«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

#100шайқас: Ғасырлық соғыстар

2414 0
#100шайқас: Ғасырлық соғыстар
Көшпенді әскери мемлекет Ғұндар мен Қытайдың Хань империясы арасында соғыстар неше жүз жыл бойы толастамады

Осы соғыстардың басында Ғұндар басым келіп 80 жыл бойы Хань елін бодандыққа ұстап, өздеріне салық төлетті. Кейін Уди патша Ғұндарға қарсы көтеріліп, олармен тіресті, екі жақ бір-бірін ала алмай көп қырқысты. Ғұн елінің ақсүйектері таққа таласып қырқысып, өз ішінен бүлінді, оған қоса қол астындағы бағынышты көшпенділер бас көтерді, соның ішінде Ахуандар, Усұндар мен Сәнбейлер қосылып Ғұн қағанатын ыдыратты. Ғұндардың жартысы Алтайдан батысқа көшіп V ғасырда Еуропадан бірақ шығады да тағы бір Ғұн империясын құрады. Қытай деректерінде көптеген соғыстарға қатысты мағлұматтар сақталған. Соның ішінде 14 шайқас ең әйгілі болған.

Байдың шайқасы

Біздің заманымыздан бұрынғы 200 жылы Қытайдың Хань империясы мен Ғұндар арасында тарихи сипат алған шешуші соғыс басталды. Бұған дейін Цинь империясы ыдырап таққа отырғанына жеті жыл болған Лю Бань 320 мың жасақпен Ғұндарға қарсы аттанады. Бұл соғыс туралы Қытай тарихшысы Сы Ма Циеян былай дейді: «Ғұндар Ма И қаласын қоршады деп естіген Хан Гаузу (Лю Бань) 320 мың жасақпен Ғұндарға қарсы жорыққа өзі шықты. Модон өтірік жеңілген болып солтүстікке қарай шегіне берді, артынан өкшелей қуған Хань армиясы солтүстікке барғанда күн суытып кетті. Бай Дің тауына жеткенде Модон 400 мың атты жасағымен армиямызды қат-қабат қоршап алды.  Батыста кілең ақбоз аттылар, шығыста кілең қара көк аттылар, солтүстікте кілең қоңыр аттылар, оңтүстікте кілең жирен аттылар қоршап алды. Бір апта дегенде жасақтарымыздың 3/10-нің қол-аяғын үсік шалды, қатты абыржыған патшамыз Ғұн қатұнына елші салып пара берді, Ғұн ханымы Модонға: «Екі патша бір-бірін бұлай қыспаққа алмас болар, Ханның жерін алғаныңызбен иелеп тұра алмайсыз, олардың да жебеуші киесі бар, тәңірқұт, ойланғайсыз!» деді. Бұған қосылған тәңірқұт қоршаудың бір шетін ашты, жасақтарымыз осы саңлау арқылы шегініп шықты. Артынан Лю Жиңді елдесуге жіберді», – делінеді.

Бұл бір өмірін Ғұндармен соғысуға арнаған Хан Уди сынды қаһарлы патшаның кезінде, яғни аталған соғыстан тура 80 жыл кейін хатқа түскен. Осыған байланысты Сы Ма Цеян Хан Уди патшаның кәріне ұшырап, еркектік мүшесі алынып тасталған болатын. Мұндай жағдайда орда тарихшысы патшаның ата-бабалары бастан кешірген қорлық тарихты мүмкіндігінше жасыруға тырысқаны байқалады. Жеңіліс анық жазылған, бірақ Ғұн жасағының саны 400 мың, Хань армиясы 320 мың, яғни санының аздығынан, табиғаттың қолайсыздығынан деп жал тапқан. Бірақ кейінгі тұтас Ғұн-Хань соғыстарында Ғұндар ең көп болғанда 140 мың ғана қосынмен соғысқа шыққаны тағы айтылады. 

