«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қаһарман туған Қайырбаев

1158 0
Қаһарман туған Қайырбаев
«Қазақстан тарихы» порталы қазақ халқының қаһармандық дәстүрін жалғастырған батырлар ерлігін дәріптеуді естен шығармайды

Өткен ғасырдың ортасындағы қанды қырғында оқ жауып бораған күндерден аман қалып, елге игілігін тигізген қайсар тұлғаның бірі – Махмет Қайырбаев.

Махмет Қайырбайұлы 1925 жылдың 1 қаңтарында Семей облысының Бесқарағай ауданының Семиярка ауылында дүниеге келген.

Махметтің арғы атасы Қабзолда ишан өз заманының көзі қарақты адамы болған. Құлмырза ауылында мешіт салып, Меккеге қажылыққа барған. Құдайсүйер ісіне қарай ауыл адамдары оны «Ақмолда қажы» деп атап кеткен екен.

Махметтің атасы Мұқатай – Қабзолданың кіші ұлы, ол да қоғамдық қызметімен елге белгілі болады. Ауылдастары би қылып сайлап, бірнеше рет ауыл старшинасы лауазымына ұсынып, үлкен сенім білдірген. Мұқатай атақоныс жерлерінен көмір кенін тауып, ашып атағын шығарған. Бұл кен орны қазір «Қаражыра» деп аталады.  

Махметтің өз әкесі Қайырбай өте еңбекқор адам болып қалыптасады.  Отызыншы жылдардағы аштық кезінде ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен. Мұқатаймен бірге туысқандарын көмір кен орнына көшіріп әкеліп, сол жерде көмір өндіру мен оны сатуды ұйымдастырып, туысқандарын аштық аузынан алып қалған. Сол азапты жылдары, нақтырақ айтқанда, 1932 жылы Мұқатай қайтыс болады.

Аштықтан аман қалған Қайырбай отбасын Бесқарағай ауданының орталығы Семиярка ауылына көшіріп апарады, тұтынушылар кооперациясында жұмыс істейді. 1936 жылдың қарашасында оны БКП (б) мүшелігіне кандидат қылып қабылдайды, 1937 жылдың шілдесінде ол Алматыда Өлкелік тұтынушылар одағы пленумының жұмысына қатысады.

Тура бір айдан кейін оны «халық жауы» деп тұтқындап,  «жапон тыңшысы» деген жалған айып тағылып, атылып кетеді. Осылайша әкеден ерте айырылған Махмет орта мектепті бітіріп, Павлодардағы педагогикалық училищеге түседі.

1941 жылы совет-герман соғысы басталысымен соғысқа баруға ерікті ретінде өтініш бергенімен, жасы толмағандықтан әскерге алмайды. Бір жылдан кейін қайтадан өтініш берген жас жігітті 1942 жылдың тамызында Бұхараға эвакуацияланған Подольск артиллериялық училищесіне оқуға жіберіледі де, жылдамдатылған курс бойынша оқып, осы училищені бітіріп шығады.

1943 жылдың сәуірінен бастап қан майданға араласады. 1943 жылдың маусымынан бастап  Басқолбасшылық Резервінің 17-нші жеке танкіге қарсы жойғыш артиллериялық бригадасының 712-нші танкіге қарсы жойғыш артиллериялық полкінің взвод командирі атанады. Смоленск түбіндегі шайқасқа қатысып, өзінің алғашқы наградасы – Александр Невский орденін иеленеді, сол кезде жасы небәрі 18-де ғана болған.

1944 жылдың жазында «Багратион» операциясы басталады. Батыл артиллерист Белоруссия жерінде де ерен ерліктің үлгісін көрсете білді.

1944 жылдың тамызында совет әскері Литва жерінде шабуылға шығып, Шяуляй қаласының маңында фашист әскерін қоршауға алады. Өз полктерін қорғап, советтік дивизиялардың Балтық теңізіне барар жолын кесу үшін фашистер бірқатар танк шабуылын жасайды.

