«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қаныш Сәтбаевты еске алу кеші өтті

1400 0
Қаныш Сәтбаевты еске алу кеші өтті
ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанын 120 жыл толуына орай «Дала данышпаны» атты еске алу кеші өтті

Еске алу кешіне келген қонақтар геолог-ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың еңбек жолдары жайында естеліктерімен бөлісіп, арнайы «Дала данышпанына» арналған  кітап көрмесін тамашалады.

Қаныш Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуір күні Павлодар облысы, Баянауыл ауданында Имантай бидің отбасында дүниеге келген.

Қазақтың Қанышы геологиядан басқа да, мәдениет пен тарих саласында біраз еңбек қалдырып кеткен. Ғұлама ғалым Ұлытау өңіріндегі тарихи, мәдени, археоогиялық ескерткіштерді зерттеген. Жезқазған – Ұлытау өңірінде көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған. Қ.Сәтбаев геология саласында орасан зор еңбек қалдырған.

Сондай-ақ, Қ.Сәтбаев туралы Ұлыбританияның премьер-министрі Антони Иден: «Кеңес Одағында Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның туғандығы – ғажап құбылыс» деген екен. Осыдан-ақ ұлы тұлғаның барша жұртқа қадірлі азамат екенін байқауға болады.

Жазушы, қоғам қайраткері Кемел Мырзагелдінің айтуы бойынша Қаныш Сәтбаевтың арқасында бүкіл кеңестік елге Қазақстанның аты шыққан.

«Менің ойымша, жиырмасыншы ғасырдың басында бүкіл ғылым әлемін мойындатқан жалғыз қазақ– Қаныш Сәтбаев. Бұл кісінің еңбегіне бас имей қалған азамат жоқ. Ғылым әлеміне асты-үстіне төнкеріс алып келген адам. Қаныштың ойлау жүйесі сол кездегі ұлы ғалымдармен тең тұрған. Ал ондай ғалымдар советтік уақытта 5-6 адам. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі 10 оқтың 9 Сәтбаев тапқан рудалардан шыққан. Бұл оның ұлы ғалым екеніндігін көрсетеді»,- дейді жазушы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай

Оқи отырыңыздар: ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШЫ ЖАЙЛЫ 15 ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕК

Сондай-ақ, кеш қонақтарына арналған кітап көрмесінде Медеу Сәрсекенің «Қаныш ұлағаты», «Дара Дарын» т.б. кітаптар қойылды. Оған қоса, ҚР Мемлекеттік архивінде сақталынып, белгісіз себептермен жарық көрмеген Қ.И.Сәтбаевтың 1919-1924 жылдардағы жазған  «Алгебра» оқулығы да көрмеге қойылған.

«Қаныш Сәтбаев тұлғалық жағынан жақсылап тұрып зерттеуге тұрандай ұлы тұлға. Қаныш Сәтбаев елдің алдында сондай үлгі алатындай ерекше азамат болған. Бүгінгі кешті ұйымдастырып отырған Ұлттық Академиялық кітапханаға рақметімді айтамын. Осылай ұлы тұлғалардың есімдері ұлықталып тұру керек», -деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев.

Іс-шараға Тұрсын Жұртбай, Сайлау Батырашұлы, Жамбыл Артықбаев, Қажығали Мұхаметқалиұлы, Кемел Мырзагелді және БАҚ өкілдері мен  Ұлттық Академиялық кітапхана қызметкерлері қатысты.

Көре отырыңыздар: Қызықты дерек: Қаныш Сәтбаев туралы сіз білмеген қызықты дерек 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English