1211-1216 жылдары терістік Қытайды талқан еткен Шыңғысхан да небары 100 мың жасақпен Жиньнің 400 мың жасағын қойша қырып тастаған болатын. Сонда Шыңғысханмен деңгейлес қаған оншалықты көп әскер шығара алуы қиын. Сахарадағы көшпенділердің саны да көбінде миллион адамнан көп аса бермеген. Демек, Ғұн әскері  асса 200 мың, әйтпесе 100 мың адам болған деуге болады. Ал Хань әскерінің саны 320 мың, ендеше соғыс қалай болды, Сы Ма Циеян тек Хань армиясы қуалай берді, соңы қоршауға түсіп бір апта қамалды, соңынан қоршаудан шықты дей салған. Ал шын мәнісінде сұмдық қанды-қасап қырғын болғаны анық, Хан армиясы қоршауда «қойша қырылған», Хан Уди патша Ғұн тәңірқұтына тізе бүккен.

Екі жақ келісімдер жасау арқылы Хань елі Ғұндарға жылына жүз мыңдаған тонна астық, жібек, кездеме, алтын-күміс төлеп тұратын сырттай бағынышты бодан елге айналған. Хань әулеті ең әдемі қыздарын Ғұн тәңірқұттарына әйелдікке беріп отыратын болған. 

Соның өзінде жыл сайын Ғұн жасақтары Хань елінің шекара қалаларын үздіксіз тонап отырған, оған Хань патшалығы қарсы тұра алмаған. 195 жылы Модон Хан Гаузу өлгеннен кейінгі жесіріне: «Сенің күйеуің, менің бәйбішем өлді, енді екеуіміз ерлі-байлы болайық, сенің елің менікі болсын!» деп қорлау мағынасында сәлем жолдайды.  Ғұндарға әйел болған Жүй Хуаң Юе атты әйел Ғұнға келген хандіктерге: «Ей, топырақ үйде қамалып отыратындар, Ғұнның халық саны сендердің бір аймақтарыңа да жетпейді, бірақ соған қарамай айрықша қуатты болатын себебі тұрмыс тәсілі ұқсамайды, олар ет жеп, қымыз ішеді,  сендерде қара халық қысы-жазы қара еңбек, егін егу, құрылыс салумен титықтайды да, соғыс бола қалса, соғысқа жарамайды. Ал Ғұндарда ерлікті дәріптейді, жастайынан аң қуып, садақ атады, күресіп күш сынасады, сендер қалай ғана шақ келмексіңдер? Жібек киіп, шіренгенді қойыңдар! Жыл сайын әкелетін астықтарың мен алтын-күміс, жібек, кездеме, фарфорларың саны толық әрі толымды болсын, өйтпегенде күзде егіндеріңді жасақтарымыз атпен таптап кетеді!», – деген. 

Бұл дерек Ғұндардың негізгі кәсібі мал бағу емес, қайта әскери тұрмыс екенін көрсетеді. Сонымен бірге, Хань елі Ғұндарға жыл сайын алман-салық төлейтін басыбайлы бодан ел екенін көрсетеді. Айта кетерлігі, Ғұнның көреген Модон тәңірқұтының бұл соғысы тек шешуші соғыс, оның алдында да талай шекара қалаларды тонау соғысын жүргізгені анық. Ол шамасы келе тұра Қытайды түпкілікті басып алмай, қайта сырттай бағындыруды тиімді деп білген. Өйткені, Қытайлар сан жағынан Ғұндардан 40-50 есе көп, оларды басып алса Ғұндар оларға сіңіп жоғалатынын білген.

Келесі соғыстары туралы Бан Гудің «Хан Шу», Фан Вэйдің «Кейінгі Хан Шу», Си Ма Цяньнің «Тарихи жазбалар»  атты кітаптарында дерлік бірдей жазылған. Ол шайқастар туралы төмендегідей баяндалады.