1944 жылдың 19 тамызында Шяуляй қаласының батысында немістердің қоршауында шайқасып жатқан батареялардың біріне көмекке 15 артиллеристпен бірге Қайырбаев көмекке жіберіледі. Көмекке аттанған артиллеристер ұрыса отырып, жол бойында кезіккен қарсыластың 70 солдатын жояды. Күші өзінен бірнеше есе асып түскен жаумен ұрыста батареяның офицерлер құрамы түгелімен қаза болады.

Осы кезде Қайырбаев батареяны басқаруды өз қолына алып, айнала қорғанысты шебер ұйымдастырып, қарсыластың 7 қарсы шабуылына тойтарыс береді. Осы бір қанқұйлы арпалыста ержүрек офицер басқарған жеке құрам жаудың үш танкісін және батальонға жуық әскерін жойып жібереді. Фашистер Шяуляйға өте алмады.

ССРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығы бойынша неміс-фашист басқыншыларымен жүргізілген күрес кезінде қолбасшылықтың тапсырмасын үлгілі орындап, көрсеткен батылдығы мен батырлығы үшін аға лейтенант Махмет Қайырбаевқа Совет Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі (№6367) табысталады.

Соғысты Қайырбаев шығыс Пруссияда, Кенигсбергте аяқтайды.

Жігерлі, талапты аға лейтенант Қайырбаев соғыс бітісімен, Ф. Дзержинский атындағы Артиллерия академиясына оқуға жіберіледі, алайда мұрағаттардан репрессияланған әкесінің ізін іздей бастағандықтан оны жылдам академия қабырғасынан шығарады. Далалық әскери округінің (бұрынғы Түркістан) артиллериялық полктерінің біріне қызметке жібереді. Бірақ мұнда да көп қызмет етпейді, денсаулығына байланысты 1946 жылы запасқа шығарылады.

1946 жылдан бастап 1957 жылдың наурызына дейін М. Қайырбаев Павлодар облысының Бесқарағай, Успен (Лозов) және Ақсу (Ермак) аудандарында жауапты хатшы, төраға орынбасары, аудандық атқарушы билік төрағасы лауазымдарында жұмыс істейді. Тың және тыңайған жерлерді игеруге белсене қатысып, сол кездегі Ермаков ауданында «Пограничник» астықты совхозын салады.

1957 жылдың наурызында М. Қайырбаев Краснокутский (Ақтоғай) ауданына ауыстырылады. Осы жерде оның ұйымдастырушылық қыры мен өндіріс новаторы ретіндегі таланты ашыла түседі. Осы кісінің басшылығы кезінде ауданда он жаңа астықты совхоз салынады, ауданның барлық он сегіз ауылында да жаңа әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық нысандар қолданысқа беріледі. Асыл тұқымды малшаруашылығы дамып, егін шаруашылығында селекциялық ізденістер басталады.  

Облыс орталығында қызмет еткен кезеңі индустриалды-өндірісті Павлодардың көркеюімен, Екібастұз көмір бассейнінің және Ақсу энергетика кешенінің дамуымен тұспа-тұс келеді.

Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған кезінде облыс орталығының кейпі өзгеріп, қалада арнайы жобалар бойынша Пионерлер сарайы, теміржол вокзалы, балалар музыка мектебі, тұрғын үйлер салынады. Облыс экономикасындағы жаппай өзгерістер осы кісінің есімімен тығыз байланысты.

Махмет Қайырбаев 1996 жылдың 12 шілдесінде өмірден өтіп, Павлодардағы мұсылман зиратында жерленген.

Көзі тірісінде Павлодардың орталық көшелерінің біріне есімі беріліп, өзі тұрған үйге мемориалдық тақта ілінген. Жергілікті даңқ музейінде Батырдың мундирі мен жауды жайратқан зеңбірегі қойылған.

Махмет Қайырбаевтың аты Семей қаласын орналасқан 28738 әскери бөлімінің жеке құрамы тізіміне мәңгілікке енгізіліп, онда оның жеке құжаттары, кітаптар және кереуеті қойылған. Әскери бөлім басшылығы мен барлық жеке құрам батыр ерлігін әсте естен шығармай, ерлікке кір келтірмей, жоғары қолбасшылық қойған жауынгерлік тапсырмаларды үздік орындап келеді.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English