құру дәуірі ішінде он бірінші кезеңге жатады, тегі жағынан тарамдалуы былай келеді: Шыңғыс ханның баласы Жошы хан, оның баласы Шайбан, оның баласы Байнал Баһадур хан, оның баласы Йесу-Бұқа, оның баласы Жошы-Бұқа, одан Бадығұл, одан Мәңгі-Темір, одан Болат хан, одан Ыбырайым хан, Қызыр хан, Ыбырайым ханнан Дәулет шейх сұлтан, одан Әбілқайыр хан, Сейтеке сұлтан туады. Әбілқайыр ханның баласы Шаһ-Бұдағ, одан Мұхаммед хан туады. Бұл тармақтан барлығы 24 хан таққа отырып, жүз жылдан аса билік құрған.

Әбілқайыр хан мемлекеті тарихын талдауда күрделі әрі маңызды бірнеше мәселе, қалыптасқан қайшылықты, теріс көзқарастар бар: алдымен өзбек этнонимінің шежірелер баяндағандай Өзбек хан атымен байланысты деген көзқарасты белгілі шығыстанушы ғалымдар, Григорьев, Семенов, және т.б. зерттеушілер қолдамады, яғни, өзбек этнонимі эпоним ретінде қалыптаспады деді. Ондай ойды дамыта берер болсақ, артынан өзбек-қазақ қауымының Өзбек ұлысына қатысы жоқ деген қате пікірге келуге де әбден болады. Шәкерім қажының пікірінше, өзбек қауымы аты бұрынғы кезде Дешті Қыпшақты билеген Жошы нәсілінен шыққан Өзбек хан есімімен байланысты. Жошы ұлысы халқын мұсылман қылған Өзбек ханның атақты болғандықтан оның атымен барша Жошы ұлысы өзбек атанып, өзбек қазаққа келіп қосылды. Міне, осы пікірді дұрыс деп білген жөн.

Профессор Бүркітбай Аяған мырзаның «Әбілқайыр Шайбан: Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі» зерттеуінде бұдан да басқа өте қызық және ерекше тартымды мәселе қаралған. Оның барлығын кітапты оқу барысында оқырманның ой тоқуымен жүзеге асады. Қазақ халқының тарихы үзік-үзік, кей жерде шым-шытырық, өзара сабақтастығы да аз, уақыт пен кеңістік жағынан шашыраған болып көрінуі мүмкін. Мұндай көзқарас пен пікірдің болуы бір себебі заңды болса да, екінші жағынан ұлтымыздың тұтас тарихы жазылып болуын қаламағандар болғаны белгілі. Халықтың тарихи даму жолы қиғаш келеді, әр түрлі тарихи қатпарлы кезеңдерден, қайшылықты тарихи оқиғалар мен тамыры әртарапты мәдени құбылыстардан құралады. Бірақ тұрақты мәдени белгілері мен қайталанбас этникалық ерекшеліктері негізінде тұтас бір этномәдени жүйелер екендігін бірден байқатады. Қазақстан тарихы жеке жұрнақтарымен емес, қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда тұтас қалпында түсінікті болуы үшін, байланысы ашылмаған тарихи кұрделі мәселелердің шешімі табылуы тиіс.

«Әбілқайыр Шайбан: Дешті Қыпшақтың соңғы билеушісі» зерттеуінде айтылған жаңашылықтардың бірі жер-су аттары жайында жасалған ізденістермен байланыыты. Мысалы, деректерде айтылатын «Джайтар-Джалкин» жер аты қазіргі Жалтыр көлімен, Жабай өзенімен байланыстылығын, сондай-ақ, Атбасар аты сол заманның өзінде сол қалпында жер-су топонимикалық атауы ретінде болғандығының өзі ерекше жайт. Икра-Тупин шайқасы деп аталатын тарихи оқиға, зерттеушілердің пікірінше, қазіргі Атбасар маңында орналасқан Ақыртөбенің атымен байланыстылығының айқындалуы да керемет жаңалық. Кітапта осыған орай Әбілқайыр хан ордасының қозғалған тарихи жолын көрсететін карталар берілген.

Кітапта Әбілқайыр ханның жойқын қолбасшылық қабілеті, әскери дәстүрдің шебері, ауқымды мемлекет құрған зор билеуші ретінде жақсы суреттеледі. Әбілқайыр хан өз заманының осындай әйгілі тұлғасы болды. Оны Дешті Қыпшақ патшасы, Ақ Орданың билеушісі, Әбілқайыр ұлысының негізін қалаушы деп атады. Кейде хан Бұзұрғ, яғни Үлкен хан деп атады. Хан бұзұрғ Әбілқайыр туралы зерттеу еңбек – біз үшін тарихи ерекше құнды еңбек.

«Қазақ хандығы. Алмас қылыш» кинокартинасындағы фотосуреттер пайдаланылды.

 

Мақсат АЛПЫСБЕС, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English