Ма-идағы аңдысу

Эрамыздан бұрынғы 133 жылы Хань Уди патша мемлекет қуатының Ғұндармен алысуға жетерлік болғанын шамалап, ұлықтарының басын қосып ұлы жиын өткізеді, өзінің іргедегі жауы Ғұндармен соғысуға бекігенін ашық айтады. Сол сәтте көптеген уәзірлер қорыққанынан дірілдеп кеткен деседі, көбі бұрынғыдай құдандалы болып тиісті салығын тапсырып тұрсақ болды деген ойда болады. Ақылдаса келе Ғұндарды тәңірқұтымен шырғалап кіргізіп көздерін жоймақ болады, жансыздарын жіберіп Ғұннің Гүнзен тәңірқұтына Ханьның шекарасы босап қалғанын, барып шабудың орайы туғанын айтады. Мұны құп көрген Гүнзен 140 мың жасақпен оңтүстікке тартады, оларды аңдып Ма И қаласында  300 мың Хань жасағы орналастырылады. Ма И-ға келгесін жолда төңіректегі жым-жырт тыныштық Гүнзенді секем алдырады,  Ханьның бір жансызын қолға түсіріп, онан бар жағдайды аңғарады да, қосынын бастап шегініп кетеді, Хань қосыны да оларды өкшелеп қууға батпайды.

Хы Нан соғысы

«129 жылы Гүң Сүн Жиян деген қолбасшы  Иүн Жұңда барлауда жүріп Ғұндарға кездесіп қалады. Гүң Сүн Ау атты қолбасы Дәй Жүнде Ғұндармен соғысып жеңіліп, 7000-нан аса адамынан айырылады. Ли Гуан атты әскербасы Ежиза тәңірқұттың үш қосынына тап болады, Ли Гуанның тұтас қосыны жойылып, өзі тірідей тұтқын болады. Бірақ жолда күзетшілердің сылбырлығы себепті қашып құтылады» («Хан Шу»).

Осы шайқастада Ғұндар жеңіске жетеді, бірақ көлемі шағын соғысдеуге болады.

Ян Мін шайқасы

«128 жылы Ғұнның 20000 атты жасағы Ян Жүн, Үй Гуан, Ян Мін аудандарын шауып, 2000-нан аса адамды айдап кетті. И Гуаннның тұтығының мыңдаған әскерін жеңіп, Ангоға шабуылдады, Хань қосындары түгелі дерліктей қырылды. Көмекші қосын дер кезінде келгендіктен Үй Уаң  аман қалды. Сонымен бір уақытта Ғұн әскері Ян Мінге шабуылдап, шаһарды алып, неше мың адамды қырды. Уди патша Уй Чиңды 30000 әскермен Ян Мінға аттандырды, Ли Ши Дәй Жүннен көмекке аттанды, екі қол бірігіп Ғұндармен соғысты, Уй Чиң бірнеше мың Ғұнды шығындады, Ғұндар шегініп кетті» («Хан Шу»).

Бұл соғыста негізінен Ғұндар жеңіске жеткенін көруге болады.

Екінші Хы Нан соғысы

«127 жылы  Ғұн әскері тағы да Шаң Гу, Үй Гуаңға шабуылдап бұқарадан неше мың адамды қырды, У Ди патша бар күшпен Хы Нанды қалпына келтіріп, Ғұндардың қатерін жоймақ болды, Ордосқа қарай ел көшіріп, тың игеріп, егін ектіруге бұйрық берді. Астана Чаң Анға тұтасатын жолдар жасатты... Уй Чиң сардар Ли Шиді 40000 әскермен Иүн Жұңнан аттандырды, олар Сарыөзенмен батысқа тартты. Ши Түңдағы Ғұн бекінісін алып Ордостағы Ғұнның Аққой ханы мен басқаларының байланысын үзіп тастады.  Аққой ханы жағдайдың мәз еместігін байқап, әскерімен солтүстікке шегініп кетті, хан қосыны олардың неше мың адамын жойды, осы орайда осы жерге 3800 отбасы көшірілді» («Хан Шу»).

Бұл шайқас нәтижесінде Ғұндардың Ордостағы қысқы қыстауы Хан елінің меншігіне өтеді. Бұдан 100 жылдай бұрын Мың Тиян атты Қытай қолбасшысы 300 мың қосынмен осы жерді тартып алған екен, кейін Ғұндар күшейгенде бұл жерді қайтарып алған болатын. Бұл Ғұндар үшін адам саны жөнінен алғанда мардымсыз жеңіліс саналғанымен, қасиетті құйқалы қонысынан айырылған үлкен жеңіліс деуге болады.

Шо Фаң соғысы

«127 жылы Гүнзен тәңірқұт өлді, Ежиза тақтың заңды мұрагерді  Гүнзеннің ұлы  Юе Сеннен  хандық орынды тартып алды, Юе Сен  сарайға (Хань еліне) келіп тізе бүкті, оған Ма Бу Ән бегі деген шен берілді, бірақ бірнеше айдан кейін ауырып өлді.  126 жылы жазда Ежиза тәңірқұт Дәй Жүнді шауып неше мың адамды, күзде тағы Ян Мінді шауып мыңдаған адамды өлтірді. 126 жылы 30000 қосын Дәй Жүн, Диң Раң, Шаң Жүннен аттанды. Ғұнның оң қанат ханы Шо Фаң да қорғаныс жасады (соғыс пен соғыс нәтижесі айтылмаған). 125 жылы Уй Чиң 30000 қолмен Ғұндардың сол қанатына аттанды, Уй Чиң оң қанат ханның дайындықсыз жатқанын естіп, Шо Фаңнан жасырын өтіп  У Юанға тартты,  6-7 шақырым жүріп  оң қанат ханға тұтқиыл шабуыл жасады.  Ол кезде оң қанат хан шарап ішіп, сұлу сылқымдармен қызықтап жатқан екен, олардан жиыны 15000 адам және көптеген мал қолға түсті. Хан Уди естігенде төбесі көкке жеткендей қуанып, Уй Чиңді ең жоғары қолбасшыға көтеріп, оған тағы да 8700 отбасы сыйға тартты» («Хан Шу»).

Көріп отырғанымыздай осы шайқаста Хань императоры төбесі көкке жеткендей қуанған, Ғұндармен арадағы соғыстағы ең үлкен жеңіс, оның алдындағы  Ордосты былай қойғанда оң қанат хан бастаған ақсүйектермен қоса 15000 адамды қолға түсірді. Ал Ғұндар жағынан қарағанда оларда 100 жылғы жуық уақыттағы империяның гүлденуі мен күшеюіне байланысты, оған қоса 60 миллион Хань елінен келетін есепсіз алман арқылы жеткен ырғын тұрмыс оларды қатты босаңсытып жібергенін көруге болады. Бұл шын мәнісінде Ғұн империясының құлдырауының басталуы еді. Демек көшпенді әскерилер үшін соғыс болмаса, көп жыл бейбітшілік болса онда олар үшін тиімсіз, оларды әлсірететінін көруге болады. Ғұн мен Хань елінің арасындағы бейбітшілік шарты көп жыл тыныштық Ғұндар үшін тиімсіз болып шықты. Ханның мол байлығымен өткізген ырғын тұрмыс кесірге айналды,  ара-тұра болатын шапқын оның есесін толтыра алмады.

Шөлдің оңтүстігіндегі соғыс

«Көптеген соғыстар болсада Ғұндардың күші әлсіреген жоқ, әлі де айбатты еді, Дәй Ди, Ян Мін, Шаң Жүнге лаң салып тұрды. 123 жылы У Ди патша тағыда Уй Чиңге жарлық беріп Ғұндарға аттандырды. Гүң Сүн Жиян оң қанатқа, Гүң Сін Ау сол қанатқа сардар болды... Алты бағыттан аттанды, көктеммен  жазда екі ретте алты сардар 100 мыңнан аса қолмен Диң Раңнан аттанды, шөлдің оңтүстігіндегі тәңірқұттың базасын талқандап 10000-нан аса адамын жойды, ал Шо Фаң сияқты шайқастарды жинақтай айтқанда Хань армиясы 100000-нан аса адамнан айырылған еді, осы соғыста екі Хань сардары өлді, Хо Шүй Биң айрықша көзге түсіп 800 таңдаулы жасағымен жаудың екі мың адамын жойды, 2028 адамды (уәзір, ұлықтардан) тұтқындап еңбегі жағынан бірінші болып аға сардар шені берілді» («Хан Шу»).

Бұл соғысқа Ғұннан қанша адам қатысқаны айтылмаған, десе де Хань жағынан бірнеше жылда 100 мыңнан аса жасақ шығын болғаны анық жазылған, бұдан Ғұндардың әскери жақтан әліде басым екенін, жауынгерлігі бұрынғыдай болмасада Хань жасағынан мықты екенін көруге болады.

Хы Ши (өзеннің батысы) шайқасы

«121 жылы көктеммен жазда У Ди патша Хо Шүй Биңді 10000 атты жасақпен Хы Шиге (қазіргі Гансу провинциясы) аттандырды. Алты күн ішінде сол аңғардағы алты елді алып, 1000 шақырым аумақтағы Ғұндардың оң қанатына қатты тиісті, 9000-нан аса Ғұнды өлтіріп, олардың  көкке тасаттық беретін алтын адамын ұстап алды. Жаздағы соғыс нәтижесі тіпті көрнекті болып Гүң Сүн Ау Хо Шүй Биңмен байланыссыз жағдайда Чүлен тауға барып 30000 Ғұнды қырып, оларды қатты есеңгіретіп тастады» («Хан Шу»).

Бұл шайқас негізі Ғұн елінің бейбіт бұқара, ауылдағы бала-шаға, кәрі-құртаңдары мен әйелдерін қырғындаған соғысқа ұқсайды, бұдан Ғұнның әскери сақтығының әлсірегенін көруге болады, осы соғыстан кейін Ғұндар Шүлен таудан айырылады.  Кейінгі айтылымдарда: «Шүлен тауға жорта келген Ғұн жасағының көзіне жас алмайтыны болмайды екен» делінеді, Ғұн жырында: «Янжі таудан айырылып, әйелім ажар таппады. Чүлен таудан айырылып төрт түлік тініш жатпады» деп айтылады, бұдан атақонысынан айырылған елдің мұң-зарын көруге болады.

Дешті құмның терістігіндегі шайқас

Бұл Хан патшалығы тарихындағы көлемі ең зор, әкелген шығыны мен қасыреті де ең зор соғыс болады.  Соғыс 119 жылы болып оған Уй Чиң мен Хо Шүй Биңдер қолбасшылық еткен 100 мың атты жасақ пен неше жүз мың жаяу әскер қатысқан. Ғұн  жағынан Ежиза тәңірқұт пен оның түменнен артық қолы, оң қанат хан, сол қанат хан бастаған қосындары майдандасқан.

«Хо Шүй Биң Диң Раңнан 50000 қолмен шығып Ғұндардан хабар алады, бірақ хабары жалған болып шығады, бір уақытта Уй Чиң Диң Раңнан 50000 қолмен аттанады. Уй Чиң шөлден өтіп 1000 шақырым кіріп тәңірқұттың тайпасымен соғысады, сол күні күн қарауытып боран үдей соғады. Соған қарамай Уй Чиң тәңірқұтты екі бүйірден қыса соққылайды, тәңірқұт Хань әскерінің өздерінен сан есе көптігін байқап қоршауды бұзып солтүстікке қашады, Ханғай тауына дейін Уй Чиң Ғұнның 19 мың адамын өлтірді немесе тұтқынға алды, өз шығыныда одан аз болған жоқ, оның көмекші сардары жолдан адасып кетіп онымен қайта табыса алмайды. Хо Шүй Биң әскері ілгерінді-кейінді болып 70443 Ғұнды өлтірді немесе тұтқынға алды, ол Байқал көлі маңынан ат басын кері бұрады» делінеді «Хан Шу» кітабында.  Бұл соғысқа 100 мың атты әскерден тыс 140 мың қосар ат бірге жорыққа алып шығатын, Уй Чиң 19 мың Ғұнды өлтіргенімен өзі де соған барабар адамнан айырылған, ал Хо Шүй Биң 15000 мыңнан аса адамнан айырылды дейді, бұнысынан күмән туындайды. «Хан Шуда» сан түмен Хань жасағы өліп, 110000 аттан айырылды дейді, ал жиыны 240 мың ат, ғұнмен соғысқандар атты әскерлер, жаяу неше жүз мың адам оларға жете де алмайтыны анық, ал қайтқанда тек 30 мың атты жасақ келіп әскердің көбі жаяу қайтыпты, бұған қарағанда 100 мың атты әскердің 70000 мыңы Ғұнмен соғыста өліп, тек 30 мыңы келген, ал келгеннің көбі жаяулар дегені соғысқа қатыспай қайта оралған жаяу әскерлер болса керек! Ал жаяу әскерден қырылғандар бұдан да көп болуы мүмкін.

Сол жылы Ғұндар арасына оба ауруы тараған екен, бұл да оларды әлсіретеді, ал 19 мың мен 70443 Ғұнның ішінде жай бұқаралардың көп болуы мүмкін, өйіткені Хань әскерлері өте көп, оның үстіне неше мың шақырым ішкерілеп кірген, ата жауларының жай бұқарасына да қарамай қыруына таңғалуға болмайды.

Осы зор соғыста Ғұндар Ордос пен Чүлен таудан түбегейлі айырылады, 90 мыңнан аса адамнан айырылады, оларға бағынышты Қияндар мен Ахуандар олардан бет бұрады. Ал Хань елі осы соғысқа ерапайсыз қаражат жұмсап, қазынасы сарқылуға шақ қалады,сансыз таңдаулы әскерінен айырылады, халықтың алман-салығы ауырлап, миллиондаған егіншілер босып кетеді. Осыдан кейін екі жақ тура  жеті жыл бейбіт тұрады. Бұдан екі жақтың шамалас түскенін байқауға болады. 112 жылы Ғұндар Уй Юанға шабуыл жасайды, әлі де Хань еліне қатер саналады, Хань елді 111 жылы 180 мың әскермен шекарада Ғұндарға қарсы айбар көрсетеді, бірақ соғыс болмайды. Хан Уди күнәдан арылу жарлығын шығарып алман-салықты азайтады, Ғұндарға 10000 күбі арақ, 5000 дадан астық, 100 мың топ жібек пен торғын жібереді.

Үй Жи таудағы соғыс

«104 жылы Ғұнның сол қанат тұтығы Ханьға бағынды, У Ди патша Шияу Поға  20000 жасақ беріп  Шо Фаңнан солтүстікке аттандырды, ол Тойын өзеніне дейін келді. Ол шегініп келе жатып жолда Ғұндардың қат-қабат қоршауында қалып тұтас қосын жойылды» («Хан Шу»).

Бұл Ғұндар жеңіске жеткен соғыс саналады.

Жю Чуан шайқасы

97 жылы Хань У Ди өледі, ол Ғұндарды талқандау мұратына жете алмады.

«99 жылы мамырда аға сардар  Ли Гуаң Ли 30 мың әскермен Жю Чуаннан шығып,  Ғұнның оң қанат ханын Тәңіртауға дейін қуалады, қайтар жолында Ғұндардың қоршауында қалып қатты шығындалып, тек оннан үші ғана аман оралды» («Хан Шу»).

Жоғарыдағы шайқастарда Ғұндар Хань жасағын шырғалап өз жеріне кіргізеді, олар Ғұндарды таба алмай сандалады, әбден титықтап амалсыз шегінген сәтте оларға тап береді. Бұл тегіннен келе жатқан далалық ұрыс тәсілдерінің бірі еді.

Тула өзені соғысы

«97 жылы Ли Гуаң Ли 60 мың атты әскер, 70 мың жаяу әскермен  Шо Фаңнан Ғұндарға аттанды,  Гүң Сүн Ау 10 мың атты әскер, 30 мың жаяу әскер,  генерал Хан Сай 30 мың жаяу әскермен Ян Міннан аттанады. Ғұн тәңірқұты Тула өзені бойында өзі 100 мың әскермен қарсы алады, Ли Гуаң Ли неше күн соғысса да жеңе алмай кері қайтады, басқа бағыттағылар да еңбек көрсете алмады» («Хан Шу»).

Бұл соғыста Ғұндар Модон, Лаушан, Гүнзен тәңірқұттан кейінгі ең зор көлемді жасақ шығарып, өзінен көп әскерді жеңіп кері шегіндірген, әрине жеңілгенін барынша жасыратын Қытай тарихшылары мұны терістей алмағанына қарағанда бұдан да зор жеңіліске ұшыраған болуы әбден мүмкін.

Ханғай тауындағы соғыс

«90 жылы Ли Гуаң Ли 70 мың әскермен У Юаннан жорыққа шықты; Чю Фың 20 миың әскермен Хы Шидан;  Ма Түң 40 мың әскермен Жю Чуаннан шықты. Бұдан хабар тапқан Ғұн тәңірқұты ордасын Селеңгі бойына көшірді, өзі негізгі қосынын бастап Түйне өзені бойында Хань армиясымен кездесті... Ғұндар шегінді, Ли Гуаң Ли сол қанат ханды жеңіп оны өлтірді. Хан қосыны шегінгенде Тәңірқұт олардың титықтағанын біліп  50 мың қолмен оларды Ханғай тауында қоршауға алды, хан қосыны ойсырай жеңіліп Ли Гуаң Ли тізе бүкті. Ма Тұң мен Шаң Чю бастаған қосын еңбек көрсете алмады. Ханғай тауындағы жеңілістен кейін Хан елінде экономикалық қиыншылық болып, халық қиындықта қалды, Ғұндарға әскер шығару тоқтатылды» («Хан Шу»).

Бұл шайқаста Ғұндар айқын басым түскені байқалады, Ғұндармен арадағы тынымсыз соғыс хан елінің экономикасын тұралатады.

72 жылғы соғыс

Хань Шуан Дидің тұсында шаруашылық қалпына келе бастады, тағы да Ғұндарға жаза жорығы басталды. Хан Удидан бастап хандықтар жеке өздері төтеп бере алмайтындықтан сырттан одақтастар іздейді, Іле мен Жетісудағы Ғұндардың шекара жасақтары Усұндарды өз жағына тартпақ болады, Усұндарда 630 мың халық, 188800 әскер бар болатын, олар Ғұндарға бағынатын, олардың батысындағы Нүкүздерде 400 мың халық, 100 мың әскер бар еді, олар Сақтарды жеңіп, мекенін тартып алған болатын. 178 жылы Лаушаң тәңірқұт Нүкүздерді күйретіп, олардың ханының басынан ішімдік ішетін ыдыс жасатқан еді. Хань елшісі Жаң Чиян осы елдерге елші болып барады. Бірақ ондай оң қабақ танытылмайды, кейін Усұн ханына Хань ханшасы ұзатылады, екі ел құдандалы болады. Усұндардың  Ханьға жақындасуы Ғұндарға ұнамайды, оларға әскери қысым жасайды, сол сәтте Усұндар Хань ға елші жіберіп көмек сұрайды, өздері 50 мың таңдаулы әскермен соғысқа дайындалады,  Хань елі бес бағытта 100 мың әскер аттандырады. 72 жылы Усұнның 50 мың атты жасағы Баркөл жерінде Ғұндарға тұтқиыл шабуылдайды, Ғұндарды ойсырата жеңіп, 39 мың адамын тұтқындап, 700 мың малын олжалайды, артынан Хань қолы келіп қосылады.  Осы кезде Ахуан, Сәнбей, Деңлең сияқты Ғұнға бағынышты елдер бас көтеріп тұс-тұстан Ғұндарды қырғынға ұшыратады. Сол жылы қыста қалың қар жауып, Ғұнның 70% малы қырылады, 30 % адамы опат болады, осыдан бастап Ғұндар оңалудан қалады. Хань қосыны Қашқария, Ақсу, Хотан, Корла, Құмыл, Тұрпан сияқты қазіргі Ұйғұр жеріндегі 36 бектікті өзіне қосып алады, онда «Батыс өңір тұтығы» құрылады, бұл Ғұндардың маңызды экономикалық тірегінен айырады, Хань елімен батыс арасында «Жібек жолы» ашыла бастайды.

Осы жолғы ауыр жеңіліске себепкер отырықшы  Хан елінің жасағы емес қайта көшпенді Усұн, Деңлеңдердің жасағы болады.

Шөжені жою соғысы

60 жылы Ғұн ақсүйектері билікке таласып бес тәңірқұт пайда болады, бірнеше жылдық соғыстан кейін үш тәңірқұт қалады, оның бірі Қағания тәңірқұт өз бұқарасымен Ханьға бағынып Ордосқа келіп мекендейді.  Ал солтүстікте қалғандарға Шөже тәңірқұт болады, ол бұрынғысындай Хань елімен соғысады, ол Байқал көлі батысы Кенгүн жеріне орда тігеді.  Ол батыстағы Қаңға (қаңлы) елімен одақ құрады, бірақ оларменде тату тұра алмай 36 жылы оны Ханьның Чін Таң бастаған 40 мың әскері, 8 мың Усұн әскерімен Қаңлы әскері қаптап жеңіп өлтіреді.

Соғыстың салдары

Соғыс екі ел үшінде ауыр апат әкелді, Ғұн елі шет қоныстарынан айырылды, онан келе бере қол астындағы елдер бет бұрды, Шығыс Түркістаннан айырылды, соңында жартысы батысқа кетті. Ал Хань елі де ауыр шығынға батты, 100 жылдық соғыста халық саны 60 миллионнан 30 миллионға кеміп кетті. Соғыстың көбінде Ғұндар басым түскен.

 Ғұнның кейінгі тағдыры

Заманымыздың  85-87 жылдары бұрын Модон тәңірқұттан жеңілген Дұңхудың ұрпағы Сәнбейлер екі рет Ғұндарды ойсырата жеңіп Киоло тәңірқұттың басын алады, 91 жылы Ғұндарды оңтүстік ғұндармен Хан армиясы бірге жеңіп Ғұн тәңірқұты өледі. Ғұндар батысқа ауа бастайды, шығыс шекарасы Орхон болады, онан шығысқа қарайғы жерлерді Сәнбейлер келіп мекендейді, 500 мыңдай Ғұндар Сәнбейлерге қосылып кейінгі Қазақтың арғы тегін қалыптастырады.

Ғұндар қазіргі Қазақстан жерінде кемі екі ғасыр мекендеп тұрады да, шығыстан келген тың күштер жағынан ығысып батысқа, шығыс Еуропаға барып Батыс Ғұн империясын құрады. Батысқа кеткен Ғұндар Еуропа және Орал халықтарымен араласып венгриялықтар мен татар, башқұрт, шуваш сияқты түркі халықтарын қалыптастырған.

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English